АСТАНА. 25 ақпан. Baq.kz – Латын алфавитін қабылдау атажұрт пен шет елдердегі қазақтар арасындағы тілдік алшақтықты азайта түседі. Түркиядағы Мимар Синан университеттің профессоры, шоқайтанушы Әбдуақап Қараның пікірі осындай.
«Егер Қазақстан латынға көшсе, біз кирилл әліпбиін қолданатын атажұрттағы қандастарымызбен шет елдердегі қазақтардың (соның ішінде Түркиядағы қазақтардың) бір-бірімен байланысуы жеңілдейтін болады деп аз ғана топтың мүддесі үшін қуанбаймыз. Жаһандық деңгейде қарайтын болсақ, Қазақ елінің Тәуелсіз мемлекет ретінде өзгелермен терезесі теңесу жолында латын әліпбиін қабылдауы, дұрыс шешім болады», — дейді профессор.
Оның пікірінше, бұдан басқа жол жоқ. Осы арқылы туыстас түркі халықтары өзара жақындаса түседі. Одан кейін, келешек жастардыкі екенін ескерсек, атажұрт пен шет елдердегі қазақ жастарында қазіргідей тілдік алшақтық мәселесі болмайды. Бұл бір ұлттың айрандай ұйысып, тез түсінісуіне әкелетін игі бастама. Заманауи технологиялардың тілін игеруде де бірқатар ілгерілеушілік орын алатыны сөзсіз. Ал қазіргі таңбалану жүйесі қазақтың мүддесіне сай емес. Орыс тіліне кіріптарлыққа мәжбүрлейді. Жалпы, ғылыми техникалық прогресс қарышты дамыған қазіргідей қоғамның өзінде ана тіліміз қолданамын деушілердің тақиясына тар келмейді. Тек, таңбалаудың ерекшелігін дұрыс таңдай белсек болғаны. Яғни, латын әліпбиін қабылдау арқылы өркентиетке жақындайтындығымыз сөзсіз.
Ал енді латын әліпбиін қабылдаған жағдайда оның қай үлгісіне тоқтаған жөн. Оны атажұрттағы тіл мамандары едел-жедел шешіп, тиімді нұсқасын тездетіп ұсынғаны құба-құп болар еді.
Н.Досыбай
http://www.baq.kz/news/23790