Мұндай тапсырманың, мұндай жоспардың болғанын барлығымыз біліп, сездік. Ал құжат күйінде алғаш дәлелденіп отыр. Бұл – саяси қуғындау емес, жоспарлы жүзеге асырылған ату-асу шаралары екенін түсінеміз. Жалпы саны 17600 қазақ дейтін болсақ, Мирзоян Қазақстанды басқарған 5 жылдан астам уақытта әрбір күн сайын бір қазақты құрбандыққа шалып отырған деуге келеді. Ал ақтабан-шұбырынды, алқа көл сұлама заманының зардаптарының да осылай жоспарланғанына ешқандай күмән жоқ. Ол кезде көмусіз қалған қазақтың саны бір құдайға ғана аян. Иманды болғырлар … Мұрағаттардан осындай құжаттардың жойылып кетпей, бүгінге дейін жетуіне, ұлттық мүддені қорғай алатын ғалымның қолына түсуіне тілеулес болған шығар…
Өйткені аштықтан азып, жоқтықтан тозып кеткен қазақ елін басқаруға келген ( Қазақстан Орталық Партия Комитетінің бірінші хатшысы 1933-1938 жылдар) Левон Исаевич Мирзоянды аңғал қазақ ерекше мейіріммен «Мырзажан» деп қадірледі. Тарих беттерінде сол кезең туралы: «Л.И.Мирзоян Қазақстанда қоғамдық, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайдың әбден титықтап, тұралап тұрған шақта келген. Л.И.Мирзоян тамаша іскер, қайратты, шебер ұйымдастырушы, көптеген іргелі, күрделі істердің бастаушысы, қазақ халқының шын жанашыры болған еді. Ауыр шақта басшылыққа келген Мирзоян аштықты жеңіп, қуғын-сүргінді тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасады» деп келтіріледі. Міне, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды қырып тастап, қалғанының рухын сындырып, одан кейінгі жалпақшешей-жағымпаздарға осындай насихат жүргізіп, санасына сіңірді. Сол мәңгүрттіктің, сол жалпақшешейліктің, сол рухсыздықтың әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны жаныма батады…
Ол кезде де мырзажандардың шұлғауына оратылып жүрген жырбақайлар қазіргіден кем болмағаны анық. Жауыздар халқымыздың арыстарын сол өз халқымыздың ішінен шыққан шолақ белсенділердің қолымен жазалады. Бір сөзбен айтқанда, өз құдығымызды лайлағандардың дәурені жүрді. Міне, біз осы қасіретке ұрындырған кісілерді көбірек құрметтеп, алаштың азаттығы үшін құрбан болған арыстарымыздың қадіріне әлі күнге толық жете алмай келеміз.
Қазір еліміздің ірі-ірі қалаларының өзінде Мирзоян атындағы көшелер самсап жүр. «Мырзажан-Мырзажан» деп мәймөңкелеп, сол заманның шолақ белсенділерінің қатарында болғандардың атында көше, мектеп, т.б. бар екенін жасыра алмаймыз. Осы мәселені тарихи тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да дұрыс таразылап, әділ шешім қабылдау керек.
Мысалы, халқымызды тарих сахнасынан жойып жіберуге ұмтылған Л.Мирзоян атын аластатуға міндеттіміз.
Елордадағы 2853 метрлік көшеге Мирзоянның есімі берілгенін көрген сайын қорланамын.
Намысымыз болса, жас ұрпақтың санасы уланбасын десек, бабалар әруағы риза болсын десек, өзіміз көмусіз, ескерусіз, елсіз қалмайық десек, халқымыздың тағдырымен ойнағандарды тарихымыздың беттерінде жағымды тұлға ретінде танытпауымыз керек.
Мирзоян атындағы көшелерді жою керек!
Равиль НҰРЖАНОВ
http://www.aikyn.kz/