«Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақтарды қымбатқа сатып алып, мемлекеттің ақшасын ысырап қылыпты-мыс», деген сарындағы ақпараттар бүгінде ғаламторды шарлап кетті. Бірі тұспалдап соқты, бірі Есеп комитетінің құжаты деді, енді бірі билік партиясына қарай сұқ саусағын шошайтты. Неге билік партиясы? Енді соңғы сұраққа жауап іздеп, әрі әлқисса әңгіменің түйінін тарқатуға тырысып көрелік.
Жуырда «Нұр Отан» партиясының Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда Төтенше жағдайлар министрлігіндегі жемқорлық қылмыстарға қарсы әрекет ету, іс-шаралар атқару секілді мәселелер бойынша бас құтқарушының есебі тыңдалды. Владимир Карпұлы 12 беттік баяндама, бірнеше слайд дайындап сақадай сайланып ақ келіпті. Құзіретіндегі мекемеде сұғанақ қолдарды Қытайдың тәсілімен шауып тастамаса да, аяусыз күресіп жатқанын жеткізді. Өз сөзі: «Былтыр бір жылда жемқорлыққа қатысты 16 қызметкерге 45 қылмыстық іс қозғалды. 2011 жылы 18 адамға 36 қылмыстық іс қозғалған болатын.» Байқасаңыз бір жылда екі жемқорға азайғанымен 9 қылмысқа өсіп кетіпті. Тағы бір айтпасаң аузыңды қышытатын әңгіме бар. Баланы бүжәймен қорқытатыны секілді,бұл күндері шағын және орта бизнесті Өрт сөндірушімен шошытатын болған. Жуырда ғана Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконы, орынсыз тексерулері үшін сынға алған болатын. Оны үйінде көгілдір экраны бардың бәрі көрді. — Соңғы бір жылда Төтенше жағдайлар министрлігінің тексерулері 8 есеге артып кеткен, — деді Президент. – Владимир Карпұлы, сіз осы тексеру жүргізуден шаршаған жоқсыз ба? Басқа шаруаларыңыз жоқ па?, — деп сұрады. В.Божко бірдеңе деді. Бірақ, Мемлекет басшысы оның ақталуын тыңдап жатпады. Нақты тапсырмалар берді. Бұл өз алдына жеке әңгіме.
Айтайын дегеніміз, Елбасының осы сауалы Қоғамдық Кеңестің отырысында да көтерілді. Мемлекет басшысының алдында көсіліп сөйлей алмаған Владимир Бажко, Елбасы партиясына берген есебінде ақталып қалуға тырысты. В.Божконың айтуынша, тексерулердің дені кәсіпорын немесе қандай да бір мекеме ашқанда өрт талаптарына қатысты лицензия алу үшін жүргізіледі екен. Тексерулердің 50% кәсіпкерлердің өз өтініштері бойынша, сонда өздері өтініш білдіріп, артынша шағым түсіретін болғаны ғой. Бұны да қоя беріңізші. Енді әлгі тікұшақтардың жырына келейік. Осы жиында Кеңес мүшелерінің назарына арнайы дайындалған бейнематериалдар көрсетілді. Оның бірінде Төтенше жағдайлар министрлігінің Санитарлық авиацияны жабдықтауға сатып алған тікұшақтары туралы айтылды. 2011 жылы аталған министрлік, жалпы құны 9 млрд теңгеге жуықтайтын 4, ЕС-145 тікұшағын сатып алған. Бұл тікұшақтардың әр қайсысына ел бюджетінен 2 млрд 203 млн теңгеден, 2 млрд 273 млн теңгеге дейін қаржы жұмсалған. Министрдің айтуынша, бағалары тікұшақтардың жабдықталуына байланысты екен. Ал Қорғаныс министрлігі дәл осы тікұшақтарды Төтенше жағдайлар министрлігіне қарағанда 323 млн 600 мың теңгеге арзан алған. Базалық, яғни қарапайым жабдықталған тікұшақтар 82 млн 100 мың теңгеге арзанға түскен. Бұны Төтенше жағдайлар министрі В.Божко «Біздің алған тікұшақтарымыз медициналық құралдармен жабдықталған. Олар өте қымбат тұрады.» — деді. Солай ақ болсын. В.Божконың айтуынша, бұлар өз елімізде шығарылған тікұшақтар. Ал тікұшақтың осы моделінің, яғни ЕС-145-тің Франциядағы «Еврокоптер» зауытында шығарылғанының әр қайсысы 5 млн. 500 мың АҚШ доллары тұрады. Тіпті доллардың бүгінгі бағамымен есептегеннің өзінде, базалық деген тікұшақтың құны 825 млн теңгені құрайды. Сонда өз елімізде жасалған тікұшақ неге сонша қымбатқа түсті? Әр тікұшақтың айырмашылығы 1 млрд 300 млн теңгеден сәл асады. Сонда В.Божконың сөзіне сенсек, бір тікұшақтың ішіне 1 млрд теңгеден астам қаржыға медициналық құрал-жабдық орнатылған ба? Бұл бір емхананың құрылысы мен құрал-жабдығын қосып есептегендегі қаржы емес пе? Әлде, Төтенше жағдайлар министрлігі алған тікұшақтар расында шағын клиника ма? Біз әзірге сатып алынған 4 тікұшақ туралы ғана айтып отырмыз. Ал аталған министрлік былтыр тағы 6 тікұшақ сатып алуға, жалпы құны 13 млрд 687 млн теңгені құрайтын келісім-шарт жасаған.
Біздің қолымызда «ҚазӘуеҚұтқару» АҚ қарасты Әуе техникалық кешені мекемесінің Есеп комитетіне берген анықтамасы бар. Онда әлгі қыруар ақшаға сатып алған төрт тікұшақтың төрт кемшілігі тайға таңба басқандай жазылыпты.
1/Таулы аймақтарда ұшуға және ауаның температурасы +35 градустан жоғары болған жағдайда, биікте 3585 кг. салмақпен ұшуға қауіпті.
2/ Мұз еріткіш жүйесінің жоқтығына байланысты, күз-қыс және қыс-көктем мезгілдерінде ұшу мүмкін емес.
3/ Жанар май багының кішілігіне байланысты, радиусы 300 ш. қашықтықтан артық ұшу мүмкіндігі жоқ.
4/ Арнайы ангар жоқ жерлерде шұғыл ұшып-қону мүмкін емес.
Алысқа ұша алмайтынын дірігерлер де растап отыр. Былтыр Ақмола облысының Жақсы деген елді мекеніне барып, қайта аламай қалған. Жанармай жетпей. Қазір, тікұшақтың салонына «бөшкеге» жанармай құйып алып жүр. Онысын науқастың қасына қойып қояды, иісін мүңкітіп. Бізбен кездескен дәрігерлер дәл осылай деді.
Ал, Қоғамдық Кеңестің отырысында тікұшақтан кейін іле-шала көрсетілген Мемлекеттік материалдық резервтің өткізген тендері туралы бейнематериал жарылайын деп тұрған сыздауықтың аузын тырнап алғандай болды. Сенаторлар Иран Әміров, Қуаныш Айтаханов, Мәжілісшілер Қайырбек Сүлейменов, Айгүл Соловьева, Светлана Романовскаялардың сауал «дорбасы» сөгіліп сала берді. Бірі тікұшаққа шашылған қаржыны іздеді, екіншісі Вьетнам күрішін, үшіншісі дизель отынының жоғын жоқтады. Бірақ, Божко да айылын жимады. Я бел, я белбеу кетеді десе керек, Кеңес мүшелерімен тіресіп ақ бақты. Министрдің айтуынша, тікұшақ «супер», яғни заманауи озық медициналық құралдармен жабдықталған. Ал, шетелдік күріштің қымбатқа түсуіне ең бірінші кезекте нарық кінәлі. «Ол кезде қымбат болатын, қазір арзан. Оған мен кінәлі емеспін» дегенге сайды. (Бір айта кетерлігі, күрішке қатысты іс 3 жылдан бері сотта қаралып жатқандықтан, бұл мәселеге әзірге тоқталмауды жөн көрдік. Ағы мен қарасын, сот айырып берер.) Бір қызығы, В.Божко осы жиында «бейнематериалға қарап Божко және Ко парақорлар дегілерің келе ме?, Осы отырыстан кейін, БАҚ-тың бәрі солай шулайтын болады» — деді. Бірақ, бейнематериалда да, тіпті осы Кеңес отырысында да, ешкім Владимир Карпұлын парақор деген жоқ. Тіпті, оны меңзеген де ешкім болған жоқ. Бар болғаны, тікұшақтар мен күріштің бағасының айырмашылықтарын түсіндіріп беруді сұрады. Бұл айналасы бір аптада бірнеше «соққы» алғаннан бас құтқарушының жүйкесінің сыр бергені ма, әлде сезікті бұрын секіредінің кері ме?
Жалпы, Төтенше жағдайлар министрі В.Божконың өзіне шаң жуытпайтыны, құзіретіндегі мекеменің ісін тек жуып-шаюмен ғана жүретіні таң қалдырады.
Мәселен: 1. Осыдан біраз бұрын Алматы облысында жер сілкінді. Оны әсіресе, Алматы қаласының тұрғындары қаттырақ сезді. «Зілзала неге алдын-ала хабарланбады?», «Дер кезінде неге дабыл қағылмады?» — деген заңды сауалдар туындады. В.Божко ертесі күні, шімірікпестен «алдын-ала Алматыдағы арналар арқылы хабарладық. Дабыл қақпаған себебіміз, халықты шулатпайық дедік» — деді. Оқиғадан 3-4 күннен кейін ТЖМ Алқа жиыны өтті. Осы жиында басқа-басқа Төтенше Жағдайлар министрінің өзі жер сілкінісін Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Аймақтық даму министрі Бақытжан Сағынтаевтан естіп-білгені мәлім болды. Б.Сағынтаевтың өзі В.Божкоға телефон соғып Алматыда жер сілкініп жатқанын «естірткен». Сонда алдын-ала хабарладық, дабылды әдейі қақпадық – деп тұрғанының бәрі өтірік болды ғой. Әйтпесе, неге Б.Сағынтаевтан бұрын біліп тұрмады?
2. Қаңтардың соңында депутаттар В.Божконы Парламентке шақырып алып, біраз терлетті. «Неге Төтенше жағдайлар министрлігі, құтқару қызметтері Оңтүстік Қазақстандағы және Жамбыл облыстарындағы апатқа дайын болмады?» деді депутаттар. «Шауып алсаңдар да, мен ештеңе істей алмаймын. Маған әр ғимараттың алдына барып, кеудемді тосып тұр дейсіңдер ме?» — деді В.Божко. Бұл министрдің қай сасқаны? Құзырлы мекеменің құлағын ұстап отырған бас құтқарушы беретін жауап па осы? Төтенше жағдайлардың көкесін көрген В.Божконың ресейлік экс-әріптесі С.Шойгудың «ал кесіп алыңдар» деп тұрғанын көріп пе едіңіз?
3. Төтенше жағдайлар министрлігі ашық па, жария ма? — Ия жария, тіпті демократияның өзегі – дегенге саяды, В.Божконың жауабы. Олай болса, басқасын қайдам біз өзіміз тікұшақтарға қатысты «ҚазӘуеҚұтқару» АҚ 17 қаңтарда сауал жолдағанбыз. Кеңестің жиыны 25-ші қаңтарда өтті. Одан бері де біраз уақыт өтті. Яғни, қазақи есеппен алғанда сауал жолдағанымызға бір айға жуықтады. Жауап жоқ. Бұны неге айтып отырмыз. Осы билік партиясының жиынында, «бейнематериалдар неге бір жақты, біздің пікіріміз қайда?» деп шамданған, министр В.Божко. Сөйтсек, Төтенше жағдайлар министрлігінен хат-хабар ала алмай, бауырымыз сарғайып жүрген біз ғана емес екенбіз. Осы жиында Әділ Ыбыраев бастаған журналистер қауымы да, өз өкпелерін айтты. Оларға да, тілдей хат алу немесе телефонмен жауап алу мұң екен. Бұны ТЖМ алқа жиынында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев та ескертті. Министрліктен де, аймақтағы оған қарасты Департаменттерден де хабар ала алмаған жұрт шетелдің ақпаратына жүгініп, әлеуметтік желілерге сенуіне тура келген.
Осылайша, 4-5-6 деп тізе беруге болады. Бірақ, мәселе онда емес. Мәселе, бас құтқарушының әйтеуір ақталуға келгенде алдына жан салмайтынында. Жалпы, төтенше жағдайларда бізді Құдай сақтап жүр, В.Божконы да. Өйткені, біздің құзырлы министрлік алдын алумен айналыспайды, салдарымен күреседі. Су сипап, жел жинап кеткеннен кейін ғана қыруар қаржы бөліп, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Бітті!
P.S.: Айтпақшы, ТЖ министрлігінің Алқа жиынында Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Аймақтық даму министрі Б.Сағынтаев Мемлекеттік материалдық резервтегі қордың 32,6% азайып кеткенін айтты. «Материалдық құндылықтарға ревизия, яғни тексеру жүргізіп, анықтама беріңіз. Қор неге азайды?» деген сауал тастады. Бұны талдап жатпайық. Ішің білсін, әлуай!
Дәулетхан Қыдырбайұлы
журналист
Жебе акпарат