Мансұр ХАМИТ (фотолар)
Латын әліпбиі мәселесі көтерілгелі қоғам екіге жарылды. Күні кеше бір топ ұлт зиялылары мен бірқатар баспасөз басшылары «Латын әліпбиіне көшуге қарсымыз!» деп ұрандаса, ендігі бір жақ «өзімізге артылған жүкті келешекке ысырмай, өзіміз атқарайық» дегенді алға тартады. Соңғы пікірді құптаған депутат Алдан Смайыл кешегі Мәжілістің жалпы отырысында әріп алмастыруға қатысты Үкімет басшысының атына үшбу хат та жолдап үлгерді.
Президент 2025 жылға дейін қазақ тілін латын әрпіне көшіру талабын алдыға жүктегелі бері, бұған қатысты бұрындары бүгулі жатқан қоғамдағы алуан түрлі пікір іркілмей шыға бастады. Соған қарағанда белгіленген меженің біразы таласпен өтпесіне кепіл де жоқ секілді. Әйткенмен қоғамдық дамудағы өзекті мәселеге қатысты әркімнің уәжі әртүрлі, тіпті біршама пайыммен санаспасқа да келмейді. Дегенмен Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бұл істі көп кешіктірмей, бөтен пайымды ысырып қойып, бүгіннен кірісу жағында екенін аңғартты. Сосын қазірдің өзінде қазақ тілін латын графикасына негіздеген жүзден астам жобаның бар екенін, анығында Қазақстанның тіл мамандары әліпби ауыстыру кезеңіне дайындықты ерте бастан қолға алғанын тілге тиек етті. Алдан Зейноллаұлының айтуынша, латын әрпіне талпыныс алғаш рет 1993 жылы жасалды. Осы жылы Анкарада Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Түркия елдерінің ғалымдары бас қосып, бүкіл түркі жұртына ортақ 34 әріптен тұратын үлгі қабылданған. Осы үлгінің негізінде 27 әріптен тұратын қазақ нұсқасы да әзірленді. Бұл жоба Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдардың жобасы негізінде көпке белгілі. Ал латынға қарайғы екінші қадам 2007 жылы жасалған. Ол тұста ел Президенті Н. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында латын графикасына көшу мәселесін түбегейлі зерттеуді тапсырған болатын. Соған орай Білім және ғылым министрлігінде арнайы комиссия құрылып, оған белгілі тіл ғалымдары, қоғамдық институт мамандары шақырылған. Сол комиссия жұмысының аясында XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы латын әрпіне көшу тарихы зерттелген. Латынға ауысқан Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан елдеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырылған. Тіл білімі институты сегіз қоғамдық институтпен бірлесе отырып, барлық зерттеу деректерін талдап, нәтижесінде қазақ тілінің латын графикасындағы бес жобасын жасаған.
«Бұл – тіл білімі ғалымдарының талай талқылау мен өңдеуден өткен ұжымдық үлгісі. Сондықтан да дәл осы жобаларға айрықша назар аудару керек. Ал біздің ұсынысымыз: осы комиссия негізінде жаңа мемлекеттік комиссия құруды жеделдету. Сол арқылы қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиін жасауды мүмкіндігінше тездету», – дейді Алдан Смайыл. Оның пайымынша, әліпби ауыстырудағы мәселенің мәнісі мынада болып отыр: еліміз 2025 жылы латын әліпбиіне толық көшкенде осыған дейін жазылған және жасалған әдеби-ғылыми және тағы да басқа құндылық-мұраларды кириллицадан жаңа әліпбиге түсіріп үлгеруге тиіспіз. «Бұлай жасалмаған күнде ұрпақтар арасындағы дәстүрлі рухани-мәдени сабақтастық белгілі мерзімге үзілуі бек мүмкін. Мұны латын әрпіне көшуді 1999 жылы бастап 2010 жылға дейін созған, осы мерзімде жаңа әліпбиді үш рет реформалаған Өзбекстан тәжірибесінен көріп отырмыз. Латын әліпбиіне көшу үшін кириллицаны 10 жыл бойы қолданыста ұстауға мәжбүр болған Әзірбайжан мамандары да «өткен жылдардың мол мұрасын көшірмейінше, жаңа әліпбиді қолданысқа енгізбеу керек», деп кеңес беруде. Түйіп айтсақ, саяси-әлеуметтік һәм рухани маңызы зор міндетке мемлекеттік мән бере отырып, оған әзірлікті бүгіннен бастаған ләзім», – дейді Алдан Смайыл. Соған орай депутат биылдың бірінші тоқсанынан кешіктірмей арнайы мемлекеттік комиссия құрып, күрделі іске ғалымдар мен қоғамдық ғылыми ортаның күшін жұмылдыру қажеттігін алға тартады.
Қазақстан көне көліктер қалдығына айналмауы үшін жыл сайын 220 мың көлікті утилизациялау қажет
Қазақстандағы ресми тіркелген көліктер саны 3,5 миллоннан асып жығылады екен. Әйтсе де, депутат Тұрсынбек Өмірзақовтың пікірінше, бұлардың 3 миллионға жуығы немесе 80 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Үкіметке жолдаған сауалында мәжілісмен осыған алаңдаушылық білдіреді. «Еуропа елдерінде автокөліктің орташа пайдалану мерзімі небары сегіз жылды құрайды, сосын ол елдерде пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер 35 пайыздан асқан емес. Ескірген һәм моральдық жағынан тозған көлік санының өсуі – экологияға ғана емес, адам өмірін жалмап жатқан жол қауіпсіздігінің де зор проблемасы», – дейді Тұрсынбек Қазенұлы. Оның айтуынша, әсіресе қазіргі заманғы экологиялық стандарттарға сай келмейтін, көне көліктерден бөлінетін газ адамдар көп шоғырланған ірі қалаларда аса өзекті. Ендеше ұлт саулығына алаңдайтын жұрт мұны дер уағында шешуі шарт. Сонымен қатар Еуропада ескірген көлікті утилизациялаудың орташа деңгейі жылына 6 пайызды құрайды. Ал Қазақстандағы, оның ішінде шалғайдағы көліктердің басым бөлігі мейлінше тозып, қатарда әупірімдеп әрең ілесіп жүргенін ескерсек, көрсеткішті «айтпаса да түсінікті» деп жылы жабуға болады. «Қазақстанға жылына 220 мыңнан астам автокөлікті утилизациялау қажет. Алайда қазіргі уақытта елімізде ескірген автокөліктерді қайта өңдеп кәдеге жаратуға қажетті қуат та, инфрақұрылым да жоқ. Тіпті бізде жұмыс істейтін автокөлік жинау кәсіпорындарының (Өскемен қаласындағы «АЗИЯ АВТО» АҚ, «Allur Auto» АҚ және Қостанай қаласындағы «АгромашХолдинг Казахстан» АҚ) өзінде көнерген көліктерді утилизациялаудың дербес бағдарламалары жоқ, азаматтарға ескірген автокөлікті жаңасына айырбастау мүмкіндігі қаралмаған», – дейді депутат Тұрсынбек Өмірзақов.
Тоқтала кететін жайт, көне көлік мәселесінде шетелдік озық тәжірибелерді зерделеген де орынды. Мәселен, Еуропаның бірқатар елдері жаңа автокөлікті сатып алуға ынталандыру үшін ескі көліктің утилизациясы бойынша сыйақыларын қолданады. Бұл ретте мемлекет бюджет қаражаты есебінен «көнені жаңғырту» бағдарламаларын жүзеге асыруға да белсенді түрде қатысатыны айтылады. Осындай озық тәжірибелерді алға тарта келе, депутат Тұрсынбек Қазенұлы ескірген автокөліктерді утилизациялау бойынша бірқатар ұсыныстарды алға тартты. «Ең алдымен азаматтарды отандық жаңа автокөліктерді сатып алуға ынталандыруымыз керек. Осы мақсатта көне көлікті утилизациялау үшін шаралар қабылдап, ондай жобаларды Индустрияландыру картасына қоссақ игі. Екіншіден, Қазақстанда ескірген автокөліктерді утилизациялап, кәдеге жарату бойынша кешенді бағдарлама қабылданғаны жөн», – дейді депутат Т. Өмірзақов.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
http://alashainasy.kz/main/40552/