Ұлан-ғайыр атырапты жайлаған Қазақ мемлекетінің шекарасының жалпы ұзындығы 13 394 шақырымды құрайды. Соның 2000 шақырымын қарт Каспий теңізі алып жатқанын ескерсек, қалған 11 394 шақырымы Ресей, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен шектесіп жатыр. Сол шекараны бойлай қоныстанған қаншама қала, қаншама елді мекендер бар. Солардың басым бөлігі көрші елдің ақпараттық кеңістігінде өмір сүріп жатқаны белгілі. Өйткені еліміздің шекаралық аймақтары отандық арналармен бірге, мемлекеттік идеологияға сәйкеспейтін, ұлттық менталитетке жат өзге елдің арналарын тұтынуға мәжбүр. Бұл үрдіс саяси ахуалымызға қаншалықты ықпал етеді? Құдайға шүкір, қазір көршілермен татумыз. Осы татулыққа сызат түсе қалған жағдайда не болмақ? Ой безбеніне салып, таразылап көрелікші.
Идеологиялық қауіп қай елден басым?
Біздің еліміз Франциядан бес есе, Италиядан тоғыз есе, Англиядан 11 есе үлкен деп мақтанамыз. Ұлыбритания, Франция, Испания, Германия, Австрия, Нидерланды және Жапония мемлекеттері біріксе, бір Қазақстанға сыйып кетер еді деп күпінеміз. Әрине, осындай кең аумақта отандық телеарналардың қолжетімділігін қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Сол себепті де телеарналарға қатысты идеологиялық мәселелерді сөз еткен кезде шекаралық аймақтарға аса назар аударған жөн. Себебі қазір еліміз Ресейдің телеөнімдеріне тәуелді болып отырғаны аздай, оңтүстігіміз өзбектің «Тошкент ТВ», «Өзбекстан-1», «Яшлар», «Өзбек-МузТВ», «30-канал», «Спорт», «Марказ» т.б телеарналарына, Жамбыл облысының Қордай маңындағы Қызылсай, Қосай, Өтеген, Масаншы сынды бірқатар ауылдарымыз қырғыздардың «Пирамида», «МанасТВ», «КТР» сынды телеарналарына, Қытаймен шекараласатын аумақтағы елді мекендер «XJTV-1», «XJTV-3», «XJTV-8», «76 tv», «Жиау Су», «И Ли» телеарналарына тәуелді болып отыр. Бұл жөнінде саясаттанушы Нұрлан Сейдін мырза: «Шекаралық аймақтарда көрші елдердің телеарналары мен радиоларының кең таралуы мемлекеттік саясатқа, сонымен бірге жалпы идеологиямызға белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Өйткені біз қазір шекара маңындағы ауылдарға бар болғаны бір-екі телеарна арқылы ғана ақпарат тарата алып отырмыз. Осының салдарынан шекаралық аудандарымыз амалсыздан көрші елдердің ақпаратын тұтынуға мәжбүр. Түрлі идеологиялық насихаттар, тарихи-танымдық бағдарламалар, сол мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының отандастарымызға ықпал етуі кімді болсын ойландыруы керек. Себебі өзге елдің саясатына ыңғайланған ақпараттар ел азаматтарына басқа көңіл күй сыйлауы мүмкін. Қазақстан территориясы өте үлкен болғандықтан, барлық аймаққа отандық телеөнімдерді жеткізуге шамамыз жетпей отыр», – дейді.
Саясаттанушы Нұрлан Сейдін біздің мемлекеттік газеттердің аймақтарға өте кеш баратынына, отандық арналардың аздығына, мұның салдарынан шекарадағы халықтың дер кезінде мемлекеттік идеологияға сай ақпарат ала алмай отырғанына қынжылады. Біз саясаттанушыдан ақпараттық-идеологиялық қауіп қай елден басым болатынын сұрағанымызда, ол: «Қытаймен шекаралас аудандарда халық қытайша түсінбегендіктен, аталған арналарға назар сала бермейді. Бірақ қырғыз, өзбек ағайындардың арналары жастардың саяси санасына әсер етіп отыр» деп жауап берді. Сонымен қатар көрші елдермен саяси ахуалға қатысты қарама-қайшылықтар туындай қалса, шекарадағы тұрғындардың жайы не болатынын ойлауымыз керектігін айтты.
Мәселеге байыппен қарағанымыз жөн
Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Рамазан Сәрпековтің ойы басқаша екен. Рамазан Сәрпеков: «Мұндай мәселенің бар екені рас. Бірақ көрші елдердің телебағдарламалары жаппай жамандықты, сепаратистік ұғымдарды насихаттап жатыр дей алмаймын. Ол телеарналардан да аларымыз бар. Мысалы, Қытаймен шекаралас аймақтарда болғанымда, халықтың көпшілігі Қытайда таратылатын қазақша арнаның емшілікке қатысты бағдарламаларын сүйіп көретінін байқадым. Шекаралық аймақтағы тұрғындар біздің сана-сезімімізге, идеологиямызға, тілімізге әсер етіп жатыр десе, бұл проблемаға шара қолдану, шешу жолдарын қарастыру керек. Бір жағынан алып қарасаңыз, біздің де телеарналарымызды сол шекараның ар жағындағы басқа да мемлекеттердің, Қытайдың, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түрікменстанның, Ресейдің азаматтары көріп отыр ғой. Сондықтан да бұл мәселеге байыппен қарағанымыз жөн», – дейді.
Республикалық «Болашақ» қозғалысының лидері, «Мүмкін емес» бағдарламасының жүргізушісі Дәурен Бабамұрат бұл мәселені отандық телеарналардың таралым ауқымын кеңейту арқылы ғана шешуге болатынын айтады. Ол өз басынан өткен жайтты мысалға келтіре отырып: «Жақында Алматыға Қырғызстаннан арнайы делегация келіпті. Сол делегацияның мүшелерімен сөйлесіп отырып, өзімді кәдімгідей «жұлдыз» сезініп қалдым. Қырғыздардың Қазақстанмен шекаралас аймақтарында біздің телеарналар көрсетіледі екен. «Арналарымыздан қандай бағдарламаларды көресіздер?» деп сұрадым. Олар негізінен біздегі түріктің сериалдары мен қоғамдық-саяси бағдарламаларды қарайтынын айтты. Сөйлесу барысында қырғыздарға біздің идеологиямыздың әсері ерекше ықпал етіп отырғанын байқадым. Мұны неге айтып отырмын? Мысалы, Өзбекстанмен шекаралас аймақтағы өзіміздің жастарымызды алыңызшы. Олар өзбектің идеологиялық басымдығының аясында өсіп жатыр. Оңтүстіктегі Сайрам, Қазықұрт, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай секілді аймақтар өзбек киносын, өзбек телеарналарын көруі арқылы бойларына өзбек идеологиясын сіңіруде. Сол себепті де шекаралық аудандарда өз телеарналарымызды кеңірек таратуымыз қажет. Өйткені ол аймақтарда өз телеарналарымызды толыққанды көрсету арқылы ғана ақпараттық кеңістіктегі мемлекеттік тұтастығымызды сақтап қала аламыз», – дейді. Сонымен қатар Дәурен Бабамұрат бұл мәселеге дер кезінде шара қолданбасақ, мемлекетаралық қарама-қайшы саясаттың пайда болуы мүмкін екенін айтты.
Көрші елдердің ақпараттық соққысының астында қалып отырмыз
Белгілі журналист, «аbai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат мемлекетіміздің көрші елдердің ақпараттық соққысының астында қалып отырғанын айтады. Ол: «Бізде шекаралық аймақтарды былай қойғанда, солтүстік көршіміз Ресейдің телеөнімдерін тасымалдайтын «Алма-ТВ», «ICON TV» секілді орталықтар жүйелі жұмыс істеп жатыр. Олар Ресейдің саяси-ақпараттық агрессиясын қалыптастырып, бізді ақпараттық тәуелді етуді ойлап отырған секілді. Әрине, сапалық тұрғыдан қарасаңыз, олардың өнімдері қазақтілді өнімдерден сапалы. Сол себепті де отандық деп жүрген телеарналардың өзі солардың өнімін тұтынғанды жөн санап жатады. Біз осылайша көрші елдердің ақпараттық соққысының астында қалып отырмыз. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Егер де көрші елдермен арада саяси дағдарыс болса, саяси текетіреске бара қалсақ, бұл ақпарат құралдары елімізге тұрақсыздық әкелуі әбден мүмкін», – дейді.
Дәурен Қуат сонымен қатар Қытай тарапы Қазақстанмен шекаралық аймақта орысша-қытайша арналар ашып жатқанда біздің қамсыз отырғанымызға алаңдайды. Ол: «Жолым түсіп оңтүстікте болғанымда, ертеден қара кешке дейін өзбектің музыкасын тыңдайтын ауылдарда болдым. Жергілікті халық сол әндерді орындайтын әншілердің фанатына айналғанын көзіммен көрдім. Яғни солтүстігіміз бен шығысымыз Ресей ақпарат кеңістігінің бодауында қалса, оңтүстігіміз өзбектердің идеологиясымен сусындап жатыр. Ол аздай, шығыста қазір Қытайдың орысша-қытайша телеарналары ашылып жатыр. Демек, шығысымыздағы Қытай да ресми тіл арқылы өз ықпалын арттыруды ойлап отыр. Мұндай қыспаққа қашанғы шыдауымыз қажет?» – деді.
Түйін
Қош, біздің мемлекет демократиялық жолда дамып келе жатыр. Десек те, ашық қоғам құрып, өздерін демократиялық мемлекет санайтын батыс елдерінің бірқатарының БАҚ туралы заңдарында шетелдік телеөнімдер мен арналардың үлес салмағын 20 пайыздан аспауын қадағалайтын арнайы баптар бар екен. Бәлкім, біз осындай қадамдарға баруымыз қажет шығар. Бұл – бірінші жол. Ал екінші жол – еліміздегі барлық телеарналардың таралымын шекаралық аймақтарға толыққанды жеткізу. Сол арқылы шекараның арғы жағы мен бергі жағындағы қазақ ағайындардың рухани һәм саяси санасының қалыптасуына ықпал ету. Бұл арман емес, ақиқатқа айналуы керек. Себебі оған қазақтың байлығы жетеді.
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ
Абай ОМАРОВ (коллаж)
http://alashainasy.kz