Қазақстаннан – Қазақ еліне дейінгі жол қандай болмақ? Қазақстандықтар біртұтас қазақ ұлты болуға дайын ба? Қазақ тілін білмейтіндер ел патриоты бола ала ма? «Айқын» газетінде бас қосқан Мәжіліс депутаттары, жас саясаттанушы әрі ғалымдар осы сауалдар төңірегінде ой толғап, өз ұсыныстарын жеткізді.
«Айқын»: – Құрметті қонақтар, Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы Жолдауында айтылған «жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымы «қазақстандық ұлт» болудың жалғасы ма, әлде Қазақ елі болудың бастауы ма?
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі:
– Бұл, әрине, Қазақ елі болудың бастауы. Елбасының биылғы Жолдауында қазақ халқының көптен күткен ойы айтылды. Бабаларымыз тірі болу үшін күрессе, біз ірі болу үшін күресеміз. Ұлт ірі болуы үшін әрбір қазақ ірі болу керек. Ірі болу – өзіңді-өзің тану, өзіңді-өзің мойындау, жұртқа мойындату. Әр қазақ өзінің Алаштың ұрпағы екендігін мойындауы һәм терең сезінуі керек. Бүгінгі күні жетіп жатқан жетістіктерімізбен бірге жүрегімізді ауыртатын, қынжылтатын нәрсе – әлі де болса кейбір қандастарымыздың қазақ тілін мойындамауы. Кез келген патриотизмнің басында тіл тұрады. Қазақ қана өзінің тілін «ана тілім» деп атайды… Дана халқымыз: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, оның қарызын өтей алмайсың» дейді. Яғни кез келген перзент анасының алдында борыштар. Сондықтан ана тілімізді құрметтеп, оның дамуына атсалысуымыз керек.
«Тілдер туралы» заң қабылданған 23 жыл ішінде өзінің санасын оятып, кім екенін әлі де тани алмаған әрі ұлтын мойындай қоймаған азаматтардың көзін ашып, өмірге деген немқұрайлығын өзгертудің жолын ойлап табуымыз керек. Бұған дейінгі мақтанышымыз ешқандай мақтанышқа жатпайды. Керемет көлік мініп, жақсы киінгенмен адамның рухы биік, ұлттық ұстанымы жоғары болмаса қиын. Рух тілмен оянады. Елбасының 2006 жылы да мемлекеттік тілге қатысты айтқан «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн» деген сөзді биылғы Жолдауында тағы да қайталады. Соны ұғынып, енді қайталатпай іске асыру керек.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі:
– «Қазақ елі» ұғымы Президент аузымен жай ғана айтылған сөз емес. Бұл – ғылыми негізден өткен, сарапталған, болашаққа үлкен бағыт ұстанған Елбасының бастамасы. Сан ғасырлар бойы азаттықты аңсап, қиындықты бастан кешкен, ешкімге қиянат жасап көрмеген ата-бабаларымыз бен қазіргі ұрпақ арасындағы сабақтастықты үзіп алмай, керісінше, дамыта түсу үшін ұсынылып отырған бастама. Қазақ елі дегеніміз – мемлекет құрушы қазақ ұлты. Ата-бабаларымыздың бұрыннан көксеген біртұтастық жайын айтар болсақ, онда тілдің, діннің тұтастығы мен жердің, ұлттың тұтастығының негізінде Қазақ елі көкке самғайды. Оның ішінде айтылып отырған басты мәселе – тәуелсіз сана қалыптастыратын ұрпақ тәрбиелеу. Алаш жұртынан бастап, барша ата-бабаларымыздың арманы не еді? Осыны ұғынып алған абзал.
Әр халықтың бақыт шекарасын айқындайтын өлшемдер бар десек, оның ең біріншісі – тілі, екіншісі – асыл діні, үшіншісі – ащысы мен тұщысы араласқан тарихы. Міне, осы кезеңнің бәрінен өттік. Мәселен, ашаршылық заманын бастан кешірсек, оны кек сақтау үшін емес, ол қайталанбас үшін, сабақ болуы үшін айтылуға тиісті. Кешегі Желтоқсан көтерілісін де жоққа шығара алмайсың. Бұл мүмкін емес. Оны біз жоққа шығарсақ, бүгінгі күнді де ертең біреу жоққа шығаруы мүмкін. Ұрпақтар сабақтастығын тарқатсақ, ашаршылық, нәубет жылдары қырылған ата-бабаларымыздың саны 42 пайызға жуықтаса, тәуелсіздік алған кездегі қазақтың саны да 42 пайызға жуық болған екен?! Бүгінгі таңда 20 жылдың ішінде дамыған, экономикасы қалыптасқан елдің қатарына кіріп жатырмыз. Бүгін елімізде қазақтың саны 70 пайызға жуықтап қалды.
Екіншіден, Президенттің өзі: «Қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз үш тілдің бірі емес, бірегейі» деген еді. Міне, біздің ұлт болып ұйысуымыздың тілі – қазақ тілі. Ол – бірлік тілі. Ағылшын тілі – дамудың, әлемдік технологияларды игерудің тілі. Орыс тіліне ешкім қысым жасай алмайды.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
Мәжіліс депутаты:
– «Қысым жасамау» дегенді түсіндіріп айту керек. Конституцияның 7-бабында анық жазылған: «Қазақстан елінде мемлекеттік тіл – қазақ тілі». Осыны ұмытпауымыз керек. Мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілінің де қолданылатыны жазылған. Бірақ Ата заңның 7-бабының 1-тармағын қазақтар басшылыққа алуы керек. Қазақ үшін ана тілі де, мемлекеттік тіл де – қазақ тілі. Осыны қоғамға түсіндіре алмай келеміз.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:
– Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұлы сөздерін ұқпайтын, құлдық санадан шықпайтын, шайнап берсе жұтпайтын аға буын өкілдері бар. Болашақта Қазақ елі толық қалыптасады. Барша жұрт қазақ тілінің аясында ұйысады.
«Айқын»: – Президент өз Жолдауында «Түбінде Қазақ елі боламыз» деді. Келекшектегі Қазақ елінің бүгінгі Қазақстаннан қандай айырмашылығы болады? Қазақ елі болудың қандай көрсеткіштері бар? Осы сауалды жастарға қойсақ.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы Білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері:
– XXI ғасырда қазақ халқы 2050 жылға бағытталған стратегиясында «Қазақ елі мәңгілік» деп жазды. Бұл арада Орхон-Енисей жазбаларында: «Түркі елі мәңгілік» деген ұран бар. Біз соны оқыған кезде бұл бір архаикалық заманның дүниесі болып көрінетін. Сақтар заманынан басталған
5 мың жылғы тарих – қазақтар тарихы… Ұлтжанды патриот азаматтар қалыптастыру үшін Назарбаев зияткерлік мектептері әлемдегі озық елдердің тәжірибелерін қарады. Оның ішінде, Жапония, Сингапур, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер бар. Мысалы, Жапонияда құндылықтар білім беру бағдарламаларынан орын алған. Сингапурда білім беру бағдарламасында балаға қандай ұлттық құндылықтар берілетіндігі анық жазылады. Онда еңбексүйгіштік құндылығына көп басымдылық беріледі. Жеке мүдденің қоғам мүддесінің алдындағы төмендігі айтылады. Яғни елінің мүддесі сингапурлық азаматтың мүддесінен әрдайым жоғары болатындығы математика, «Сингапур тарихы» немесе «Қытаймен байланыс тарихы» сабағында да толыққанды берілген. Жапонияның өздерінің дәстүрлеріне соншалықты беріктігі: 6-сыныпқа дейін олар өз дәстүрін халқының қаншалықты жауынгер, батыр болғандығы туралы хикаялар, эпостардан сіңіреді. Ал одан кейінгі сыныптарда заманауи барлық пәндерді оқыған кезде жас ұрпаққа жапонның қаншалықты мықты екендігін мойындатып, нақты тәлім берілгендігін көрдік. Ұлыбританияда Черчилльдің британ тарихына қатысты қаншама еңбектері бар?! Соның барлығын оқушылар сол мектептерден сусындап алады.
«Айқын»: – Енді өз еліміздегі жағдайға оралайық. Қазақстанның мектептерінде патриотизм қалай оқытылады, қандай тәрбие беріледі?
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Phd докторы:
– Қазіргі қоғамда білім мен тәрбие бөлек беріледі. Патриоттарды тәрбиелеуде көбіне ұран, айқайы көп шараларға ден қойылады. Мысалы, Наурыз мерекесі, «Менің Қазақстаным» фестивалі, ақындар мүшәйрасы өтуі мүмкін. Біз бұл жүйеден басқаша кеттік. Біз білім мен тәрбиені ұштастырдық. Айталық, экономика пәнінде кәсіпкердің этикалық философиясын өтетін болсақ, Абайдың отыз сегізінші, сегізінші қарасөзін өтеміз. Егер Қазақстан тарихындағы ХІХ ғасырдың аяғындағы болыс, би кезеңін қарайтын болсақ, біз тағы Абай дүниетанымына жүгінеміз…
Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, қазіргі әлемдегі Қазақстан сияқты бес пән тек қана қазақ тілінде оқытылады. Бір жыл оқыған орыс баласының қазақша сөйлей бастаға-ны мені қуантады. Өйткені мені қазақ ұлты ретінде сыйлайды. Ол «қазақ тілі қиын» деген контекстен кетті. Оны үйренуге болатынын түсінді.
Ал физика, биология, химия, жаратылыстану сияқты пәндер ағылшын тілінде өтеді. Себебі бұл пәндердің ресурстары, осы ғылымдар бойынша Нобель сыйлықтарының еңбектері – ағылшын тілінде. Қазақ баласы ағылшыннан аудармасын емес, нақты ағылшын тіліндегі түпнұсқасын түсінетіндей болуы керек… Біз балаларға Алаш зиялыларының еліміздің қазіргі жерінің сақталып қалуына рөлі зор екенін айтамыз. Өйткені балалар үшін тәуелсіздігіміз – ең үлкен құндылық. Біздің халқымыздың ар-намысы – ең басты құндылық. Үлкенге құрмет – зор құндылық. Енді біз қазақ халқының әл-Фарабиден бастап, бүгінгі күнге дейінгі ақын-жазушыларының барлық шығармаларындағы ұлттық құндылықтар тақырыбын зерттеп жатырмыз.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
Мәжіліс депутаты:
– Қандай қиындықтарың бар?
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Phd докторы:
– Бұл мектептер Елбасының бастамасымен құрылып жатқандықтан, барынша қолдау көрсетілуде.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
Мәжіліс депутаты:
– Мұның барлығы жақсы. Бірақ мектептердің орыс тілінде сөйлейтіні тағы да жасырын емес. Немерем қазақ сыныбында оқиды. Ата-аналар жиналысына өзім барамын. Жиналыстар, негізінен, орыс тілінде өтеді. Бұл – тек Астанадағы жағдай емес. Көп қалалардағы жағдай осындай деуге боларлық.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Phd докторы:
– Біздің бір байқағанымыз, балалардың білімге ұмтылысы зор, олардың арасында бауырмалдылықты дамыту мақсатында оқушылардың өзін-өзі басқаруын «Шаңырақ» қауымдастығы негізінде құрдық. Бір шаңыраққа екі сынып, 9-ншы және 11-сынып кіреді. Үлкен сынып кішісіне қарайды.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:
– Елбасы әскерилермен кездескенде, Елтаңбаны былай түсіндіреді: «Мынау жұлдыз – бұл әскер, сендерсіңдер. Мынау шаңырақ – бұл біздің ортақ үйіміз, мемлекетіміз. Ал мұның бәрін біріктіретін тіл, мемлекеттік тіл!» дейді. Мұны әскерге айтып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, біз сол шаңырақтың астында тұрып алып, оның не екенін сұраймыз. Өкінішке қарай, министрліктерден шығып жатқан оқулықтардан бастап, атқарылып жатқан іс-шаралардың барлығы орыс тілінде.
Жақында 9-сыныпқа арналған «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» оқулығын қолыма алдым. Тарихты тайғақтамай, айғақтап жазуымыз керек. Айтуға ұят, тарих оқулықтарында үш сантиметрдің көлемінде мәлімет берген батырларды жазып қойған. Мәселен, Әбдіғаппар Жанбосынұлының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқаны жазылған. Ал интернеттен іздесеңіз, оның Ахмет Байтұрсыновтың туысы екені анықталады. Соның бәрін неге оқулықтарда толықтай жазбасқа?! Екінші айтар мәселе, жалпы біз есігінің алдында екі мая шөп тұрса, соны ұрлап бара жатқан кісіге айыр адалбақан алып жүгіргеннің бәрін батыр қылудан арылуымыз керек. Би болса, бидің сөзі қалуы керек. Хан болса, хан жайлы тарихта мәлімет сақталуы керек. Мәселен, Орынбордан Махамбет батыр туралы деректер шықты. Оның бойы 2 метр 5 сантиметр болғаны айқын жазылған. Ал Әйтеке бидің Самарқанд мұрағатынан 1698 жылы испан суретшісі Хуан Харрис түсірген суреті табылып отыр. Әйтеке бидің келбеті қандай болған?! Сол сияқты Испаниядан Жалаңтөс Баһадүрдің суреті табылды. Қазіргі оқулықтарда олардың бейнесін бұрмалап салады. Өздерінің тарихи суреттері бар ғой?! Соларды жас ұрпаққа шынайы көрсете білуіміз керек. Айтулы тарих оқулығында Сергей Луганский, Талғат Бигельдинов, Бауыржан Момышұлы, Қажымұқан Мұңайтпасов, Бақтыораз Бейсекбаевқа бір бет беріп қойыпты. Қасым Қайсенов туралы толық мәлімет жоқ. Ол соғыс майданында да, еңбек майданында да қаншама тер төкті, тәуелсіздік жылдары қаншама еңбек етті?! Артынан қаншама мұрасы қалды?! Сондықтан оқулықтарда қазақ батырлары ұсақтанбай, тұтастануы керек. Әйтпесе біз кім үшін тарихты жазамыз? Осындай тұлғаларымызды жас ұрпаққа үлгі етпесек, кімді көрсетуіміз керек? Тарихы түгенделмеген оқулықтарды көрген баламның өзі: «Мұндай кітаптарды оқығым келмейді» дейді, мен одан: «Сені не қызықтырады?» деп сұрасам, ол маған: «Тарих оқулықтарында қазақтың ылғи біреудің қол астында болғаны ғана жазылады. Мен ондайды көз алдыма елестеткім келмейді, оны ұққым да келмейді» дейді. Сондықтан біз кейбір көтерілістерде қазақ жеңілсе де, онда үлгі боларлық тұлғалар мен олардың арпалысты тағдырларын жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде дұрыс жеткізе білуіміз керек.
Бақытжан НАРЫМБЕТОВ,
«Жас Отан» жастар қанатының өкілі, саясаттанушы:
– Тағы бір айта кетерлігі, шетелдіктердің ешбірі бізді қазақстандық деп атамайды. Спорт арналарын көрсек, олар біздің спортшыларды «қазақтар» дейді. Біз өз ішімізде өзіндік мәселені қолдан туындатып жатқан сияқтымыз. Мәселе – ұлттық идентификация мен жауапкершілікте жатыр. Дэн Сяопин бір сөзінде: «Мысықтың түсі қандай болса да, бәрібір емес пе, бастысы – оның тышқан аулауында» деген еді. «Біз қазақстандық ұлт боламыз ба, қазақ ұлты боламыз ба?» деп дауласпай, ең бастысы, өзіміздің стандарттарға сай ұлттық дәстүрімізді, тілімізді дамытып, әрбір қазақ баласы, ол орыс не қазақ мектебінде оқи ма, өз бойына ұлттық дәстүр мен тілін сіңіре алса, жеті атасын білсе, сонымен қатар әке-шешелері оларға жеті атасының қандай қызмет атқарғандарын жеткізсе, осындай отбасылық институттар қалыптасса, бұл жарқын болашақ кепілі емес пе?
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:
– Мен осы уақытқа дейін «Жас Отан» ұйымдастырған бірнеше жиынға қатыстым. Өкінішке қарай, байқасам, «Жас Отанның» көптеген шаралары демеушілік арқылы ғана жүзеге асып жатыр. «Нұр Отан» партиясы үлкен шараларды қаржылай демеп, қажеттіліктерін өтеп береді. Меніңше, жастарды барынша демеу керек. Күні кеше әріптесіміз Мұрат Ахмадиев: «Менің балаларым қазақ мектептерінде оқып, грантқа түсті. Жалпы, ұйғыр балаларының мемлекеттік жұмысқа тартылуы жағынан саны көбейді» дейді. Бізде тәжіктің болсын, ұйғырдың болсын, тілінде сөйлейтін жұмыс жоқ. Сондықтан біз Қазақстанда тұрып жатқан азаматтарды шектемей, мемлекеттік тіл қамқоршы, болашағының нұсқаушысы ретінде, барша қазақстандықтарды ұйыстыратын тіл есебінде алға жылжытуымыз керек.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
Мәжіліс депутаты:
– Шыны керек, кезінде менің замандастарым қаншалықты керемет ұйымдастырушы болса да, мемлекеттік қызметке бара алмады. Сондағы олардың негізгі кемшілігі – орысша білмегендігі. Сендердің маңдайларыңның бағы бес елі! Министрліктерде 90-98% қазақ жастары.Бүгін бірде-бір министрдің, жауапты хатшының аузынан естімеген сөзді, сендерден, жастардан естіп риза болып отырмын. Бірақ бұл – арман. Соны жүзеге асыру үшін жұмыла кірісейік. Атқарушы органды осы жұмысқа бағыттайық. Өйткені қазір мектептерде қазақ тілін білмейтін болашақ министрлер мен депутаттарды оқытпайық.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Phd докторы:
– Ұлттық тәрбиенің бір көзі – мұражайларда. Бізде мұражайларға тиісті ақша бөлінбей ме, әлде жұмысы дұрыс қолға алынбаған ба, әйтеуір, өте жұпыны көріністі көреміз. Мәселен, АҚШ-қа барып аштықтан қаза тапқан еврейлердің мұражайына кірсеңіздер, әлемде еврейден асып аштық көрмеген халық жоқ сияқты. Ал қазақ халқы бір ғасырда қаншама зұлматты басынан өткізді. Мәселен, Алаш зиялыларына келсек, неге «Мадам Тюссо» мұражайы сияқты қайраткерлеріміздің бейнесін балауыздан жасап қоймасқа? Оған қаражат жоқ емес, бар. Мәселен, Париждегі Лувр мұражайында болғанымда, өзіміздің мұражайларымыз көзге елестеп, ұялып кеттім. Бізде қалыпты көрініс: бір қазақтың көйлегін іліп қояды, бірен-саран құралдар.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты:
– Айналайын, дұрыс, айтасың. Менің де айтып жүргенім, бүкіл әлемнің тең жартысы бұтында лыпасы жоқ, жапырақ жамылып жүрген кезде біздің ата-бабаларымыз «Алтын адам» болған. Оның әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ежелден келе жатыр. Ғұннан қалған ғұрпы, сақтан қалған салты ежелден келе жатыр. Сондықтан мұражайдағы дүниелердің бәрі бүгінгі заманға сай болуы керек. Жастарға айтылатын басты мәселе: бүгінгі күнге – біз, ертеңгі күнге – сіздер жауаптысыздар! Тәуелсіз саналарың болуы керек. Былтырлары Парламент өкілдері Украинаға барған кезінде, орысша жазылған құжатты қабылдамай қойды. «Қазақстанның мемлекеттік тіліндегі құжатты қабылдаймыз!» деп талап етті. Әуре-сарсаңға түсіп, құжатты қазақ тілінде дайындап берген. Ал біз неге өз тілімізді мойындамаймыз?
Бақытжан НАРЫМБЕТОВ,
«Жас Отан» жастар қанатының өкілі:
– Менің ұсынысым, қазір байқасаңыз, жастар мен аға буын арасында бір ор бар сияқты. «Жас Отан» жастар қанаты биылғы жылды «Ауыл және жұмысшы жастар жылы» деп жарияладық. Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту мақсатында барлық аймақтарда кездесулер ұйымдастырмақшымыз. Біздің нақты ұсынысымыз, орыстілді жастар арасында қоғам қайраткерлерімен қазақ тілінде кездесулер ұйымдастыру.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ,
Мәжіліс депутаты:
– Өте дұрыс. Қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдыруымыз керек. Бүгін орыстілді мектептерде қазақтың баласы қазақша бір сөз білмейді. Осы отырған алтауымыз қазір кез келген орыс тілінде оқытатын мектептерге барайық. Егер орыс мектебінде 7-сыныпқа дейін бір бала бір қазақша сөз білсе, бұл сөзім өтірік боп шығар. Ал сол сыныпта отырған 25 баланың 23-і – қазақ. Ең өкініштісі, олар қазақша білгісі де келмейді! Өйткені, олар – өздері сөйлей алмай тұрған биіктегі ағаларыңның балалары, немерелері. Бұлар ана тілін білмегеніне ұялмақ түгілі «қазақпын» деуге намыстанады…
Ал енді құр сөзден іске көшейік! Білім және ғылым министрлігі істемеген жұмысты сіздер алға бастырыңыздар. Олар үшін қазақ тілі – 20 пәннің біреуі ғана. Қазір бастауыш сынып оқулықтарын қарап отырсаң, оған Абайдың, жыраулардың ересек адамдар түсінетін шығармаларын енгізген. Бір ата-ана: «Баламның 1-сыныпта оқитын кітабындағы қазақша сөзді қазақ мектебін бітірген мен түсінбедім» дейді. Еш байланыспайтын тақырыптар берілген. Орыс тілінде оқитын балалар шын мәнісінде нені білуі керек? Оқытумен қатар, тәрбиені қалай береміз? Тәрбие сол оқулықтың ішінде болуы керек. Әл-Фараби «Балаға білімнен бұрын тәрбие беру керек» деп айтқан. «Жас Отан» арқылы осыны қолға алып, бағдарлама әзірлеуге жастарды жұмылдырсақ, нұр үстіне нұр емес пе?! Оны депутаттармен бірге талқылап, Білім және ғылым министрлігіне ұсынайық. Барлығымыз бір жерге жиналайық. Күзде оқушылар қайта қате оқулықтармен емес, біз қалаған оқулықтармен оқуы үшін әрекет етейік! Осы бағытта нақты жұмыстар болса, бірге атқарайық.
Қазір сендердің замандарың туды. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тілін жастар арасында сән тіліне айналдыруға тиіспіз. Қазір кез келген билік дәлізіне барсаңыз, «сәлеметсіз бе» деп амандасатын бір қазақты көрмейсіз. Қазақ тілін қалай сәнге айналдырамыз? Осының моделін жасаңыздар.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Phd докторы:
– Қазір жастардың барлығында айфон, айпад бар. Сол ресурстарды қазақ тілінде сөйлету керек. Бізде барлық сөздерді сапасыз аударып, қиын сөздерді тауып алады. Соның салдарынан қазақ тілі архаикалық, оқуы қиын тіл сияқты көрінеді. Қоғамда бір пікір бар: қазақ тілін білмесем де патриотпын, еліме еңбек етуім мүмкін деген. Бұл дұрыс емес. Қазақ тілін білмей, патриот боламын деген ой ешқашан қалыптаспауы керек. Қазақ тілін білмесең, патриот емессің!
– Әңгіме, ұсыныстарыңызға рақмет!
Дайындағандар Кәмшат ТАСБОЛАТ,
Айжан КӨШКЕНОВА
http://www.aikyn.kz/