Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Кеше ел Үкіметі 2020 жылға дейінгі ҚР Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасын мақұлдады. Министр Бақытжан Жұмағұловтың сөзіне сенсек, осыдан бастап мемлекет жастардың барлығына бірдей жағдай жасайды. Бірақ ол мүмкіндікті қалт жібермей, тиімді пайдалана білу керек. Ал жастар ұйымдары «ұраншыл» бастамаларын қойып, нақты іске кірісуі шарт.
Үкімет мүшелері алдында баяндама жасаған Б.Жұмағұлов мырза атап көрсеткендей, бұл құжат әлеуметтік саясаттың жаңа принциптеріне, яғни мемлекет ұсынған мүмкіндіктерге ғана емес, әр азаматтың жеке жауапкершілігіне негізделген. «Мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға, оларды оқытуға және қайта даярлауға, қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге, жол жүру мен тамақтануға субсидия бөлуге бағытталған шаралар қабылдайды. Бұл ретте, мемлекеттің басты міндеті – жастардың бастамаларына қолдау көрсету, өз мақсаттарына жету үшін мүмкіндік беру. Ал жастардың міндеті – берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу», – дейді министр. Оны прагматизм арқылы іске асыру жоспарланған. Бұл дегеніміз жастар саясатындағы әрбір салым қайтарымды және пайдалы болуы шарт. Ағымдағы жылы жастар саясатын іске асыруға республикалық бюджетте 1,5 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 590 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден 2 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 940 млн теңге бөлінбек. Мұның бәрі әлеуметтік маңызы бар жобаларды көптеп іске асыруға мүмкіндік береді.
Министрдің айтуынша, жаңа тұжырымдаманың негізгі ерекшелігі – ол білім алып жүрген жастарды ғана емес, жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз, маргиналды және тағы басқа жастар топтарын қамтиды. Бүгінде ол үшін қала мен аудан орталықтарында ресурстық орталықтар құрылуда, ал ауылдық жерлерде жастармен жұмыс істейтін инструкторлар болады. Осының арқасында жастармен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік бар. «Қазірдің өзінде жастар саясатының жаңа инфрақұрылымы қалыптасып келеді. Жастар ісі комитеттері, аймақтарда тиісті басқармалар құрылды. Жастар саясаты бойынша аймақтық кеңестерді әкімдер тікелей өздері басқарады. Басты бағыт – жастар ұйымдарын шоғырландыру. Қазіргі уақытта олардың саны 1000-нан асады. Біз олардың негізгілерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жастар саясатын жүргізуде басты рөл «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына беріледі. Біз 2020 жылға дейін 11 Республикалық жастар ұйымын дамыту стратегиясын әзірледік. Енді олардың филиалдық желілерін дамытатын боламыз. Сонымен қатар аймақтық ұйымдарға қолдау көрсетіп, жастардың әлеуметтік бағдарламалар мен мемлекеттік тапсырыстарға қатысуына жағдай жасаймыз», – деп атап көрсетті Б.Жұмағұлов.
Жалпы, Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын екі кезең бойынша іске асыру жоспарланған. Олар – 2013-2015 және 2015-2020 жылдар. Болжамға сәйкес, тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде ведомствоаралық өзара байланыстың тиімді моделі қалыптасады. Ол жастардың проблемасын шешуде барлық мемлекеттік органдардың, корпоративті секторлар мен азаматтық қоғам институттарының күшін біріктіруге мүмкіндік бермек. Жастармен жұмыс жасау міндеті барлық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына енгізіледі. Тұжырымдаманы табысты іске асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Ол да Үкіметтің талқылауына енгізілетін болады.
Автор: Арман АСҚАР
http://alashainasy.kz