Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Жақында жасы шамамен 60-қа таяған, күнделікті нәпақасын такси айдап тауып жүрген бір қазақтың мұңын тыңдауға тура келген еді. «Жасым зейнетке таяған кезде жұмыс таба алмай дал болып жүрмін. Жас кездегідей ауыр жұмысқа бел шыдамайды. Мекемелердің біріне күзетші болып кіріп алайын десем, қазір барлық жерде жасы 20 мен 30-дың арасындағы тепсе темір үзетін жастар күзетші болып жүр. Құдай-ау, шлагбаумды ашып-жабу үшін де жас адам болу керек пе? Жас кезінде бейнет етіп, білек күшін сарқитын орындарға неге бармайды? Сонда біз не істеуіміз керек? Біздің кезімізде бәрі басқаша еді. Алдымен зауытта слесарь болдым. Ол кезде жастар ауыр жұмыс істейді, ал білегінің күші тарқай бастағанда жайлап жеңілдеу жұмыстарға қарай ығыстыра бастайды. Ақыр соңында зейнетке күзетшілік қызметтен шығып кететін», – деп шерін тарқатты. Әрине, сөзінің жаны бар.
Айналып келгенде, кадрлық тапшылыққа душар болып жатамыз. Жалпы, біздің жастар қазір қайда, қандай істердің басы-қасында жүр? Қазақстан жастарының басын қосса, жер қайысқан қол шығарына күмән жоқ. Дегенмен соның басын қосып, «қол» жасай алмай отырғанымыз анық. Академик Асқар Жұмаділдаев айтпақшы, қазақ жастары қазір әншілік пен журналистиканың айналасынан аса алмай жүр. «Топталып алып сызылып ән салып жүрген жастарды ауылға жинап алып, жер жыртқызса, шіркін!», – депті ғой бүгінгінің бір диқаншысы. Сол айтқандай, жастардың бойындағы жігер мен білекті неге пайдалана алмай жүрміз? Біздіңше, бұл мемлекеттік деңгейдегі ұйымдастырушылықтың әлсіздігінен.
Жыл сайын мемлекет 35-40 мың жасқа мемлекеттік грант тағайындайды. Студенттердің төрт-бес жылдық оқуына мемлекеттен қыруар қаржы бөлінеді. Ресурстық жағынан бұл жақсы көрсеткіш. Алайда қазір қай салада болса да жөні дұрыс кадр таппай әлектеніп жатамыз. Мемлекеттің қаржысына оқу бітіргендердің айтарлықтай бөлігінің білім көрсеткіші нашар, іске алғысыз болып шықса, қалғаны коммерциялық жобаларды жағалап кетеді. Әсілінде, оқу ақысын, жатақхана, шәкіртақысын төлеп тұрған мемлекет оның жұмыс табуына да әсер ете алуы керек еді. Әсіресе мемлекеттік мекемелер маман тапшылығына ұрынбау керек. Өйткені сан мың студент мемлекеттің ақшасына оқу бітірді. Өз кезегінде мемлекет те өзі оқытқан жастардың жұмыссыз жүрмеуіне жауапты болуға тиіс.
Бүгінде күні «артық маман» атанып жүрген жұмыссыз жастардың орын табуына әсер ететін екі жол бар. Оның бірі – жұмыс таба алмай жүрген жастарды қысқа мерзім ішінде қайта даярлау курстарынан өткізу. Бұл – қысқа мерзімді, таяу арада атқарылатын шара. Соңғы бес-алты жылда экономист, заңгер мамандықтарын бітіріп алып, не жұмыс, не білім жоқ, бос жүрген жастардың көбі басқаны былай қойғанда, қара жұмысқа да кет әрі емес. Жоғары білімді құрылысшы деген тіркес бүгінгі күннің қалыпты құбылысына айналғалы қашан. Ендеше, осы жастардың басын қосып, бір жұмысқа жұмылдыратын ірі жобалар керек-ақ. Елімізде дәл қазір жүзеге асырылып жатқан жобалар аз емес. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мегажобасы, түрлі құрылыстық бағдарламалар бар. Алдағы уақытта Астанада EXPO-2017 көрмесінің ұйымдастырылуы жұмыс күшіне деген сұранысты арттырады. Осы уақытқа дейін «Жасыл ел» бағдарламасы еліміздегі талай жастардың екі қолына бір күрек тауып берді. Бәлкім, осы негізде бірнеше бағытта бағдарлама болғаны дұрыс шығар.
Екіншіден, болашақта осы кадрлық жүйесіздікті болдырмау мақсатында «артық мамандықтарға» грант бөлуді біржола қысқарту. Кеңестік кезеңде кадрлық бағдарлау мәселесі ерекше қолға алынғаны белгілі. Мамандық мәселесінде жүйесіздік орын алмау үшін алдағы жиырма, отыз жылда қандай мамандықтарға сұраныс болатыны анықталуы қажет. Қазір бұл міндет Білім және ғылым министрлігінің аясына кіреді. Алайда ол осы міндетті қалай жандандырамыз?!
Ал мемлекеттік грант тарату жүйесі кепілдік грант жүйесіне өтуге тиіс. Мәселен, оқуын аяқтаған жас маман белгілі бір уақыт аясында мемлекет көрсетіп берген қызмет орындарында жұмыс жасауға тиіс. Ал ерікті түрде бас тартса, оқуының ақысын мемлекетке қайтарып бергені жөн.
Жастардың интеллектуалды және физикалық потенциалын пайдалану үшін жүйелі жоспар керек. Мұны Білім және ғылым министрлігі жалғыз жүзеге асыра алмайды. Бәлкім, бұған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік көмекке келуі керек шығар. Қалай десек те, 50 пайызға жақындап қалған жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін қолға алу керек. Жыл сайын бұл мәселеге көңіл бөлініп жатқаны айтылады. Алайда жұмыссыздық соңғы екі жылда ары кеткенде 5 пайыздық көрсеткішпен ғана төмендеді. Бұл өте аз.
Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының Алматы филиалының хатшысы:
– Қазақстандағы жастардың жұмыссыздығы, расында, үлкен көрсеткіш. Бұл мәселеде ресми статистикаға назар аудара беруге болмайды. Себебі олар оқу орындары жасаған есепке жүгінеді. Ал оқу орындары өз рейтингін жоғары көрсету үшін нақты жағдайды жасырып қалады. Қазақстанда баланы өмірде жауапкершілікке тәрбиелейтін дәстүр жоқ. Ата-ана да, мемлекет те жастарға барлық жағдайды жасап беруге тырысады. Мемлекет оқуының ақысын көтерсе, ата-анасы киім-кешегі мен тамағын мойнына алады. Осылайша жастар жатыпішерлікке бейімделеді. Сондықтан мемлекеттің оларға жасаған ең үлкен қамқорлығы жұмыс орындарын тауып беру болуы керек. Тіпті қара жұмысқа болса да міндеттеу керек. Қазақстандағы жол құрылысын, тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан компанияларға тендер тарату барысында қазақстандық жастарды да жұмысқа тарту мәселесін негізге алу керек. Алдағы уақытта Астана мен Алматы арасындағы теміржол құрылысы басталады. Оның жұмысын жүргізетін шетелдік компаниялар шетелдік жұмыскерлерді немесе мигранттарды қабылдап қоймай тұрғанда, жастарымыздың да жайын қазірден ескерту керек.
Санжар Боқаев, Алматы қалалық Жастар саясатын дамыту басқармасының бастығы:
– Жастар жағы мемлекеттік ірі жобаларға үлес қосып жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Барынша үлес қосып жатыр. Дегенмен жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі көңіл көншітпейді. Ал бұл мәселені шешу үшін жекеменшік секторларға да жастармен жұмыс жасасуын міндеттеудің жолын табу керек. Екінші жағынан, Білім және ғылым министрлігі заңгер, экономист, халықаралық қатынастар секілді мамандықтарға грант бөлуін қысқартуы керек, мүмкін, тіпті ақылы түрде оқуына да тыйым болу керек шығар. Өйткені бұл жастар ертең жұмыссыз қалады, сосын оларды қайта даярлаудан өткізу үшін мемлекеттен тағы ақша бөлінеді.
Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ
http://alashainasy.kz