«Жебе» кинокомпаниясының президенті Керімбек Ниязбаев (суретте) алдағы күндері «Қобыланды батыр» мен «Қыз Жібек» туралы мултьфильм түсірмекші. «Кез келген режиссердың жұлдызды жобасы болады. Енді мен ойға алып жүрген екі үлкен дүние бар. Бірі — ерлік, батырлық ұранын дәріптейтін «Қобыланды батыр» болса, екіншісі пәк сезімді, үлкен ғашықтық ғаламатын айшықтайтын «Қыз Жібекті» анимация түрінде кішкентай көрермендерге ұсыну» деді Abai.kz ақпараттық порталының тілшісіне берген сұхбатында Керімбек мырза. Сұхбат барысында аталған кинокомапнияның президенті қазақ балалары көрмеуге тиіс мультфильмдерді де атады, соның бірі «Алдар көсе» дейді ол.
— «Жебе» киностудиясы қашан құрылып еді? Елдің бәрі «қазақтар мултьфильм түсіре алмайды» деп жүргенде Сіз бұл іске қалай тәуекел еттіңіз?
— «Ұлттық анимациямыз, мультфильм саласы неге кенжелеп қалды?» деген сұрақ бала кезімнен ойымда жүретін. Қазақы отбасында қазақы тәрбие көрген баламын. Атам «атаның баласы емес, адамның баласы бол» дегенді ауызынан тастамайтын. «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты батырлар жырын, «Қызжібек» сынды қисса-дастандарды оқып беріп, бізден қайтадан сұрап отыратын. Кішкентай баламыз ғой, көргеніңе еліктейсің… Ол кезде бір ғана телеарна бар. Сонда Илья Муромец дейтін мультфильм болатын. Ол бір керемет батыр. Бізде сондай батыр болсақ дейтінбіз. Кейін есейе келе өзіміз еліктеп, тұлға санаған мультфильмдегі батырдың қырып жүрген жаулары біздің ата-бабаларымыз екенін білдік қой… Сонда мен өз-өзімнен ұялып, рухани күйзеліске ұшырадым. Содан бастап, қазақтың мультфильмінің болашағы туралы шындап ойлана бастадым. Өз батырларымызды анимация саласында бір жаңғыртсам деген ой туды.1985 жылы Шымкент қаласындағы көркем сурет колледжіне оқуға түстім. Кейін Алматыға келіп, Өнер акедемиясында оқығым келгенмен, сәті болмай Абай атындағы университетте оқыдым. Оқуым аяқталған соң, елге барып, біраз жұмыс жасап, ақыр соңында Шымкентке қайттым. Өйткені Шым қалада менің өзіндік ортам қалыптасты. Спорттан жетістіктерге жетіп, облыстық жарыстарда чемпион атандым. Ол кез Қазақстан тәуелсіздігін жаңадан алып жатқан кез. Мультфильм былай тұрсын, әркім қарабасын әрең асыраған заман болды. Сондай қиын кезеңдерден аман-есен өтіп, ес жия бастағанда бірге білім алған, өз істерінің шебері бола білген жігіттерді қасыма жинап, 1999 жылы «Жебенің» тұсауын кестік. Құрылтайшылар есебінде Бақытжан Ауданбаев дейтін ақын жігітіміз, Батырқан Дәуренбеков суретші ретінде, қазіргі мықты журналистердің бірі Данияр Есен және Бақытжан Құлжабай сынды бесеуміз қол біріктірдік. Кейін Данияр Есеннің басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнына Жарқынбек Төртебай дейтін азаматымызды алдық. Ең алдымен Бегім Қаламұлы деген дарынды суретшіні шақырып алдық та, компютер сатып алып, компютерлік графиканы үйрендік. Арнайы мультфильм жасаудың маманы болмағандықтан, көп ізденуге тура келді. Тиісті оқулықтар пайдаланып, шетелден келіп жатқан мультфильмдерге талдау жасадық. Он жылдан артық ізденістің арқасында осы күнге жеттік. Әлі де зерттеу үстіндеміз. Қазір Шымкент қаласында үш анимациялық студия бар. Алғашқысы осы «Жебе», кейін 2006 жылы бізден «Анимастер» деген студия бөлініп шықса, 2008 жылы «Сақ» студиясы бөлек отау тікті. Қазір бәрі де табысты еңбек етуде.
«Жебе» деген атты өзіміз таңдадық. Әу баста қаржылық жағы біраз қиындықтар тудырды. Соның салдарынан бірден мультфильмге кірісе алмадық. Оның үстіне тәжірибе жинау керек болды. Сондықтан бастапқыда жарнамалық роликтер жасап жүрдік. 2001 жылы Астана қаласында «Жаңа ғасыр жарнамасы» деген байқау өтті. Сонда біз жарнамалық роликтерімізді, наурыз мерекесіне арналған ұлттық бояуы қанық сыйқағаздарымызды апарып, ІІ орын алдық. Біз өнімдерімізді «Жебе студиясы» атынан ұсынсақ, байқауды ұйымдаструшылар бізді «Жебе телестудиясы» деп бағалады. Осы жолғы жүлдеден айтарлықтай қанаттанып қайттық.
— «Қазақ мултьфильмінің атасы» атанған Әмен Хайдаров ақсақалмен байланысыңыз бар ма? Әдетте мултипликаторлар сол кісінің батасын алып жатады ғой…
— Ең алғаш «Алдаркөсе мен шайтанды» жасап шығардық. Мультфильмнің ішіне ұялы телефон, мотоцикл, шарик- марик деген сияқты заманауи дүниелерді пайдаландық. Дегенмен бұл жетістігімізді бірден көрермен назарына ұсына қойған жоқпыз. Ең алдымен қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдардың батасын алу керек деп шештік. Содан ноутбугымды арқалап, Алматыға тарттым. Ол кісіні 3 рет іздеп келгенімде ғана жолығудың сәті түсті. Кафедрасына барсам, шәкірті екеуі әңгімелесіп отыр екен. Ауылдан келген баламын. «Ассалаумағалейкум» деп аңқалаңдап кіріп бардым. Ол кісі «баса көктеп кіріп келген бұл кім?» дегендей аса жақтырмады. «Кешіріңіз, ата» дедім де сыртта күттім. Бір уақытта сыртқа шығып, «Балам, не бұйымтаймен келдің?» деп сұрады. Мен ауыз жаппай айтып жатырмын… «Осылай да, осылай мультфильм жасадық» деп. «Қандай мультфильм?» деп көзінен от шаша қарады да, «Енді оны қалай көреміз?» деді. «Ноутбугым бар» дедім. «Онда дайындала бер» деді де, Әмен ақсақал кафедра төңірегіндегі жиырма шақты студентті жинады. 4-5 оқытушы келіп отырды. Мен экранды соларға қараттым да, өзім ноутбуктың артында отырдым. «Анау-мынау емес, нағыз мамандар… Қалай қабылдар екен, ә?». Бар ойым осы. Фильмнің ортасына келгенде студенттер күле бастады. Ал Әмен атамыз сыр бермейді. Фильмнің соңына таяғанда ғана көзіне жас алды. Өзімді өзім кінәлай бастадым. Әмен атамыз кәсіби білімі жоқ адамдар қазақ анимациясын құртты-ау деп налып отырған шығар деп ойладым… Сөйтсем ол кісі таяғына сүйеніп, құрақ ұшып келіп маңдайымнан сүйіп жатыр. «Ой айналайындар, менімен бірге қазақтың анимациясы құрып кетеме деуші ем, бар екен із басарларым», — деп батасын берді. Сол кезден бастап Әмен атамызбен таныстығымыз жалғасын тапты.
— Мультфильм түсіру барысында көрермен таба алатыныңызға сенімді болдыңыз ба? Өйткені, қазіргі жас ұрпақ Уолт Диснейдің, т.б. «өнімдерін» тұтынатын аудиторияға айналып кетті емес пе?
— Біз іс бастар алдында әбден ойланып-толғанып алдық. Алдымен табыс табатын саланы қолға алдық, «Жебе» кино компаниясының аясында баспаханамыз болды, сөзжұмбақтар шығаратын газетіміз болды. Алғашқылардың бірі болып сөз жұмбақты дамыттық. Осылардан түскен табысты мультфильмге салдық. Ал мультфильмнің табысы — шындығын айтқанда ұлттың намысы болды. Егер біз тек ақшаны ғана ойласақ, онда ештеңе жасалмас еді. Өйткені бүгінгі күні мультфильм жасап, шаш етектен пайда табам деу мүмкін емес. Себебі бізде «Кино заңы» жоқ. Яғни осы салада еңбек еткен адамдардың құқығын қорғайтын заң жоқ. Ал дүниежүзінің кейбір елдерінде анимация саласы үкіметке қосымша табыс алып келетін сала болып табылады. Мысалы, АҚШ-та анимация саласының табысы қару- жарақ сатудан кейінгі екінші орында. Ал бізде керісінше ең бейшара күйді кино саласы кешіріп отыр. Шындығына келсек, Орта Азия бойынша бай адамдардың көбі қазақстандықтар. Біздің еліміз 120-ға жуық миллионері бар мемлекет. Олардың әрқайсысының есепшотында ең кемінде 200 миллион доллар бар. Менің ойымша, бізде кино туралы заң болса, сол байларымыз біраз ақшасын осы кино саласына салар еді… Заң жоқ болғандықтан, кәсіпкер өз ақшасының қайтпайтындығын біледі де, ондай қадамға бармайды.
Ал қазақ мультфильміне деген көрерменнің көзқарасына келсек, Құдайға шүкір, біздің қарадомалақтардың ықыласы айрықша. Өйткені біз кез келген дүниені жасар алдында оның балаларға берер үлесі қаншалық болатынын зерделейміз. Көркемдік-тәрбиелік мәні жоғары, көрерменге қызықты болуы үшін олар сүйіп көріп жүрген шетелдік дүниелердің әдіс-тәсілдерін қарап, соны ұлттық анимацияға сіңіреміз. Біздің өнімдеріміз шыға салысымен ең алдымен бала бақшада көрсетіліп жүр. Құдайға шүкір, олар өте жақсы қабылдайды. Жақында ғана «Құтқарушы Ақылбек» деген үш сериялы мультфильм жасаған едік. Соны ұялы телефонымда көруге болатын етіп түсіріп алғанмын. Бір күні үйге келсем балалар ойнап жүріп келісе алмай қалған екен… Байқасам үш жасар жиенім қатты өкпелі көрінеді. Соны жұбатпақ болып, «сені кім ренжітті, кел мультфильм көрші» деп ұстата қойып ем, ұялы телефонымнан айырылмай екі сағат бойы көрді.
— Өзіңіз бас болып өткізген «Алтын жебе» халықаралық анимациялық кинофестивалі жайында тоқтала кетсеңіз…
— 2004 жылы Белоруссияда анимациялық фильмдер фестивалі болды. Сонда мен таң қалдым. Кішкентай ғана мемлекет бір емес екі анимациялық фестиваль өткізіп отыр. Ал мұндай фестивальдардың берері көп. Мамандар бір-бірімен тәжірибелер алмасуға мүмкіндік алады. Сондай игілікті шараны неге Қазақстанда өткізбеске? Әлемнің әр түкпірінен келген мамандардан «егер осындай фестивальді Қазақстанда өткізсек келесіздер ме?» деп сұрап көріп ем… Олар келісімін берді. Тиісті адамдардың байланыс телефондарын жазып алдым. Елге келген соң бұл ойым бірден қолдау таба қойған жоқ. Бірде сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев өнер саласындағы адамдарды жинап, жиналыс ашты. Шымкенттің жақсы имиджін қалыптастыру турасында ой қозғады. Өз кезегімде ол кісіге ойымды айтып едім, ондай фестивальді кім жауапты болып өткізе алады деді. Мен өткізем дедім. Қанша ақша кететінін сұрады. «Орта деңгейде өткізу үшін 30 миллион». Онда бұл ақшаның жартысын біз берейік, қалғанын демеушілерден табарсың, демеушілер табуға өзім көмектесем деді. Алғашқы қаржы ретінде 6 миллион бөлініп, қалғаны фестиваль жақындағанда берілетін болды. Дегенмен Өмірзақ Шүкеев орнында көп отырған жоқ. Оңтүстіктің әкімі болып өнерге жақын Нұрғали Әшімов келді. Ол кісі де қолдау білдіріп, бюджетті 10 миллионға жеткізді. Көп күткен фестивальді өткіздік. Екінші фестивальді өткізерде біз, Қазақстанды әлем анимациясын дамытуға үлес қосып жатқан ел ретінде көрсетуді мақсат тұттық. Біздің фестивалдің бір ерекшелігі қатысушыларға арнайы жүлде тағайындалған жоқ. Себебі бәсеке болған жерде ашықтық болмайды да әр жерден келген аниматорлар білгендерін жасырады. Ал байқау жоқ фестивальге олар бір ғана мақсатпен, білгенімді ортаға саламын, білмегенімді үйренем деп келеді. Екінші фестивальге 20 мемлекеттен мамандар шақырдық. «Уолт Диснейді» жиырма жыл басқарған Уильям Бил Деннис те келді.
Уильямды қазақтың әлем анимациясының орталығына айналғысы келетін ақ пейілі таңғалдырды. Мен оған бұл фестивалға 20 мемлекеттің адамы келгенін және Қазақстаннан 50 маман қатысқанын, сондай-ақ әлем анимациясының бетке ұстар екі маманы арнаулы шеберлік кластарын өткізетінін айттым. Демек 20 мемлекеттің адамы келіп, өздерінің білім деңгейлерін Қазақстанда жетілдірген жоқ па, Қазақстанның анимация өнерінің даму орталығына айналғаны осы емес пе дедім. Ол кісі бұл сөзіме қатты риза болды. «Алтын жебе» фестивальі негізі екі жылда бір өтуі керек болатын. Бұл фестивальді 3-рет өткізейін десем әлдеқандай өзім түсінбейтін жағдайлар кедергі келтіруде.. Мен негізі Қостанайдың тумасымын. Мүмкін басқа топырақтың ұлы деп көре алмайтындар да бар шығар. Бірақ оларға өкпелеп тонымды отқа жағар жайым жоқ. Фестивальді кезекті рет өткізуге қажетті шараларды жасап жатырмын.
— «Жебе» студиясы қазір өзінің шығармаларын «Балапан» арнасына беріп жатыр. Солай емес пе? Арна тарапынан қаншалықты көмек-қолдау бар? Енді осы жайтке тоқталып өтсеңіз.
— Осы күнге дейін Қазақстанда балаларға арналған анимациялық арна болса екен деп армандап келдік. Құдайға шүкір, «Балапан» телеарнасы ашылды. Телеарна 2012 жылдан бастап, эфирге отандық өнімдерді шығаруға қаржы бөле бастады, яғни осы саламен айналысатын студияларды шақырып, балаларға қызықты жобалар жасауға келісім жасап жатыр. Бұл, әрине, құптарлық жағдай.
Мысалы, «Балапан» телеарнасының біздің мультфильмге төлеген ақшасы тиісті шығындарды жапты. Осы күнге дейін жасаған дүниелеріміз ешқандай табыс әкелген жоқ болатын. Бұл жолы кереметтей табыс әкелмесе де, шығындарымызды өтеді. Міне, жетістік деген осы. Көш жүре түзеледі. Біз бар, «Балапан» телеарнасы бар, басқалар бар.. Жақсы жетістіктерге жетеміз, Құдай қаласа. Айталық Алматы қаласының әкімшілігі мультфильмге қаржы жағынан үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Бір ғана «Алдаркөсе» фильміне 60 миллион теңге қаржы бөлді. Бұл қуантатын жағдай, бірақ қынжылатын тұстары да бар. Өкініштісі, осындай көлемді ақша бөлінген дүниеге әлем ертегілері келіп кіріп кетті. Негізі мемлекеттің қаржысына түсірілген мультфильмде ұлтымыздың салт-дәстүрін енгізіп, соны дәріптеу керек еді. Яғни тиісті ақша бөліп отырғаннан кейін өзекті идеясына жауап беретін қандай да бір көркемдік кеңес керек еді. Мысалы, ешқашан кәсіпкер болмаған «Алдар көсені» кәсіпкер етіп қойды, тақия тіккізіп, кемпір мен шалды азаннан кешке дейін ұрсыстырып қойды. Ал қазақ үшін үлкен кісілер тәрбиенің ошағы.
— Сіз айтқандай кейбір елдерде балалардың санасына кері әсер ететін, мінез тұрпатын өзгертетін, табиғатын бүлдіретін, мысалы Спанч Бобтың «хикаяларын» көрсетпеуге тыйым салып тастаған көрінеді. Бізде де солай етуге бола ма?
— Балаларға ұсынылатын дүниелерге сараптама жасау кез келген мемлекеттің міндеті. Өйткені әр ұлттың өзі ардақтайтын құндылығы болады. Айталық, қазақтың осыған дейін қалыптасқан құндылықтарына қол сұғатын дүниелерге міндетті түрде тыйым керек. «Балапан» телеарнасы осы тұрғыдан жүйелі жұмыстар жасап жатыр. Олардың өз тақырыптары, шектемесі бар, бұл қуантатын жағдай. Бірақ ақпараттық заманда барлық адамдарға «мынаны көр, мынаны көрме» деп айта алмайсың. Спутниктік телеарна немесе интернеттік көрсетілімдерге құзырымыз жүре бермейді.
— Қазақ балалары көрмеуі керек деген мультфильмдерді атап айта аласыз ба?
— Ең бірінші Алматы қаласы әкімшілігінің қаржысымен түсірілген «Алдар көсе» мультфильмін атар едім. Ол біздің отандық өнім болғанымен қазақтың дүниетанымына, даналық ұстанымдарына келе бермейді. Оны осы Алматыда «Azia animation» дейтін студия жасады, 3D технологиясын пайдаланды. Бірақ тәрбиелік мәні жоқ. Неге қазақ зиялыларының талқысына салмаған? Нені айту керек екенін, нені көрсету керек екенін қалайша дұрыс сараптай алмаған? Зиялы қауым бар ғой бізде, мынаны айтуға болады, мынаны айтуға болмайды деп солардан кеңес алу керек еді. Өйткені бала тәрбиесі қазіргі таңдағы өте өзекті мәселе. Онсызда шетелдің әртүрлі телерарналары мен интернет иірімдерінен не қаласа соны көріп жүрген балаларға тым құрыса өзіміз дұрыс тәрбие берейік. Жоғарыда өзіңіз атаған Спанч Бобтың «хикаяларын» да көрсетуге тыйым салу керек.
— «Алдаркөсені» жасауға 60 миллион теңге бөлді дедіңіз… Осы жобаға не үшін қатыспадыңыздар?
— Біз бұл жобаны «жасалып жатыр» дегенде ғана бір-ақ естідік. Ол кезде мен «Қазақфильмнен» бір тапсырыс алып жұмыс жасап жүргенмін. Солардан естідім. «Қазақфильмнің» мамандарын бітіп қойған дүниеге, қабылдайтын комиссия есебінде шақырыпты. Олар «болары болып, бояуы сіңген дүниеге неге шақырасыңдар» деп ренжіген көрінеді. Осындай үлкен қаржы бөлініп отырған жобаны неге ұлтқа пайдасын тигізетін студияларға бермеске?! Алматы қалалық әкімшілігінде ұлтқа жаны ашитын адамның болмағаны ма сонда?
— «Қазақфильммен» селбесіп тұрасыздар ма?
— Осыған дейін екі жобаны «Қазақфильммен» бірге жасадық, «Қазақфильм» қара шаңырақ қой. Олар соңғы үш жылда басшылығы ауысқалы бері басқа студияларды өздеріне шақырып, бірге жұмыс істеп жатыр. Дегенмен тиісті деңгейде емес. Оларда жақсы жабдықталған студия бар, бұдан да жақсы деңгейге жетуге толық қуатты. Бірақ олар өз миссияларын жеткілікті деңгейде орындай алмай отыр. «Қазақфильм» тек бізбен ғана емес, осы саланың айналасында жүрген барлық өнер иелерімен тығыз жұмыс істеу керек. «Қазақфильм» жақында толық метражды «Ертөстік» мультфильмін бітірді. Ол қазақтың халық ертегісі, былай айтқанда тарихи оқиға. Біздің ше, ол да «Жау жүрек мың бала» сияқты жарнамалануы керек еді. Оның режиссеры қазақтың бетке ұстар режиссеры Жакен Данияров ағамыз. Ол кісі режиссер ретінде мықты болғанымен Қазақфильмнің мультфильм бірлестігі жетекшісі ретінде жақсы ұйымдастыру жұмысын жасай алмай жүр.
— «Ер төстікті» айтып қалдыңыз ғой, Қазақтың ертегілері қаншалықты сұранып тұр мультфильмге?
— Қазақтың кез келген дастаны болсын, аңызы болсын бәрі де дайын мультфильм. Тек сценарийге бейімдеп анимацияға айналдыру керек.
— Компанияңызда қанша адам жұмыс жасайды?
— «Жебе» кинокомпаниясы өркендеген тұста 120-дай адам жұмыс істеген болатын. Мен ешқашан ақша қуған адам емеспін, осы жұмысты бастаған бес жігіт 20 пайыздан үлесімізді алған болатынбыз. Қазір студиямыз бар, баспаханамыз бар 30-дай адамды жұмыспен қамтып отырмын.
— Шымкенттегі үш мультстудияның арасында бәсекелестік бар ма?
— Әрине, бар. Бар болғанда қызғаныштан емес, өнерді дамыту бағытында, салыстыру мақсатында, бір-бірімізге ой туғызу мақсатында бәсекелесе, біріге жұмыс істеп келеміз.
— Алдағы күнге ойға алған қандай жобаларыңыз бар?
— 2008 жылы біз «Жебе кітапханасы» деген жаңа бастама бастадық. Балаларға арналған бояма кітапшалар, ертегілер жинағын шығарамыз. Біз сол кітаптарды 50 теңгеден сатылымға жіберсек, Шымкенттің өзінде 200 теңгеден сатылып жүр екен. Осыны қолжетімді бағада тұтынушыларға жеткізсем деген ойым бар. Кез келген режиссердың жұлдызды жобасы болады. Енді мен ойға алып жүрген екі үлкен дүние бар. Бірі — ерлік, батырлық ұранын дәріптейтін «Қобыланды батыр» болса, екіншісі пәк сезімді, үлкен ғашықтық ғаламатын айшықтайтын «Қыз Жібекті» анимация түрінде кішкентай көрермендерге ұсыну