Әдетте бренд десе, біздің көз алдымызға бірден шетелдік түрлі киім-кешектен бастап, ұялы телефон дейсіз бе, небір қымбат көліктер бар ма, әйтеуір, материалдық құндылықтардың елес берері анық. Ал енді бір сәт бренд деп бірегей тұлғаларды, яғни ұлты үшін аянбай еңбек етіп, алты Алаштың атын әлемнің алты құрлығына дейін паш еткен серкелерді ойлап көрелікші… Алдымен ақылға да, ауызға да оралатыны – Абай, содан соң Шоқан, ары қарай Әлихан, Мұстафа сынды саңлақтарымыз, әрине. Дәл осы тұрғыда еңбектеніп, қазақтың рухани құндылықтары мен бірегей тұлғаларын бренд ретінде танытуға күш салып жатқандардың жайы тым бөлек.
Ақпанның алғашқы аптасы Алматы қаласында «Тағылым» клубы «Мәдени даму институты» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және «Ұлт TIMES» қоғамдық саяси апталығының ақпараттық қолдауымен «Қазақ мәдениетінің рухани құндылықтарын әлемдік бренд ретінде таныту» жобасының таныстырылуымен басталды. Естеріңізге сала кетсек, бұл жоба, негізінен, күні бүгін аяқастынан пайда бола салған жоқ, яғни шалағай дүние емес. «Қазіргі кезде қазақты қайтсек жаһан жұртына танытамыз?» деген сауал көтерілгелі де біршама жылдың жүзі болды. Түрлі пікірлер ортаға тасталып, қызу таласқа айналған да жөні бар. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенді алға тартып, домбыраны насихаттауды айтты бір топ, келесі бір топ қазақтың сонау ауыз әдебиетінен бастау алатын батырлар жыры, дастандар мен эпикалық шығармаларын әлем тілдеріне аударуды алға тартса т.с.с. түрлі ұсыныстар таразыға салынған жөні бар. Ал осы жолғы дөңгелек үстел сол қызу пікіртартыстар негізінде белгілі бір тұжырымдарға келіп, нақты іс-әрекетке бел буғандықтың белгісі еді. Себебі аталған жоба негізінде мынадай қомақты жұмыстар бүгіннің өзінде жүзеге асырылуда:
1. Алғаш қазақ ғылымының іргетасын қалаған этнограф ғалым Шоқан Уәлихановтың ағылшын тілінде жарық көрген бір томдық таңдамалы шығармаларын;
2. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» махаббаттық эпикалық шығармасын;
3. ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының майталмандарын ағылшын және басқа да тілдерге аударып, сол елдерде тарату жоспарда тұр.
Самат Өтениязов, тарих ғылымының кандидаты, шоқантанушы:
– Біз көбіне «Шоқанның өмірі онша қиын бола қойған жоқ, себебі 30-ға да жетпей, 29 жасында қыршын кетті деп жатамыз. Шоқанның ұлылығы да, трагедиясы да сонда, ол сол 29 жасына дейін қазақтың барлық ғылымының негізін қалап, ұшан-теңіз еңбек етті. Бірақ соны дер кезінде қолға алып, жарыққа шығаратын жанашыр көпке дейін қазақтан шыға қойған жоқ, ол біріншіден, сол тұстағы аласапыранның кесірінен. Соның өзінде күллі Ресей ғалымдары Шоқанның еңбегіне тәнті болып, жарыққа шығарамыз деп жатқанда, олардың да басына қара бұлт үйіріліп, тарих төңкеріліп түсті. Н.И.Веселовский сынды орыс оқымыстысының арқасында алғашқы томдығы 1904 жылы жарық көрді, бірақ оның іші толы қателер еді. Себебі Веселовскийге ешкім Шоқанның қолжазбасын берген жоқ, қолжазба Гутковскийдың қызында еді, ол сенбеді, ғалым еңбегі аяқ астында қор болып қалады деп қорықты. Осы уақытқа дейін Шоқанның әлі де көптеген қолжазбасы табылмай отыр, соның ішінде біреуі – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының орыс тіліндегі аудармасы. Енді соңғы кездерде табылған, Шоқанның әлі күнге жарық көрмеген екі мақаласы бар: оның бірі Едіге батыр туралы үлкен екі зерттеуі. Соны кезінде біздің басшыларымыз шығаруға қорқып, алып қалған болатын, ал оны 1904 жылғы еңбегінде Веселовский жарыққа шығарды. Сонда діні мен тілі басқа болса да, ғылымға, жалпы Шоқанның еңбегіне бізден гөрі жаны ашып тұр ғой.
Айта кетуіміз керек, Шоқан Уәлиханов еңбектері мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының жөні бөлек, ал үшінші бір мақсат, яғни қазіргі замандағы ақындар арасынан ағылшын тіліне аударылатын автор – Маралтай Райымбекұлы.
Маралтай Райымбекұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының майталмандарын ағылшын және басқа да тілдерге аудару жобасына сауалнама жүргізу барысында менің поэзиям таңдалып алынған екен. Және тағы бір қуантатыны, бұл – мемлекеттің тапсырмасымен емес, қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдерінің бірлесуімен жүзеге асып жатқан іс. Сондықтан бұл менің ғана емес, ұлт әдебиетінің мақтанышы деп айтқанымыз орынды. Және менімен тоқталып қалмай, қазақтың басқа да қаламгерлері болашақта шет тілдеріне аударылып, осы лекті жалғастыратын секілді. Ендеше, күзге салым Лондонда өтетін осы бір қуанышты асыға күтеміз.
Ерлан Сайыров, жоба жетекшісі:
– Ең біріншіден, бұл жобалар әлемге ұлттық бренд шығару болса, екіншіден, бұл – азаматтық қоғам мен іскер азаматтардың арасындағы үндестік, тығыз қарым-қатынастың нәтижесі. Қазақтың іскер жігіттері тек қана қаржыландырды десек, қателесеміз, олар осы жобаның, яғни ата-баба мұрасын бүгінгіге сай қайта түлеуінің басынан аяғына дейін жүрді, былайша айтқанда, отымен кіріп, күлімен шықты десе болғандай. Соның арқасында бүгінде Лондондағы баспалармен келісім жасалып қойды. Өзіміз, бұйырса, осы жылдың соңына қарай Шоқан Уәлихановтың таңдаулы шығармаларын ағылшын тіліне аударып, баспадан шығарып, Ұлыбританияның астанасы Лондонда тұсаукесерін жасап үлгереміз деген ойдамыз. Тек Шоқан Уәлихановты ғана емес, өздеріңіз білетіндей, қазақ фольклорының жауһарлары мен бүгінгі ХХІ ғасырдағы қазақтың алдыңғы қатарлы ақындарын да қазіргі кезде ең бір әлемдік қолданысқа ие ағылшын тілінде жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Әрине, жұмыстар жүйелі әрі нәтижелі болуы үшін кезең-кезеңімен іске асуы тиіс. Ақындар антологиясын да осы жылдан қалдырмаймыз деген ойдамыз.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
http://alashainasy.kz/