Абай ОМАРОВ (коллаж)
«Қорлықты мына
кім көрген:
Алматы толы — үйсіздер.
Үйсіз де күйсіз жүргенмен,
Ұрпақтың қамын үнсіз жер,
– деп ашынып жазды ақын Ұлықбек Есдәулет. Ақынды күрсінткен, бір үйдің зары өткен барша қазақтың мұңы еді. Көрген көзде жазық жоқ, кеңес заманында өзге ұлттар қос-қостан үй алғанда қазақ тізімнің соңында тұратын. Ауыл адамын қалаға көше алмайтындай қылған кеңестік саясат келмеске кетті. Алайда қазақтың басым көпшілігінде әлі күнге басыбайлы баспана жоқ емес. Кешегі Қасымдар ала алмаған үй бүгінгі Қасымдарға да арман болып тұр. Бүгінде біздің елде 160 мыңға жуық адам тұрғын үйге мұқтаж. Тіркелгені – осы, тіркелмегені қаншама.
«Өз үйі өлең төсегі болмағасын» ұлттың саны қайтіп көбейеді. Кісі есігін сығалап жүріп туған баланың саны жылдан-жылға кемуде. Мәселен, елдің келешегі жастар десек, Батыс Қазақстан облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны соңғы бір жылдың ішінде 172 мыңнан 169 мыңға түсіп, 3 мың адамға азайған. Республиканың өзге өңірлеріндегі жағдай да мәз емес. Бұл Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне төнген тікелей қатер деп есептеуге болады.
Әрине, Үкімет қабылдаған баспанамен қамту бағдарламалары белгілі бір нәтижесін беруде. Дегенмен қолжетімді деп қанша айтқанымызбен, қолы қысқалау, айлығы шайлығынан артылмайтын адамға бұл да оңай емес. «Арық атқа қамшы ауыр» демекші, еш жерде жұмыс жасамайтын, жасағысы келсе де жұмыс таба алмаған жастар қалай үй алады? Біреуге жалданып, базарда арба сүйреп не жүкші боп жүргендердің жағдайы не болады? Көпбалалы аналар, «әлжуаз» топтардың өкілдері тұрған үй кезегі тіптен ұзақ, 40-50 жылдап күтуге олардың ғұмыры жете ме? Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін баспанамен қамту тездей ме? Жер теліміне кезекке тұрғандар неше жыл күтуі керек? Қысқасы, халық күткен сауалдарға нақты жауап берілер уақыт жеткендей.
Сағаттап ақша сауса да, салықтан жалтарады
Бұрын «Шура әжей» мен «Ваня атайдың» есігіне кіріптар едік. Енді өзіміздің байшыкештер мен алыпсатарлар құтырып барады. Халықтың бір бөлігі құрқылтайдың ұясындай болса да өз құжырасын армандап жүрсе, әлгілер ауадан ақша «саууға» кірісіп кеткен. Қос-қостан, тіпті кейбірі бес-бестен пәтер сатып алып, айлап жібергені аздай тәуліктеп, сағаттап жалға беруге көшкен. «Сағаты – 1000-3000, тәулігі 4000-15 000 теңге» деп қарап отыр. Бұл пәтерлер жұрт демалатын сенбі-жексенбі түгіл, аптаның былайғы күні де босамайтын көрінеді. Оларға күн құрғатпай кімдер баратыны тағы да түсінікті… Ал енді осы жерде біздің салық органдары қайда қарап жүр деген заңды сауал туындайды. Базардағы алыпсатарларды «шағын кәсіпкер» ретінде тіркетіп, салығы мен зейнетақы төлемдерін төлетуге қол жетті ғой. Осы тәсілді заңсыз жолмен күреп табыс тауып отырған пәтер иелеріне неге қолданбасқа?..
Қайрат СӘРСЕНБАЕВ, Орал қалалық салық басқармасы бастығының орынбасары:
– Өткен жылдан бастап облыс әкімдігінің тапсырмасы бойынша ЖПИК-термен бірлесіп, қаладағы жалға берілетін пәтерлер саны мен осы жұмыспен заңсыз айналысатын адамдарды анықтауға кірістік. Қаладан жиналатын салық базасын кеңейту және облыс бюджетіне түсімдерді ұлғайту мақсатында пәтерін заңсыз жалға беруші 436 адамға хабарлама жөнелттік, жаңадан 37 жалға беруші пәтер иесі анықталды. Жалпы, облыс бойынша «Жалға беру және жекеменшік немесе жалдамалы мүлікті пайдалану», «Тұрғын үйді және өндірістік емес мақсаттағы басқа да жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату және жалға беру кезіндегі делдалдық қызмет көрсету», «Көппәтерлік және тұрғын үйлерді сатып алу және сату» секілді қызмет түрімен тіркелген заңды және жеке кәсіпкерлердің саны 1532 адам. Оның ішінде пәтер бизнесімен айналысатын тіркелген қалалық кәсіпкерлер саны – 1210. Біз алдағы уақытта пәтерлерін заңсыз жалға берушілердің барлығын анықтап, міндетті түрде салық есебіне алатын боламыз.
Отандық салық талабы әлі де әлсіз
Әлемнің дамыған елдерінде жергілікті органдардың қаржылық-экономикалық негізі жылжымайтын мүлік салығынан құралады екен. АҚШ, Жапония, Германия мен Франция мемлекеттерінде жылжымайтын мүлік салығынан түскен табысты бөлу және оны тиімді жарату ісі – жергілікті биліктің құзырында. Дереккөздеріне сүйенсек, қазір дүниежүзінде 130 ел дәл осы салықты енгізген. Әрине, әрқайсысында салық мөлшері әртүрлі. Мысалы, Италияда пәтерін жалға беретіндер табысының 40 пайызын мемлекетке аударуы тиіс болса, америкалықтар – 30, француздар – 25, чехтар мен түріктер 17-18 пайыз табыс салығын төлейді. Көрші Ресейде – 13 пайыз, ал біздің елімізде табыс салығы 10 пайызды құрайды (мұның сыртында арнаулы салық режимі мен патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатындар бар).
Арман НАУШАБАЕВ, қала тұрғыны:
– Иә, таныстарымның арасында патент алып, пәтерлерін жалға беріп жатқандар да бар. Бірақ мен өзімнің жалға беретін бір бөлмелі пәтерім үшін салық төлемеймін. Егер мемлекет маған тұрақты жұмыс тауып берсе, төлер едім. Ал егер мен күнделікті салық төлейтін болсам, бала-шағамды қандай ақшаға асырамақпын.
Облыстық салық департаменті қызметкерлерінің айтуынша, қазір жеке тұлғалар кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда, жалпыға бірдей белгіленген тәртіп шегінде алынған табыстан 10 пайыз мөлшерлемемен салық төлейді. Олар сондай-ақ арнаулы салық режимдерінің бірін таңдауға да құқылы. Егер салық төлеуші патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын болса, онда ол бар-жоғы 2 пайыз мөлшерлемемен салық төлейді. Оңайлатылған декларацияны қаласа, 3 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Бұл өте аз. Егер жоғарыда аталған шетелдердің тәжірибесін біздің мемлекетімізге енгізіп, салықты көтерсе, Астана мен Алматыны былай қойғанда, кез келген облыс орталығы мен шағын қалалардың бюджеті молаятыны анық. Ол үшін бұл бағыттағы жұмыс табанды түрде жүргізілуі тиіс.
Автор: Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал
http://alashainasy.kz/society/40756/