АЛТЫНОРДА
Новости

Алмат ҚОДАСБАЕВ: Бір адамның дене мүшесін трасплантациялау арқылы жеті адамды құтқарып қалуға болады

Алмат ҚОДАСБАЕВ, жоғары санатты кардиохирург, медицина ғылымының кандидаты:

 

 – Алмат аға, еліміздегі жүрек ауруы­мен ауыратындардың саны жыл сайын өсіп келе жатқанын білесіз. Тіпті Қазақстан әлем елдері іш­ін­де жүре­гінде ақауы бар азамат­тары­ның саны жағынан алдыңғы қатарда деген де мәлімет бар. Мұ­ның себебі неде деп ойлайсыз?
– Тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем елдерінде жүрек аурулары мен сол себептен болатын өлім көрсеткіші артып отыр. Ал оған себеп – ревматизм. Халқы­мыз өз денсаулығын көзінің қарашығын­дай сақтау керек деп есептемейді. Әйтпесе жүрек ақауының алғашқы белгілері біліне бастаған сәтте-ақ асқындырмай емделу қа­жет. Жүрек ауруы асқынбас бұрын үш-төрт жылдай оның алғашқы белгілері білі­ніп, әсіресе көктем айларында жүрек сыр­қырап ауыра бастайды. Бірақ жүректің шан­шуы мен әлсін-әлсін ауруын «қатерлі» деп санамайтын азаматтар бас-аяғы 8-10 жылдың ішінде «жүрегі жарамсыздардың» қатарынан табылып қалып жатады. Ревма­тикалық процесс жүректегі қан жолы тетік­те­рінің жұмысын нашарлатады. Ал бұл про­цеске: дұрыс тамақтанбау, аяқтан суық өту мен тамақтағы ангинаның асқы­нуы кіреді. Отандық медицина кез келген сырқаттан айықтыра алатын халге жет­се де, халықтың өз денсаулығына салғырт қа­рауы жойылар емес. Елімізде халық ден­саулығын жақсарту үшін «Саламатты Қа­зақ­стан» бағдарламасы қабылданды. Не­гіз­гі мақсаты – халық арасында мүге­дек­тікке әкелетін аурулардың алдын алу, өлім-жітім көрсеткішін азайту және өмір сүру жасын ұзарту. Қазіргі таңда халыққа медициналық қызмет көрсету орталық­тары осы бағытта жұмыс атқаруда. Әрбір облыс орталықтарында заманауи құрыл­ғылармен жабдықталған кардиохирур­гиялық ауруханалар салынып, білікті ма­ман­дармен толық қамтамасыз етілген. Мұ­ның өзі халыққа жоғары сапалы дәрі­герлік қызмет көрсетіп, ауруларын анық­тап, дер кезінде ем алуына септігін тигізіп отыр. Салауатты өмір салтын сақтай оты­рып және халық арасында ауруды ерте анық­тау, дер кезінде дәрігерлік көмек көр­сету жұмыстарын жүргізе отырып қана жү­рек-қан тамыр жүйесі ауруларын ауыз­дықтай аламыз.

– Жүрекке операция жасату үшін жылдап кезек күту мәселесі жөнінде не айта аласыз? 

– Кезек жоқ, науқастар қажетті құжат­тарын дайындап, анализдерін тапсырса, мемлекеттік портал арқылы бір-екі апта ішінде тегін жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Қазақстан­ның ұлттық медициналық орталықтарына не болмаса ауруханаларға жатып ем алуына әбден болады.

– Десек те, мойындау керек, еліміз­де отандық хирургияға толық сенім арт­пай, қымбат болса да шет мемле­кет­тердің мамандарына жүгінетін азамат­тарымыз өте көп. Отандастары­мыздың ота жасатуда шетел асып, бө­тен елдің қоржынын қампайтуының себебі неде деп ойлайсыз? Қазақстан­ның медицина саласындағы, соның іш­інде кардио­хирургия өзіне қажетті заманауи тех­нология мен соңғы үл­гідегі жабдық­тарға қол жеткізе алып отыр ма? 

– Елімізде «Саламатты Қазақстан» бағ­дар­ламасы сынды, халыққа кардиоло­гия­лық және кардиохирургиялық көмек көр­сетуді жақсарту үшін мемлекеттік бағдар­ламалар қабылданғалы бері медицинаның қай саласынан болсын көптеген мамандар шетелдердің алдыңғы қатарлы клиникала­рында болып, өз білімін, кәсіби біліктілігін арттырып келуге мүмкіндіктер алды. Ол мамандар қазір заманауи соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдық­талған ауруханаларда халыққа қызмет етуде. Нейрохирургия, трансплантация, кардиохирургия салаларындағы опера­циялар қазір біздің елімізде де жасалады. Қазақстан мамандарының білімі де, бі­лік­тілігі де, ауруханалардың жабдық­талуы да басқа шетел клиникаларынан кем емес, тіп­ті кейбір елдерден асып түседі. Оған елор­дадағы медициналық холдинг куә бола алады. Қазақстан азаматтары ем алу үшін басқа шетел асып кетпей, өз елімізде ем­делулеріне Үкімет тарапынан барлық жағ­дай жасалып отыр. Кез келген Казақстан азаматы квота арқылы тегін ем алуға то­лық мүмкіндігі бар. Еліміздегі медицина жүйесі Елбасымыздың халыққа Жолда­уында айтылғандай, халыққа жоғары са­палы медицина, қолжетімді дәрігерлік кө­мек принципі бойынша қызмет атқаруда.

– Жақында денсаулық сақтау ви­це-министрі Ерік Байжүнісов Қазақ­станда медициналық емханалар көр­сетілген қызметтері үшін төлем жа­саудың жаңа жүйесіне көшеді деп мә­лімдеді. Нақтырақ айтқанда, емхана­лардағы ем-домдардың қолданыс­тағы тариф­тері халықаралық тариф­термен сәй­кестендірілмек. Қалай ой­лайсыз, Қа­зақстан үшін жүрек транс­планта­циясы қаншалықты қажет? Кво­таға бөлініп жатқан жүздеген мың АҚШ долларын отандық мамандарға төлеуге біздің кадрлық және мате­риал­дық базамыз дайын деп ойлайсыз ба? Бұл опера­цияларды жасаудан не ұтамыз? Опе­ра­ция құны өтеле ме?

– Халық арасында жүрек аурулары етек алып барады. Медицина дамып, ғы­лым­ның соңғы жетістіктерімен қамтамасыз етіліп отырса да, кейбір жүрек ауруларын ауыздықтай алмай отыр. Бұл кезде кө­мекке жүгінер жалғыз жол – жүрек транс­плантациясы. Жалпы, трансплантация – ме­дицинаның өте күрделі саласы. Транс­план­тацияға қол жеткізе отырып, өз елі­міз­де медицинаның қаншалықты деңгей­де да­мығанын көрсете аламыз. Дамыған 30 ел­дің қатарына қосылу үшін тек елдің эко­но­микалық жағдайы ғана емес, меди­ци­на са­ласы да алдыңғы деңгейде болуы керек. «Халыққа – жоғары сапалы дәрігер­лік кө­мек, қолжетімді медицина» деп ха­лық үшін бағдарлама бекіткен Үкімет мем­лекет тарапынан науқас адамдарға ден­саулығын түзетіп, тегін ем алу мүмкін­ші­лі­гін жасап отыр. Әлемдік деңгейдегі тек­серу және ем­деу қондырғыларымен жаб­дық­талған ауруханалар тұрғызумен қатар, ше­тел­дер­де білім алған білікті дәрі­гер­лер­ді да­йын­дауға да көп көңіл бөліп отыр. Сон­дықтан отандық медицинаның кадр­лық және ма­те­риалдық базасы бұған то­лықтай дайын деп айта аламын. Тек сенім қажет.

Трансплантация саласы кең дамып, дү­ниежүзі бойынша 2011 жылы ор­гандарды алмастыру бойынша 106 0879 операция жа­сал­ды. 1967 жылы Кристиан Бернард ал­ғашқы болып жүрек алмастыру опера­ция­сын енгізгеннен бері әлемде 80 мың адам­ға осындай операция жасалған. Жү­рек трансплантациясына мұқтаж жан­дар саны, жалпы, Қазақстан бойынша 1000 – 1200 нау­қасты құрап отыр. Ал Дү­ние­жүзі бо­йынша жылына 2500 – 3000 адамның жү­регі алмастырылады екен. Олардың 80%-ы бес жылдан артық өмір сүреді. Бір ғана мысал келтірейік, Apple компьютер корпорациясының негізін қалаушы, мил­лиардер, Стив Джобстың өзі бөгде адам­ның бауырымен өмір сүріп қана қоймай, соңғы күндеріне дейін белсенді қызмет атқарып келді.

– Демек, аурухана төсегіне таңыл­ған мыңдаған жерлесімізді осын­дай бақытты адамдар қатарына қосу Қазақстан медицинасының қолынан келеді деп сенесіз ғой? 

– Келеді! Оған дәлел – кеше ғана А. Сыз­ғанов атындағы хирургия орталығын­да жасалған бауыр алмастыру операция­лары. Ал жүрек алмастыру операциясын жа­сауға дәрігерлеріміздің дәрежесі, құ­рал-жабдықтар мен зертханалық жүйе­міз де толық дайын. Бірақ бір күрделі проб­лема бар. Ол – донор табу мәселесі. Транс­плантация саласында қаншама адам­ның өмірін сақтап қалуға дәл осы донор мәселесі қолбайлау болып отыр. Әйт­песе дүниежүзі дәрігерлері жол апаты­нан не­месе басқа да себептерге байла­ныс­ты ми өліміне ұшыраған, басқа қосым­ша қауіпті аурулары жоқ бір адам дене­сінен алынған мүшелерді трансплантация­лау арқылы жеті адамның ауруынан айы­ғып, өмірін ұзартуға болатынын дәлелдеп отыр.

– Білуімізше, Еуропалық одақта трансплантация кезегінде 60 мың нау­қас тұр. Жалпы, қажетті органдар­ды қай­дан және қалай табуға болады? Бәлкім, шетелдік тәжірибелер жайын­да айта кетерсіз?! 

– Еуропа мен Америка елдерінде до­нор болуға немесе кенеттен апатқа ұшы­раған жағдайда дене мүшелерін донор ретінде беру үшін алдын ала келісім жа­салады. Германияда жылына 4500 орган транс­плантация үшін алынатын болса, оның 620-сы өз туған-туыстарынан, яғни тірі до­нордан алынған. Әлемдік транс­плантация мен донорлықта көшбасшы са­налатын Ис­панияда 2011 жылы 1137 – ба­уыр, 2494  – бүй­рек, 237 – жүрек, 230 өкпе ал­мастыру опе­рациясын жасауға қол жет­кізіп отыр. Себебі бұл елде әр миллион тұр­ғынға шаққанда 35-і өз еркімен келісім берген донор болады екен. Осы әлемдік тәжіри­бе­лерге сүйене отырып, қазақ же­рінде де донор болу мәселесін шешіп, бүй­рек, ба­уыр, жүрек алмастыруға мұқтаж жандар­дың жанарынан қуаныш шапа­ғатын көруге болады. Алматы қаласындай алып шаһар­да жылына жүздеген адам оқыстан бо­ла­тын апаттардан, басқа да ке­неттен бола­тын аурулардан тек ми өліміне ұшырап, ме­ди­цина аппараттарының, дә­рі­лердің кө­ме­гімен ғана жансақтау бө­лімінде айлап жатып көз жұмады. Әлі де қыз­меті сау бас­қа мүшелерін донор ретін­де алуға келісімін берсе, төсекке таңылып ауру болған, әлі де өмір сүруге үміті бар, жа­рық күнді аңсаған бірнеше науқасқа үлкен көмек болар еді. Еңсесі биік Еуропа елдері мен алпауыт Америка жерінде он­ мыңдаған азамат бөгде адамдардан алынған жүрек пен бүй­рек немесе бауыр мен басқа да мүше­лері­нің арқасында ауру­ларынан айығып, ел қа­тарлы күн кешу­де. Бұл – ел арасында до­нор болуға деген оң көзқарастың болуы­нан. Ал Орта­лық Азия елдерінде, мұсылман дініндегі азаматтар арасында «донор» де­ген сөзге үрейлене қарап, «жер астына он екі мүше­сін түгел алып кету керек» деп есеп­тейді де, солай істеу үшін барын сала­ды. О дү­ниеге қаза болғанда жаның кете ме, әлде тәнің кете ме? Өз келісіміңмен бер­ген немесе туған-туыстар келісімімен берілген сау мүшелерің әлі де көрер күні мен атар таңы бар біреудің әкесі немесе шешесі, біреудің баласы немесе бауыры­ның өмірін алып қалуға болады. Жығыл­ған­ды жебеу, қиналғанға қол ұшын беру қазақ халқы­ның қанында бар асыл қасиет емес пе?! Қасиетімізді жоғалтпай, денсау­лығы транс­плантацияға мұқтаж мыңдаған жанның бар екенін ұмытпайық!

– Трансплантация төңірегіндегі ең басты проблема донор табу мәселесі екенін өзіңіз айтып отырсыз. Жалпы, қазіргі таңда біздің елде осы проблема қалай шешіліп жүр? 

– Трансплантациялық операциялар  медицина саласының деңгейін көрсетіп беретін таразы десек те болады. Себебі трансплантация медицинаның бірнеше күрделі саласын қамти отырып, бұл сала­лар жүйелі қызмет істейтін болса ғана, медицина жақсы нәтиже береді. Ал транс­плантация мен донорлық – қатар жүретін күрделі жүйе. Трансплантацияны дамыту үшін донорлық мәселе қолдау тауып, дамуы қажет. Ал «донорлық деген не?» деген сұраққа жауап беретін болсақ, ол – аяқ астынан апатқа ұшырап, ауыр жара­қат­танып немесе кейбір ауру себебінен ми өліміне ұшыраған жандардан әлі өмір сүру қызметі сақталған органдарын алып, осы­ған мұқтаж, өмір сүру мүмкіншілігі осыған ғана тәуелді басқа науқастарға хирургия­лық жолмен салу. Алмастырылып салына­тын: торша (клетка), кішкене ұлпа (ткань) не­ме­се бүтін бір мүше (орган) болуы мүм­кін. Донордан алынатын мүше басқа адам­ның денесіне салынбастан бұрын толық тексеруден өтіп, операциядан кейін мү­шені қабылдаған адам денесінде еш зиянсыз қызмет атқара алатын болуы қа­жет. Өкінішке қарай, әлемдік донор табу мәселесі біздің елде шешімін тауып жүр деп айтуға ауыз бармайды.

– Осы донор мәселесіне қатысты елімізде адамның дене мүшелерін саудаға салу керек деген де пікірлер айтылды емес пе… 

– Иә, оныңыз рас. Трансплантация саласы дамыған сайын ел арасында адам мүшелері саудаға салынады немесе қажет органдарды табу үшін донор болатын адам­дармен келісім жүргізіп, саудаласу қажет деген дақпырт, жағымсыз, жалған әңгіме таралып жүргені де мәлім. Тіпті ин­тернет желісінде өзінің әлеуметтік қажет­тілігіне байланысты «бүйрегімді сатамын» деген хабарламалар көзге түсе­ді. Менің айтарым – Қазақстан заңнамасы бойынша органдарды сатуға тыйым салынған, адам­ға дене мүшелерін саудалауға бол­майды. Астана мен Алматы қаласындағы төрт-бес медициналық орталықта ғана Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ереже бойынша трансплантациямен айна­лы­су­ға рұқсат етілген. Трансплантация са­ла­сында жүрген әрбір дәрігер заң бо­йынша қандай жағдайда донорлық ор­гандарды алуға болатынын және қандай жағдайда орган алуға болмайтынын өте жақсы біледі. Ден­саулық сақтау кодексі органдар мен тіндер трансплантациясы бөлімінде жа­зылған заңды қатаң сақ­тайды. Ал кез кел­ген азамат дене мүшесін сатам дегеннің өзінде де бұған ешқандай жол жоқ. Басқа елдерді алатын болсақ, өз дене мүшелерін сатуға рұқсат етілген Үндістан, Пәкістан сияқты мемлекеттер бар. Өздеріңізге мә­лім, ол елдерге транс­плантация үшін бару­ға тыйым салынды. Себебі жасалған опе­рацияларының нәти­жесі өте нашар. Ол ел­дерде операция жа­са­тып келгеннен ке­йін көп ұзамай ас­қынулар болып, тар төсекке қайта таңы­лып жатқан жайттар бар. Операция нәти­жесі тек хирургиялық тәжі­рибеге ғана емес, алдын ала анық­тал­ған орган беруші донор мен орган қа­был­даушы реципиент арасындағы сәйкес­тіктердің нәтижесіне де тәуелді. Бұл сәй­кестіктер қайшы келіп тұр­са, қанша ақшаға сатып алынған орган бол­са да, реципиент денесі оны қабылда­майды, сәйкесінше нәтижесі де жақсы болмайды.

Еуроодақ тансплантация комиссия­сының шешімі бойынша, трансплантация саласы мен донорлық мәселені шешуде көшбасшы ел Испания болып отыр. ТМД елдері арасында трансплантация саласын кемеліне жеткізе дамытып, басқа елдер­мен өз тәжірибесін бөлісіп отырған –Беларусь мемлекеті. 2012 жылы бұл елде 30 жүрек алмастыру, 51 ба­уыр алмастыру, 200 бүйрек алмастыру опе­рациялары жасалған. Сондықтан да А.Сызғанов атындағы хирургиялық ор­та­лығындағы алғашқы бауыр алмастыру операциясын жасауда көмекшіміз бело­рус ағайындар болып отыр. Себебі бұ­рын­ғы Кеңес Одағы елдерінің арасынан соңғы аз ғана уақыт ішінде трансплантация сала­сында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырған мем­лекет. Бұл елдің азаматтары арасында донорлық мәселе де Үкіметтің қолдауымен жақсы шешіліп отыр.

– Әңгімеңізден байқағаным, Еу­ропа елдері мен Азия елдерін салыс­тырғанда, еуропалықтар донор мәсе­ле­сін шешуге бір қадам жақындағанға ұқсайды. Демек, халықтың сана-сезімі мен діни көзқарастарының өзіндік ерек­шеліктері бұл мәселені шешуге тікелей байланысты ғой? Олай дейтіні­міз – мұ­сылман елдері көптеп шоғырлан­ған Азия­ның халқы біреудің дене мүшесін біреуге салуды, оның ішінде бөтеннің жү­регімен өмір сүруді жөн санамайды, олардың басым бөлігі жүрек ауысты­ру­ды дінін сатумен тең көретін сияқ­ты… 

– Иә, трансплантация – соңғы жүз­жылдықта пайда болып, ғылым мен медицинаның дамуына байланысты нау­қас жандарға көмек көрсету қажеттілігінен туып отырған медицинаның жас салала­рының бірі ғой. Ислам дінін мойындап отырған Азия елдерінде Еуро­паға қара­ғанда трансплантация кең етек алып дамымай отыр. Оған діни нанымның да әсері тие ме деген ой келеді. Осы ащы сұрақтың шешімін табу үшін бірнеше дін өкіл­імен әңгімелескенде әртүрлі пікір айтылды. Солардың бірі, құрметті мүф­ти, профессор, Хазірет Рәтбек қажы Нысан­байұлының айтуынша, «Құран кітапта транс­плантация үшін басқа адамның дене мү­ше­сін алуға болады немесе алуға бол­майды деп жазылмаған». Себебі ис­лам діні пайда болған 1400 жыл бұрын меди­цинада тансплантация саласы бол­маған да еді. Ол – ғылымның дамуына бай­ланысты кейіннен пайда болған меди­цинаның бір саласы. Жүрек не бауыр ал­мастыру операцияларын жасауға мұқтаж адамдарға көмек көрсету – дәрігерлердің кә­сіби құқығы да, ал абайсызда апатқа ұшы­рап, ми өлімінде жатқан жақынының дене мүшелерін басқа науқас адамдарға көмек ретінде беруге келісім беру туған-туыстарының азаматтық құқығы деп қарау керек. Ислам дінінде немесе христиан ді­нін­дегі азаматтар болсын донорлыққа тү­сі­ністікпен қарауы тиіс. Осыдан бірер жыл бұрын Ресейдің Новосібір қаласының азаматы өзінің кішкене қызының өте ауыр халде екенін, оны аман алып қалу үшін до­норлық жүрек қажет екенін теледидардан көрсеткен еді. Трансплантация жасау үшін кішкене қызға көмек колын созған Италия мемлекеті болды. Орыс қызына оқыс апат­тан қайтыс болған өз қызының жүре­гін беруге италиялық ана келісімін береді де, жүрек алмастыру операциясы жасал­ғаннан кейін де ресейлік қызбен хабар­ласып хал-жағдайын біліп тұратыны жай­лы көрсетілді. Сондықтан трансплантация­ға мұқтаж жандарға көмек болар жалғыз жол, ол – донорлық органдар. Аяқасты апаттан ми өліміне ұшыраған жандардан органдарын алуға қарсылық білдірмей, келісім бойынша көмек көрсету адамзат баласының нәсіліне де, дініне де, тұрғы­лықты жеріне де байланысты емес.

– Әңгімеңізге көп рақмет, аға.

 

Алашқа айтар датым…

– Трансплантациялық операциялардың құны қанша өрлеп тұрса да, мемлекет одан ақша аяп отырған жоқ. Жүрек, бауыр алмастыру мамандарын дайындау, қажетті құрал-жабдықтар алу, зертханалық бақылау қызметтерін қамтамасыз етуге қыруар қаражат бөлініп отыр. Мұның бәрі – халық денсаулығы үшін жасалып отырған мемлекеттік шара. Дені сау әрбір азамат мемлекеттің қол жетпес байлығы екенін Елбасымыз өз Жолдауында атап өткен. Бірақ еліміздегі донор мәселесі әлі де шешімін таба алмай келеді. Донорлық көмек беруден қорықпау керек, ол – халық санын көбейтуге, өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізері сөзсіз. Ал жүрек пен бауыр алмастыру үшін донорлық органға мұқтаж жандарға көмек қажет. Қазақ елі ұлан-ғайыр жерді қорғап қалған ер халық қана емес, қажет кезінде көмегін аямаған жомарт халық екенін естен шығармайық, жамағат?!

Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА 

Алаш айнасы