Ақсарбас! Қазақ бұл сөзді текке ауызға ала бермейтінін білетін біз де анау-мынауға «ақсарбастай» бермейтініміз анық. Бірінші рет «Біржан сал» көрерменге жол тартқанда осылай жар салсақ, содан бері енді ғана қайталағалы отырмыз. Сонымен, ақсарбас! Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахмановтың режиссерлігімен көрнекті драматург Иран-Ғайыптың «Фатима» қасіретнамасының тұсауын кесті.
Каренинаны қырық орап алатын қазақ әйелдері
Белі қылдырықтай болса да құмырсқаның ылғи таудай жүк арқалап жүргенін көреміз. Бұл бір кездейсоқтық па, әлде Тәңірдің пендесіне тағылым алсын дегені ме, әйтеуір, құмырсқа да, әйел заты да бір іспетті. Толстойдың «Анна Каренинасы» жазылғаннан бастап күні бүгінге дейін қаншама тілде, қанша елде, қаншама туынды түрінде әлемді шарлағанын ескерсек, біздің де сол уақыттан бері бір ғана әйел тағдырын арқау ете отырып, көп нәрсені жеткізбегенімізге таңғалуға болады. Тарихымызға үңілсек, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп кеткен ер атаулының артында қалып, ошағының отын, азаматының атын өшірмей, ауыр қиындық пен қылбұрау қиянатты қасқая қарсы алған қазақ әйелдері жетерлік, ал солардың ішінде Фатима Ғабитованың жөні тым бөлек. Себебі ол – бір емес, үш бірдей ұлтымыздың ұлы тұлғасының ұрпағын өсіріп, мұраларын сақтап қалған асылтекті әйел, алтын құрсақ ана. Үшеудің бірі – Алаштың ардақты ұлы, кезінде еліміздің білім саласына білікті басшылық жасаған Біләл Сүлеев, екіншісі қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров болса, енді бірі – ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов.
Ана мен бала арасын жалғаған – өнердің құдіреті
16 жасар Фатиманың алғаш балаң махаббаты оянған кезінде жыр киесімен сырласуынан басталатын қойылым біртіндеп күрделене түседі. Ағартушы ғалым Біләл Сүлеевпен отасу… бірақ қатыгез тағдыр, сұрқия саясат небары он шақты жыл ғана отасуға мұрсат беріп, НКВД-нің жымысқы жендеттері бір-ақ сәтте Біләлдей асыл азаматты алып кетеді. Біләлдің барында-ақ Фатимаға ғашықтығын жасырмай,
«Мен айналдым көзіңнен
Жаутаңдаған жаным-ай»,
– деген жыр жолдарын хатпен жолдап жүретін қазақтың біртуар ақыны Ілияс қиын-қыстау кезде ғашығын өз қанатының астына алады. Өзі репрессия басталған тұс, көп ұзамай Ілияс та «келместің кемесіне» мініп кете барады. Нақақтан кеткеніне налыған азаматтың ақырғы сөзі: «Ұлттың сөзін айттым ба, айта алмадым – арманым сол болған-ды…» Фатима тағы қайғы арқалап, екі бірдей азаматтың бес перзентін құшқан күйі қала береді. Айта кету керек, ұлт қасіретін арқалаған осындай әйел бейнесін сомдау оңай емес, алайда Ақбота Қаймақбаева ол жауапкершіліктің үдесінен шыға білді. Оны басқа емес, Фатима мен ұлы Мұқаңның перзенті Мұрат Әуезовтің өзі бағалап, актрисаға алғысын айтты.
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы ғалым:
– Бүгінгі жағдайым ерекше. Өйткені толғанып тұрмын. Ал бұл толғаныс бүгін өмірге келген туындының сәтті шыққандығының дәлелі деп білемін. Ең әуелі, шығарманы жазып шыққан Иран-Ғайып бауырымызға алғыс айтқым келеді. Себебі бұл – үлкен және де өте қиын тақырып. Анамыз қазақтың ХХ ғасырдағы тарихи тағдырын басынан, жүрегінен өткерген адам ғой. Ашаршылық, репрессия… Соның барлығы жайлы анамыздың өз күнделігі бар, яғни кезінде өз өмірін, өз көңіл күйін жаза отырып, ол кісі қазақ тарихындағы аса мәнді даталарды хатқа түсірген. Сол күнделігі бар, сондай-ақ анамыздың қазақтың біртуар азаматтары, яғни өз жарларымен жазысқан хаттары бар – барлығы топтастырылып, қазақ және орыс тілдерінде кітап болып шықты да. Неге екен, әйтеуір, мен анамыздың өмірі театрда қоюға, кино етіп шығаруға келмейді деп ойлаушы едім. Ал бүгінгі оқиға менің сол күдігімді толығымен сейілтіп қана қоймай, көңілімді толқытып, көзіме жас алдырып тұрған жайы бар. Менің анам болғандықтан емес, жалпы, бұл өзі бір жеке адамның тағдырына бүкіл ұлттың тарихын сыйдырған жаңа, тың дүние болып шығыпты. Ендеше, бұл тақырып ендігіде киноға да арқау бола алады. Меніңше, бұл – қазақ өнері үшін үлкен олжа. Ұлы ойларға жетелейтін көптеген ұтымды шешім таба білген режиссерге де басымды иіп алғыс айтамын.
Сәтті қойылым алдымен сәтті шығармадан туатынын ескерсек, «Фатимада», ең бірінші, Иран-Ғайыптай драматургтің, содан соң Мұрат Ахмановтай режиссердің, содан соң осы ретте еңбектенген күллі актерлер қауымының маңдай тері бар. Әсіресе көбіміз мағлұматтың аздығынан біле бермейтін Біләл Сүлеевтей ағартушы, асыл азаматтың бейнесін біздің көз алдымызға келтірген Руслан Ахметовтің еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Ілияс – Бейбіт Қамаранов та сыршыл ақын, терең ойлы қайраткерді жақсы алып шықты. Ал Мұқаңды сомдауда Бақыт Тушаевқа әлі де болса іздену керек екендігін қойылымды талқылауға жиналған зиялы қауымның біршамасы айтты. Себебі Ілияс пен Біләл ертеректе атылып кетсе, Мұқаң бертінге дейін өмір сүрді. Ендеше, көзкөргендер әлі бар болуы заңды және қазақтың қайсыбірі болсын Әуезов бейнесіне жіті қарары сөзсіз.
Тағы бір елең еткізген кейіпкер – НКВД қызметкері. Жендет – Тажал… Осы ретте режиссердің тапқырлығы ма, әйтеуір, сәтті бір шешім болғаны сол жендетті жалғыз көзді, ақырып жетіп келіп, өзі жүрген жеріне қайғы-қасірет пен өлім уын себетін Тажал іспетті көрсеткені ұтымды шешім болған. Ал ең кереметі – сахнаның безендірілуі. Перде ашылысымен көрермен көзі бірден компьютерлік графиканың көмегімен парақталған кітапқа түседі. Кейіпкерлер сол кітаптан бері шығып, оқиғалардың да сол кітап бетінен өрбіп, астасып жатуы керемет. Төбеден төнген темір тор, тіпті өлі-тірісін бірдей таптап өтетін бульдозер – барлығы да – қоюшы суретші Индира Ихсанның шығарманы жүрек сүзгісінен өткізе білгендігінің айғағы.
«Тағдыр мұзы еріген сәт өлемін…»
Сонымен не керек, қысқасы, Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов және Фатима мен балалары төңірегінде өрби отырып, қазақтың ХХ ғасыр бойына бастан кешкен зобалаңдарын қамтыған «Фатима» қасіретнамасының бір ғана түйіні сондағы кейіпкердің, жаңылыспасақ, Мұхтар Әуезовтің аузымен айтылған мына сөзге сыйғандай: «Қазақтағы бұл қайғы: жылқыдағы – жаманат, сиырдағы – қорасан, қойға тиген жұт болды». Алайда автор менен режиссердің шешімі бізге ұнады, яғни қыс артынан көктем келетін тіршілік заңына сәйкес, сондай зұлматтың соңында Фатима болашақтың иесі – балаларымен гүлге көмкеріледі.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
http://alashainasy.kz/culture/40324/