Халқымыздың бағзыдан келе жатқан сөз саптауларында «сүліктей сұлу», «сүліктей жұтынған», «сүліктей қаракөк немесе сүлікқара», «сүліктей сорды», «сүліктей жылтыр» дейтін ауыспалы мағынадағы тіркестер кездеседі. Сүліктің жып-жылтыр, мөлдіреген, қара түсті көркем бейнелері көз алдымызға келе қалады және оның өте жабысқақ екенін, қадалған жерінен қан алмай қоймайтынын да нақты көрсетеді емес пе?! Олай болса ерте заманда-ақ көпшілік қауым сүліктің сыр-сипатын, ерекшеліктерін жақсы тани білгендігіне күмәніміз жоқ. Ал бүгінде біз сүлік жайлы не білеміз?
Сүлікпен емдеу ежелден бар әдіс. Египет фараондарының қабірі қабырғаларынан осындай емдердің болғанын растайтын жазулар табылғаны ақиқат. Тағы бір тарихи деректі алға тартып көрелік. Үндістанның көп қолды Дханвантари емші Құдайының бір қолында сүліктің суреті болса, бір қолында шөптің суреті бейнеленген екен. Демек, сүліктің көне заманнан бастап емдік қасиеті болғанына бұлар бірден-бір дәлел емес пе?! Сүлікпен емдеу тарихында өрлеулер де, құлдыраулар да болды. Емдеудің бұл тәсілінің өркендеген кезеңі деп ХVІІІ–ХІХ ғасырларды айтуға болады. Сол кезеңде оларды көптеген ауруларды емдеу және аурудың алдын алу үшін, организмді тазалау мен жасарту үшін қолданғаны белгілі. Би кешіне әзірленген сәнқойлар беттерінің ұшында қызғылт рең пайда болып, жанарлары жарқылдап тұруы үшін құлақтарының сыртына сүлік салдырғаны белгілі, оның үстіне таңға созылған би кешінде олар шаршамайтын болған.
…Ертеде Сүлеймен пайғамбар алыс жолдан шаршап-шалдығып, аяғы ісіп келе жатқан соң, жолда кездескен көлшікке аяғын салып демалады. Сол арада мызғып кеткен пайғамбар ояна келе аяғының ісігінің кетіп, бойындағы ауырлықтың жоғалғанын және денесі жеңілдеп қалғанын байқайды. Тек аяғының астында майда құрттар мен кішкене ғана қан ағып жатқанын көреді. Риза болған Сүлеймен пайғамбар құрттардың арқа тұсынан сипап, ризашылығын білдіреді. Бүгінде медициналық сүліктердің арқа тұсындағы өрнектер пайғамбардың төрт саусағының іздерінен қалған екен деген аңыз бүгінгі күнге осылайша жеткен екен.
Тері бетіне жабысып алып, қан соратын сүлікті көргенде денеміздің түршігетіні рас. Алайда медицина саласында осы бір жәндіктің пайдасы зор екенінен хабарымыз бар. Сүлікпен емдеу, яғни гирудотерапия қазіргі таңда кардиологияда, офтальмологияда, дерматологияда, хирургияда, гинекологияда, урологияда, неврологияда, герентологияда кеңінен қолданылады.
Адамның артық арам қанын сорып алатындықтан, сүлікті қажет деген жерге арнайы маман ғана салады. Түрлі ферменттерден тұратын сүлік сілекейінде жүзге жуық биологиялық пайдалы заттар бар көрінеді. Медициналық сүлік тұщы суда тіршілік етеді. Ұзындығы 8-12 сантиметр болады. Оның сілекейінде гирудин және гиалуронидаза деген заттар бар. Гирудин қанның ұюына кедергі келтіреді, гиалуронидаза дене талшықтарында зат алмасу үдерісіне әсер етеді. Гирудиннен дәрі-дәрмектер жасалады.
Сүлік салу емінен кейін адамның дене қызуы қалпына келіп, қандағы қант мөлшері төмендеп, ұсақ қан қатпалары жойылады. Емге негізінде аш сүлікті пайдаланады. Сондай-ақ сүлік отадан кейін тез жазылуға мүмкіндік береді. Әрине, сүлікті қолданғанда науқастың жасына, қосалқы ауруына, денесінің салмағына, қан қысымының көрсеткіштеріне және сүліктің жағдайына да көңіл бөлінеді. Сүлік салумен шұғылданатын емшілер қай кезде де болғаны шындық. Алайда бүгінгі таңда Қазақстанда сүлік салумен айналысатын медициналық орталықтардың саны артып келеді. Солардың бірі – Алматы қаласындағы Тимирязев көшесі, 78-ші үйге орналасқан емдеу орталығы. Аталмыш мекеменің басшысы Зылиха Қарабалақызымен кездесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді.
–1949 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келдім. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина институтының емдеу ісі факультетін 1973 жылы бітіргенмін. Тұрмысқа шығып, оқу орнының жолдамасымен Жезқазғанға барып 13 жыл учаскелік терапевт дәрігер болып еңбек еттім. 1988 жылы Алматыға қоныс аудардық, мен Попов көшесінде орналасқан №12-ші емханада терапия бөлімінің меңгерушісі болып қызметімді бастадым. 1991 жылы Украинаның Донецк қаласында дүниежүзінің дәрігерлері басқосқан үлкен жиын өтті. Сочи, Киев, Мурманск, Тюмень, Ленинград, Хабаровск, тағы басқа Одақ көлеміндегі қалалардан келген дәрігерлер алдында К.В.Селезнев, Г.А.Никонов, И.А.Баскова секілді Мәскеу медицина университетінің биохимия кафедрасының ғылыми қызметкерлері баяндама жасады. Ресейдің сол кездің өзінде-ақ биофабрикалары бар екен. Сөйтіп, Бірінші Бүкіләлемдік конгреске келген 70-тен астам тәжірибелі дәрігерлер сүлікті алдағы уақытта моллюск, жәндік немесе құрт деп қарамай, ем-шара мақсатында қолдану керектігі жайлы әңгіме өрбітті. Гирудотерапия саласының мамандарын оқыту ісі осылайша басталды. Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ешкім болмады. Осылайша Орта Азиядан келген жалғыз дәрігер ретінде мен сүліктің бірқатар емдік қасиеттеріне қанықтым. Инемен емдеу, суджок, балшықпен, шөппен, арамен емдеу секілді дәстүрлі емес медицинаға енді сүлік те етене араласып, науқастың сауығуына тікелей ықпал тигізе алатындығын дәлелдеп берді. Сертификат алып елге оралған соң менің гирудотерапияға қызығушылығым артты. Өйткені инемен емдеу сияқты сүлік те биологиялық белсенді нүктелердің терісіне қадалады. Сонымен қоса қан құрамындағы қабынуға қарсы қасиеттері бар және шлактар мен токсиндерден тазарта алады. Сөйтіп, сол кездегі №6-шы аурухананың (қазіргі №12-ші емхана) бас дәрігері Мамаев Асылхан Мұхамедиярұлы сырқаттарды сүлікпен емдеп көру туралы айтқан менің ұсынысыма қолдау көрсетті. Бір аптаның ішінде Әзірбайжаннан 3 мың сүлік алып, ем-шараларды бастап кеп жібердік. Нәтижесі ойдағыдай болды. Алайда Кеңестік империя тарап, әр республика өз көрпесін өзіне тартқан елде ауыр кезеңнің орнауына байланысты 1995 жылға дейін жұмысымыз жүрмей қойды. «Аққайың» санаторийінде жұмыс істейтін Әліп Шалабайұлы дейтін дәрігер жеке клиника ашқан екен, сол жерде бір жыл аянбай еңбек еттім. Еңбек өтілім және тәжірибем жеткілікті әрі жоғары санатты дәрігерлік категорияларым болғандықтан, менің де жеке өзім жұмыс жасағым келді. Әлі есімде қалалық денсаулық сақтау ісін басқаратын Носкова дейтін әйелге барып өтініш-тілегімді жеткіздім. Ол кісі қабағын шытты. Өз ісімді жүргізе алатынымды дәлелдеу үшін ақыры Денсаулық сақтау министрлігіне бардым. Бүкіл құжаттарымды байыппен қарап шыққан министрдің орынбасары Жанабаев дейтін азамат маған бірден 5 жылға (тәртіп бойынша лицензия 3 жылға ғана берілетін-ді) лицензия берді. Осыдан кейін Абай мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы үйді жалға алып, 1997-2002 жылдар аралығында науқастарды сүлікпен емдей бастадым. Кейін ол үйді иелері ақшаға сатып жіберді. Мен болсам несиеге қаражат алып осы Тимирязев көшесіндегі пәтерді сатып алып жекеменшік клиникаға айналдырдым. Жалпы еңбек өтілімім 40 жыл десем, соның 21 жылын сүлікпен ем-шара жасауға қолданыппын.
Сүліктің 600 түрі белгілі, ал соның ішінде шығыстық, медициналық және дәріханалық түрлері ғана науқастарға қолданылады. Мен осы дәріханалық сүлікті пайдаланамын. Өйткені тасымалды жақсы көтереді және сақтауға шыдамды. Келісім-шарт бойынша дәріханалық сүліктерді Санкт-Петербургтен арнайы алдыртамын. Қазір сүлікпен емдейтін орталықтар көбейіп кетті. Жамбылдан, Кегеннен, Үшаралдан келетін сүліктермен жұмыс жасайтындар да баршылық.
Жолдасым Мұрат Төкенұлының мамандығы – металлург. Қазір еңбек демалысында. Біздер бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Қыздарымыз жоғары медициналық білім алды. Ал ұлым Алмат пен келінім Жанардан бүгінгі таңда шөбере сүйіп отырған жайымыз бар.
«Күніне қанша ауруды қабылдайсыз, сүліктің бағасы қанша?» деген сұрақтарымызға гирудотерапевт Зылиха Қарабалақызы «бұл коммерциялық құпия» деп, нақты мәліметтерді айтудан бастартты.
Дені сау адамның өзі жылына бір рет сүлік салдырып тұрғаны дұрыс көрінеді. Себебі сүлік ағзаны жақсартады, ағзадағы шлакты шығарады. Сондай-ақ сүлікпен емдеуде кейбір шектеулердің де бар екенін сол жерде түсіндік. Сүлікті өте арық, қаны аз, қан қысымы төмен адамдарға және соңғы сатыдағы обыр ауруларынан зардап шегушілерге салуға болмайды екен. Обыр енді ғана басталып келе жатқан болса, онда науқастың емделіп кетуіне мүмкіндік бар. Сүлік бүйректегі тасты да түсіреді. Бауыр циррозына, қуықасты ауруларына да пайдасы көп.
Көп адамдар сүлік салғанда ауырта ма деп сұрап жатады. Әр адамға әртүрлі әсер ететіні анық. Мәселен, қара жұмыс істейтін адамдар сүлік салғанда ауырсынуды сезінбейді. Ал сүлік сорған белсенді нүктелерден қан ағатын жайлар да кездеседі. Кейін орны қышитын болады. Сонысына шыдамай көп адамдар бесінші күннен кейін сүлік салдырмай қоятын көрінеді. Негізінде сүлікті көбірек салдырса денсаулыққа соншалықты пайдалы.
Сүлік салдырған адам үш күн диета ұстағаны дұрыс. Қызылша, сәбіз, құлпынай сияқты қызыл түсті көкөніс, жеміс-жидектер жеуі, анардың шырынын ішуі, қайнатылған ет жеуі керек. Бір сөзбен айтқанда, дәрумені көп тағамдар қабылдағаны дұрыс. Бірақ сүт өнімдерін пайдалануға болмайды. Өйткені оның құрамында сүт қышқылы бар. Ол ағзаға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сүліктің сілекейі қабынуға қарсы күресу, иммундық жүйені қоздыру, қан тамырларының склероздық үдерісін азайту, қан ұю үрдісін болдырмау және ұйыған қанның түйіршіктерін езу қасиеттеріне ие. Ғалымдар сүліктің сілекейінен дестабилаза деген фермент жасалып шығатынын анықтап отыр. Бұл фермент фибриндік қоюланған заттарды жою дәрежесіне жеткізе алады. Сүліктің сілекейіндегі осындай қасиеттерді анықтаған дәрігерлер оны адам қанын азайтуға және қанды ұйымайтын жағдайға жеткізу үшін пайдаланып келеді.
Нұрлан ҚҰМАР
Ана тiлi газетi