Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор
Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің ахуалы қалай болмақ
деген мәселе қоғамда қызу талқылануда. Қазақстан ғалымдары латын әліпбиіне көшкен Түркия, Азербайжан және Өзбекстанның ащы сабақтарын жасырмай алға тартып жатыр. Оларды жинақтасақ мыналар:
1. Күні бүгінге латын әліпбиіне 1928ж. көшкенмен, әлі де түрік тілінің дыбыстық қорындағы бірқатар дыбыстарда таңбалайтын түріктер әріптер әліпби жүйесіне енбей қалған. Өзбектерде де ондай мәселе бар.
2. Азербайжан, өзбектерді айтпағанда, түріктер сан ғасырлық араб графикаларына негізделген рухани мұраларын пайдалана алмай отыр.
3. Балалар әдебиеті тапшы.
4. Ғылыми әдебиет кирилл графикасында жазылған.
5. Мұғалімдер дайындау мәселесі өз алдына үлкен проблема.
6. Жекеменшік мекемелер іс-қағаздарын латын әліпбиіне көшіруге асықпайтын сияқты көрінеді.
7. Орыс мектептерінде, мысалы, Өзбекстанда, кирилл жазуымен білім береді.
8. Өзбекстанда латын әліпбиінде оқитындар азайған соң, ұлттық баспасөзге де сұраныс азайған. Ол әсіресе орта жастағылар мен үлкендер арасында.
Түрік ұлты болса, бодан емес, билеуші, отарлаушы ұлт болған, олардың психологиясы бөлек, ана тілі бәріне ортақ Азербайжандықтар мен өзбектер де ана тілдерін толық меңгерген ұлттар.
Қазақстандағы жағдай өзгеше. 2009 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың 98,3% ауызекі тілді түсінеді, 95,4% еркін оқиды, 93,2% еркін жазады деп көрсеткен. Өз басым осы деректерге сенбеймін. Марк Твен айтқандай, өтіріктің үш түрі бар: «жай өтірік, арсыз өтірік және статистика» -деп. Бұл жерде этнопсихологиялық факторларды ескеру жөн. Кейбір санақшылар бірқатар қазақтардың қазақ тілін білмесе де, білем деп көрсетуді талап еткенін айтады. Неге олай? -десе, «тіл білмегесін мені орыс деп жазасыңдар, ал мен орыс болғым келмейді» деген. Болмаса «қазақ тілін білмейтіндер көп»,-демесін деген ой айтқан. «Қазақ тілін білмесем де, оны білмейтінімді мойындауға ұялдым»,- дегендер бар. Сондықтан да қағазда барлығы да аман-сау, теп-тегіс. Тіл саясаты жемісін беріп жатыр деуге де жақсы. Сөз жоқ, тіл саясаты азды-көпті табыстарға қол жеткізді, бірақ әлі де өмірде қазақ тілін меңгермеген қазақтар аз емес, ол тілге сұраныс туғызылып отырған да жоқ. Оны міндеттейтін заң әлі жоқ, болмайтын да сияқты. Бүгін қазақ негізінен екі тілді ұлт болып отыр, ал мемлекетімізде орыс тілі басым.
Өзбекстан, Азербайжанмен салыстырғанда , мемлекет құраушы қазақ ұлтының отарланған ұлт екені әлі көзге ұрып тұр: 1) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл, мәдениет әлі басымдыққа ие бола алмауы; 2) азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді білудің міндетті еместігі; 3) мемлекеттік тілді халыққа қызмет жасауға қолданбау; 4) сот жүйесі , құқық қорғау органдарының байырғы ұлттың тілін меңгермеуі, сондықтан байырғы ұлттың тілін қорғамауы. Осындай жағдайда латын әліпбиіне көшудің қандай қиындықтар туғызатыны белгілі. Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде, латын әліпбиіне сұраныс бола ма? Бұл тек лингвистикалық емес, күрделі саяси-әлеуметтік проблема. Баспасөзде латын әліпбиіне көшу бодан елі психологиясынан құтылудың бірден-бір жолы делінеді. Бодандық психологияның тамыры әліпбиден тереңірек: сана, мәдениет, дәстүр, тәрбиеде.
Жалпы бодандық психологияны әліпбиімен байланыстыру дұрыс болмас.Әліпби екі жүзді өткір құрал. Әліпбиідің ұлттың бағын ашып, тілін, мәдениетін өрекендетуге негіз болған жағдайлар тарихта жеткілікті. Сонымен бірге әлемді отарлаған Англия, Испания сияқты да елдер латын әліпбиін отарлау саясатының құралына айналдырды. Испания бүкіл Латын Америкасына латын әліпбиін енгізіп, байырғы халықтың тілін, әліпбиін ығыстырды.
Кирилл әліпбиімен де отаршылдық саясатты байланыстырудың қисыны бар. 1910 жылы 13-26 маусымда Қазан қаласында өткен мисиионерлердің сьезінде орыстар: «Алфавит служит целям государственного обьединения» деп ашық айтқан. Барлық бодан халықтарды бір тілде, орыс тіліне, бір дінге, бір әліпбиге ауыстыру ХХ ғасырдың басында ойластырған саясат. Енді бүгін сол саясаттың қасіретін шегіп отырған ұлттың бірі – біз, қазақтар. Бір кезде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берсек, ол тілді ана тілі болғандықтан қазақтар өзінен-өзі меңгеріп кетеді деп есептедік. Дегенмен олай болмады. Бүгін латын әліпбиіне көшсек, тілді меңгермегендер біліп кетеді деу өзімізді өзіміз алдау болар.
Біріншіден, қазақ тілінің болашағына сенбейтін қазақтар оқулықтары, ғылыми әдебиеттері, дайындығы мол мұғалімдері бар орыс мектептеріне балаларын беріп жатса, оған ешкімнің қарсылық жасау мүмкін емес.
Екіншіден, елімізде қаптаған орыс тілді кирилл әліпбиіндегі бұқаралық ақпарат құралдарын қазақтардың басым көпшілігі бүгін пайдаланады және пайдалана береді. Бұл айналып келгенде тіл, мәдениет жағынан бөлінген қазақтардың жігін онан әрі тереңдетеді.
Үшіншіден, әліпби алмасуы қаншалықты Қазақстан қоғамының басын біріктіреді деген сауал туады. «Халық талабы», «қалауы» деген уәждер толықтай қазақстандықтардың көңіл-күйін, талабын білдірмесе керек. Сондықтан әліпби ауыстыру ұлтішілік ғана емес, ұлтаралық жікті одан әрі тереңдетеді, әлеуметтік – саяси қайшылықтар туғызады.
Төртіншіден, ең үлкен мәселе кирилл әліпбиі тұсындағы маңызды мәдени мұрамыздың тағдыры не болмақ? Ол мұраның қазақ халқының тарихында теңдесі жоқ, орны бөлек. Кирилл әліпбиі негізінде көне мәдени мұра, ауыз әдебиеті, көркем әдебиет, ғылыми еңбектер, оқулықтар жазылды. Араб графикасынан латын графикасына, латын графикасынан кирилл әліпбиіне көшкен тұста қоғамның басым көпшілігі сауатсыз еді, сондықтан ол реформалар қоғамның біршама бөлігіне және мәдени мұрамыздың да салыстырмалы қарағанда шағын бөлігіне қатысты болды. Бүгін енді халықтың түгелдей сол мәдени мұрадан айырылып қалу қаупі бар. Оны түсіну үшін Ұлттық кітапханадағы қазақ тіліндегі каталогтарға көз жіберейік.
Бесіншіден, жаһандану, американдану, орыстану үрдістері үлкен қарқынмен жүріп, мәдени экспансия бүгін онсызда қазақ мәдениетіне қауіп төнгізіп тұрғанда, ұлттық тұғырымыз, тіліміз бен мәдениетімізден әліпби ауысқан тұста басқа тілге, мәдениетке өту қатері бар. Отаршылдықтың бір түрінен қашып, екінші отаршылдықтың құшағына енбейміз бе?
Бүгін латын әліпбиіне көшу интернетпен байланыстырады. Латын емес, басқа графикада да интернет дамып жатырған жоқ па?
Сонымен, латын әліпбиіне көшуді біз көбіне көп фонетикалық мәселелермен байланыстырып, мәдени, әлеуметтік-саяси мәселелерге мән бермей жатырмыз.
Басы көзіне қарамай, бауырлас елдердің жағымды, жағымсыз сабақтарын сараламай, есептемей, латын әліпбиіне көшу асығыс. Ең бастысы қағаз емес, қазақ қазақ тілінде сөйлеп, оқып, жазып, ойлағанда ғана біз әліпби ауыстыру мәселесі төңірегінде ойлансақ жөн болар.
Қазақтың саны мен сапасының арасында үлкен алшақтық жатыр. Статистика бойынша елде он алты миллионнан астам қазақ бар дегенімізбен, тілі, мәдениеті, дәстүріне ие болған қазақтар одан аз. Әр қазақ өз руханиятының иесі болғанда ғана ұлтымыз ұлы болады.
http://shyn.kz/