«Ол авторларына да, кейіпкерлеріне де жақсылық алып келмеді» деген пікір бұрын да айтылған, қазір де ара-тұра айтылып қалады. Фильм экранға шыға салысымен, сынның астында қалды. Қазақ қоғамы: «Кеңестік пионер Қожа тәрізді бұзық болмайды, ұстазы-ның қол сөмкесіне құрбақа салмайды» деп салқынқабақ танытты. Тіпті мұндай бағыттағы мақалалар еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланыпты. Қожаның атына айтылған сыни пікірдің бәрі Канн фестивалінде жүлделі орын алып келген соң ғана БАҚ бетінде тыйылды. «Менің атым – Қожаның» 40-45-жылдығы да елеусіз қалды. 50 жылдық мерейтойы аталып өте ме, жоқ па, ол да белгісіз. Оны басты кейіпкерді сомдаған – Қожа – Нұрланның өзі де білмейді.
Жарты ғасыр бойы үш-төрт толқынды тәрбиелеп шыққан тарихи кино 50 жасқа толғанда, маңдайы тасқа соғылғандай болды: Парламентте «Қожа енді көрсетілмейді. Себебі қазақстандық балалар Қожа тәрізді бұзық болмауы тиіс» деген әңгімелер айтылып қалыпты. Бірақ Аллаға шүкір, бізге жеткен ақпарат жаңсақ болып шығыпты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Алдан Смайылов журналистерге берген сұхбатын-да «Менің атым – Қожа» – классикалық туынды. Ол алдағы онжылдықтарда да осы биігінде қала береді» дейді. Сонымен, «Менің атым – Қожа» тағдырлы фильм бе? Шығарма авторы Бердібек Соқпақбаевты да, режиссерi Абдолла Қарсақбаевты да тағдыр маңдайынан сипай қоймады. Абдолла Қарсақбаевтың «Қожасына» келер болсақ, онда басты рөлді сомдаған Нұрлан Санжар (Сегізбаев) соңғы бес-алты жыл-ға дейін жатақханада тұрып келді. Баспанаға қолы жеткеніне көп бола қойған жоқ. «Қожа арқылы бүкіл қазаққа танылдыңыз. Осы танымалдылық сізге не берді?» деген сауалымызға «Танымалдылық маған материалдық тұрғы-дан ештеңе берген жоқ, бірақ мен адамдарға ренжімеймін, керісінше, ылғи алғыс айтып жүремін. Жақында Мәдениет және ақпа-рат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Еңбегі сіңген өнер қайраткері» деген атағың бар ма?» деп сұрады. «Маған жұрт «халық артисі» атағын беріп қойған» деп қалжыңдадым. Ол осы жылы министрліктің ескеретінін айтты. Дегенмен Иманғали Тасмағамбетовке алғыс айтамын. Ол менің жағдайымды білді де, пәтер сыйлады. Мен, жалпы, қарапайым адаммын, ешкімнен ештеңе сұрамаймын. Бұл менің әкемнің өмірлік ережесі еді, мен де осыны ұстанамын» деп жауап берген еді. Өзге кейіпкерлерді сомдаған Сұлтан – М.Көкенов, Жанар – Г.Құрабаева, Жантас – Е.Құрмашевтар қазақ киносы көгінде жарқ етті де жоқ болды. Олар, тіпті түсірілім біткен соң да бір-бірімен кездеспеген. Бір-бірін іздемепті де. Кеңестік жүйе олардың басын қосуға ықылас танытпады ма, әлде балалар бір-бірімен кездескісі келмеді ме, бізге ол жағы белгісіз. Белгілісі – Сұл- тан – Марат медицина институтында оқып жүргенде белгісіз жағдайда қаза болса, Жантас – Ерлан айдың-күннің аманында жоғалып кетті. Жантас пен Қожаның жүрегін жаулап алған Жанар сұлу – Гүлнар Құрабаева мүлдем басқа салаға кетті. Жанар – Гүлнар, тіпті Мәскеуден келген шақыртуға да келісімін бермеген. Тек Еркін Рақышевтің «Менің де атым Қожа» түсірілімі кезінде бас кейіпкерлер – Нұрлан Санжар мен Гүлнар Құрабаева бір-бірі-мен кездескен. Кейін бұл туралы Нұрлан Санжар бізге: «Кездесу біткен соң Гүлнар мені іздемеуді өтінді. Себебі қазіргі жұмыс орны оның тарихи кинода басты кейіпкерді ойнағанын білмейді екен». Бізге кейінірек Гүлнар Құрабаеваның өзімен кездесудің сәті түсті. «Ну что, осыдан жарты ғасыр бұрын ойнадым. Казір киноға кім түспей жатыр? Менің бір кездері сол кинода ойнағанымды жал-ғыз ұлым да білмей келді. Білгенде таңғалғанын жасырмады» дейді. «Менің атым – Қожа» киносы қоғамның қабағындағы салқын ызғарға қарамастан, жарты ғасыр бойы экран төрінен түспей келеді. Алдағы уақытта да солай болып қала береді. Себебі қазақтың әрбір баласы Соқпақбаев пен Қарсақбаевтың Қожасынан өзін таниды. Бірақ соған қарамастан, ғажайып туындыны өмірге алып келгендер – көзден де, көңілден де елеусіз қалды. Біздің қоғам оларды елегісі келмеді. Қоғам қайраткері, журналист Уәлихан Қалижан осыдан біраз жыл бұрын Парламент қабырғасында жүргенде Үкіметке сауал жолдаған. Өз сауалында депутат: «Қазақ кино өнерiнiң iрi тұлғаларының бiрi – Абдолла Қарсақбаев. Егер ол тiрi болса, үстiмiздегi жылдың күзiнде 85 жасқа толар едi. Өкiнiшi көп өмiрдiң ерте сөнген жарық жұлдыздарының бәрi бiрдей еске алына бермейдi. Ол «Ботагөз», «Қилы кезең» фильмдерiнiң екiншi режиссерi болды. «Менiң атым – Қожа», «Алты жасар Алпамыс» сынды фильмдерi қазақ кино өнерiнiң алтын қорына ендi. Белгiлi кинорежиссердiң 60, 70, 75, 80 жылдық мерейтойлары да атаусыз қалды. Қарсақбаевтың қазақ мәдениетiне қосқан үлесiн ескере оты-рып, оның 85 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты үкiметтiк комиссия құрылып, тиiстi ұйымдастыру шаралары өткiзiлуi керек деп есептеймiн» деген болатын. Бірақ депутат көтерген мәселе Абдолла Қарсақбаев туралы Алматы мен Астана қалаларында бір-екі рет кездесу өткізумен ғана тәмамдалған. Осыдан бірер жыл бұрын кино кейіпкерлеріне арнап Алматы мен Астана қалаларының саябақтарын- да ескерткіш қойылады деген әңгіме шыққан. Рас болса, бұл бастаманы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те құп көрген деседі. Бірақ әңгіме айтылған күйі, қазан жабылған күйі қалды. Мемлекеттік деңгейде мәселе көтерген Уәлихан Қалижанның пікірі бүгін де өзгермеген. – Уақытпен бірге жаңғыра-тын дүниелер болады: «Менің атым – Қожа» да сондай дүниелердің қатарында. Фильмнің жарты ғасырлық мерейтойы біздің мемлекетімізге керек. Себебі балаларымыз Батыстың дүниелеріне мойын бұрып бара жатыр. Балаларымызды жарты ғасырдан бері Қожамен алдап келеміз. Қожаның орнын алмастыратын жаңа туынды келген жоқ. Демек, фильм әлі де талай ондаған жылдар бойы өзінің тұғырынан түспейді. Жарты ғасырлық мерейтойына фильм кейіпкерлерінің ескерткіштерін сомдап, Алматы мен Астананың көрікті жерлеріне орнату керек, – дейді. Фильмнің өкіл әкелері Қарсақбаев, Соқпақбаевтар арамыз-да жоқ. Киноның қалай түсірілгендігі туралы фильмнің екінші режиссері Тұрар Дүйсебаевты қазір екінің бірі біле бермейді. Қазақ киносында өзіндік қолтаңбасы бар танымал режиссер қазір Жамбыл қаласында тұрады. Зейнеткер. Жасы тоқсанды алқымдап қалды. Сол кiсiнiң айтуы бойынша, Абдолла Қарсақбаевпен екеуiне «Қожаны» түсiру оңай болмаған сияқты. Тұрар Дүйсебаевқа сценарийдi көрсетiп, екiншi режиссер болуды өтiнген де Абдолла Қарсақбаевтың өзi екен. Абдолла Қарсақбаев пен Бердiбек Соқпақбаевты бiр-бiрiне таныстырған белгiлi жазушы Тахауи Ахтанов болыпты. Киноның екiншi режиссерi болған Тұрар аға өзiнiң естелiктерiнiң бiрiнде Қожаның қалай түсiрiлгендiгi жөнінде былай дейді. – Бұл 1963 жыл болатын. Мен Ташкентте жоғары оқу орнын бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында режиссер-документалист болып жұмыс істеп жүрген- мін. М.Әуезов туралы тұңғыш деректі фильм түсірілетін болып, соның жұмысымен Семей облысына жол жүріп кеткен кезім еді. Киностудиядан «шұғыл Алматыға жет» деген хабар келді. Алып-ұшып жетсем, режиссер Абдолла Қарсақбаев жазушы Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде жазылған сценарийді ұнатып, фильм түсіруге ниеттеніп отыр екен. Маған «екінші режиссер бол» деді. Алдымен сценарийді оқып шықтым. Ұнағаны сондай, бірден келістім. Шығарманың тақырыбы мен сюжеті, балалар әлемін өз тілдерінде шебер жеткізуі мен ондағы шиеленіскен қым-қуыт оқиғалар желісінен бұл фильмнің өміршең туындыға айналатыны аңғарылып тұр еді. Тек жақсылап түсіру керек. Ендігі шаруа — актер іріктеуге құлшына кірісіп кеттік. Бала Қожа мен Сұлтаннан басқа кейіпкерлерді табу қиынға түскен жоқ. Ал Қожа… оның мінезін бірқалыпты деу қиындау, ойнақы, сотқар әрі ақылды тентек болуы тиіс еді. Ондай баланы табу оңай болмады. Алматы, Жамбыл облыстары, Бішкек қаласындағы мектептерді аралап, кастинг өткіздік, нәтиже жоқ. Режиссерлер негізінен, психолог болып келеді ғой. Баланың қабілетін көзінен көре біледі. Бірде қызметтесім, фильмнің бас операторы Михаил Аранышев екеуміз киностудияға қарсы беттегі дәмханаға бара жаттық. Алдымыздан екі оқушы қыз жүгіріп өтті (жанымызда №33 орыс мектебі орналасқан еді). Олардың соңынан бір ұл бала қуып келеді екен. Көзіме оттай басылды. Әлгі бала… көзінде бір ұшқын бардай көрінгені. Ішімнен «жер-көктен іздеген Қожамыз – осы» деп түйдім. Екеулеп жүріп шап беріп ұстап алдық. «Жібер, жібер мені» деп қояр емес. «Мен режиссермін, киноға түсетін бала іздеп жүр едім, сенің түр-келбетің соның рөліне лайық екен, атың кім өзіңнің?» деп жөнімізді айттық. «Не надо, я не хочу сниматься в кино» деп азар да безер. Аты мен мекенжайын сұрап, қанша әлектенсек те тіс жармады. Қырсық екен өзі. Әлгінде қашып бара жатқан қыздар бізге таңдана қарап тұр екен. Аты-жөні Нұрлан Сегізбаев екенін, әкесінің қызмет орнын сол қыздар айтып берді. Тез арада хабарластық. Әкесі Министрлер кабинетінде жұмыс істейтін қартаң кісі екен. «Ой, балам көнбейді, өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып біткен, бекер ұятқа қалдырып жүрер мені, қойыңдар» деп болар емес. Мекенжайын сұрап алып, кешкісін үйіне бардық. Бала перденің ар жағынан жылтың-жылтың етіп, біз жаққа сығалап қарап жүр. Кенже баласы болған соң, тым еркелетіп жіберген екен. Ата-анасы «өзіңіз біліңіз, ұятқа қалдырса, бізді кінәламаңыз» дегендей ыңғай білдірді. Ақыры отбасын көндіріп, кинопробаға шақырдық. Алғашқы фототүсірілімдер тамаша шықты. А.Қарсақбаевқа, көркемдік кеңеске көрсетіп, Қожа рөлін Н.Сегізбаев ой- найтын болып жоғары жақпен бекітілді. Сұлтан рөліндегі Марат Кәкеновті моншадан таптым. Сыриған арық балаң жігіт дөрекі мінезімен, шарт-шұрт қимылымен көзіме ерекше көрінген еді. Оны сынайын деп «арқамды езіп берші, балам» деп өтіндім. «Арқаңды езетін мен саған моншашымын ба?» деп өзіме дүрсе қоя бергені. Айтарын айтып, көз алдымнан ғайып болды. Артынан жүгіріп шыққанымша, шығып үлгеріпті. Шешесінің жақын жерде балмұздақ сататынын сұрап-біліп, іздеп бардым. Ол да әлгі Қожаның әкесіндей тулады. «Қыңыр, қырсық бала, денсаулығы нашар, әрі жалғыз ұлымыз болған соң бетінен қақпаушы ек, көне қоймас» деді. Әйтеуір, бәріміз жабылып көндірдік. Түйсігім алдамапты, екеуі де сенімімді ақтап, өте жақсы ойнады, – дейді. Дегенмен Бердібек Соқпақбаев пен Абдолла Қарсақбаев альянсы фильмнің бағын ашты. Мәселен, «Менiң атым – Қожа» фильмiнде Қожаны сомдаған – Нұрлан Сегiзбаев, Сұлтан – Марат Кәкенов, Майқанова апайдың бейнесiн сомдаған Рая Мұ- хамедиярова, Рахманов ағайды бейнелеген Кененбай Қожабеков, Қожаның анасының рөлiндегi Бикен Римова сияқты саңлақтар шеберлiгiнiң арқасында, фильм қазақ киносының тарихында алтын әрiптермен жазылды. Кинодраматург Ольга Бондаренко: «Менiң атым – Қожаны» түсiруде Абдолла мектеп директорының рөлiне Кененбай Қожабековтi алатынын айтты. Кененбай ол кезде белiнен жарақат алып, мүгедек болып қалған. Бiрақ ептеп жүре алатын. Мен қарап тұрмай: «Абдолла, «Қожа» – көңiлдi фильм. Ал Кененбайдың көзiнде мұң бар ғой» дедiм. Сол кездегi Абдолланың маған қалай қарағанын көрсеңiз?! Ызалана жалт етiп, сұмдық жек көре қарады. Аздан кейiн көзқарасы өзгерiп: «Түсiнiгiң бар ма десем, сен де осындай ақымақ па едiң?» дегендi аңғартып тұрды. Мен ұялғанымнан екi қолыммен бетiмдi бас-тым. Шынында да, ақымақтың сөзiн айтып тұр едiм. Тағдыр тәлкегiмен мүгедек болып қалған Кененбай барлық фильмдерге бiрдей ойнай алмайтын. Ұлы актер үшiн бұдан өткен азап жоқ. Мына жерде Кененбайды ойнатудың сәтi түсiп тұр. «Осыны да түсiнбейсiң бе?» деген көзқарасы едi бұл Абдолланың. Шын талантқа, досқа деген адалдықтың белгiсi едi» («Қазақ киносының құлагерi». «Бiлiм», 2007 жыл) деп жазады. Бұл – аталмыш киноның бізге белгілі тұстары. Белгісіз сәттерінің құпиясын тарих ішіне бүгіп жатыр. «Бердібек Соқпақбаев пен Абдолла Қарсақбаев кімнің жолын кесті, қазақ ортасы олардың мерейтойларын атап өтуге неге құлықты болмады?» деген сұрақтарға іздеген жауап жоқ әзірге. Белгілісі – фильм дүниеге келген жылдар – қазақ өнері үшін жылымық сәуле пайда болған кезге тура келді. Бірақ соған қарамастан, қазақ жерінің жүрегі – тың игеру жолында ханталапайға түсті. Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстанымды» жырлады. Мәскеуде Мұрат Әуезов бастаған қазақтың оқығандары «Жас тұлпар» болып дүбірледі. Бердібек пен Абдолланың Қожасы «Елдің, жердің иесі – Қожасы менмін» деп қасқайып шықты. Қазақ жерінің Қожасы коммунистік жүйенің қатып қалған шекпеніне сыймады. Ол еркін қазақтың ХХ ғасырдағы бейнесін сомдап шықты. Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ
|
http://www.aikyn.kz