АЛТЫНОРДА
Новости

Мәдениет, ақпарат және тіл салаларындағы міндеттер айқындалды

Астанадағы «Қазмедиа орталығында» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде өткен жылғы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алда жүзеге асырылатын іс-жоспарлар белгіленді. Алқалы жиынға Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ Парламент депутаттары, шығармашылық одақтардың, өңірлік мәдениет саласының, тіл басқармаларының басшылары, БАҚ өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақ­парат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед латын әліпбиіне көшу жайлы Елбасы жан-жақты айтып бергенін және нақты мерзімін де белгілегенін айтты. Бірақ бұл бір күнде жүзеге асатын мәселе емес екендігін еске салды. Мемлекеттік комиссия құрылып, оның құрамында ғалымдар, депутаттар, мемлекет мүшелері болатынын, олар рет-ретімен Елбасы көрсеткен мерзімде ұлттық әліпбиге көшу мәселесімен айналысатынын жеткізді. Ал келесі жылы латынға көшкелі жатырмыз деген әңгіменің жаңсақ екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ министр алқа мәжілісінде былтырғы жылы тындырылған жұмыстар мен алдағы жылы іске асырылатын жоспарларын ортаға салды.
Мұхтар Абрарұлының айтуын­ша, латын әліпбиіне көшкенде бәрі де компьютер тақтасындағы 26 әріп аясында жасалуы тиіс. Оған қосымша 10-20 әріп қосып, 40-қа жеткізудің қажеті шамалы. Бір ғана компьютердің пернетақтасынан алфавит шығаруға әбден болады. Бұл бір жағынан жастарға да жеңіл. Ағылшын, француз тілдерінде үш-төрт әріп бір дыбысты береді. Біз де бір дыбысқа бір әріп арнамай-ақ, оның оңтайлы жолын іздестіргеніміз ләзім.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева да латын тіліне көшу жайында сөз қозғап, латын әліпбиіне өтуге жан-жақты дайындықпен бару керектігіне мән берді. Оның ойынша, біздегі білім беру орындарында жағдай әлі ретке келмеген. Мысалы, ана тілін үйренсін деп қазақ балабақшасына берілген бала мектепке барған соң екі-үш айдан кейін орысша сайрап шыға келді. Баланы мемлекеттік тілдегі балабақшаға бергенмен, сәлден кейін орысша сөйлеп жүргенін байқамай қаласың. Алдымен осы жағдайды ескеріп, оны ретке келтіру керектігіне назар аударды.
Мемлекеттік тіл туралы сөз қозғаған Мұхтар Құл-Мұхаммед терминология жайын да ашып айтты.
Он жыл ішінде терминология мәселесінде көптеген қателік жібердік. Қазақ тілін бір кісідей білетіндердің өзі кейбір сөздерді түсінбей жатады. Сондықтан сала-сала бойынша терминдердің бәрін жинақтап, 30 томдық «Қазақ тілінің терминологиялық сөздігін» жаңадан жасауымыз керек. Сол кезде латын тілінен енген ғылыми терминдерді оңды-солды қазақшалай бермей, барынша өз қалпында қалдырғанымыз абзал. Қазақ тілінде бір сөз өз функциясын атқарып тұрса, оны екінші бір сөзге әкеліп жамағаннан ештеңе ұтпаймыз. Мысалы, «класс» деген сөзді арабтың «сынып» деген сөзімен ауыстырдық. «Сыныптың» араб тілінде бір-ақ мағынасы – мектептің класы. Ал «класс» деген сөздің қазақ тілінде он бір функционалды жүктемесі болған. Біз соның онынан айырылып қалдық. Сондықтан алдағы уақытта терминология мәселесін ретке келтіру керек» деді министр. Парламенттің қос палаталарының бірлескен отырысында мақұлданып, Елбасы қол қойған ономастика мәселесіне қатысты Заң шеңберінде Үкіметтің жаңа қаулысы дайындалып жатқаны айтылды. Алдағы уақытта әр өңір көшелерге, саябақтарға, әлеуметтік нысандарға өз бетінше ат беруді доғаратын болады. Бұл істің бәрі республикалық ономастикалық комиссияның қарауына көшеді. Комиссия құрамында Үкімет мүшелерімен бірге Парламент депутаттары да бар. Демек, бұл мәселе бірлесе отырып шешіледі.
Мұхтар Құл-Мұхаммед ақпарат, мәдениет және тіл саласындағы жұмыстарды алға жылжыту үшін Дархан Мыңбайдың министр ретінде едәуір іс тындырғанын тілге тиек ете отырып, оның жаңа жұмысына сәттілік тіледі. Содан соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында айтылған ұлттық мәдениеттің өсіп-өркендеуі, тәуелсіз ақпарат кеңістігінің қалыптасып дамуы, мемлекеттік тілдің қоғамдағы барлық салада қызмет етуі жөніндегі нақты тапсырмалар туралы сөз етті. Мұхтар Абрарұлы өзіне қарасты ведомствоның мәдениет, ақпарат, тіл саласы бойынша алдағы мақсат-міндеттерін жеті бағытқа бөліп тарқатты. Біріншіден, 2016 жылға дейінгі жасалған әлеуметтік саланы жаңғыртуға байланысты жалпыұлттық тұжырымдамаға орай мәдениет, ақпарат, тіл мәселесінде алдағы кезде қандай істер атқарылатыны айқындалмақ. Екіншіден, маңызды мәселе ретінде жиі-жиі көтеріліп жүрген ең төменгі нормативтер мен стандарттар аталды. Үшіншіден, инфрақұрылым мәселелері. Бұл жерде Үкіметте жаңадан әзірленіп жатқан 2020 жылға дейінгі «Жол картасының» тізіміне өңірлердегі мәдениет нысандары тегіс енгізілуі тиіс. Жол картасының тізіміне мәдениет нысандарын барынша енгізу ісі өңірлердегі департамент директорларының, тіл дамыту департаменттері басшыларының қаперінде болуы керек. Төртіншіден, жергілікті жердегі мәдениет ошақтарын қаржыландырылуы, оларды одан әрі дамыту ісі. Министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, соңғы кездері өңірлерде салынатын нысандар міндетті түрде республикалық бюджеттен қаржыландырылуы тиіс деген пікір қалып қалған. Бұл дұрыс емес пікір. Бүгінде бірқатар өңірлердің қаржылық әлеуеті зор. Олардың бір емес, бірнеше мәдени нысан салуға мүмкіндіктері бар екен. Сондықтан алдағы күндері мәдениет нысандар салу үшін республикалық бюджетке қарамай, облыстық бюджеттен немесе мемлекеттік жекеменшік әріптестігі деңгейінде күш жұмсау қажет. Бесіншіден, саладағы мәдени, ақпараттық, ғылыми-ағартушылық мәселелерді шешуде жергілікті шығармашылық ұжымдармен, ғылыми-зерттеу инс­титуттарымен, университеттермен бірлесе отырып жұмыс істеуді қамтамасыз ету. Алтыншыдан, саланы барынша ақпараттандырып, инновация енгізу керек. Бұл мәселе әсіресе ақпараттық-телекоммуникациялық медиатехнологияларға байланыс­ты болып отыр. Бүгінде шетелдік басылымдардың дені тек интернет желісінде ғана дамып отыр. Ал біздегі барлық басылымдар мұндай деңгейге жету үшін интернетте өз сайттары болуы керек. Жетіншіден, кәсіби білім беру мәселесі. Бұл ретте министр өңірдегі мәдениет саласы басшыларына әлемдік деңгейдегі шығармашылық жоғары оқу орындарында кімдер оқып жатқанын, олардың әрқайсысының аты-жөнін білу керектігін айтты. Содан кейін республикалық деңгейде атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Биыл Украина, Қытай, ­Вьетнам мемлекеттерінде Қазақстанның күндері өтеді. 2014 жылы Францияда Қазақстан жылы ұйымдастырылатын болады. Әлемдік мәдениеттің астанасы саналатын Францияның Париж қаласы мен басқа да аймақтарында бір жыл бойы Қазақстанның мәдениет ұжымдары өздерін барынша жан-жақты танытатын болады.
Алқалы жиында, кинематог­рафия, электронды кітапхана мәселелері, бірыңғай электронды мұрағат жүйесін құру қажеттілігі, медиа саласындағы бірқатар бітпей жатқан істер назардан тыс қалмады. Мемлекеттік тапсырыс­ты орындап отырған телеарналарға сын айтылды. Мұнда да қордаланған мәселелер тез арада шешімін табуы тиіс. Көрерменге ұсынылатын бағдарламалардың сапасы мен мазмұнын байыту керек. Министрлік тарапынан БАҚ-тарға ұсынылған мемлекеттік тапсырыс бағаларын да қайта қарау керек. Себебі бөлінген ақшаны тиімді жеріне жұмсамай, қаржыны игердік деп, көпшілікті арзан дүниелермен алдарқататындар көбейе түскен.
Алқада сөз сөйлеген Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің Мәдени-әлеуметтік даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева мәдениет, ақпарат, тіл саясаты төңірегіндегі көкейкесті мәселелерге тоқталды.  Оның айтуынша, әкімдердің қызметіне баға берген кезде оның мәдениет саласындағы тындырған жұмыстары тіпті ескерілмейді. Іс жүзінде мәдениет саласының тағдыры Экономика және бюджеттік жоспарлау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінде, әкімдіктерде шешілуде. Ол министрліктермен, әкімдіктермен байланыс жоқ. Өнер өкілдерін той немесе мерекелік концерт өткізетін қызметкер ретінде қарастыру мүлде қисынсыз болса да, бүгінде дәл осы жағдай орын алып отыр. Жалақының аздығы, әлеуметтік қолдаудың жоқтығы әлгі көзқарасымызды қуаттай түседі. Орталықтардағы мемлекеттік саналатын бірқатар концерт залдарының жалдау ақысы тым қымбат. Бұл да өнерді дамытуға зор кедергі келтіруде. Сондай-ақ қазақ тіліне аударылған әлемдік әдебиет классикасы жас оқырмандарға жетпей отыр. Археология сияқты жауапты жұмыстармен кім көрінген айналысып жүр. Реставраторлар артық қыламын деп тыртық қылып жатыр. Электронды БАҚ өнімдері бәсекеге шыдас бере алмайтын болғандықтан, көрермен өзге елдің арналарына көбірек қызығады.
Мәжіліс барысында БАҚ саласы бойынша «24 кz» ақпараттық арнасының директоры Александр Аксютиц сөз сөйледі. Мемлекеттік тіл, латын әліпбиіне көшу туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Жантас Жақып өз ойларын ортаға салды. Ал өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын мұқият тыңдаған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев «Мәдени мұра» бағдарламасын ұдайы назарда ұстау қажеттігі жөніндегі ойды құптайтынын білдірді. Бағдарлама аясында жарық көрген еңбектер кітапханаларда мұражайдағы экспонат секілді болып тұрғанын айта келіп, бұл кітаптарды халыққа қолжетімді етуді ұсынды. Сондай-ақ ол қазақтілді интернет-ресурстарға мемлекеттік қолдау көрсету мәселесіне де тоқталды. Әрбір екінші жас жаңалықтарды интернеттен қарайды. Екі жыл бұрынғы мәліметтерді қарайтын болсақ, онда интернет тұтынушылар отыз пайызды құраған екен. Кейінгі екі жыл ішінде бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс­тарды интернет-ресурстарға жұмсап, қазақтілді сайттарға қолдау көрсету керек.

Бейбітгүл ИСАЕВА

 http://anatili.kz/?p=12084