АЛТЫНОРДА
Новости

 Даму ма, тоқырау ма?

Сырт көзбен қарасақ, қазіргі отандық телевизия қарыштап дамып келе жатқандай көрінеді: кейбір телеарналар әзіл-қалжыңды ситкомдар мен драмалық сериалдар түсіріп жатса, енді бірі реалити-шоулар мен интерактивті хабарларды көрермен назарына ұсынып жүр. Бірақ түптеп келгенде, отандық арналар өткен ғасырдың 90-жылдарының орта шенінен «сары басылымдардың» ізімен жүріп өтіп, енді ғана тәубесіне келіп жатқан ресейлік арналардың қателігін қайталап жатқан жоқ па деп қорқасың. Таяуда «НТВ» арнасында сенсацияны қуған «Максимум», «Развод по-русски» бағдарламалары жабылып, интеллектуалды әрі ағартушылық бағытындағы «Своя игра» хабары эфирге қайта оралды. Себебі көрермендердің өздері «Сарылықтан шаршадық, ұрпақты дүбәра етіп болдыңыздар!» деп наразылық танытқаны сол-ақ екен, «НТВ» арнасының басшылығы жаңа концепция ұсынып, бұдан былай салмақты жобалармен айналысуға серт етіп отыр. Жасырын емес, біздің отандық арналардағы кейбір продюсерлер «НТВ»-ны бүкіл адамзат тарихындағы ең үздік арна» деп таныған соң ба, соларға ұқсап бағам деп, әлі күнге дейін өсек-аяң, қауесет сөз бен дақпырт әңгіменің ізін қуалап жүр.

 

2013 жылдың аяғына дейін «НТВ» арнасы «сарылықтан» бо­йын тазартып, тарихи деректі-драмалық фильмдер түсіруді жос­парлап отыр. Деректі дра­малар­дың тақырыбы Романовтар әулетінен бастап, Егор Гайдардың кезеңін қамтып, тарихи «жа­дыны» эк­ранда жанданд­ырмақ. Мұның өзі – үлкен көрсеткіш. Салыстырма үшін айта кетсек, бізде тарихи тұл­ғалар туралы деректі фильмдер түсіру міндеті көбіне-көп мем­лекеттік арна­лармен, жекелеген азаматтарға ғана жүктеліп қойған сияқты. Мәселен, бүгінде Ресей мұра­ғаттарынан бастап, қазақ же­ріндегі тарихи кезеңдерді қам­тыған «Алаш алыптары» дерек­ті фильмдер топтамасы «Қазақ­стан» Ұлттық арнасында көр­сетіліп жатыр. «Гарри Поттерді» жатқа білетін ұрпақ үшін тым алыс тақырып – Алаш қайрат­керлері осындай фильмдер ар­қылы жас­тар алдында ашыла түспей ме? Түптеп келгенде, қа­зіргі жастар тәрбиені азаннан кешке дейін жұмыста отыратын ата-анала­рынан емес, үйдің төрінде тұрған теледидардан алып отырғаны тағы жасырын емес.

Бүгін тарихшылар «Қазақ хал­қы Ресей құрамында болған екі жарым ғасыр ішінде отарлау сая­сатына қарсы 300-ден астам кө­теріліс болғанын» айтады. Саясат­танушы Ерлан Қарин айтпақ­шы, біз оның небары он шақты­сын білерміз, ал қалған көтерілістер­дің белгісіз батырлары кімдер? Ақпараттық-идеологиялық са­лада біз өз тарихымызды ашпай, алға жылжи аламыз ба? Бұл орайда біз телевизия мен газет журна­лис­терінің алдына төмендегідей са­уалдарды төтесінен қойдық.

1. Ұлттық телевизия қалай д­амуы керек? «Сары басылымдар» дертінен қалай арыламыз?

2. Ресейдің өзінде интел­лек­туалды шоуларға мән берілмек, олар да өсек-аяңнан, қауесет, дақ­пырттан пайда түспейтінін енді түсініп жатыр, ал бізде керісінше, қазір «сарылыққа» бой алдыру бай­қалмай ма?

 

Болат МҮРСӘЛІМ,

«31-арнаның» Ақпараттық бағдарла­малар директоры:

– Ұлттық телевизия жанрлық-формасы жағынан «велосипед ойлап шығара алмайды», ал маз­мұндық жағынан халыққа жақын болуы керек. Қай елде болсын, Америка ма, Еуропа ма, Азия ма – телеарналар ақпарат тарату, қоғамдық талқылау, ойын-сауық сияқты классикалық үш бағытты ұстанады. Қазір дүниежүзілік те­левизия нарығы осы «үш ке­ме­нің» бірінің құйрығынан ұс­­тап, са­лаланып барады. Айталық, Еу­ропаның қай елінде болсын, «са­ры басылымдар» элементтерін қол­данатын арналар рейтингте алда тұр. Ұлыбританияда «Би-Би-Сидің» өзі рейтингте көшбасшы емес. Өйткені жалпы халыққа шоу мен сенсация әлдеқайда өтімді.

Қазақстанға келсек, мемле­кеттік телеарналар дестесі сала­ланып, көбейіп келеді. Енді олар­дың барлығы Олжастың «Қыш кітабында» айтылғандай, «ха­лық­ты күштеп бақытты етуден», тікелей насихаттан бас тартып, неғұрлым салмақты, дәл, қажетті ақпарат беруге көшу керек сияқ­ты. Әйтпесе, біз ақпарат тарат­қа­лы отырған 110 елдің «есігі де ашыл­­­майды, терезесінен де се­кіріп түсе алмаймыз».

Коммерциялық телеарналар Батыста дүниеге келген фор­маттарды Қазақстанға жерсін­діріп, соның пайдасымен күнелте бермек. Жеке көзқарасымды ай­тар болсам, телеарналар ұлтқа, қа­заққа бет бұруы керек. Алайда биліктің саяси мәдениеті төмен, саяси және қаржылық мүдделер ұлттық мүддеден биік тұрған бү­гінгі жағдайда бұл қиын, тіпті мүмкін емес жағдай.

2. Билігінің зиялылық деңгейі төмен, «империялық» дімкәстігі­нен сауықпаған ел қалай интел­лектуалды шоуларға мән бермек? Ресейде де, Қазақстанда да теле­арналардың қаржылық ахуалы толық болмаса да, монополиялық жағдайдағы рейтинг агенттігіне тәуелді. Еуропада мысалы, бүкіл халықтың таңдауы (0+) ескерілсе, бізде халқының саны 100 000-нан асатын қалалар ғана телеөнімге баға бере алады. Мұндай жағдай­да ештеңеге таңғалмай­тын қа­лалықтардың назарын аудару үшін «сарылыққа» бой алдыру бай­­­­қалады. Үкімет арналарды қа­­­зақыландырамын десе, «50-ден кем емес», «отандық өнім 30-дан кем болмауы тиіс» деген бап­тар­дың орнына баламалы рейтинг агенттіктерін құруға ахуал қа­лыптастырса, елдің 70 пайызға жуығы қазақ халқынан тұратын елімізде қазақ бағдарламалары­на сұраныс артатын еді.

 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,

журналист, «Регион.kz» жастар газетінің бас редакторы:

– Ондаған жылдар көрер­менімен бірге жасап келе жатқан ресейлік «Поле чудес» секілді ха­лықшыл бағдарламаның жоқтығы отандық телевизияның және телевизияда қызмет ететін жур­налистердің деңгейін аңғартса керек. Біз Қазақстанда кәсіби журналистер бар екенін мойын­даймыз. Бірақ халық бірнеше жыл жалықпай көретін бірде-бір өміршең бағдарлама осы күнге дейін болған емес. Яғни көрермен көңілінен шығатын телебағ­дарлама жасай алмай отырмыз. Демек, осыны іздеу қажет.

Бүгінде халық есін жиып, ұлттық рухын, ұлттық болмысын іздеуде. Осы орайды тиімді пай­далану қажет секілді. Мәселен, «Алып тұлға», «Алаш алыптары» және т.б. тарихи деректі бағдар­ламалар бар. Бірақ бұл аздық етеді. Неге «Абай әлемімен сыр­ласу» секілді интеллектуалды бағдарлама жасамасқа. Сонда «Абайтану» жаңа леп алып, жаңа қарқынмен дамушы еді. Қазіргі «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағ­дарламасындағы сұрақтар жас­тардың елсүйгіштік қасиетін ас­қақтатуға тигізер ешқандай септігі жоқ. Абайдың қара сөздері, өлеңдері мен өмір жолы, абай­танудағы еңбектерді қамтитын интеллектуалды бағдарлама эк­ранға шықса, жастар Абайшыл болып, Абайша ойлар еді. Осы­лай­ша елінің нағыз патриоты бол­май ма?

Ең бастысы, бізде тарихи сюжеттер, оқиғалар баршылық. Бірақ оған көңіл бөлетін жан табылмай жатыр. Гректер 300 спартандықтарымен мақтанса, биыл 370 жыл болатын «Орбұлақ шайқасы» жайлы бір ауыз сөз де айтылған емес. 50 мың жау әс­керіне қарсы тұрған 600 жа­уын­гердің ерлігінен қандай жақсы тарихи кино шығар еді. Сондай-ақ Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісін көп сериалға арқау етуге болады. Сонда балғындар Жумонг демей, Кенесары бола­мын деп ержетпей ме? Өздеріңіз білетіндей, «Жау жүрек Мың бала» тарихи киносын халық қан­дай ықыласпен қарады. Ендеше, та­рихи санамызды жаңғырта­тын өнімдерді көбейту қажет.

Телевизиядағы «сары ба­сы­лымдар» дертінен емдеу үшін, ток-шоуларды жүргізетін эстрада орындаушыларынан тазарту керек. Себебі кәсіби білімі мен білігі жоқ, экран мәдениеті мен сөз саптауды дұрыс пайдалана алмайтын әншілер мен артистер арзан сөзге иек артады.

2. Ресейдің интеллектуалды шоуларға мән беріп жатқаны өте дұрыс. Олай дейтініміз, солтүс­тіктегі көршіміздің әрекетін ба­ғып отыратын қазақтар ерте ме, кеш пе, ойлы, саналы бағдар­ла­маларға көшеді деген сөз.

Негізінде, бүгінгі телевизия­да рейтингті көтеру мақсатында көрсетілетін өсек-аяңнан, қауе­сет, дақпырттардан ақиқат із­дейтін шоулар баршылық. Әйтсе де, қазіргі таңда халық талғампаз көрерменге айналған: ұрпағына, өзіне керектісін ғана қарайды. «Сарылыққа» көңіл бөліп, уақы­тын құр босқа шығындайтын кө­рермендер азайған.

 

Жолымбет МӘКІШЕВ, тележурналист:

1.Кейінгі жылдары Қазақ­стан­дағы телеарналардың көбісі Ресейдегі сары басылымдардың стилін қайталап, рейтинг қуалап жүргені жасырын емес. Олардың ең басты проблемасы – аудитория жинау. Басқа мәселеге бас ауыр­тып жатқан жоқ. Ал өзекті Ұлттық тақырыптар ескерусіз қалуда. Ең өкініштісі, біреулер осыны қазақ арналарының өсіп-өркендеп жатқанының белгісі ретінде көр­сеткісі келеді. «Бі­реудің қаңсы­ғы біреуге таңсық» дегеніміз осы. Ра­сында да, ресейлік арналар мұндай «сары стильден» қашып, қазір интеллектуалды ток-шоуларға мән бере бастады. Себебі өсек-аяң мен арзан әң­гімеге құрылған бағдарламалар­дың болашағы баянсыз екенін түсінді.

2. Жасыратыны жоқ, ре­сей­ліктер де Батыстың дайын теле­өнімдерін көбіне көшіріп алады. Бірақ тоңын айналдырып, оны орыс аудиториясына бейімдеп береді. Біздікілердің бағдар­ла­малары бір аудиторияға ба­ғыт­талмағандықтан, «дүбәра дүние» болып шығады. Өйткені қазақ ұлтының қажетін өтеуге арнал­маған. Бір жағынан, бұған нағыз тәуелсіз телеарналардың жоқтығы да себеп болуда. Өйткені біздегі арналардың басшылары жоғарғы жақтың қас-қабағына қарап оты­рады. Сондықтан өткір тақырып­тарға аса бойламай, арзанқол дүниелермен жұрттың көңілін аулап күн кешуге мәжбүр.

 

http://www.aikyn.kz