АЛТЫНОРДА
Новости

 Үлкеннің міндеті – білгенін үйрету

Қазақтың жері – кең дейміз, қойнауы толы – кен дейміз. Алайда сол кенді табудың сабаннан ине іздегеннен қиын екенін біл­мей­міз. Бірақ бағалы қазба байлықтар іздейтін кеншілер жайлы көп жаза бермейміз. Негізін­де олардың ел экономикасына қосып жатқан үлестері аз емес. Солардың бірі – тау-кен ин­же­нері, геология-минералогия ғылымдары­ның докторы, профессор, Халықаралық мине­рал­ды ресурстар академиясының акаде­мигі, Ұлт­тық Ғылым академиясының мүше-коррес­пон­денті Халел Беспаев. 60 жылға жуық гео­­логия саласында, соның ішінде 40 жыл бойы бір мекемеде халқының байлығын есе­леу үшін қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қарт ғалымның салаға келуі де қызық.

– Әкеміз 1942 жылы алты баласын қал­ды­рып, соғысқа аттанды. 6-сыныпты бітірген соң колхоздың жұмысына шықтым. Бірде тоқ, бірде аш жүріп, 1950 жылы қазақ орта мекте­бін бітірдім. Шешем не болса да оқуға бар деп, үйдегі жалғыз сиырымызды сойып, Алматыға жіберді. Өзімше ең көп стипендия төленетін оқуға тапсырамын деп шештім. Ол тау-кен металлургия институтында екен – 395 рубль, соған тапсырдым. Емтиханның бәрін орыс тілінде тапсырдық. Математикадан емтихан кезінде: «Орысша жеткізе алмай тұрмын, қа­зақша айтсам бола ма?» деп едім, Хайруллин деген математик: «Сен не, қой бағуға келдің бе, әлде техникалық оқу орнына түсуге келдің бе? Айтатын болсаң орысша айтасың, әйтпесе тайып тұр» деді. Әйтеуір әупірімдеп тап­сыр­дым. Сөйтіп, алты емтиханнан аман-есен өтіп, оқуға түсіп кеттім. Бес жыл оқып, инсти­тутты бітірген соң, 1955 жылы жолдамамен өзім туып-өскен Шығыс Қазақстан облы­сындағы Көкпекті селосына жақын Қазақстан түсті металлургия министрлігінің «Казолово» кен басқармасына қарасты «Ленинск» ке­нішіне учаскелік геолог болып жұмысқа кел­дім. Бір жыл істеген соң кен басқармасының аға геологы қызметіне жоғарылатты. Сонда істеп жүргенде белгілі геолог, Қазақ КСР Ғы­лым академиясының мүше-корреспонденті Жарқан Айталиев ақсақалдың шақыруымен Алтай тау-кен металлургия ғылыми инсти­ту­тына жұмысқа ауыстым. Ол жерде кен құра­мын­дағы сирек және шашыранды элемент­тердің бөліну заңдылықтарын анықтау бо­йын­ша зерттеулер жүргіздім, – дейді кіші­пейіл, қарапайым мінезі бірден байқалатын Халел Абдұлхақұлы.

Сол жылдары Қазақстанның Ғылым акаде­миясын басқарған атақты ғалым Қаныш Сәт­баев геологтардың алдына кеніштердегі тек мыс, мырыш, қорғасынды ғана алып қоймай, алтын, күміс сияқты басқа да бағалы метал­дардың бәрін кешенді түрде зерттеу керек де­ген тапсырма қояды. Сөйтіп, жас жігіт нағыз ғылыми жұмыспен айналысады. Тіпті оның кандидаттық диссертация қорғауына да Қаныш атамыз ықпал еткен. 1963 жылы Сәтбаев «Тишинское» кенішінің Лениндік сыйлыққа ұсынылуына байланысты Өске­менге келеді. Жас ғалымды шақырып алып: «Ертең геологтардың бәрі келеді, сен ана жа­зып жатқан диссертациялық жұмысыңның желісімен баяндама жасайсың» дейді. Жас жігіт атағы жер жарған үлкен ғалымның алды­на жүрексіне кірсе де, Академия президентінің ақсақалдық ақылы мен берік сенімі оған үлкен қанат бітіріп, ертеңіне жақсы баяндама жа­сайды. Риза болған Қаныш Имантайұлы құшақтап, бауырына басып: «Жарайсың! Мәскеуден келгеннен кейін айтам, дереу кан­дидаттық жұмысыңды қорғайсың» дейді. Алайда ғұлама ғалым сол сапарында қазаға ұшырайды. Алайда атақты геолог Сәтбаевтың әлгі ұсынысы болашақ ғалымға алдын ала батасын беріп, қолдау көрсетіп кеткендей әсер қал­дырады. Көп кешікпей Халел Беспаев кан­дидаттық дис­сертациясын қорғап, Қазақ КСР Ғылым академиясының ғылыми хатшысы лауазымына шақырылады. Үлкен ғылым ор­дасында ол сондай-ақ Ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын үй­лестіру кеңесі төрағасының орын­басары, Президиумның акаде­мик-хатшысының орынбасары лауазымдарында бес жылдай қызмет етеді. 1969 жылы өзінің то­лықтай ғылыми жұмыстармен айналысу тіле­гіне орай, Геологиялық ғылымдар инсти­тутының минералогия және геохимия зерт­­ханасының жетекшісі болып ауысады. 1985 жылы Қазақстанның колчеданды-поли­метал­дық кеніштерінде алтын және күмісті бөлу мен оқшаулаудың геологиялық шарт­тарын анықтау бойынша жүргізген іргелі зерт­теу жұмыстарының негізінде докторлық дис­сер­тациясын қорғайды. 1994 жылы басқа ма­мандар­мен бірге кеніштерді іздеу, барлау және бол­жау жұмыстарының ғылыми ұста­нымдарын әзірлегені және соның негізінде еліміздегі асыл металдардың сенімді минералдық-шикі­зат базасын жасап шыққаны үшін оған рес­публикамыздың мемлекеттік сыйлығы бері­леді.

Жалпы, Халел Беспаев еліміздің геология­лық қауымдастығына кенді геология, метал­логения және асыл металдардың геохимиясы саласында жоғары білікті маман ретінде бел­гілі. Оның зерттеу жұмыстарының мақсаты – ұдайы өндіріс және қолданыстағы тау-кен кә­сіпорындарының шикізат базасын кеңейту, кендерді кешенді пайдалану. Ғалым ретінде ол 12 монография, 170-тен аса ғылыми мақалалар жариялаған. «Қазақстанның металлогениясы» сериясымен жарияланған монографиясы кен­дер құрамындағы серік-элементтерге арналса, «Орталық Қазақстан және Кенді Алтайдың сульфидті кеніштеріндегі күмістің геохимиясы» атты еңбегінде кендер мен минералдардағы күмістің бөлінуі мен оны табу үлгілері қарас­тырылады. Ал өзге авторлармен бірлесе жазған «Қазақстанның мыс, мырыш, қорғасын және темір кеніштерінің пайда болу шарттары» атты еңбегінде эндогенді кеніштердің пайда болуында қатысатын процестердің физика-химиялық параметрлері зерттеледі. 1989-1990 жылдары Х.Беспаевтың жетекшілігі және ті­келей қатысуымен қазақстандық мамандар үшін тұңғыш рет геолог-кеншілердің үстел кі­табына айналған 2 томдық «Қазақстан мине­ралдары» энциклопедиялық басылымы жа­рия­ланғанын да айта кеткен жөн.

1994 жылы өте күрделі кезде баламалы не­гізде Геологиялық ғылымдар институтының ди­ректоры болып сайланған Х.Беспаев өзінің бар ұйымдастырушылық қабілеті мен білімін осы ұжымның ғылыми кадрларын, басты ғы­лыми бағыттарын сақтап қалуға, негізгі бө­лімшелерді компьютерлендіруге жұмсайды. Бұрынғы байланыстар үзіліп, қаржы тапшы­лығы қысқан қиын сәтте институттың өнді­рістік мекемелермен тығыз іскерлік қатынастар орнатуы ұжымға шаруашылық шартымен бір­неше ірі жұмыстарды атқаруға мүмкіндік бе­ре­ді. Осы жылдарда нарықтық қатынастар жолына түскен институт Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі қызметкерлерімен бірге бірқатар ғылыми-қолданбалы жұмыстар атқарыпты. Солардың қатарында 15 картадан тұратын «Қазақстанның минералды қорлары» атласын және шетелдік инвесторлардың назарын тартқан елдегі барлық пайдалы қазбалар түрі бойынша 30 томдық анықтама-монографияны ерекше айтқан жөн. 2000 жылы Халел Беспаев өз ер­кімен директорлық қызметті тапсырып, қай­та­дан минералогия, геохимия және геоэколо­гия зертханасына жетекші болып оралады. Ғалым халықаралық жобаларды орындаушы ретінде Қазақстанның атынан АҚШ, Брази­лия, Италия, Жапония, Франция, Қытай

және басқа шетелдерде өткен геологиялық кон­­грес­тер мен кеңестерде бірнеше рет баян­дама жаса­ған. Ол сондай-ақ ЮНЕСКО-ның «Ха­лықара­лық геологиялық корреляция бағ­дар­ламасы» бойынша қазақстандық комите­тінің төрағасы.

Жалпы, Халел Беспаевтың қазақ геология­сына сіңірген еңбегі ерен. Бұған геолог-ғалымның 1995 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2002 жылы Қ.Сәтбаев атындағы, 2012 жылы Ш.Есенов атындағы сыйлық­тар­мен марапатталып, «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы» дип­ломы мен төсбелгісінің берілуі толық дәлел.

 

 

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

http://www.aikyn.kz