Орталық Азияны біріктіретін тамырлы да тағдырлы мәселе ол – қара су ғана емес, ортақ тарихымыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз. Тарихымыз ортақ болған соң, дана тұлғаларымыз да, олардан қалған асыл мұра да ортақ
. Қазақтың түп тарихына қатысты құнды қолжазбалардың көбісі ежелден отырықшы көрші елдерде сары майдай сақтаулы. Өкінішке қарай, біртуған қырғыздан басқа, тегі бір түрікмен мен өзегі бір өзбектен, туыс тәжіктен ортақ мұраларымызды алып пайдалану көп жағдайда орыс пен қытайдан алудан да қиын түсіп жататыны жасырын емес. Бұл жайында жақында Тәжікстанға ғылыми сапармен барып қайтқан М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Жүсіп ПИЛТАН былай дейді:
– Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанның тапсырмасымен қолжазба бөлімінің меңгерушісі Тоқтар Әлібеков екеуміз Тәжік елінде арнайы іссапармен он күндей болып қайттық. Тәжікстандағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері көп қолдау көрсетті. Ол жақтың ірі ғалымдарымен таныстырып, Сыртқы істер министрлігіне хат жазып, Тәжікстанның ұлттық кітапханасы мен Ұлттық ғылым академиясының кітапханасына рұқсат алып берді. Тәжікстан ғылым академиясына қарасты шығыстану институтына барып, қазақ еліне қатысты әдеби мұраларды іздестіріп, он бес мыңнан астам қолжазбаларды қарап шықтық. Жалпы, қазақ тарихына қатысты бірсыпыра тың дүниелер табылды. Сол институттың алты томдық каталогін, «Шахнаменің» қыпшақ тіліндегі нұсқасын, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Йассауидің, Софы Аллаяр бабамыздың бірнеше еңбегі мен тәжік тіліндегі қыпшақ тарихын, түркі тілдес халыққа ортақ «Көрұғылы» жырын алып келдік.
Тәжік тіліндегі нұсқасын енді қазақ тіліндегі нұсқасымен салыстырып көреміз. Жалпы, тәжік елінде біздің әдебиетімізге қатысты көп дүниелер бар. Өкінішке қарай, шығыстану институты мен ұлттық кітапхана бұл дүниелердің көшірмелерін беруге онша қызығушылық танытпады. Басында уәде бергенімен аяғында құр алақан қалдырды. Қазақстанның тәжік еліндегі елшілік қызметкері Айтжан Алдашов жанашырлық танытып, аталған мекемелерге қанша күш салса да, ештеңе шығара алмады. Айтжан ағамыз бұрын біздің институтта жұмыс істеген адам. Ол кісіге алғысымыз шексіз.
Қолжазбалардың көшірмесін беруде жалғыз тәжік емес, өзбек, түрікмен бауырларымыз да аса бір құлшыныс байқатпайды. Бұл жағдай Қазақстан мен Ресейдің арасында жақсы жолға қойылған. Санкт-Петербор, Қазан, Мәскеудің қолжазба қорынан қазақ тарихына қатысты көшірме алу пәлендей қиындық тудырмайды.
Тәжік ғалымдары М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты 90 томдық қолжазба мұраларын шығарды деген хабарымызды естіп қайран қалды. Осы жағдай әсер етті ме, қайдам, бастапқы уәделерінен тайқып, әйтеуір, ақырында бізге қолжазба көшірмесін беруден бас тартты. Сондықтан көптеген құнды мұраларды қарапайым халықтан жинап, өзіміз қолдан сатып алуға тура келді.
Бір қызығатын нәрсе, Тәжікстанда көне қолжазбаларды реттеу, жөндеу процесі кең көлемде қолға алынған. Жома-Алмажид деген арабтардың мекемесі тәжік қолжазбаларын көшірмеден өткі-зіп, он бес мыңға жуық қолжазбаны суретке түсірген. Ондан басқа қолжазбаларды жөндеу, тазалау, микробтарын жою секілді бірнеше аппарат сыйға тартқан. Дәл осындай аппараттар көне қолжазбаларды сақтап қалу үшін бізге де ауадай қажет. Тәжікстанның шығыстану факультетінде көне қолжазбаларды өңдеуге қатысты арнайы бөлім бар екен. Өкінішке қарай біздегі оқу орындарының бірінде де ондай бөлім жоқ. Қазақстандық маман оны үйрену үшін Мәскеуге немесе Өзбекстанға, Тәжікстанға барып оқып келу керек. Бізде де осындай бөлім ашылса жақсы болар еді.
Тәжікстандағы шығыстану институты аптасына екі күн ғана жұмыс істейді екен. Қалған күндерде үйде жұмыс істеулеріне тура келеді. Тоғыз жылдан бері өзбектер газ беруді тоқтатыпты. Барлық мекемелер электр күшімен күн көреді. Халықтың жалақысы өте төмен. Ондағы әріптестеріміз айына шамамен отыз мың теңге алады. Ғылым докторының орташа айлық жалақысы 150 доллар. Душанбе қаласы бойынша түгел жылу жоқ. Кез келген тәжікке іштерінде болған азамат соғысының зардабы жандарына бататын сияқты. Көшеде қара киінген адам көп, көбісі ішкі соғыста отбасы мүшелерінен айырылғандар сияқты. Бірақ аш халықты көрмедік. Қыс болса да көшелері жап-жасыл. Тәжік базарларындағы ұн, сүт, ет өнімдерінің 65 пайызы, мұнай өнімдерінің 100 пайызы қазақ елінен импортталады екен.
Бір айта кетер нәрсе, тәжік пен парсыны жұрт бір халық деп біледі. Бір халық екені рас, бірақ тілдерінде біршама айырмашылық бар. Тәжіктер көне дари тілінде қалған да, ирандықтар классикалық парсы тіліне көшіп кеткен. Тәжік тілінде араб тілінің ықпалы аз, парсы тілінде басым. Сондықтан парсының ежелгі таза тілі тәжікте деуге болады.
Діні, тарихы, салты, мәдениеті ұқсас халықтар бір аймақта тұрып, ғылыми, мәдени, әдеби алмасуларға қол жеткізе алмай отырғаны қандай өкінішті. Бұрын өзбек пен түрікмен қазаққа қолжазба көшірмесін беруден бас тартса, енді оған тәжік ағайын қосылған. Өзін ғана ойлайтын салқын саясаттың кесірі осылайша ғылыми жобаларға да кесірін тигізіп отыр. Осы орайда көршілерімен қоян-қолтық өмір сүруді басшылыққа алған тек қазақ елі сияқты сезіледі.
Орталық Азиядағы бауырлас елдер өздерінің түбі мен тілегінің, тілі мен білегінің, жүзі мен жүрегінің ғана емес, болмысының да, болашағының да бір екенін ұғынатын кездері жетті ғой деп ойлаймын. Ендеше, біздің бәріміздің өткеніміз бен кеткеніміз ғана емес, алашағымыз бен болашағымыз да ортақ! «Түркі бірлігін» біз алыстан емес, әуелі айналамыздан іздеуге тиіспіз. Сонда ғана тарихымыз түгелденіп, ата-салтымыз, діліміз бен дініміз гүлденетін болады.
Жазып алған
Төреғали ӘЛІПҰЛЫ
http://www.aikyn.kz