Қазақстан қазбаға қаншалықты бай болса, улы қалдыққа да соншалықты бай. Жердің асты-үстінің астаң-кестеңін шығардық. Ауа қабатына ауыз салдық. Нәтижесінде 17 миллион халық 22 миллиард тонна қоқыстың үстінде жүр. Яғни жан басына шаққанда 1 400 тоннадан келіп тұр. Бұл туралы кезінде қоршаған ортаны қорғау министрі болған, бүгінгі мәжілісмен Нұрғали Әшімов жалпақ жұртқа жария еткен болатын
Содан бері жағдай күрделене түспесе, жақсармағаны айдан анық. Бұрынғы Одақтың «мұрасы» Семей, Капустин Яр, Тайсойған мен Азғыр атом полигондарының радиоактивті қалдығы ашық аспан астында жатыр. Ядролық сынақтан қалған қазаншұңқырға ауылдың адамы шомылып, малы су ішіп отыр. Ауыр металдар мен тұздардың топырақты ластауы шамадан тыс. «Арал теңізіндегі Возрождение аралына 24 вагонмен әкелінген арнайы ыдыстарға құйылған бактериологиялық қару сынамасы сыртқа шығып кетер болса, алапат апат болады», – деп отыр мамандар. Ұлттың саулығына қатер төнген уақытта тағы да «қаржы жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрткеніміз қайткеніміз?!
Қазіргі өндірістің қарқыны да қалдықсыз деуге келмейді. Тау-кен өндірісінің зиянды заттарын шығаруда Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар мен Алматы облыстары көш бастады. Мысалы, бүкіл республикадағы зиянды заттардың 27 пайызы «Қазақмыс» пен «Арселор Миттал Теміртау» компанияларына тиесілі. Екібастұз ГРЭС-інің бір өзі 1,5 млрд тонна қалдықты үйіп тастапты. Батыс Қазақстан, Атырау мен Маңғыстау өңірі мұнай қалдығынан зардап шегуде. «Көмірсутек шикізатын өңдеген кезде міндетті түрде бөлінетін күкіртті қайда жібереміз?» деген сауалға нақты жауап әлі табылған жоқ.
Батыста – мұнай шламы, оңтүстікте – хлор қалдығы
Ен байлыққа қызыққан шетелдік инвестор ең алдымен, біздің экологияны емес, өзінің қалтасын қампайтуды ойлайтыны түсінікті. Қоршаған ортаны қорғауға да самарқау. Неге? Себебі қаржы жұмсап, жаңа қондырғы сатып алғанша, экологиялық айыппұлды төлеп тастаған әлдеқайда арзанға түседі. Төл табиғатқа осындай өгей көзқарастың салдарынан соңғы бір ғасырда қарт Каспийдегі итбалықтар саны 90 пайызға кеміп, БҚО-ның 200 мың гектар жері мұнай қалдығынан жарамсыз болып қалған. Таяуда осы облыстың Январцево ауылы маңынан аумағы 816 текше метр улы өнеркәсіп қалдығы табылды. Қалдық көметін жерге жеткізілмей, орта жолда далаға төгіле салынған мұнай шламынан табиғатқа келген зиян мөлшері 119 миллион теңге шамасында. Мұндай көрініс Дарьинск және Рубежка елді мекендерінде де бірнеше рет қайталанған. Облыстық прокуратура қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді іздестіруде.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Республиканың батысындағы халық улы мұнай шламынан зардап шегіп отырса, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тельман ауылы тұрғындары түгелдей ауруға шалдыққан. Химиялық тыңайтқыш қалдықтары көмілген аумақтан берілген жер теліміне баспана көтерген тельмандықтарға «мына жерде денсаулықтарыңа зиянды заттар бар» деп ешкім айтпаған.
Адамдар жаппай ауыра бастағаннан кейін жүргізілген зерттеулер бұл жердің топырақ құрамындағы хлордың мөлшері 150 есе жоғары екендігін анықтапты. Алты жылдан бері айтылып, жазылып келе жатса да, ауыл әлі сол орнында тұр. Улы қалдықты сақтайтын полигон салуға бюджетте қаржы жоқ көрінеді. Мамандардың есебінше, полигон құрылысына 16 миллион теңге керек, былайша көп дүние емес. Тұтас ауылдың тағдыры енді облыстық мәслихат депутаттарының қолында.
Қалдықты әуелі сақтап, сосын өңдеуіміз керек
Улы заттар өмірімізге енгеннен кейін олармен бәрібір «тіл табысу» қажеттігі туындайды. Соған сай бүгінде «Қалдықтарды басқару» дейтін заманауи термин пайда болды. Экология министрлігінің құрамында Қалдықтармен жұмыс істеуді реттеу басқармасы бар. 2010-2020 жылдарға арналған «Қазақстан экологиясы» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарламаға сәйкес, әуелі жер-жерде қалдық сақтайтын қоймалар құрылысын жүргізу, сосын полигондарда қалдықтарды қайта өңдеу, одан әрі залалсыздандыру шаралары жүйелі атқарылуы тиіс. Өкінішке қарай, іс жүзінде қалдық сақтайтын полигондар құрылысы Қазақстанның қай облысын алсаңыз да ақсап тұр. Барының өзінде күл-қоқыс аузы-мұрнынан асып жатыр.
Мәселен, Тараздың дәл осындай полигонында – 150, Шымкентте – 220, Қарағандыда – 250, Алматыда 1 900 мыңға жуық қатты қалдық жинаулы тұр. Бір сөзбен айтқанда, жағдай өте күрделі. Тіпті ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретіндей мөлшерде. Осы орайда ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың аузынан үміт отын үрлеген жаңалық естідік. Оның хабарлауынша, 2014 жылға қарай Қазақстанның 27 моноқаласында қалдық сақтайтын полигондар құрылысы басталмақшы. Сондай-ақ қалдықты өңдеуге айрықша мән берілетін көрінеді. «Қалдық өңдеу – бұл «Жасыл экономиканың» аса маңызды элементтерінің бірі. Алдағы екі жылда қалдық өңдейтін тоғыз зауыт салу жоспарымызда бар. Оған отандық және шетелдік инвесторлар қатысатын болады. Ал жалпы 10-15 жыл ішінде елде қоқыс өңдейтін 41 зауытті іске қоспақпыз», – деді министр.
Қалдықты өңдеу мәселесінің аса маңыздылығын белгілі ғалымдар да қуаттап отыр. Экономика ғылымының докторы Рахман Алшановтың айтуынша: «Өндірістік қалдықтарды өңдеу алдыңғы қатарлы технологияға байланысты. Еліміздің өндірісінде жүрген шетелдік компаниялар қалдықтарды қайта өңдеуге шығын шығармай, қазба байлықтың тек қаймағын қалқып алуды көздейді. Ал қазіргі кезде дамыған елдер заманауи технологияның тиімділігін пайдаланып, қалдықты қайта өңдеуге қатты мән беруде. Мәселен, Қытайда сирек кездесетін металдарды өңдеп өнім шығаруды мықтап қолға алып отыр. Германия қағаздың 50 пайызын макулатурадан өндіреді. Ал біздің елімізде 400 мың тоннадай макулатура бар. Бірақ соның 80-100 мың тоннадайы ғана өңделеді де, қалғанын лақтырып жатырмыз. Керісінше жылына дәретхана қағазының 29 мың тоннасын сырттан тасимыз. Осыны өзімізде өндіруге болады. Сол секілді тозған авторезиналар кез келген жерде шашылып жатыр. Шет мемлекеттер осының өзін қайта өңдеп шығарады. Бір жағы экологияны таза ұстайсың, екіншіден, ақшаға үнем. Сондықтан өндіріс орындарына талапты күшейткен жөн».
Күні бүгін елімізде қалдық заттардың 10 пайызы ғана өңделіп, қалған 90 пайызы ашық аспан астында іріп-шіріп жатыр екен. Олардың құрамына талдау жасаған мамандар бір текше метр қалдықта 22 пайыз қағаз, 38 пайыз тағам қалдығы, 6 пайыз тоқыма-тігін бұйымдары, 4 пайыз металл, 4 пайыз шыны, 18 пайыз пластмасса және полимер өнімі бар екендігін анықтаған. Ендеше, осы байлықты қайталап кәдеге жарату – кезек күттірмейтін міндет.
Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Алаш айнасы газетiнен алынды