Әйгілі «Транссібір экспресі» фильміндегі сай-сүйегіңізді сырқыратып, жаныңызды әлемтапырақ күйге түсіретін:
Өмірге ерте туып асыға өскен,
Дүниеге адам қонақ түней көшкен.
Ер туып, ел қорғаған ата-баба,
Бұл күнде ізі жатыр, тозаңы өшкен…
– деп, ен даланы шарлап, дарқан дүниені дүбірлетіп өткен бабалар үнін құлағымызға әкелетін Шәкен Аймановтың орындауындағы «Жиырма бес» аталатын кең тынысты осы бір керемет ән есіңізде болар. Дауыс мүмкіндігі әлемді мойындатқан күміс көмей әнші, кәсіби музыка маманы емес, қарапайым актер орындаған бұл ән қай-қайсымыздың да жанымызға сондай жақын. Әуен астарынан ұлы даланың үнін естігендей рахаттанасыз, жүрегіңіз шымырлап, сөзбен айтып жеткізгісіз күйді бастан кешесіз. Себебі әнде тағдыр бар, әр сөзінде тапжылтпай тыңдатар сезім бар…
Бұл мысалды бекер келтіріп отырған жоқпыз. Жүректен шыққан әнді жүректерге жеткізу үшін тек алапат дауысқа иелік ету жеткіліксіз, музыка табиғаты кемел білім мен биік парасаттың иесі болуды да қажет етеді. Себебі әннің де өз тағдыры, өз мінезі, өз бітімі болады. Соны діттеген деңгейіне жеткізіп орындамау – ұлы өнерге жасалған қиянаттың үлкені. Бір сөзбен айтқанда, біз әдебиеттен жаттап өскен драмматургия заңдылығы ән табиғатында да алдыңыздан кесе-көлденең шығады. Әдеби теория драматургияны әдебиеттің бір саласы деп негіздесе, демек, әнді де сол драмалық шығарманың сығымдалған нұсқасы деп қарауымыз керек. Әнде де драмадағы секілді оқиғаның басы, шарықтау шегі, аяғы болады. Сол заңдылықтарға бағынғаны шынайы шығады. Дауыс менікі екен деп, қажетті-қажетсіз тұсында құр айқайға баса беретін өнерпазды әнші дей аламыз ба? Тегінде, құр айқай құлаққа ән де бола алмаса керек. Тіпті кейде Біржан, Ақан сынды тағдырлары күрделі тұлғалардың жүрек қылын, ішкі жан дүние иірімдерін беретін әнді тым көтеріңкі, жеңіл-желпі орындайтын әншіні тыңдап, жан-жүрегіңіз қарсы айырылатын тұстар да аз кездеспейді. Осы орайда әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековтің: «Әнді үйреніп айту әншілік емес, әнді зерделеп айту – әншілік», – дейтін сөзі еріксіз ойға оралады. Кез келген әнші орындамақ әнін шағын қойылымға айналдыра алуы керек. Сонда ғана ән табиғаты толыққанды ашылып, тағдыры таразыланып, сол заманның ахуалы тыңдарманының көз алдында көлбеңдейді.
Еркін ШҮКІМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
– Ділімізге өркениеттік ынсаптың әбден орнығып алғандығынан болуы керек, қанша айқайлап, бақырып, қанша драматургия жасап жатсақ та, әнімізден Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар өмір сүрген, қаймағы бұзылмаған қазақы дәуірдің иісі бәрібір аңқымайды. Әншіге сыртқы жылтырлықтан бұрын, ең алдымен ішкі тереңдік қажет. Кітап, газет, шыққан мақалаларды жүйелі оқып тұрудың өзі-ақ интеллектіні өсіреді. Әсіресе әншіге драматургияның заңдылықтарын меңгерудің пайдасы зор. Жалпы, әншінің интеллекті әнді айтқан алғашқы шумағынан-ақ байқалып тұрады. Сондықтан деңгейге абай болу керек. Қазіргі әншілердің көпшілігі әннің сөзіне мән бере бермейді. Тереңнен түйсініп айту жоқ. Әнді айту осы екен деп, бірінші кезекті дауысқа береміз. Яғни әнімізде айғай басым. Дауыстың зор болғанына айтар уәжіміз жоқ. Дегенмен әндегі мағына, драматургия дегенді ұмытпау керек. Егер әншінің бір бойында осы қасиеттің екеуі де қатар ұштасса, сапа әдеттегіден күштірек, қуаттырақ болады. Сондықтан әр әннің мінезіне, болмысына, бітіміне, табиғатына тереңнен ден қойып, сезініп айту қажет. Ән сонда жүрекке жетеді, тыңдаушысын табады. Ән драматургиясы дегенде бізге осындай нәрселерді қаперде ұстау керек.
Бірде Жүсіпбек Елебеков туған жері, қасиетті Қарқаралы өңіріне демалысқа келеді. Жанында жерлесі әрі аға досы, сыншысы Қалибек Қуанышбаев бар. Жол бойы талай әңгіменің тиегі ағытылып, небір сырлар шертіледі. Әуелеп ән де шырқалады. Кезек Мәдидің атақты «Қарқаралысына» келгенде, Қалибек әнді үзіп жібереді:
– Жүсіпбек, біздің айтып келе жатқанымыз Мәдидің зары, мұңы, еліне деген елжіреген жүрегінің сағынышы ғой. Ал сол Мәдидің қайраты, кегі қайда? Мәди бұлай мұңая бермес болар. Оның мұңынан қайраты басым жан. Ендеше, бұл әннің аяғы әлі бітпеген. Сол жігерлі қайрат пен кек араласқан қажырлы әннің жалғасын сен тап! – деп қолқа салыпты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекованың айтуынша, осы кезде Жүсіпбек әнші бір сәт Қаллекиден көз алмай қарап қалады. Бір сәт Мәдидің орнына өзін қойып, ән аяғын іздеп шарқ ұрады, қайталап айта береді. Әннің төрт шумағын айтып бітіреді де, енді аяққы қайырмасына келгенде ызалана кектенген күшті де қайратты дауысты қосады. Дауыс ең жоғары сатысына жетіп, қайта төмендей бастайды. Бірақ жасық, қаймыққан үн емес, сол жігерлі, сол қажырлы қалпында мұқалмай келе жатады. Төмендеп келген ән дыбысы «Оу, Арқадағы» деп барып тыныс алады. Сонда көзі бақырайып, әншіге үнсіз таңдана қарап қалған Қаллеки: «Көптен іздеген, таба алмай жүргенімді таптым. Айналайын, Жүсекем, мұны енді ұмыта көрме, тағы қайтала. Сенің мына тапқан қайырмаң Мәдидің ғана өшпенділік кегі емес, сол заманның тар жол, тайғақ кешуінде қыспақта келген, үнін шығартпай, тірідей көмгісі келетін баскесер, дүлей қара күштеріне кек шығар. Сол ыза, сол кек бүгінгі ұрпаққа да жалғасып, Мәди көрген зорлықты еш уақытта қайталатпасқа үндейтіндей. Кекпен суарған алмас қылыштай жігерлі күш бар бұл қосқан әннің аяғында, – деп риза болған екен.
Қаллеки сынды әділ сыншы, бапкері бар Жүсіпбек Елебековтей әншілердің әнді жеткізудегі осындай ерекше ықтияттығы, ой тереңін ұғына алып, ән драматургиясы мен тағдырына үлкен ізденіс тұрғысынан келетін таным тереңдігі болса керек, Алтын қордан ара-тұра беріліп қалар осы орындаудағы әннің қай-қайсысы да тыңдаушысын бейжай қалдырмайтындығы, Біржан, Ақан, Мұхит, Мәдилердің серілік құрған заманын көз алдымызға айна-қатесіз әкелетіндігі, сол дәуірді әнмен бірге сіз де кешіп жүргендей ерекше суреткерлік әсерге бөлейтіндігі. Демек, ән иірімі әншіге сұңғыла сезімталдықтан бөлек, актерлік шеберлік пен үлкен білім иесі болуды да талап етеді. Әйтпесе нотаны әркім-ақ орындайды. Ал жан-жүрекпен, ән тағдырын сезініп, көңіл көзінен өткізіп айту, орындау барысында әннің өзіне айнала алу – тек әншінің әншісінің ғана қолынан келсе керек.
Автор: Назерке РЫМБЕКҚЫЗЫ
http://alashainasy.kz/culture/40655/