АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Арбаға таңылған ақын

Оның бойындағы өмірге құштарлық, жігер, қайсарлық, күрескерлік рухы таңғалдырмай қоймайды. Он екі мүшесі сау адамның өзі төзе алмайтын сынақтарды мойынымен көтеріп келеді ол. Қиындыққа төзіп, ағысқа қарсы өршелене құлаш ұрып келеді. Өзі айтпақшы: «Шыдамсыздарға сабақ болсын деп, Алла оны бәлкім әдейі осылай жаратқан шығар…»


Қазақтың қайсар ұлы Нұрмұхаммед­пен таныстығымыз «Шабыт» фестивалінен бастау алған еді. Екі қол, екі аяғы семіп қалған, арбаға таңылған ақын сол жолы Алаш елінің әр түкпірінен жиналған жас шайырлармен бірге Астанадағы салтанат­ты сарайдың сахнасында өлең оқыған еді.

Таңғалмаған, толқымаған жан қалма­ды. Таңғалдырғаны – өршіл өлеңдері ғана емес, тұла бойын құрсаулаған зілмауыр дертке берілмеген, жазмышқа қасқая қараған азаматтың қайсарлығы. Болмысы бөлек жанмен осыдан кейін жақын танысудың сәті түсті. Денсаулығы ақаулы азамат көп сөйлесе шаршап қала­ды. Бір-екі минут әңгімелескенде маңдайы­нан шып-шып тер шығып, қатты қиналды.

Image

Үзіп-үзіп алған сұхбаттан білгеніміз мынау:

Нұрмұхаммед ата-анасының төртінші перзенті. Қызылорда облысының Сырда­рия ауданына қарасты Шіркейлі ауылы­ның тумасы Әбілқасымов Қанатбек пен Досбергенова Гүлзаданың отбасында Жа­дыра, Жәмила, Дінмұхаммед атты үш пер­зенттің соңын ала 1978 жылы тағы бір шақалақ келеді өмірге. Шаңырақты шат­тыққа толтырған алтын асықтай ұлдың денсаулығы кінәратты екенін ата-анасы туғанынан үш ай өткенде сезген көрінеді. Баланың аяқ-қолының қозғалмағанынан қауіп қылған ата-ана дәрігерлерге жүгіне­ді. Сонда анықталады Нұрмұхаммедтің нау­қас екені. Жанұшырған ата-ана асы­ғыс Алматыға аттанған. Алайда ол жақтағы ақ халаттылар көмектесе алмайды. Содан соң, Мәскеуге бет түзеген. Бірақ жазмыштың құйттай балдырғанға тап қылған дерті­не медицина дәрменсіз болып шықты. Мида­ғы аяқ-қолдың қозғалысына нұсқау бере­тін талшыққа ауа жетпей, семіп қалыпты. Нұрмұхаммедтің екі аяқ, екі қолының сал болып қалуының себебі сол екен.

Содан соң ғана ата-ана болған іске болаттай берік болудан басқа шарасы жоқ екенін түсінген…
Жетіге жасым жеткенше,
Алды-артымды біліппін.
Жүру маған бір арман,
Түсімде ғана жүріппін, – дейді Нұр­мұхаммедтің өзі.

Аузыма ағаш тістеп өлең жаздым

Иә, жастайынан арбаға таңылған Нұрмұхаммед қатарластырымен бірге құлын-тайдай құлдыраңдап, балалықтың бал дәмін тата алмады. Мектепке барып, білімнің қайнарынан сусындай да алмады. Осының барлығы һәм бойды буған дерт, бұл – жүрекке аса зор жүк екені хақ. Екі­нің бірі төзе алмас еді бұған. Нұр­мұхаммед төзді. Тумысынан қайсар жан тағдыр қанша сынаққа салса да, үкілі үмітінен бір сәтке де теріс айналған емес. Зерек ұл мектепке бармаса да, арна­йы сабақ алмаса да, өз бетімен ізденіп, сауа­тын ашқан. Естігенін қалт жібермей, зердесіне құя берген. Тісімен қалам тіс­теп, шығарма жазып, қылқалам тістеп су­рет те салады. Сыртынан барлап оты­рып, шахмат, дойбының қыр-сырын да меңгеріп алады.

Image

Шахматтан облыста мүгедектер ара­сында өткен турнирдің 2012 жылғы чем­пионы. 2011 жылы екінші орын ал­ған.
«Бұған қоса шаруашылыққа да тас­тай» дейді інісі Қалмұханбет. «Үйде мен мал-жанға қарамаймын. Барлық ша­руа­шылыққа өзі бас болып отырады. Малдың жем-шөбін жұртшылықпен сөйлесіп әзірлетіп, жоқ малды түгендеп отырады» дейді інісі.
Былайғы жұрттың мүсіркегенін, ата-анасының қайғысына қайғы қосылғанын қаламайтын Нұрмұхаммед көбіне ішіндегі шерді сыртқа көп шығармауға тырысатын. Сол зіл батпан шер-шемен жинала-жи­нала көкірегіне сыймай, сыртқа лықсып шығады, осыдан төрт жыл бұрын. Өлең болып ақтарылады.

«Өнердің шығу тегі – трагедия. Тра­гедия бар жерде өнер де, өлең де өл­мейді» дейді ғой. Маған күш-қуат беріп, төрт жылдың ішінде ақын атандырған, осы Алланың бер­ген трагедиялы тағдыры шығар» деп ағынан жарылады өзі.
Көкірегін тепкілеп, дегбірін алған бір шумақ, ырғақтар күндіз де, түнде де маза бермей жүретін. Бірақ оны қолма-қол қа­ғазға түсіре қоюға дәрмен жоқ. Ауызға қаламды тістеп, бір-екі әрпін жазамын де­генше, көңілдегі көрікті ой шашырап, тү­некке сіңіп, жоқ болып кетіп жататын. Бұл болса дәрменсіздігіне налып, ала­сұрып қала беретін.

Осы бір азапты сәттерден оны за­ма­науи құрал құтқарыпты. Төрт жыл бұрын жақындары ұялы телефон сыйлайды. Осы құрал оған таптырмас серік болып шықты. Жыңғыл таяқшаны тістеп алып, қалаған нүктесін түртіп, көкейіндегісін жыр қылып көшіре бастайды. Өлеңді жа­зады да хабарламамен достарына, туыс­тарына жолдайды. Олар қағазға түсіріп, әкеліп беріп отырады. Осы тұста, әсіресе, кенже қарындасы Жұлдыз көп қолдау көрсетіпті.

Жығылсам жастық болатын,
Жыр менің мәңгі жолдасым.
Тоқтаусыз жүрек толғасын,
Өзімді Алла, қолда шын, – деп өлең өл­кесіне аттанған азаматтың атын көп ұзамай ауыл аймағы ғана емес, тұтас Сыр өңірі танып, мойындайды.Көбіне өлеңіне арқау болатыны – тағ­дыры, махаббат, өмірге деген, сұлу­лыққа, тазалыққа деген махаббат. Өкінеді, ашы­нады. Бірақ соңында уайымды жеңіп сілкінеді, жігерленеді.

Мұқағалидың:
«Құлағыма сыбырлап «Құран» оқып, иектейді мені де «Қара кісі», – дегеніндей, ұйқастардың көкірегіне ғайыптан келіп құйылатын кездері бар. Дер кезінде түртіп қоюға дәрмені келмей қалып, жоғалып кетіп жатқан шумақтар қаншама.
Кербез де кердең керілер,
Уақытым жоқ ерігер.
Тарыдай анау несібе,
Еңбекпен ғана терілер.
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешіп,
Қатқан нанды кемірер.
Қайғысыз, мұңсыз, қас жаман,
Қара суға семірер.
Жүргеннің сәні осы деп,
Жандар бар көзсіз желігер.
Құр өткізбе өмірді,
Басыңа бір-ақ берілер, – дейді ақын.
2011 жылы Аббас Камаладдин деген ауыл азаматының демеушілік етуімен, «Сыр бойы» газеті редакторының орын­басары Дүйсенбек Аяшұлының редак­торлығымен «Тағдырымның жанары» атты тұңғыш жинағы 500 данамен оқыр­ман қолына тиеді.
2011 жылы Алматыда мүгедектер ара­сында тағайындалған «Самғау» сый­лығы үшін болған сайыста бірінші орынға ие болған. Ақын Шөмішбай Сариевтің қолынан диплом алған.

Жаңа «Тас жарған» атты жинағын биыл ақын Маралтай Райымбекұлы шы­ғарып бермекші.
Былтырғы жылы «Шабыт» фестива­ліне қатысты. Алайда бағасын ала ал­мады.
Жыр жорғасы мен едім,
Жырлайын жұртқа ұнамды-ай.
Батасын берді түсімде,
Ақын атам Тұманбай, – деп жырлаған Нұрмұхаммедке Тұманбай ақын атындағы сыйлықты ұсынғанда «Шабыттың» қоржыны ортайып қалмас еді-ау деген ой келді бізге.

Жарым болса екен деп қиялдаймын
Аузымменен сурет салып, атқа мі­нем,
Екi жүз елдің астанасын жатқа білем.
Шахмат, дойбы айқас тақтасында,
Жеңіс үшін нақ жүрем, нақпа жүрем.
Қатарыммен әліппені ашпасам да,
Төрт амалға қиналам несіне мен.
Қиналғанда Құдайым шабыт беріп,
Өлеңді қыл арқанша есіп өрем.
«Жігітке жеті өнер де аз» деген ғой,
Бойыма сыйғанынша көсілер ем.
Әттең-ай, аяғымнан бір тұрғызса,
Тағдырдың бар иттігін кешірер ем.
Жарым болса екен деп қиял­даймын,
Шай беретін көңілдің хошыменен.
Таласып менің құйттай бақытыма,
Тағдырым не сұрайды осы менен?

«Өзімді таныстыру» деп аталатын осы төрт-ақ шумақ өлеңге ол басындағы шер­менде күй мен асқақ арманын сый­ғызған.
Иә, оның басты арманы – өлеңдерінің өлмес мұраға айналуы. Екіншісі – со­ңында із, тұяқ қалдыру. Бір ғажабы, Нұр­мұхаммедтің ұрпақ сүюге қабi­леттелігі аса жоғары көрінеді. Қызы­лордадағы об­лыстық диагностикалық орталықта тексерістен өткенде, дәрігерлер ұрпақ сүю мүмкіндігі он екі мүшесі түгел азамат­тардан артық болмаса кем емес екенін айтыпты.
Ендігі арманы – өзінің жан дүниесін түсінетін бойжеткенмен көңіл жарас­тырып, ұрпақ сүю. Әрине, медицинаның қазіргі заманғы жетістіктерін пайдалана отырып.

Жаралы жанымды ұғар жар кездессе,
Жұлып берем жүректегі қызғалдақты, – дейді өзі.
«Әрине, досым, менің бұл арманым ас­пандағы айды қалаған әпендiнің тірлігі шығар. Менің жан дүниемді бағалайтын, тәуекелге бел буатын жан табыла қоя ма? Осы сауалды өзіме-өзім күніне мың рет қоямын» дейді Нұрмұхаммед. «Бірақ үмі­тімді үзбеймін. Келер күннен күтерім мол. Бір Алланың шексіз құдіретіне сенемін» дейді сосын.
Тағы бір арманы – республикалық деңгейде шығармашылық кешін өткізу. Ондай кештер ауданда, облыс орталы­ғында ұйымдастырылған көрінеді.

Түйін

Нұрмұхаммед көбіне жылқының суретін салғанды жақсы көреді екен. Ылғи кісінеп, тұяғымен жер тарпып тұр­ған тұлпарды кескіндейді. Бұны іште қайнап жатқан рухтың көрінісі деп ұғуға болар. Ол қазір төрт аяғы бірдей кісендеу­лi сәйгүліктей. Тұлпарға бұ­дан ар­тық қорлық бар ма? Шерменде тұлпар тұ­сауды быт-шыт қылып үзіп, тұя­ғымен дала төсін дүбірлете, көсіле шап­қысы ке­леді, жұлдыздай аққысы келеді.
Ойымды ашық білдіріп,
Түйінді жіптен шешілем.
Қашанғы тұсау саласың,
Босатсаң тағдыр кешірем, – дейді.

Иә, тағдыр оны қанша сынаққа салса да, оның жұдырықтай жүрегі соншалықты кешірімшіл. Тіршілікке деген махабба­ты шексіз.
«Қамбар, сенің пікіріңше, мен бағын­дырар қандай биік бар? Сен ақылшым болшы. Осы өнерім мені алысқа самғата ала ма? Алдағы күнімді ойлап, шар­шаймын. Сырымды саған аштым. Түсін» деп хат жолдапты жақында.
Осы орайда болмысы бөлек ақын жігітке көптің көмегі керек. Біріншісі – республикалық деңгейде кешін өткізу. Жаңа кітабы жарық көрмекші жақында, Маралтай ағасы баспаға дайындап жатқан көрінеді. Аталған кешті осы жинақтың тұсаукесерімен жымдастырып жіберсе де болар еді…

Тісімен таяқша тістеп, ұялы телефон арқылы өлең жазған, кітап шығарған жан әзірге жоқ шығар. Ендеше Нұрмұхаммедті Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге неге әрекеттеніп көрмеске. Бұл – екінші мәселе.
Үшіншісі – ұрпақ сүйсем деген ар­манының орындалуына қолдау көрсету. Бәлкім, Нұрмұхаммедпен көңіл жарас­тырып, перзентті болғысы келетін ару табылып қалар. Осы үш мәселеге көп болып жұмылуымыз керек сияқты.

Қамбар АХМЕТОВ
(Суреттерді түсірген автор)

Айкын