Әр халықтың, әр ұлттың өз мәдениеті бар. Адамдар арасындағысыйластық, құрмет, керек десеңіз, бірін-бірі қалай атауында да өзіндік ерекшелік бар. Бір ұлтқа жарасымды мәселені екінші ұлтқа қолданғанда, сиырға ер салған сияқты, мүлдем жараспайды. (Осы жерде қыздарға қанша тал гүл беру керек деген талас есіме түседі. Біреулер Еуропадан келген дәстүрге сай гүлдің саны тақ болуы шарт десе, енді біреулер, жапондықтардың салтына сүйеніп, жұп болғаны дұрыс деп өзеурейді. Меніңше, қазақтар көзі түскен қызға дала гүлін құшағы толғанша теріп, сыйлаған, сондықтан оның қанша тал болуына ешқашан көңіл бөлмеген сияқты. Мүмкін, бұл батыстық этикаға жатпайтын шығар, бірақ әр ұлттың өзіндік этикасы бар емес пе?) Қазақ халқында адамды атау мәдениеті – демократияның тамаша үлгісі іспеттес! Біз үлкен адамдардың атына «аға», «ата», «апай», т.б сөздерді жалғастырамыз да, арамыз бес-алты жас болса, «Мәке», «Сәке» деген сыйластық (менің ойлап тапқан сөзім…) шырайын қолданамыз. Ең бастысы, осылардың бәрі – тек қана жасқа байланысты айтылатын сөздер. Қазақ ол сөздерді қолданғанда, адамның лауазымына, отырған орны мен, қызметіне ешқашан қарамаған. Біздің бәріміз теңбіз, тек қана самайдың ағын, өткен жылдардың көптігін сыйлағанбыз. Естеріңізде болар, Бұхар жыраудың Абылайға «Ей, Абылай, Абылай…» деп жырлайтыны. Жасы кіші болса, ханға де «сен» деп айту керек, ал сенің жасың үлкен болса, хан саған «сіз» деу керек. Міне, нағыз дала демократиясы!
4-ші парақтың екінші беті «Сердечное – Ты, пустое – Вы» А.С.Пушкин Айта кету керек, батыс елдерінің көпшілігінде Президенттердің өзін жақын таныстары «Боб» немесе «Джек» деп бұрынғы лауазымға дейінгі аттарын атай береді. Оған ешкім ренжіп жатқан жоқ. Қайта «сен» деген сөз адамдарды жақындататын сияқты. Орыс мәдениеті өтіп кеткен біз ғана бір бірімізге «Жағдайыңыз қалай, Итбай Байсақалович», «Ол не дегеніңіз, Алла Борисовна» деуден арыла алмай жүрміз. Шынын айтқанда орыс мәдениетінде де адамның атын әкесінің атына қосып айтудың өзіндік тәртібі, жолы болды. Бұрынғы бозбала аттың жалын тартып мініп, бір үйдің иесі болып, деревняның жиналысына қатысып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналғанда, бұрынғы «Миша» қалып, барлық адамдар оған құрметпен «Михайл Иванович» дейтін болған. Бірақ кейіннен бұл «пәленше пәленшеевич» бюрократтық жүйенің бір белгісіне айналды. Меніңше, осы бір «пәленше пәленшеевичтер» адамдардың теңдігін жоятын, жарамсақтық пен жалпақтаудың тәсіліне айналған секілді. Әлі есімде, кезінде бірге жұмыс істеген бір жолдасым 90-жылдардың басында Президент аппаратына жұмысқа кірді. Бірде сол ғимаратқа кіру үшін, жолдасымнан рұқсат қағаз алып беруді өтіндім. Баяғы әдетпен «Пәленше» деп бастап едім, ол бейшара «Дос, мені «Пәленше Пәленшеевич» деп атасаңшы» дегені. Жақсылап бір боқтадым да, телефонды қоя салдым. Әрине, дерт өтіп кеткенде, оның ауру екендігін де байқамай қаламыз. Менің бұл жазғандарыма жаңағы «пәленшеевичтердің» мүлдем түсінбеу де мүмкін. Оны олар СУБОРДИНАЦИЯНЫ сақтау деп ұғатын болар. «Субординация» – жоғарғы тұрған лауазым иесіне төменгі лауазым иесінің қызмет аясындағы толық бағыныштылығы. Ал жасы өзінен кішіге «сіз» деу – жалпақтау, ҚАЗАҚ екендігімізді ұмыту және лауазымға табыну.
|
http://www.ulttimes.kz