АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОСЫЛҒАН ОЙЫН

Орыс әдебиетінің озық өкілі Николай Гогольдің «Ойыншылар» деп аталатын көркем пьесасы бар. Шығарма желісі бойынша карта ойынына біржола берілген кейіпкер өмірі суреттеледі. Басты кейіпкер – Воля есімді ауқатты шал. Шалдың байлығын қолға түсіруді көздеген төрт карта ойыншысы оны шырғалайды. Алдымен одан әдейілеп ұтылып, қалтасын ақшаға толтырып, картаға әбден есін алдырады. Шал оңай олжаға бойын беріп, көзіне ақшадан өзге дүние көрінбей қалған сәтте, карташылар оны ұта бастайды. Ал Воля болса, бірнеше реткі жеңілісін місе тұтпайды, бірақ кейін ол ұтылған ақшасын қайтарып алуға шындап кіріседі. Бір жағынан, бай деген аты бар, қайдағы бір көше-құмарпаздарынан ұтылуға намысы жібермейді, енді, бір жағынан, құлқынын тескен қу ақша да жанын күйдіреді. Сөйтіп, өмір бойы жинаған байлығынан бірнеше сағаттың ішінде-ақ айырылып, соқа басы сопиып, тақыр кедейге айналып шыға келеді. Тіпті ақшаның күйігінен шал қаңғыбасқа айналады. Ал байды батпаққа батырған төрт құмарпаз шалдың байлығын бөлісіп алады.
Біз мұнымен не айтпақпыз?..

Тақырыпқа дейін…

Қазір ақшамен шырғалайтын ойынның түр-түрі бар. Үкімет Алматы сияқты алып шаһардан казиноны сырып тастағалы, мұндағылардың көбі ойын автоматтары мен компьютерлік ойындарға байланған. Олардың дені қалтасы жұқалау жастар. Олар букмекерлік кеңсені торуылдап тотализатор мен ойын автоматын ойнайды. Ал байлар мұндай ойынды місе тұтпайды, бірден Қапшағайға тартады…
Алматыдағы алып сауда сарайлары мен дүкендердің ішінде тұратын ойын автоматтарынан ертеңнен қара-кешке шейін адам аяғы еш үзілген емес. Ойын автоматтарын негізінен ересектеу жігіттер ойнаса, компьютерлік ойындарды мектеп оқушылары мен студенттердің жағалап жүргенін көреміз. Бүгін ойын автоматы мен компьютердің ішіндегі атыс-шабысқа алданған жастардың ертең қазақтың ақшасын Қапшағайдағы казиноларға салмасына кім кепіл?

Құмарпаз құрылысшы

Төле би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысындағы аялдамада шағын дүкен орналасқан. Жуырда жолай сол дүкенге бас сұқтым. Аядай дүкеннің оң жағына екі ойын автоматы қойылыпты. Кіріп-шыққандардың дені –  сол «қара сандықты» төңіректеп жүргендер. Ал дүкеншіге ешкім қарап жатқан жоқ. «Қара сандықты» тоқпақтап жатқандардың ойынға берілгендері соншалық –  «соққысынан» түк шықпаса, жер тепкілеп, Құдайға үндері жетеді.
Қызықтың үстінен түскен соң сәл кідіріп қалдым. Жүзі суық, қап-қара болып түтіккен дембелше жігіт ызалы көрінді. Ұтылып қалғаны жүзінен байқалады. Дүкеншіден 500 теңге қарыз сұрап еді, касса көзінде тұрған сары келіншек: «Айналайын Ерболсын, алдымен алған қарызыңды қайтар!» –  деп таптап сөйледі. Ал есімін дауыстап айтқанға намыстанды ма, Ерболсын қолын бір сілтеді. Онысы «қойшы, сөйлемеші» дегені сияқты. Дүкенші мен оның бір-бірінен әбден мезі болғаны сұрақ-жауаптарынан байқалып тұр.
Ойын қызығына батқандарға ақырын жақындай бастадым, Ерболсын мені көріп: «Дос, ақылың болса, аулақ жүрші!» –  деді әй-шәй жоқ.
– Неге? –  дедім.
– Қапшығыңды қағып қаласың ғой.
– Тұмсығыңа тиген бе?
– Саған өтірік, маған шын –  осы автоматқа 150 мың теңге салдым.
– Қоятын кезің келіпті ғой.
– Қалай қоям, жұттырған ақшамды шығарып алмай жаным тынышталар емес.
– Көп ақша салғаныңа қарағанда, тәуір қызмет істейтін шығарсың?
– Қайдағы, құрылысшымын. Жинағаным бар, айлығым бар –  бәрін салып жұрдай болдым.
Одан кейінгі әңгімеміз таныстыққа ұласты. «Семейден келдім. Құрылысшы болып жұмыс істеймін. Мына бәлеге бір досым ауыздандырып еді, содан бері шыға алмай қалдым. ұтылған ақшам, ұтқанымнан көп. Күн сайын: «Енді қайтып ойнамаспын» –  деп, ант-су ішіп кетемін. Бірақ ертесі тағы да аяғым осылай тартады да тұрады» –  деп сырымен бөлісті.
Ерболсынның қасында елуді еңсеріп қалған Көпіш деген кісі жүрді. Жыртық тон, тесік етік киген жігіт ағасы ойын автоматына есін бергендердің бірі екен. Ерболсынның айтуынша, ол жарты жылдан бері не ауылына қайтпаған, не бала-шағасына тиын-тебен жібермеген. Ойы –  осы дүкен. Ақша таба алмай қалған күндері көшеге тұрып қайыр тілейтін көрінеді. Қайыршылықпен тапқанын тамағына да қимай, автоматқа салады екен. Бірақ бізбен сөйлесуге көпіштің ықыласы болмады.

«Әлді неміс әскері» 

Келесі кейіпкерімізбен көтерген тақырыбымызға орай елден естіп, арнайы  іздеп барып кездестік. Мұратбаев көшесінің бойына орналасқан шағын интернет клубтың іші құж-құж қайнап жатыр. Дені мектеп оқушылары. Бәрі ойынның түбін түсіруде. Анау шеткі компьютерде отырған баланың экранындағы «батыр» қолына қылыш алып, «жауларын» қынадай қырып барады… Мына бұрыштағы бұйра бастың көлігі суға түсіп, «Мықтыбегі» құрдым болды… Тағы бір экранда екінші Дүниежүзілік соғыс болып, бүкіл орман отқа оранып жатыр. Бір немістің қолына мықты қару ұстатқан компьютердің құлағындағы қара домалақ Сібірдің суын кешіп келе жатқан орыс әскерлерін баудай түсіруде.
– Неге неміс әскерін таңдағансың? –  дедім.
– Орыстардың соғыс құралдары нашар.
– Немістердікі ше?
– Олардікі мықты. Сонан соң қамалдары  да жақсы… Егер жеңіске жетсек, бізге ұпай береді. Әрбір 100 ұпаймен бір сағат тегін ойын ойнауға болады.
– Жақсы ойыншысың ба?
– Әрине.
– Сабағың ше?
– ?..
Біздің қысқа-нұсқа сұхбатымызды көзі сығырайған, арықша балаң жігіт бұзды. Қасымыздағы компьютерге отырған ол: «Жігіттер, ойын ойнап жатқанда басқалардың сөйлесіп, ойымды бөлгенін қаламаймын» демесі бар ма. Кешірім сұрадық та сыртқа шықтық. Қара домалақтың аты – Еламан екен. Сол маңдағы бір орта мектепте 9-сыныпта оқитынын айтты. Біздің журналист екенімізді, жүрісіміздің жайын түсінген ол: «Сіздер жаңағы арық жігітпен сөйлессеңіздерші. Ол жетімдер үйінен шыққан. Үйі жоқ, жатақханада тұрғысы келмейді, күнде осында түнейді» –  деді. Іздеп келгеніміз де сол жігіт болатын, қара домалақтан шақырып беруін өтіндік.

«Жетім ойыншы»

Сығыр көз, арық жігітті жарты сағаттан артық күттік. Ол ойынын бітірген соң тысқа шықты. 18-19 жастардағы бозбала қалтасынан темекі алып тұтатты. Сонан соң темекі түтінін құшырлана сорып-сорып жіберіп, басын шалқайтып, жаны жайлан­ғандай бір мезет үнсіз қалды. Бізге содан кейін ғана бұрылған. «Мені іздеп жүрген сендерсіңдер ме?» –  дейді көзі қанталаған ол.
Таныстық. Жүрісіміздің себебін айттық. «Менің аты-жөнімді, қай балалар үйінен шыққанымды жазбасаңдар, сұрақтарыңның бәріне жауап беремін» –  деп келісті. Өжет, мінезі тік көрінді.
– Бұл ойынға қашаннан бері келіп жүрсің? –  деп бастадық сұрағымызды.
– Бір жылдай болды.
– Оқисың ба?
– Техникалық мамандықта, 2-курста оқимын.
– Ақшаны қайдан табасың?
– Жатақханада тегін тұрамын. Шәкіртақы мен жетімдігім үшін төленетін жәрдемақы бар, кейде мейрамханаларда даяшы боламын.
– Аптасына қанша ақша саласың?
– Ол жағын білмеймін, бірақ сабақтан кейінгі барлық уақытым осында өтеді.
– Мұнда бір жылдан бері жүрген болсаң, ойыннан жалыққан шығарсың?
– Жоқ. Әртүрлі ойындар бар ғой.
– Көзіңе, денсаулығыңа зиян емес пе?
– Айтқыштар айта береді.
– Жатақханаға қонбайды екенсің ғой?
– Мұнда түнгі 12-ден таңға дейін ойын тегін болады. Түгі жоқ жатақханада нем бар?

Сал «Бүркіт»

Көкбазардың маңайында бірнеше жерде ойын автоматтары бар. Соның бірінен екі аяғынан жүре алмайтын, арбаға таңылған сал жігітті байқап қалдық. Қырма сақалды, таңқы танау жарымжан жігіттің жалпақ алақаны «қара сандықтың» қалың түймелеріне тигенде қалың темір тиындар сау-сау етеді. Жамбыл облысының тумасы Бақтияр ойын автоматына Таразда жүрген кезінде дәндепті. Ойын автоматына берілген құмарпаздардың арасында оның «Бүркіт» деген лақап аты да бар екен.
Бақтиярдың Бүркіт атануының себебін өзі түсіндірді. Бірнеше жылдан бері «қара сандыққа» байланып қалған жігіт ағасы автоматтың қай кезде ақша жұтатынын, қай кезде темір тиындарды лақылдатып құсатынын еш қатесіз біледі екен.
– Таразда тұрған үйімнің іргесінде  бір ғана ойын автоматы болды. Ең алғаш арбаммен барып, ойын ойнағандарды сыртынан қызықтап жүретінмін. Кейін бұл бәленің барлық қыр-сырын сырттай түсіне бастадым – дейді арбасынан жөрелеп қызыл-көк түймелерді тоқпаштаған ол.
– Сені ұтылмайды дейді ғой мұндағылар, сол рас па?
– Ұтыламын. Бірақ көп жағдайда ұтам. Оның сыры былай: автомат деген де адамның қолымен жасалған дүние ғой. «Жемсауы» толғанша қанша тиын салсаң, сонша жей береді. Ал дорбасы толған сәтте мына түймешіктерді орайын жібермей ұрсаң, ұтасың!
– Бүркіт атануыңның сыры сол екен ғой.
– Мұнда келетіндер бірін-бірі таниды. Мен көп жағдайда «жемсауы» толған сандықпен ғана ойнаймын, ақшаны бүркіт сияқты басып қалатынымның сыры сол.
– Бұл адал еңбек емес қой. Мұндай құмар ойындарының соңы, не болатынын естіп жүрген шығарсың?
– Сал адамның қолынан не келеді? Қайыр тілеп көшеде тұрмағаныма қуансаңыздаршы!
– «Қара сандықтан» тапқан тиын-тебенің өзіңе жете ме сонда?

– Жетеді, кейде асып та жатады. Ең бастысы, ешкімге алақан жаймаймын.    

Жарас КЕМЕЛЖАН

Тақырыпқа орай

ҚҰЛ…


Асхат БАЙКЕМПІРОВ, журналист (аты-жөні өзгертілген)

– Ашығын айтайын, компьютерлік ойындармен мен де ауырдым. Алайда осы ауыр өткелден аман-есен өттім. Барлығы былай басталды. Мектеп қабырғасында жүргенде сыныптас достарыммен топтасып кейде сабақтан қалып, кейде үйге де қонбай компьютерлік клубтардан айналсоқтап шықпайтынбыз. «Коунтер страйк», «Дота» сияқты ойындарға шын берілгеніміз сондай сабақ жайына қалатын,  тәуліктік әңгімеміз де осы төңіректе еді. Ал ауылдан қалалық жердің мектебіне ауысқан маған клавиатураны басып, экранның арғы жағындағы бейнені қимылдатудың өзі таңсық, кереметтей дүние болатын. Осы аурудан студенттік жылдары да арыла алмадым.
«Ночной пакет», «Дневной пайк», деген ойын құмарлардың өзі арасындағы жаргондары бар. Күндізді қойып, келе-келе бірнеше күн бойына компьютерлік клубтарға қонып қалатынды шығардым. Бұл менің әлемім болатын. Күн мен түнді шатастырып алдым. Кейде күн көзіне шыққанда көшеде әрлі-берлі өтіп жатқан адамдар елес сықылды көрінетін. Иә, алғашқыда анам жіберетін ақшаны аяп, қынжыла жұмсайтынмын. Уақыт өте келе, интернет кафе менің үшін жұмақ мекенге айналып, басыбайлы тәуменділікке ұрынғанда анамнан ай сайын емес, апта сайын ақша сұрайтын болдым. Өкінетім, ой емес, ойын қуамын деп айлап сабаққа бармай, оқудан шығып қалғаным. Қазір жасым 30-ға тақап қалды. Жастық шағымның ең бір жалынды кездерін түкке тұрмайтын ермекке жұмсағаным бекер болды.

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Компьютерлік ойындардың жасөспірім балаларға кері әсері көп. Мұны батыстың, Жапонияның ғалымдары әлдеқашан дәлелдеген де. Біріншіден, мұның денсаулыққа зияны үлкен. Яғни физикалық тұрғыдан алып қарағанда, көздің майын жейді, радиациясы бар деген сияқты. Мұның сыртында, сана-сезімі жаңа қалыптасып келе жатқан балалардың ойлау жүйесіне, қабілетіне тигізетін зияны зор. Себебі олардың көпшілігі, тіпті 99 пайызы – біреуді біреудің өлтіруіне, қысым жасауына, қатыгездікке, басқа да толып жатқан өрескел қылықтарға үйрететін ойындар.
Өз басым жақсылыққа баулитын, болмаса әдепті қылықтарға, ізгілікке тәрбиелейтін ойындарды көрген емеспін. Яғни жат сипаттағы компьютерлік ойын дискілерінің ел аумағында таралуы мен ойын залдарының жұмысын заңдық тұрғыда шектеу қажет. Мысалы, Германияда, Қытайда, Жапонияда компьютерлік ойындарға көптеген тосқауылдар қойылған, тіпті тыйым салынған. Бізде де осы елдердің үлгісімен мемлекеттік деңгейде іс-шаралар қабылдануға тиіс.
Компьютерлік ойындардың кесірінен, еліміз өзінің ұлттық болмысын жоғалтады. Мейлі, осы компьютерлік ойындар, мейлі сырттан келетін басқа да фильмдер, мультфильмдер болсын, біздің өскелең ұрпағымыздың санасын улайды. Сөйтіп, балаларымыз жат мәдениеттің өнімдеріне табынып, еліктеп-солықтап, өзінің дәстүрлі менталитетін жоғалтады. Былайша айтқанда, мұндай жат дүниелер біздің ұлттық болмысымыздың шайылуына алғышарт болады. Бұл арада тек қана тыйым салып қойып, орнына басқа нәрсе ұсынбау ештеңені шешпейді. Сондықтан, бұл мәселені жан-жақты қолға алып, жіті зерттеген жөн.

http://www.jasqazaq.kz