АЛТЫНОРДА
Новости

Петропавл қаласын «Абылай ордасы» деп атасақ — оқырман пікірі

Ата-баба аманатына берік ұлттық мемлекет қабыр­ғасының сөгілмеуі Абылай батыр есімімен де байланысты. Абылай  үш жүзді 18-ғасырда  Жоңғария хандығы мен Маньчжур империясына қарсы күресте біріктіруде орасан зор үлес қосты. Жоңғарлар иемденіп алған жерлерді азат ету үшін күш-жігерін жұмсады. Қазақ мемлекеттігін сақтауға күш салып, көрші мемлекеттермен саяси, экономика, сауда байланыстарын нығайтты.

 

Академик В.Бартольд: “18-ғасыр­дағы хандардың ең құдіреттісі Абылай болды”, – деген. Абылай хан Петропавл қаласының салыну тарихында өзіндік рөл атқарды. Оның талабымен әулие Петр бекінісі қа­бырғасында Сібірдегі ірі жәрмеңке мен кеден ашылды. Казактардың дала тұрғындарының  малын тартып әкету және жер учаскелерін басып алу әрекетін тоқтату, басқа да маңызды мәселелерді талқылау үшін ханның ордасын салу қажет болды.
Ресей патшасының тапсырмасы­мен 1765 жылы Есіл өзенінің жоғарғы жағындағы Енқыстау тауында Петрдің бекінісі жанынан Абылай ханның Ордасы салынған. 2008 жылы қайта­дан  қалпына келтірілген Орданы ашу салтанатында Мемлекет басшысы  Н.Назарбаев: ”Халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері қазақ рухын қайта түлетудің алтын діңгегіне айналды”, – деген еді. Қы­зыл­жардың қырында Абылайдың жеке шаруашылығы болды. Абылай хан Ордасында маңызды мемлекеттік істерді атқарған. Сондықтан Пет­ропавл қаласын “Абылай сұлтан Ордасы” деп  өзгерту керек.   
Көршілес мемлекеттер өз елі­нің тағдырын анықтаған шешуші шай­қастардағы күнді ресми түрде мереке күні деп жариялаған. Біз үшін 1812 жылғы Бородино шайқасы,  1815 жылы А.Веллингтонның ағылшын-голланд және Г.Блюхер басқарған Пруссия әскерлері Наполеон армиясын талқандаған Ватерлоо  шайқасы, 1943 жылғы Сталинград түбіндегі же­ңіспен Аңырақай шайқасының маңызы бірдей. 1326 жылдан бастап 500  жыл бойы Азия, Африка, Еуропаны мекендеген халықтарды Османлы империясы езгісінде ұстаған түріктер бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін грек әскерінің қоластында қалды. 1922 жылғы 30 тамыз грек әскерін жеңген күнді түріктер ұлттық мереке – Жеңіс күні деп тойлайды.
1396 жылдан Османлы империя­сының езгісінде болған Болгария орыс-түрік соғысынан кейін  1885 жылы  ерікті ұлт мемлекетін құрды. Болгарияда 3 наурыз ұлттық мереке – Осман езгісінен құтылған күн.
Новгород земство старостасы К.Минин мен әскербасы Д.Пожар­ский 1612 жылы поляк-литва басқын­шы­ларынан Мәскеуді тазартты. Ресей 2005 жылдан бері  4 қарашаны  Әскери Құрмет күні – ұлттық мереке ретінде атап өтеді.
Бүгінгі күні Қазан төңкерісі, Кеңес үкіметін құру, екінші дүниежүзілік со­ғыстағы,  соғыстан кейін  шаруашы­лықты өркендетудегі ерен еңбектерді бағалау көмескіленіп барады. Қазақ елінің өз төл тарихы, мәңгі мақтаныш тұтуға лайықты ақберен боздақтары да жеткілікті.  Жаудан елді қорғап қалған азаматтар есімін дәріптеу, ұлттық намысты көтеру, ел бірлігін, жас ұрпақ кеудесінде мақтаныш сезімін тудыру – тарихи қажеттілік.
1730 жылғы 4 маусым қалмақ әскеріне тойтарыс берген біріккен қазақ жасақтарының “Аңырақай  шай­қа­сындағы” жеңісі күні – Ұлы Отан қорғаушыларының “ұлт-азаттық күні” деп аталса,  ел тарихына тағзым болар еді.
Н. Мұхаметқалиев

Халық сөзі газеті