– Журналист қай кезде де қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпір болған, бола да береді. Кеңес өкіметі журналистиканы идеологиялық қару ретінде пайдаланды. Бүгінгі журналистика оқиғаны, ақпаратты халыққа дер уақытында жеткізуші, қоғамдық пікірдің мінбері рөлін атқарып отыр. Біз он бес республиканы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Кеңес өкіметі кезінде-ақ баспасөздің ұстаханасы атанған «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас алаш» газеті) газетінде жұмыс істедік. «Лениншіл жас» Кеңес өкіметі кезінде де өзін еркін ұстады, ойын ашық айта алды. Сол арқылы бізді еркін ойлауға, қай салада болсын қалам тербеуге үйретті. Мысалы, мен осы басылымда бірнеше салада шыңдалып шықтым десем болады. Тоқсаныншы жылдар басындағы тоқырауда халық наразылығы күшейіп, саяси оқиғалар сабыр таппай тұрғанда саясат бөлімінің тілшісі, сосын редакторы болдым. Тәуелсіз еліміздің өзінің құқық қорғау саласы аяғынан енді тік тұра бастаған өтпелі кезеңде, жұрттың зәре-құтын қашырған рэкеттер, ауадан ақша жасағыш алаяқтар қаптаған шақта заң бөлімінің редакторы ретінде, құқық мәселесіне тереңірек үңілуге мүмкіндік алдым. Еліміз нарықтық экономикаға аяқ басу кезеңінде экономика және әлеумет бөлімінің редакторы ретінде еңбек еттім. Басылым бізді бір бөлімнен екінші бөлімге ауыстыру арқылы шыңдап, пісіріп шығарды. Бұл – үлкен мектеп болатын. Біздің ұрпақ – ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің алғашқы жаршысы болғанымыз үшін өзімізді бақытты санаймыз. Халыққа тәуелсіздікті баянды ету үшін не істеу керегін жеткізе білген біздің буын сонысымен де тарихта қалады.
Қазіргі журналистер кез келген тақырыпқа жазып жүр, бұл журналистің әр саладан хабардар, әмбебап болуына себін тигізеді. Негізінен, журналистің бір тақырыпқа, бір салаға кәсіптенгені, әрненің бетін шалмай, терең аналитикалық дүниелер жазуға машықтанғаны дұрыс деген көзқарастамын. Білімді, білікті, жан-жақты журналистер көп. Бұл қуантады. Алайда интернеттегі материалдың өңін айналдырып жариялауды күнкөріс көзіне айналдырып, ізденуге ерінетіндер қатары да күн санап өсіп келе жатқанын байқап жүрсіздер. Мұндай әдіспен журналистиканы нан табудың оңай жолына айналдыруға болмайды. Сөз құдіреті, қалам киесі деген болады.
– Журналист ізденбейді емес, ізденеді. Тек құзырлы орындарға жолдаған сұрақтарына уақытында жауап ала алмайды. Себебі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда «Мемлекеттік органдар және басқа да ұйымдар БАҚ-тың жіберген сауалына 3 күннің ішінде жауап беруге міндетті. Немесе жіберілген хатқа байланысты оған қашан жауап берілетіні немесе оған жауап берілмейтіні жөнінде ақпарат жіберуге тиіс» делінген. Бүгінгідей ақпараттық заманда 3 күн көп емес пе, қалай ойлайсыз?
– Журналист әріптестерімді жақсы түсінемін, ақпарат үшін 3 күн түгілі, 3 сағаттың өзі кеш. Бетін аулақ қылсын, бір жерде жарылыс, апат, террористік әрекет, жер сілкінісі сияқты оқыс оқиға болып жатса, ал сол оқиғаға қатысты шұғыл мағлұмат беруші орган «үш күн күте тұрыңыз» десе, оны кім күтіп отырады? Уақтылы ақпарат бермеу, берілген жауаптардағы мәліметтердің жұтаңдығы – БАҚ-тың басқа дереккөздерге, көбіне алыпқашпа ақпараттарға оқиғаны өз қалауына қарай бұрмалап беруіне алып келеді. Бұлай болмас үшін «Қайда? Қашан? Не болды?» деген үш сұраққа оқиға бола салысымен жедел ақпарат таратылып, онда мәселенің бүге-шігесін анықтау мақсатында құзырлы органдар айналысып жатқанын ескертсе, тіпті әр сағат сайын жаңа мағлұматтар тастап отырса, алыпқашпа ақпараттың тарауына жол берілмес еді. Бұл басшының тәуекелшілдігіне де көп байланысты. Кей басшылар өздері ақпарат таратпаса, жұрт білмей қалады деп ойлайды. Алайда, Facebook, Twitter, LinkedIn, «MySpace»,YouTube, «on.kz» сияқты әлеуметтік желілермен еркін ақпарат алмасып отырған халық кез келген оқиғадан әп-сәтте-ақ хабардар болады.
Журналистер «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 18-бабының 2.1-тармағының өзінде «қосымша зерделеудi және тексерудi қажет ететiн өтiнiшке жауап ол келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс» делінгенін де естен шығарып алмауы тиіс. Бұл – кейбір жағдайда сұралған ақпарат 3 күн ішінде беріле бермейді, өйткені БАҚ арқылы таратылатын ақпарат жан-жақты, түпкілікті зерделеуді, қолданыстағы іс жүргізу (процесуалды) заңнаманың талаптарын ескеруді қажет ететіндіктен, оған тиісінше қосымша уақыт қажет деген сөз. Журналистердің қысымымен асығыс, үстіртін берілген ақпарат қоғамда түсінбеушілік тудыруы, өсек-аяңға әкеп соғуы, мемлекеттің немесе жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Әрине, ақпаратты бірінші болып жеткізу мүмкіндігіне ие болу БАҚ-тың беделін көтереді, журналисті танымал етеді. Сенсация қууға құмарлық адам құқының бұзылуына, жалған ақпараттың тарап, билік, құқық қоғау орғандары туралы негативті қоғамдық пікір қалыптасуына соқпауға тиіс.
– БАҚ пен қандай да бір саланың арасында байланыс нашар болса, ол баспасөз қызметінің жұмыс істемей отырғанын көрсетеді емес пе?
– Ол да мүмкін. Баспасөз хатшысы – сала басшысы мен қоғамның арасын байланыстырушы әрі сала мен басшының имиджін жасаушы тұлға. Ақылды басшы баспасөз қызметінің басшысын жанына жақын ұстайды. Ол кез келген уақытта кедергісіз кіріп, қоғамдық пікір тудыратын, имиджге әсер ететін мәселе туралы бөлісе алады. Оның пікіріне құлақ түреді. Ондай басшы қоғамдық пікірмен санасып отырудың маңызды екенін жақсы түсінеді. Бұл мәселеде менің жолым болды деп ойлаймын. Екінші бір басшылар баспасөз қызметіне арбаның бесінші доңғалағы тәрізді қарайды. Баспасөз хатшысымен тікелей жұмыс істемейді. Бұл сол мекеменің имидждік жұмысты дұрыс жолға қоймағанын көрсетеді. Сондай-ақ кемшілік, көп жағдайда баспасөз қызметі қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігінен де болып жататыны рас. Оның себебі – елімізде кәсіби баспасөз хатшысы институты әлі толық қалыптаспаған, бұл бағытта кәсіби маман дайындайтын тиісті оқу орындары немесе білім бағдарламалары жоққа тән. Сондықтан баспасөз хатшысының міндеті тиісті кәсіби мамандығы немесе біліктілігі жоқ мемлекеттік органның бір қызметкеріне жүктеледі. Ақпаратты ұйымдастыру, қоғамдық пікір тудыратын дүниені тұщымды, қызықты етіп беру жолдарын білмейтін журналистикадан алыс маман бухгалтердің «отчеты» сияқты адам түсінбейтін баспасөз парақшасын жазады, таратады. Кейде бұл қызметке аталмыш саладан мүлде хабарсыз, ақпарат айдынында танылмаған, беделсіз журналистер тартылады. Осыдан келіп, БАҚ-қа берілетін баспасөз ақпараттары (пресс-релиз) мен өткізілетін брифингтердің сапасы сын көтермейді, терең мағынасы жоқ, журналистердің, жалпы, қоғамның қызығушылығын тудырмайтын ақпараттар таратылуы осыдан келіп туындайды.
Алаңға барғанымнан пайда іздегім келмейді
– Сіздің «Жас Алаш»-тың қасынан өзінше бөлек қосымша газет ретінде шығып тұрған «Мыңнан бір мезет» танымдық басылымының 12 жыл бойы шығарушы редакторы болғаныңызды білеміз. Бұл тақырыпқа қалай келдіңіз?
– «Мыңнан бір мезет»-тің әу баста аталған басылымда арнайы бет ретінде ғана шығып тұрған. Мақсаты – шұғыл ақпарат жеткізу болған екен. Бұл бетті өз мойныма алған соң беттің концепциясын түгелдей өзгерттім, қызықты танымдық оқиғаларды арқау ете отырып, кеңестік заманда атеизм қанына сіңіп кеткен ұрпақтың өз дінін танып-білуге деген талпынысын оятуды көздедім. Тылсым дүниелер туралы жазған өзімнің немесе авторлардың мақалаларының соңын «Бұл Алла тағаланың құдіреті емес пе?» деп аяқтайтын едім. Кеңес өкіметі атеистік көзқарасты сүйегіне сіңіріп тастаған халықтың бетін дінге бұру үшін, қатып қалған материалистік көзқарасты бұзу үшін осындай тәсіл керек еді. Дін туралы ашық айтуға тыйым салынған, тіпті намаз оқығаны үшін қудалауға ұшырап, түрмеге жабылған ақтаңдақтарды бастан кешкен халқымыздың дініне қайта оралуы үшін әр жүрекке ең болмаса бір кішкентай сәуле тастауға тырыстым. «Кәпір болу бір пәсте, мұсылман болу әсте-әсте» демекші, дінге оралу әлі күнге дейін жүріп жатқанын көріп отырсыздар. Қолға алғаннан аз уақыт өткенде бұл танымдық бет алдымен 4, кейін 8 беттік қосымша газет болып шықты.
Жалпы, «Жас Алаш» газетінде 7-8 жыл жауапты хатшы бола жүріп, кезінде бірін- бірі қайталамайтын 15 қосымша газеттің және бірнеше арнайы беттердің жобасын жасап ұсынғаным бар. Сол он бестің сегізі қосымша ретінде шығып тұрды. Олардың қамтитын аудиториялары да сан қилы болды. Әрқайсысының өз редакторлары болды. Бұл сол қосымшалардың редакторлық ізденісін, жауапкершілігін, шеберлігін шыңдады деп ойлаймын. Соның бірі – өзім шығарған «Мыңнан бір мезет». Оның халқымызға берген тағы бір пайдасы – ұлттық мәдени мұраның бөлінбес бөлшегі болып табылатын ғасырлар бойы ел ішінде ауыздан-ауызға көшіп келген аңыз-әпсаналарды жинауға жол ашты. Оқырманның қосымша газетке қызығушылығының артқаны сондай, таралымы 130 мың данаға жетті. Республиканың барлық облыстарынан үзбей жазып тұратын тұрақты авторларымыз болды, олардың жіберген аңыздарынан үлкен архив жиналды.
Бірде «Жас алаштың» аты аңызға айналған бұрынғы редакторы, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз редакцияға келгенінде «Әділбек, «Мыңнан бір мезетті» жақсы шығарып жүрсің, алайда тылсымдық оқиғалардың өзін жариялап қана қоймай, ғалымдарға сол жайлы коментарий бергізуге тырыс, сонда әлдеқайда сенімді әрі салмақты болады» дегені бар еді. Осыдан кейін халқымыздың мәдени мұрасы – қазақ мифтерін жинақтап, зерделей жүріп, мүмкіндігінше оған ғылыми-танымдық тұрғыдан түсінік беруге тырыстым. Кейін академик Қатыршат Шапағатұлы Шүленбаевтың бағыттауымен, академик Ғарифолла Есімнің жетекшілігімен ғылыми жұмысымды жаздым. Кітаптарым жарыққа шықты. Менде әлі де бірнеше кітапқа арқау болатын ғажап архив бар. Бүгінгі таңда әлемде түрлі тылсымдық тақырыптағы фильмдер түсіріліп жатыр ғой. Қарап отырсаң, көбі санаға сыймайтын, белгілі бір халықтың ғасырлардан келе жатқан аңыз-әпсаналарына негізделмеген жансыз, рухсыз дүниелер. Егер біздің елде де осындай бір шығармашылық бастама қолға алынса, сондай фильмдерге сюжеттік желі болар оқиғалар жиналған аңыздар да жетіп-артылады. Ең бастысы, мен 12 жыл бойы жинақтап, шығып тұрған танымдық газеттегі аңыздардың басым бөлігінің қазақ мифологиясының 55 томдығына да енгеніне, еңбегімнің ұлттық мәдени мұрамызға қосылған үлкен үлес болғанына қуанамын.
– «Мыңнан бір мезет» арқылы елді елең еткізер материалдар жарияладыңыз, ал журналистикада өзіңізді ерекше толғандырған тақырып болды ма?
– Биліктің бұқаралық ақпарат құралындағы сынға, жалпы, қоғамдық пікірге құлақ түруі – ең маңызды нәрсе. Арзан бедел үшін жоқ-барды термелемей, ел өміріне, мемлекет тынысына қажетті тақырыпты уақытында әрі сауатты, табанды көтере білсе, айтылған ой мен ұсыныстар қабылданып жатса, ол журналист жұмысының нәтижелілігін білдіреді. Кеңес өкіметін қанша қарғасақ та ол кезде газетте шыққан мақалаға ерекше назар аударылып, жедел шара қолданылып, ол туралы жауап берілетін. Мені «Арай» журналынан ЛКЖО ОК арқылы «Лениншіл жасқа» жұмысқа шақыртты. Ол кезде «Лениншіл жаста» жұмыс істемек түгілі, табалдырығын аттаудың өзі мәртебе саналатын. Мені сынап көргісі келді ме, бас редактор Уәлихан Қалижан келген бетте Атырауға іссапарға жіберді. Ол кезде Құлсарыдағы Теңіз мұнай өңдеу зауыты салынып бітіп, аз күннен соң пайдалануға берілмек екен. Бір апта ішінде зауыттың экологиялық құрылғылары ескерілмегенін, еден жуушыға дейін вахталық тәсілмен шетелден алдырылатынын, жергілікті халықтың жұмысқа тартылмайтынын, мұнайшылар дайындайтын оқу орнының жоқтығын, облыс халқының дені туберкулезбен ауыратынын, егер экологиялық қондырғы салынбастан зауыт іске қосылса, жергілікті халықтың жағдайы мүшкіл болатынын анықтадым. Келе салысымен газеттің бір жарым бетін қамтыған «Теңізге теңдік керек» деген мақалам жарияланды. Онда ең алдымен экологиялық қондырғы жасалынбай зауытты іске қоспау, жұмысшылардың басым бөлігін жергілікті халықтан алу, Атырауда мұнайшы мамандарын даярлайтын арнайы оқу орнының бөлімін ашу, облыс тұрғындарын туберкулезге қарсы жаппай тексеруден өткізу тәрізді барлығы жеті талап қойдым. Ғажабы сол, бұл мәселе бірден үлкен шу туғызып, зауыттың іске қосылуы кейінге шегеріліп, мен қойған жеті талап та орындалды. Әрине, журналистикадағы ширек ғасырға жуық уақыт ішінде газеттің арқасында талай тақырыпты қозғап, талай тағдырға арашашы болдық қой. Солардың ішінде тағы бір есте қалған кейіпкер бар. Ұлы Отан соғысының алдында, тіпті соғыс жылдарында да Барсакелмес аралында бактериологиялық қару жасау үшін жергілікті халыққа сынақ жүргізілген кездері де болған екен. Сол сынақты көзімен көріп, бастан кешіп, қашып құтылып, аман қалған адамдармен сөйлесудің сәті түсті. Ақсақалдың айтуынша, ол кезінде өзі секілді бірнеше жетім баламен пойызға ұрланып мініп алып, Қазалы мен Ташкенттің арасында жолушылардан тамақ сұрап ішіп, затын тасып беріп, нан тауып жеп жүреді екен. Бір күні 12 баланы Барсакелместің маңындағы стансада әскери адамдар ұстап әкетеді де, Барсакелмеске алып келеді. Бағына қарай менің кейіпкеріме сынақ жасалған малды бағу тапсырылғандықтан, есебін тауып қашып құтылған. Ол сынақ жасалған малдың жүні түсіп, қызылшақаланып, терілері өздігінен жыртылып өлгенін көзімен көргенін айтады. Аш қалғанда тышқан аулап, құрт-құмырсқаны азық етіпті. Қалған он бір бала әртүрлі сынақтардың құрбаны болды, оларды қайтып көрмедім дейді ол. Сөйтіп, ұзақ жылдар Ташкентте өмір сүріп, қартайған шағында айтылмай келген ақиқатты ортаға салған еді ақсақал. Осы мәселені зерттеуге кірістім. Мақала жарыққа шыққан соң, бұл оқиғаның тағы бір куәгері пайда болды. Ол бактериологиялық қаруларды жергілікті халыққа сынауға қатысқан медбике екен. Дәм-тұзы таусылар күні таяғанда кейуана жанын жай таптырмаған оқиғаны жариялап кетуді жөн көріпті. Сол кісінің айтуынша, Барсакелместегі тұтас бір ауылдың тұрғындарына бактериологиялық жұқпа егілген. Ауру меңдеген ауыл адамдарын өртеп жіберген көрінеді. Бүгіндері осы оқиғаның тірі куәлері қалған жоқ. Дегенмен бұл – әлі де арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып.
– Сізді «Желтоқсан оқиғасына» қатысқан дегенді естідім…
– Осы «Желтоқсан оқиғасы» деп айтуға қарсымын. Дұрысы – «Желтоқсан көтерілісі». Кезінде «Желтоқсан оқиға ма, көтеріліс пе?» деген мақала жазып, «Желтоқсан көтерілісі» деп атау керек екенін дәлелдеуге тырыстым. Мәселен, жол-көлік оқиғасы орын алса, жеке бас араздығы үшін төбелессе, оны да оқиға деуге болар. Ел билігіндегі өзгеріске наразылық білдіріп, мемлекет ісіне өзгеріс енгізетіндей пікір айтып, оның арты ұлттық көтеріліске ұласса бұл әрине, көтеріліс болады. Ол кезде «Желтоқсан көтерілісі» деп айту Кеңес өкіметіне тиімсіз еді. Шын мәнінде, ол ғасырлардан бері ұласып келе жатқан тәуелсіздік үшін жасалған көтеріліс болатын. Егер ол бұзақылық, есірткіге еліккен жастардың желікпесі болса, «Әр елді өзінің көсемі билесін!» деп саналы түрде саяси ұсыныстар жасар ма еді? Алматыдағы қазақ жастарының көтерілісінен кейін одақтас республикаларда тәуелсіздікке, отарлауға қарсы көтерілістер басталды. Сол көтерілістердің басы және бастаушысы Желтоқсан көтерілісі болды. Қазақ жастарының намысқойлығын, тарихты өзгертудегі алғашқы қарлығаш болғанын ұмытпауымыз, дәріптеуіміз, сол арқылы жас ұрпақтың рухын көтеруіміз керек. Біз ҰОС мен Ауған соғысы ардагерлерін ерліктің үлгісі ретінде мақтан етеміз. Дұрыс. Алайда тәуелсіздікке тікелей себепші болған желтоқсаншыларды неге ұлтжандылықтың, ерлік пен патриотизмнің үлгісі, тәрбиенің идеологиялық құралы ете алмай отырмыз? Біз жас буынның бойына мемлекетшілдік сезімді дәл осы желтоқсаншыларды насихаттау арқылы қалыптастыра аламыз. Өйткені бүгінгі тәуелсіздіктің неден басталғанын білеміз ғой. Тағы бір мәселе, Желтоқсан көтерілісі туралы айтқанда тек Алматыдағы көтерілісті ғана ауызға аламыз, сондай наразылықтар бірнеше қалада орын алған. Сол желтоқсан көтерілісіне студенттер, жұмысшы жастармен қатар, мектеп оқушылары да қатысып, жазаланған. Біз осы фактіні де ескермей жүрміз. Қазір ол оқушылардың барлығы ер жетті. Олар қазір қайда? Бұл деректерді кезінде қанша жасты, оның ішінде мектеп оқушыларын комсомолдан шығарып, жазалағаны туралы есеп берген комсомол жетекшілерінің көзіммен көрген, архив материалдарына сүйеніп айтып отырмын.
– Сіз бұл көтеріліске қалай қатысып жүрсіз және ол туралы неге ашық айтпайсыз?
– Желтоқсан көтерілісіне қатысқанымды, тарихты өзгерткен үлкен көтерілістің ішінде жүргенімнен пайда іздегім келмейді. Алаңға бару арқылы өзімнің азаматтық ұстанымымды білдірдім. Енді одан пайда іздеудің керегі жоқ. Тек енді сол көтерілістің нағыз бел ортасында болған оғландарымызды үлгі етіп, ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін ояту үшін насихаттау керек деп ойлаймын.
Көрші ел «ала бағананың» бергі жағында жердің бос жатқанын көруге тиіс емес
– Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ баспасөзі «Айқын», «Алаш айнасы» «Жас қазақ», «Алтын орда», «Жас қазақ үні», сынды басылымдармен толыға түсті. Соның ішінде «Айқын» газетін ұйымдастырушылар қатарында осы газеттің бас редакторының бірінші орынбасары ретінде сіздің де есіміңіз аталады. Газетті жарыққа шығарудағы ең алғашқы қиындықтар мен қызықтар туралы айтып берсеңіз?
– «Жас алашқа» етіммен, сүйегіммен сіңіп кеткенім сондай, ұжыммен жылап қоштастым. Шыным сол. «Айқынға» дейін де шақырылған қызметтердің ешқайсысына қызыққан емеспін. Сондықтан «Айқын» газетінің алғашқы бас редакторы Серік Жанболат хабарласып, бірінші орынбасар болуға шақырғанда жағдайды егжей-тегжейлі сұрағаным бар. Себебі ол кезде бірқатар газеттер ашылғанымен, қайта жабылып жатты. Болашағы бар басылым жасауға болатынына көз жеткен соң, ұсынысты қабыл алдым. Бізге ең әуелі «Айқын» қандай бағыт ұстану керек» деген мәселені айқындап алу керек болды. Бұл басылым тым ресми болмауы керек, алайда «Жас алаш»-қа да ұқсамауы тиіс, өзіндік жолы болуы керек еді. Соның ішінен ақпараттық тәсілді таңдадық, материалдарды қысқа-нұсқа етіп беретін таза ақпараттық-аналитикалық басылым жасау туралы шешімге келдік.
– Ақпараттық тәсілді таңдағанда ақпарат агенттіктері мен телеарналардың бәсекесінен қорыққан жоқсыздар ма? Бүгін болған оқиға газетте ертеңіне беріледі, ал ол оқиға телеарналар мен агенттіктерде сол күні жарияланып кетеді ғой…
– Сол жылдары ақпарат агенттіктері де, телеарналар да ақпараттық әбжілдікке жаңадан қалыптасып келе жатқан болатын. Оның үстіне телеарнадағы жаңалықтардың да көрсетілетін уақыты бар, әр БАҚ-тың өз оқырманы бар емес пе? Телеарнада барлық ақпаратты талдап көрсету қиын. «Айқынның» ерекшелігі, бір жағынан ақпарат берсе, екінші жағынан, сол ақпаратқа байланысты сарапшылардың талдауы мен түсініктемесіне де орын берілді.
Газеттің макетін бастапқыда қолдан келгенше өзгеше етіп өзіміз жасадық. Кейін шетелден маман шақырып, еуропалық стандартқа сай етіп жасаттық. Газеттің қай бетінде қандай материал орналасады, тақырыптық беттер мен рубрикаларға кімдер жауапты болады деген сауалдың жауабы ретінде арнайы кесте жасап, сол жобаны редакция ұжымына екі сағат бойы аяғымнан тік тұрып таныстырғаным есімде. Әр беттің, әр айдардың мақсаты мен міндетін талдап, бекіттік. Әрине, бұл бағытқа журналистер бірден үйреніп кетті деп айту қиын. Ол кезде журналистикада алыстан тербеп пәлсапа соғатын өзінше бір дәстүр болатын. Сондай мақалалардың бас-аяғын қиып тастауға тура келді. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар сақа журналистердің материалын қысқартып, ақпараттық форматта бергенімізге келіспегендер де болды. Алайда уақыт өте келе газет танымал болып, жоғары деңгейге жетті. Газеттің тез көтерілуіне, танылуына сол кездегі ұжымының ерекше ізденімпаздығы мен бас редактор Серік Жанболаттың уақыттың тынысын тани білетін журналистік сезімталдығы мен ақпаратты түрлендіріп берудің жолдарын, тәсілдерін меңгерген тәжірибесі көп көмектесті. Бұдан кейін қазақ баспасөзінде қасқайып ізі жатқан Бауыржан Омаров, Нұртөре Жүсіп сияқты майталман редакторлар басқарды. Ең бастысы, сайдың тасындай іріктелген шығармашылық ұжым ел тынысын әбжілдікпен жеткізуден танбай келеді. Олардың әрқайсысы бір-бір тұлға дер едім.
– Ендігі әңгімені өткенге қайта бұрып, сіз кезінде қаузап жазған шекара мәселесіне де соға кетсек. Көрші елдермен шекарамыз шегенделді десе де, «сол шекараның арғы жағында талай жеріміз қалды-ау» деген күдік көңілдерді күпті етеді кейде, бұған не айтасыз?
– Шекара мәселесі – саяси мәселе, барлық елдермен келісіліп, пішіліп, шешілген дүние. Ендігі жерде шекара дұрыс бекімеді деуіміз жөнсіз. Әрине, бір кездердегі тарихи жеріміз саналған жерлердің сыртта қалғаны рас, бірақ қазіргі жағдайдағы шекарамыз шегенделгеннен кейін шекара мәселесі осымен тамамдалуы тиіс. Бір кездерде Өзбекстанмен талас тудырған Бағыс елді мекеніне қатысты дау туғаны рас. Жер бөлінісі кезінде аталған елді мекеннің шекараның арғы бетіне өтіп кету қаупі туды. Сондағы көзіқарақты азаматтар бұл бөлініске қарсы болып, өз пікірлерін білдірді, «Жас алаш» газетіне арыздарын айтып келді. Сол кезде көрші елден келген екі азамат маған кезіндегі жеріміздің сол жаққа өтіп кетуіне себеп болған құпия папканы беріп тұрып: «Біз қашып жүрміз. Ұстап алса өлтіріп жіберуі мүмкін. Қайтсек те қазақтың жерін өзіне қайтуына, бауырларымыздың өз Отанында болуына көмегіміз тиер деп басымызды қатерге тігіп келдік» дегені есімде. Содан кейін сол жігіттерді көрмедім. Біз бірнеше рет циклді мақалалар ұйымдастырдық. Ол жерді беріп қою ел мүддесіне қайшы келетінін, ұлт атына ұят, бабалар мирасына қиянат келтіретінін айттық. Мәселенің ушыққаны сондай, екі ел арасында Бағыс деген кішкентай мемлекет құрылып, президенті мен премьер-министрі сайланған жағдай болды ғой. Ақырында Бағыс өзімізде қалды. Бұл еліміздің ғана емес, осы тақырыпты тоқтаусыз жазып, аяғына дейін жеткізген газеттің де жеңісі еді. Енді бізге осы шегенделген шекарамызды сақтап қалудың амалын қарастыру керек. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарымен шектесіп жатқан Қытай сынды алып көршіміз бар. Аспан асты елімен шектескен шекарадан бері қарай халық тығыз қоныстанған қалалар Талдықорған мен Алматы екен. Бұл қалалар шекарадан 300-400 шақырым қашықтықта жатыр. Шекаралық аудандардың экономикасын көтеру, өзін-өзі қамтитын, ет-сүт өнімдерін өндіріп, жүн, тері өнімдерін өңдеп, қажетті бұйымдар шығаратын зауыт-фабрикалар ашу туралы бірнеше бағытты айшықтаған жобамды ұсынып, кезінде мақала жариялаған едім. Олай етудің орнына шекаралы аудандардағы аудан орталықтарын бері көшіріп, шекарамыз жалаңаш қалды. Мал шаруашылығымен айналысып отырған халық өнімдерін тау асып, тас басып 300-400 шақырым қашықтықтағы қалаға апарып сату тиімсіз болғандықтан, қалаға үдере көшті. Шекара аумағына халықты тығыз қоныстандыру мәселесін қолға алу әлі де кеш емес. Өйткені көрші тұрған ел «ала бағананың» бергі жағындағы жерде қоныс селдіреп, бос жатқанын көрмеуге тиіс. Бос жерге көршінің көзі түседі, сұғы өтеді. Сондықтан да шекараның бергі бетіне шағын қалалар салып, сондағы халықтың әлеуметтік жағдайын жасауымыз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбатты жүргізген
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz