Қазіргі қазақ қоғамында осы «ары отыршы» деген пиғыл үстемдік құрып тұрғандай. Кез келген мәселеде, мейлі ол тіл, дін, діл болсын «ары отыршы» деген суық сөздің ыңғайына құрылады. Сөз тыңдау, сөз сыйлау, сөзге тоқтау деген ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлы қасиеттерді тәрк ете бастағандаймыз. Жетелі сөзге жөн екен демейтін жетесіздер көбейді. Көшелі сөзге «құп» демейтін керезулердің қатары артты. Соның салдарынан кез келген мәселе талқыланғанда, сыңар езу, сыңаржақ пікір, бұра тарту, қияс кету көбірек орын алып, сөзге құлақ асу, бәтуа-бітімге келу, пікірді сыйлау, аталы сөзге тоқтау деген естен шықты. Мұның арты бар қазақтың жік-жікке, топ-топқа, ара-дараға бөлінуіне апаратынын аңдау қиын емес.
Қазірдің өзінде «таза қазақ», «шала қазақ», «ада қазақ» деген осындай көзтүрткі бөлініс белгілері байқалады.
«Қала қазағы», «дала қазағы» дегендер тағы бар.
Діни тұрғыда да дай-дай бөлініс…
Өзіміз осының мәнісіне терең бойлап, ұлттық тұтастық тұрғысынан ой жіберіп жүрміз бе?
«Бөлінгенді бөрі жейді» деген Атам қазақ.
Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы бір өзекті мәселеге айрықша тоқталды. «Қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» деп атап көрсетті.
Қазақ тарих пен тағдырдың небір ауыр өткелектерінен өтті. Тәуелсіздігіне, азаттығына жетті. Ел басына күн туған, ер етікпен су кешкен небір қиын да қысталаң жағдайда өзінің халықтық қалпын сақтады. Бөлінген жоқ, бір болды. Іштен іріген жоқ, ірі болды. Патшалық отарлау, кеңестік зорлау кезеңдерінде өзінің дәстүрі мен мәдениетін барынша сақтауға ұмтылды. Тілім-тілім болса да тілін түгел жоғалтпады. Елдік дәстүрін шама-шарқынша сақтады. Елін де, жерін де қорғады. Жетімін жылатпады, жесірін тентіретпеді.
Патшалық Ресейдің пәрменді тұсы, бәлшебектер төңкерісінің тегеурінді шағы, кеңестік-тоталитарлық заманның тоқырау кезеңдерінде елдік кілтінен айырылмады. Аңсаған азаттығына, толғанған тәуелсіздігіне жеткен тұста не болды? Бытырай бөлініске бой ұрды… Осы жақсы ма?
Бөлінген – біреуге жем болады.
Бөлінбеген – басқа елмен тең болады.
Арзанға алданып, жел сөзді малданып жүргеніміз қазақтың байлығын қарпып кеткісі келетіндерге өте қолайлы. Бірлігіміз бұзылса, тірлігіміздің тізгінінен айырылу оңай. Елдігіміздің кілті басқаның қолына түссе, қазақтың құлпы жоғалады.
Құлпы жоғалған ұлттың құлқы болмас.
Құлқы жоғалған жұрттың ісі оңбас.
«Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек,
алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Барша адамзаттың Адам атадан бастау алатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс» дейді Елбасы өз Жолдауында.
Ұлы тамырдың бүлкілдеген соғысына құлақ түріп көрдік пе?
Әр қазақтың жүрегі қазақ деп соғып тұр ма?
Әр қазақтың пенделік кемдігіне қарамайтын теңдігі бар. Ол – бар қазақ – бір қазақ деген ұғым.
Демек, мұржамыз қисық болса да, түтініміз түзу болуы – басты шарт. Қазақ қазақты көргенде кекіреймей, ет-бауыр жақынын көргендей елжірей қарағаны керек. Кеудеден итермей, шамасы келсе сөзбен, іспен бір-бірін қолдағаны керек.
Ел кімдікі? Қазақтың елі.
Жер кімдікі? Қазақтың жері.
Мемлекет кімдікі? Қазақтың мемлекеті.
Бардың бағасын білейік. Біз қазақпыз деп кеуде керіп жүрейік. Елдің мерейлі болуын тілейік. Қазақ қашанда аталы сөзге тоқтаған халық. Ендеше, «Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?» деген Мемлекет басшысының аталы сөзіне тоқтайық.
Бұл үшін көп ақылдың керегі жоқ. Бар болғаны: екі қазақ жолықса, «ары отыршы» демей, «бауырым-оу, бері отыршы» деген бауырмал көзқарас жетіп жатыр.
Нұртөре ЖҮСІП
http://www.aikyn.kz