АЛТЫНОРДА
Новости

«Билерге» билік берілЕді

Дауласқандарды сотқа жеткізбей, бітімге келтіру үшін елімізде бұған дейін төрелік-арбитраждық, аралық соттар, сондай-ақ медиаторлар қызметі енгізілгені мәлім. Енді «билер» рөлін атқару нотариустарға да берілетін болыпты. Осындай қызықты жаңалық кеше Сенатта өткен «дөңгелек үстелде» жария етілді. Бір айта кетер жайт, қазақстандық жоғары білім беру жүйесі заң мамандарын қаптатып шығарғаны сонша, республикамыз «заңгерлер еліне» айналып кеткендей болған. Ал осы жаңа құрылымдар соларға жұмыс тауып беруге жол ашқалы отыр.

 

– Елбасы «Қазақстан – 2050» стра­тегиясында мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер, оның ішінде соттардың жүктемесін жеңілдету мақсатында дауларды соттан тыс реттеу институттарын дамыту бойынша міндеттер қойды, – деп еске салды жиынды жүргізген Жоғарғы палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай. – Осыған байланысты бүгін нотариустың жаңа функциясын – медиатор функ­цияларын енгізу жөніндегі мәселелерді қарау ұсынылады. Егер нотариаттық әрекет жасаған кезде дау туса, нотариус медиация рәсімі шегінде тараптарға дауды реттеуде көмек көрсете алады.

С.Ақылбай бұл қадамның нотариус­тардың өкілеттіктерін кеңейтетіндігін нықтады. Әйтпесе әзірге олар құжаттың көшірмесін жасап, оны растап беретін кеңсе рөлін ғана атқаруда. «Осының нәтижесінде ол енді тараптарға өзара қарым-қатынастарындағы даулы жайт­тар­ды жоюға жәрдемдеседі және бірыңғай, өзара тиімді келісімді ұсынады» деп түсіндірді сенатор.

Әйткенмен әзірге баз бір нотариустар дауласқандарды бітістірушіге емес, қайта жауластырушыға айналуда. Оның нақты мысалын жиынға шақырылған Жоғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының судьясы Ж.Архарова айтып берді.

– Мәселен, Жоғарғы соттың қадаға­лау­шы алқасының 2012 жылғы 28 тамыз­дағы қаулысымен мемлекеттік меке­ме­лердің бірінің «нотариустың келісім көшір­месінің растығын куәландыру бойын­ша әрекетін қате деп тану» туралы шағымы бойынша сот актілерінің күші жойылып, қайта қарауға жіберілді, – деп хабарлады Жаңылсын Архарова. – Сот сонда мынаны анықтаған: нотариус, нотариаттық әрекеттерді жүзеге асыру ережелерінің талабын бұза отырып, нөмірленбеген, бауланбаған және тиісті дәрежеде бекітілмеген келісімнің көшір­месін куәландырған. Ол келісімде тек бір тараптың – бір фирманың ғана мөрі қойылған екен. Сәйкесінше, екінші фир­ма­ның қолы мен мөрі болмаған. Соған қарамастан нотариус ол құжатты растап, заңдастырған.

 

Басқа іс бойынша «нотариустың мә­мі­лені куәландыру кезінде жіберген жөн­сіздіктері сатушы мен сатып алушы арасында машинаның құнының  төлен­ген-төленбегендігіне қатысты даудың тууына әкеп соқтырыпты»! «Нотариус тараптардың келісім мәтінін құру бары­сында оларға білікті заңгерлік көмек көр­сету, дәлсіздіктерді жою жөніндегі өзі­не заң жүктеген міндетін орындамаған. Осының барлығы ақыры ұзаққа созылған сот ісіне алып келді және ол іс Жоғарғы сот­тың қадағалау алқасына дейін жетті» деді Жоғарғы сот судьясы.

Жаңылсын Баянқызы тіпті бір келі­сім­нің көшірмесін өзімен бірге ала келіпті. «Бұл істі өткен аптада ғана қара­дық. Бұл – нотариус растаған заем келі­сімі. 1-тармақта: «Қарызға алынатын қаржыларды заемшы осы келісімге қол қойғанша алды» деп жазылған. Ал 4-тармақта былай дейді: «Келісім қол қою және көрсетілген 2 миллион теңге сома­сындағы заемды алу мезетінде орындалды деп саналады». Біз, кәсіби заңгерлер сол ақшаны алған, әлде алмағандығын түсіне алмаймыз. Ендеше, келісімнің мұндай қателігін мәміле бойынша дауласуға пай­даланып кетпеу – «күнә» емес пе?» дейді судья.

Әдетте сатып алушы келісім бекітілмей тұрып, ақшаны бермеуге тырысады. Бұл – сақтық шарасы. Алайда әлгіндей дей­тін, яғни екінші жақты «ақшаны алдым» деп көндіретін келісімге қол қойылған соң, сатып алушыға оны бермей қоюына еш­кім кедергі емес. Демек, нотариус дәл қол қойылар алдында екі жаққа есептесуді ұсынуы керек еді. Кейбір білікті нота­риус­тар тіпті берілетін ақшаның жалған еместігін тексеретін құрылғыны да ұсы­нады.

Жиында тағы бір мәселе қаузалды. Аты «жер жарған» білікті заңгер-нота­риус­тар қаптатып, кеңсе ашады. Бірақ со­ның бәрінде өзі отыруға, әрине, фи­зио­логиялық тұрғыдан мүмкіндігі болмайды. Мұндайда олар көмекші жалдайды. Осылайша әлгінің дардай атағына мал­данып барған клиенттер оның көмекші­сіне жолығады. Бұлардың кейбірі тіпті әл­гі тәжірибелі нотариустың мөрін, фа­к­симиле-қолын және бланктерін пай­далана отырып, іс жүзінде соның атынан нотариаттық әрекеттер жасайтын кө­рінеді. «Бір нотариус өзінің тармақ­талған нүктелерінде бірнеше көмекші ұстайтын жағдайлар бар, – дейді Серік Ақылбай. – Сон­дықтан ол көмекшілерінің әре­кеттері мен кеңестерінің заңдылығын, ке­пілдігін арттыру мақсатында оларда заң білімінің болуы мен аттестациялаудан өтуін талап етудің уақыты жетті. Шын­ды­ғында, бүгінде нотариустың көмекші-сі – нотариаттық процестің негізгі қа­тысу­­шы­ларының бірі. Сол себепті оның рөлі мен мәртебесін жоғарылату, жұмы­сын ын­таландырып, жауапкершілік бел­гілеу қажет».

Бұл пікірмен Әділет министрі Берік Има­шев келісті. «Нотариат туралы заң­нама жетілдіруді қажет етеді. Соның ішінде нотариустың көмекшісінің мәр­тебесі, міндеттемесіне қатысты проблема да реттелуі керек. Мен толық келісемін, ста­жерлардың да, көмекшілердің де өз әре­кетінде нотариаттық заңнаманы бұз­ғаны үшін жауапкершілігін арттыруға тиіс­піз. Тәжірибелі нотариустар көмек­шілерді неге байланысты тартады? Себебі жұмыс ау­қымы артуда. Бұл бізді қуантуға тиісті. Бұл нотариустар қызметінің қанат жайып жат­қандығын көрсетеді» деді ми­нистр.

Айхан ШӘРІП
http://www.aikyn.kz