АСТАНА. 20 ақпан. Baq.kz — Қазақстанда соңғы уақыттарда жиі қозғала бастаған тақырыптың бірі — зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі. Оның ішінде зейнеткерлік жасына қатысты жаңа өзгерістердің болатыны белгілі бола бастады. Осы тұрғыда біз Қазақстанда қолға алынбақшы бұл шараны әлемдегі жағдаймен салыстырып көруге ниет етіп отырмыз.
Бұдан бұрын тоқталғанымыздай, қазір елімізде зейнетақы жүйесін жетілдірудің бір саласы ретінде зейнеткерлікке шығу жасын сәйкестендіру, яғни әйелдер мен ерлердің зейнеткер болу жасын теңестіру мәселесі талқыланып жатыр. Осы орайда құрамына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлттық банк кіретін ведомствоаралық топ осы мәселелерге қатысты шешім қабылдап, сәуір айының басында Үкімет назарына ұсынбақ ниетте.
Баршаға белгілі, қазір елімізде әйелдер зейнеткерлікке 58 жасында, ал ер-азаматтар 63 жасында шығады. Ендігі ретте, әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлермен сәйкестендіріп, 63-ке дейін ұлғайту мәселесі басты назарға алынып отыр.
Әрине бұл мәселеге келгенде жұртшылықтың пікірі екіге жарылуда. Солай болуы заңды да. Осы ретте бұл өзгеріске қарсы болушы топ «Өзге елдерде зейнеткерлікке шығу жасы Қазақстандағыдан әлдеқайда төмен, ал дамыған елдердің азаматтары зейнеткерлікке тіпті ерте шығады» деген уәжді жиі айтады. Шындығында солай ма? Оны білу үшін біз әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің көрсеткішіне үңіліп көрдік.
Сондағы білгеніміз мынау:
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, зейнеткерлік жасты ұлғайту дамыған елдердің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Мысалы, 2010 жылы Германия, Италия елдерінде зейнет жасы ұзартылып, нәтижесінде бүгінде әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы Германияда – 67, Италияда – 65 болып тұр. Ал Дания мен Норвегияда әйелдер зейнетке – 67 жасында, Швейцария елінде – 64 жасында шығады.
Ал зейнеткерлік жасы сәйкестендірілген елдердің қатарына жататын Жапонияда әйелдер мен ерлер өз еңбектерінің зейнетін – 70 жасында, Австрия, Испания,Канада, АҚШ, Швеция елдерінде – 65-ке жеткенде көре алады екен.
БҰҰ сарапшыларының мәлімдеуі бойынша, 2050 жылға қарай Қазақстан тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 65 жастан жоғарылап, еліміздегі қарттардың саны арта түсуі мүмкін. Сондай-ақ, қарттардың арасында әйелдер қауымы басым түсіп, ерлер қатары сирей бастауы ықтимал.
Қазақстандық әйелдер еліміздің ішкі жалпы өнімінің 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді және негізгі жұмыс күші болып есептеледі. Мүмкін зейнеткерлік жасын көтеру арқылы мемлекет білікті де білімді мамандардан ерте қол үзіп қалғысы келмейтін болар. Сондықтан, зейнеткерлік жасына байланысты әйелдер мен ерлер арасындағы теңсіздіктің жойылуы елімізді әлеуметтік жаңғырту мақсатында жасалған қадамдардың бірі деп санауға болар.
http://baq.kz/news/23593