АЛТЫНОРДА
Новости

 Зейнетке шығу жасын теңестіру қажет пе?

Бүгінгі күні әйелдер мен ерлердің зей­неткерлікке шығу жасын теңестіріп, 63 жаста құрметті еңбек демалысына шы­ғатындай ету мәселесі қызу талқылануда. Осы мәселелер құрамына Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық банк кіретін мекемеаралық топ белсенді зерттеуде.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбе­тов. «Зейнеткерлік жасын сәйкестенді­ру – өте өзекті мәселе. Мен Парламент Үкімет­тен қажетті шешімдердің толық картина­сын күтіп отырғанын білемін. Біз қоғам­ның көңілінен шығатын жобаны ұсына­тын боламыз деп ойлаймын. Ал менің жеке пі­кірімді білгіңіз келсе, зейнеткерлік жасын ұлғайту қажет дер едім. Бұның қажеттілі­гі сол, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұрақты қызмет етуі үшін жұртшылық ақ­шасын ұзақ уақыт сақтауы керек», – деді ол.
Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ме­кемеаралық топ жоғарыдағы мәселеге қатысты ұсыныстарды үкімет қарауына ұсынатын болады.

Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымдарының докторы:
– Жалпы, әйелдер мен ер адамдардың зейнеткерлік жасын сәйкестендіру дегенге мен қарсымын. Мүмкін Үкімет Жапония­ны үлгі етіп алып отырған болар. Ол елде солай.Бірақ Жапония мен Қазақстанды салыстыруға бола ма? Ол елде адамдардың өмір сүру жасы ұзақ. Бізбен салыстыру­ға келмейді. Сондай-ақ барлық жағдай жа­салған. Бізде ше? Керісінше. Тіпті анау Ке­ңес заманын еске алайық, ол кезде 5 бала туған ана 50 жасында, 4 бала туғандар 51 жасында зейнеткерлікке шығып жататын. Шындығына келсек, әйелдерді 63 жасқа сүйрелейтіндей бізде жағдай жоқ қой. Қар­жы бар. Қор көп. Халықтың саны да бар жоғы 16 миллион ғана. Мен өзім де зей­неткерлік жасқа келіп қалған адаммын. Де­малысқа шығып, бала, немере қара­ғым келеді. Оларға үйде тәрбие беру де оңай емес. Бұл – бір, екіншіден, бізде азаматтар­дың өмір сүру жасы тым ұзақ емес. Соны да ескерген жөн. Сайып келгенде, бұл мәселе­ні Үкімет емес, референдум жасау арқы­лы халық шешуі тиіс.

Ілияс ИСАЕВ, қаржыгер:
– Ер мен әйелдің зейнеткерлік жасын теңестірудің артында қордалы проблема тұр. Біз 14 жыл бұрын жаңаша зейнетақы қорын құрдық. Оны Чили үлгісі деп ата­ғанымыз белгілі. Бірақ одан кейін қанша жыл өтті. Арада 2007 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы, АҚШ-тағы ипотекалық дағда­рыс, 2010 жылы басталған Еуропадағы қаржы дағдарысы өтті. Ол әлі де созылып жатыр деуге болады. Осының бәрі біздің жаңадан құрған зейнетақы қорларына өзін­дік зардабын тигізді. Осыдан келіп қазір зейнетақы қорына бірқатар реформа жа­сауға тура келіп тұр. Егер де бұрынғы сарынмен жүре бергенде осы қорлар 10-15 жылда банкрот болар еді. Зейнеткерлерге бере­тін қаржы жетіспеушілігі байқалар еді. Үкі­мет осының алдына алу мәселесін талқы­ға салуда. Соның бір тармағы әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлермен теңесті­ру. Егер де қаржы мәселесін есептеп қараған­да – бұл дұрыс.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

 

http://www.aikyn.kz