Ресми деректерге жүгінсек, қазақ тіліндегі алғашқы кітап 1800 жылдың басында Қазан қаласында жарық көрген екен. Одан бері арада екі ғасыр уақыт өтіп, баспалар қызметі мен кітап шығару ісіне қатысты түрлі қаулы-қарарлар қаралып, маңызды құжаттарға қол қойылды.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де полиграфия саласына өзгерістер мен толықтырулар, соны жаңалықтар енгізілді. Бірақ кітап шығару мен тарату, сату және сатып алу төңірегіндегі қордаланған мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Мәселен, Кеңес өкіметі кезіндегі қалыптасқан баспалардың барлығы дерлік жекеменшікке өткенімен, олардың ісін тұрақты жүргізіп, дамуға серпін беретіндей жүйе қалыптаспады?! Неге?
Баспалар үшін тиімді технологиясы жеңіл, әрі арзан кітап шығаруға не кедергі?!
«Алтынмен аптап, күміспен қаптап» қойған баспа өнімдері оқырманның жағдайын ескере ме? Ешкім рақаттанып, жата-жастана оқи алмайтын қымбат кітап шығарудың қажеті қаншалықты?
Мұның сыртында, Кеңестік дәуірде қазақ оқырмандары орыстың классикалық әдебиетінің тамаша өкілдерінің шығармаларын өз тілінде оқып өсті. Көркем аудармаға көңіл бөлінудің нәтижесінде қазақ тіліне жүздеген кітап аударылды. Ал қазір ше? Мамандардың пікірін білсек…
Баспа ісіне байыппен қарайық
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, жазушы, Республикалық кітап музейінің директоры:
– Баспа ісі – біздің елде кенжелеп дамыған сала. Тәуелсіздік алғанға дейін кітап бизнесі деген ұғым да болмаған. Тек КСРО кезінде кітаптану ғылымы негізінде кітап пен оған қатысты барлық үдеріс бір жүйеге бағындырылған еді. Азаттық жылдары сол құрылған алып жүйе құрдымға кетті. Кітап шығару ісі тоқырауға ұшырады. Қазіргі таңда кітап бизнесі, яки баспа ісі бірқатар жаңашылдықты бастан кешірді. Ол ең алдымен нарық талабына сай түлеп, өзгерді. Кеңес өкіметі кезіндегі қалыптасқан баспалардың барлығы дерлік жекеменшікке өтті. Алайда олардың ісін тұрақты жүргізіп, дамуға серпін беретіндей жүйе сол күйі қалыптаспады. Баспа ісінің негізін кітап басу мен оны тарату сынды күретамыр іспетті қос сала қалайды. Бірақ басып шығарған кітапты ел аумағын қамтитындай қолжетімді ету мәселесі бірізділікке әлі де түспей келе жатыр. Оны түсіретін жүйе бұзылды. Нарыққа бейім мұндай жүйе тек мемлекеттің қамқорлығымен ғана жүзеге асуы мүмкін. Бір ғана баспа кітап таратуды Қазақстан аясында атқара алмайтыны ақиқат.
Өйткені қазіргі таңда баспалар көптеп ашылып жатыр. Бірақ сол баспалардың дені екі мыңнан аспайтын данамен ғана кітап шығарады. КСРО кезіндегідей 30-60 мың тираж замандас жазушылардың түсіне ғана кіретін құбылысқа айналғалы қашан. Қазіргі кітаптар тек кітапханаларды ғана қамтитынын ескерсек, шығып жатқан кітаптар өз оқырманына жетпейді. «Мәдени мұра» сияқты кітап шығарудың кешенді бағдарламалары да жүзеге асып жатса да, олардың мұрындық болған ісі күллі қазақ даласы үшін көлге тамған тамшыдай ғана болып отыр. Біздің кезімізде әр үйдің бары да, байлығы да – кітап болатын. Сөреде жиналып тұрған томдықтарымен ел мақтанатын. Ал қазір ше? Қазіргі қазақ отбасыларында кітап түгілі, кітап жинайтын сөре де табылмайды. Көпшілік назары интернетке ауып кеткен. Алайда кітап сияқты құнды, асыл дүниені бүгінгі таңның технологиясымен салыстыру мүлде келмейді.
Баспалар саны көбейді дедік. Есесіне сапасы күрт құлдырап кетті. Кітапты ашып қалсаңыз, баспаның атауы көрсетілмеген, тиражы, баспа табағы көрсетілмейтін сорақылықтар орын алып жатыр. Оған «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Қате өріп жүреді. Бұрынғыдай қолдан-қолға өтіп, тексеріліп жатпайды. Кітапқа құрмет төмендеп кетті. Безендіруі де, қағазы да сын көтермейтін кітаптар қолымызға түсіп жүр. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтін заманға тап болдық. Кітап сияқты киелі, ұлы құндылық сипатынан айыратын отбасылық, рулық, жеке бастың жетістіктерін сипаттайтын арзанқол туындылар заманы дәуірлеп тұр. Осындай кітапсымақтар жалпы адами құндылығы зор көркем дүниелерді лайлап жатыр. Ел кітап деген ұғымның не екенін шатастыратын болды. Бұл да бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Мұндай өрескелдіктерге көзжұмбайлықпен қарау дағдыға айналып кете ме деген қауіп те жоқ емес. Шығып жатқан кітап тасқынынан асылын, құндысын бөліп қарастыра білу керек. Біздегі баспалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап барады. Солардың әрқайсысы өзіндік бағыт-бағдарын анықтап жұмыс істесе, өздері үшін де, кітап іздеген ел үшін де тиімді болар. Мәселенки, ғылыми-танымдық, мәдениетке қатысты кітаптарды басатын жеке баспалар болуы керек. Спорттық туындыларды осы бағытқа салаланған баспа басып отырса, ғанибет болар еді.
Жақсы туындылар көп. Жазылып жатыр. Әдебиет – ол өлмейтін тақырып. Кітап қандай қиын заманда да жазылған. Дәл солай жазыла береді. Тек солардың насихаты мардымсыз. Ел көп көретін арналардан, қазақы орта ден қойып тыңдайтын радиолардан кітап насихаты көбірек айтылса, нұр үстіне нұр болар еді. М.Мағауиннің, Д.Досжанның, Т.Әлімқұловтың, О.Бөкейдің, Б.Соқпақбаевтың және тағы басқа жазушылар жазған қазақтың жауһар туындыларын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап отыруымыз керек. Олардың кітаптары әр қазақ отбасының төрінде тұрғаны нағыз ұлттық тәрбиенің қайнар көзі дер едім. Әдебиет – ұрпақтың рухын көтеретін, имандылыққа тәрбиелейтін, жақсылыққа қанаттандыратын, ізгілікке баулитын ұлы күш. Сондықтан кітап әр уақытта өз құндылығын жоймайды. Мынау «базар дәуірі» алғаш басталғанда, ел тұралап, кітап оқымақ түгіл, не ішем деп базаршылап кетті емес пе?! Сол кездің жастары кітап оқудан мүлде құр алақан қалды. Олардың ата-анасы ала дорба арқалап, нәпақа табуға бет бұрып, ұрпақ тәрбиесі ақсап қалды. Бүтін бір буын кітаптан қол үзді десек, артық айтқандық болмас. Сол ұрпақтың дағдысы бүгінгі интернетшіл жастарға да жұққандай. Көп қазақтың үйіне бара қалсаңыз, кітап оқыған адам көрмейсіз. Газет-журнал жаздыртып алуға құлықтары жоқ. Рухани дағдарысты бастан кешіріп жатыр.
Бүгінгі баспа кітаптың орнын электронды кітап басу ықтималдылығына өз басым сенбеймін. Интернет пайдаланушылардың көбі жастар. Олар пайдалысы бар, әжетке жарамайтыны бар, сан алуан ақпаратты интернеттен алғанмен, көркем дүние оқи қояды дегенге сене алмаймын.
Сондықтан бүгінгі буынға кітаптың берер мол ұлағатын насихаттау кеңінен жолға қойылуы қажет. Кітап елдің әр аумағына, түкпір-түкпірдегі ауылдардағы өз оқырманына жететіндей тарату ісін қолға алу керек. Осы мәселелер түбегейлі шешілсе, кітаптың келешегіне қатысты үлкен бетбұрыс басталар еді.
Таңдау неге сапалы қағазға түседі?
Жарылқасын НҰСҚАБАЙҰЛЫ, «Білім» баспасының директоры:
– Негізі, оқушылар мен оқырман кітабының жылтыр әрі қатты қағазда шығарылуының өзіндік себебі бар. Көркем әдебиетте көбіне авторлардың өзі таңдау жасап жатады. Мемлекеттік тапсырыспен басылатын мектеп оқулықтары қашанда сапалы қағаздарда шығады. Нашар қағазда басылған оқулықтарды мемлекет те, мектеп те қабылдай қоймайды. Өйткені сапасыз кітап бір жылға да жетпей шашылып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті де мемлекет баспаханаға тапсырыс бергенде міндетті түрде сапалы қағазды таңдайды. Мысалы, қарапайым «Әліппені» алайық. Кішкентай бүлдіршіндер ұстайтындықтан, оның сапалы болғаны жөн. Қанша дегенмен, баланың аты бала емес пе? Ойнап отырып жыртып алуы мүмкін. Сол себепті де олардың қағаздары қалың, қаптамасы қатты болып келеді. Оқулықтардың сапалы қағазда шығарылуының тағы бір себебі ретінде қаражат тапшылығын айтар едім. Яғни бізде оқулықтар қаражаттың көптігінен сапалы қағаздарда басылмайды. Керісінше, үнемдеу мақсатында солай етуге мәжбүрміз. Мен «Мектеп» баспасында 15 жылдай жұмыс істедім. Ол кезде мектеп оқулықтары 4 жылда бір рет басылып тұратын. Соған байланысты баспагерлердің мойнына төрт жылға татитын кітап шығару жүктелетін. Кітаптың сапасы артқан сайын бағасы да қымбаттай түседі. Мектеп кітапханаларына берілетіндіктен, ата-ана оның бағасын біле бермейді. Бұл орайда мемлекет дарқандық танытып, біраз қаражат жұмсайды. Бір жағынан құптарлық жайт. Десе де, кітап салмағының ауырлығын қайда жібереміз. Яғни бүлдіршіндеріміз сөмкесінде 4-5 келі тұратын кітаптарды тасуға мәжбүр. Шетелдік кітаптардың сапасыз қағазда шығарылатындығы ата-ана мен оқушылар үшін де тиімді. Шетелде мұндай кітаптар жылда басылады. Жыл сайын мол көлемде жарық көретін оқулықтар келесі жылға жетпей тозығы жетуі мүмкін. Келесі жылғы оқушылар ескі кітапқа үңілуге мәжбүр емес. Өйткені ол кітаптардың орнын жаңа оқулықтар басады. Өкінішке қарай, біздің елде дәл шетелдегідей жасауға экономикалық жағдайымыз рұқсат етпейді. Әйтпесе технологиясы жеңіл, әрі арзан кітап шығару баспалар үшін де тиімді болар еді.
Біздің елде көбіне сапасы төмен қағазда бір оқыған соң келесі жылға қажеті болмай қалатын, әдістемелік кітаптар мен дәптер түрлері ғана шығарылады. Жеке авторлар көбіне көрпесіне қарай көсіледі. Десе де, көбісінің таңдауы сапалы қағазға түсіп жатады.
Мұқабасына емес, мазмұнына көңіл бөлген жөн
Темірғали КӨПБАЕВ, «Қазығұрт» баспасының директоры:
– Біз мұнда қазақ халқының ұлттық психологиясын ескеруіміз керек. Қазақ – табиғатынан даңғойлау халық. Не жасаса да асырып істегенді ұнатады. Дәл сол дарақылықты кітап шығарғанда да көп байқаймыз. Кім де болса, кітабының жылтырап тұрғанын қалайды. Содан «алтынмен аптап, күміспен қаптап» шығарып жатады. Бірақ олар дәл осы тұста оқырманның жағдайын ескермейді. Иә, мұның барлығы бір көрер алдамшы әсер үшін керек шығар. Бірақ адам оны рақаттанып, жата-жастана оқи алмаса, мұндай қымбат кітап шығарудың қажеті шамалы деп ойлаймын.
Негізі, біз кітаптың жылтырақ мұқабасына емес, мазмұнына көп көңіл бөлуіміз керек. Оқырман да кітапты сыртқы суретіне немесе сапасына қарай таңдамайды, мазмұнына қарай талғайды. Бірақ нарық заманы емес пе?! Күн өткен сайын түрлі мазмұндағы кітаптар шығып жатыр. Олардың ішінде түкке тұрғысыздары жетерлік. Мықты авторларымыздың кітаптары небары 1000 данамен басылады. Жас ақын-жазушыларымыздың танылмауының себебін осы жерден іздесек болады. Аз мөлшерде шығарылғандықтан, олар «аз да болса, саз» дегендей, жарқырап шыққысы келеді. Дүкенге түскенде мұндай кітаптардың бағасы аспандайды. Міне, кітаптардың сөрелерде шаң басып, өтпей жатуының бірден бір себебі – осы. Ресейде мұндай кітаптар кем дегенде 20-30 мың данамен шығады. Журналдық сары қағазда басылатындықтан, олардың бағасы да қолжетімді. Жеп-жеңіл әрі шағын етіп басылған кітаптар оқырман үшін де тиімді. Олар бұл мәселеге бизнес деп қарайды. Сондай-ақ кім көрінгеннің кітабын шығара бермей, оқылатын қызықты кітаптарға көп көңіл бөледі. Онда да қымбат қағазға, қатты мұқабаға шығарып әуре болмайды. Мазмұнына қарайды. Мазмұны тартымды болса, тиражын көбейтеді. Тиражы көбейген сайын кітаптың құны да арзандай түседі. Арзанға шыққан кітаптар, бүкіл әлемге қолжетімді бағамен тез тарайды. Біздегі кітаптар қандай? Көбіне, сыртқы мұқабасы қатты, жылтыр, қойынға салып жүруге келмейді. Тіпті арасында қалыңдығы қасқыр соғып алатындай, ауыр кітаптар да бар. Мұнда баспагер, оқырманның жайын еш ескермейді.
Негізі, баспа саласында біз орыстардан 100 жылға артта қалып қойғанбыз. Себебі оларда әдебиеттің алтын ғасыры ХІХ ғасырдың басында басталып кеткен. Олар кітап жасау технологиясын сол кезде меңгере бастады. Мысалы, Пушкиннің кітаптары көзі тірісінде-ақ жарыққа шығып тұрды. Оның қызықты туындыларын басып шығару арқылы баспагерлер де мол пайданың астында қалған. Біздің елімізде кітап 1900 жылдары жаңадан шыға бастады. Осыдан-ақ нақты қанша жылға қалып қойғанымыз, тайға таңба басқандай көзге ұрып тұрған жоқ па?
Мына парадоксты қараңыз. Біз қағазды Ресейден ала тұра, кітаптарымызды қымбат қағазда басамыз. Ресей су тегінге сапалы кітап шығаруға мүмкіндігі бола тұра, арзан қағазда басады. Сол нашар қағазда басылған кітаптары еліміздің дүкендерінде толып тұр. Сапасы біздің кітаптарға жете қоймағанымен саны қазақ кітаптарынан басым. Неге? Өйткені бағасы қолжетімді. Қазақ кітаптары сөрелерге сән беріп «алтынмен апталып, күміспен қапталып» тұр. Соған сай бағасы да қымбат. Оқырман осы екеуінің қайсысын таңдайды. Әрине, оқуға ыңғайлысы мен бағасы арзанына жүгіреді. Міне, идеология қайда жатыр. Орыстар осылайша екі жақты пайдаға кенеледі. Бір жағынан қалталары қампайса, екіншіден, өздерінің идеологиясын насихаттайды. Яғни шетелде отырып-ақ, біздің ұрпақты өзінің идеологиясымен тәрбиелеуге толық мүмкіндік алып отыр. Біз бұған шектеу қоя алмаймыз.
Сондай-ақ соңғы жылдары «қазақ әдебиеті оқырманын жоғалтып барады» деп дабыл қағып жүрміз. Оқырманның жоқтығы да тікелей осыған байланысты. Аз мөлшерде шыққан кітаптар ауылға жетпейді. Бізде кітап саудасы, кітапты тарату дәстүрі баяғыда құлдыраған. Кеңес өкіметі тұсында қандай еді? Айдалада жатқан қойшылардың қойнында әлем классикасы жүретін. Ал Қазір ауылдағы кітапханаларға жаңа кітап бармайды да. Демек, ондағы қазақтың қара домалақтары кітап оқуды әдетке айналдырмайды деген сөз. Негізінен, кітап оқитын оқырман қаладан гөрі, ауылдарда көбірек болуы тиіс еді. Өйткені онда қызық қуалап отыратын интернет көзі жоқ. Ауыл тұрғындары бос уақытын кітапқа жұмсағанды жөн санайтыны хақ. Бірақ оқитын кітап болмаса, несін оқысын? Міне, біз оқырмандардан осылайша айырылып отырмыз. Барлығын өзіміз қолдан жасап алдық, кітап оқу дәстүрі осылайша үзілді.
Қаншайым Байдаулет,
Сәбина Зәкіржанқызы,
Төреғали Әліпұлы,
Айтжан Мұрзанов (фото).
http://www.aikyn.kz