АЛТЫНОРДА
Новости

Қазақты әлжуаздыққа сендіріп, жігерсіздендіру кімдерге қажет?

Намыс пен ар хақында сөз қозғалса, барлығымыздың бір кісідей үн қатуға құлқымыз бар. Біреу арсызсың десінші – намыстанамыз, намыссызсың десе,  арланамыз. Бұл екі сезімді тұшыну – тірі екеніңді ұғынып, адам екеніңді түсіндіретін секілді. Соған сәйкес арланатын да, намыстанатын да себептер жетерлік. Бірақ неге екені белгісіз біздің қазақ екі нәрсеге намыстанбайды. Арлану былай тұрсын, басын шұлғып келісіп, өзгелердің қалжыңының кейіпкеріне айналып үлгерген. Ақылдысымақтары «ой, біздің қазақ жалқау ғой» десе, ақыл тыңдап отырғаны қарсы шықпайды. Қалжыңбасы «ой, біздің қазақты кездесуге екі сағат бұрын шақыру керек» десе,  қалжыңқағары екі езуі құлағына жеткенше күледі. Кімге кім күліп жатыр? Қазаққа қазақ! Күлуді былай ысырғанда, расымен той-жиынға кешігіп баруды әдетке айналдырып алғанымызды қайтесіз. Жиын иесі шақырған қонағының екі сағат кешігіп келетінін біледі, ал мейман да екі сағат кешіккенді жөн санайды. Біздің елде тойға дәл уақытында барсаңыз, өзгенің жиналғанын күткенше дегбіріңіз қашып, шаршап қаласыз? Одан соң асабаның  «жалқау қазақтың бұрыннан келе жатқан салты бойынша, тойымызды дер кезінде бастаймыз»  деген ашылу сөзі жалғасады, кешігіп келгендер бұған ешбір қысылмастан күлімсіреп қойып отыра береді. Неге? Неге біз жалқау, сөзінде тұрып, дер кезінде діттеген жеріне жете алмайтын әлжуаз деген пікірге намыстанбаймыз? Бізді кекетіп жатыр емес пе, арланбаймыз ба? Олай ете алмаймыз. Сонда қазақ болдың екен, міндетті түрде бойыңда осы екі намыссыздық болуға тиіс пе?

Қазақты осылай етіп көрсету патшалық отарлау саясатының негізгі тармағының, алғашқы баптарының бірі болса керек. Әйтпесе мынандай ұланғайыр мекенді қоныс еткен бабаларымзды жалқау болды деп айту миға симайды, ойға қонбайды. Жалқау адам қалайша батыр болмақ? Батырлыққа да бап керек емес пе?  Жатып ішіер жалқауларда салт-дәстүр деген болушы ме еді?Егер қазақ үнемі кешігіп жүретін болса жауымен қалай шайқасқан, семсермен қалай серттескен? Егер біз жалқау болсақ, еңбектену, талаптану, іздену деген етістіктер біздің сөздік қорда қайдан жүр? Неге арамыздағы санаулы «сапасыздар» үшін барлығымздың санамызға нұқсан келуге тіиіс?

Психология ғылымында өзін-өзі (самовнушение) сендіру деген ұғым бар.  Күллі бір ұлтты әлжуаздыққа сендіріп, жігерсіздендіру кімдерге қажет болды? Қажеттілікті кімдер жүзеге асырып жатыр? Жүзеге асырып жатқан, әрине қазақтың өзі. Ал жұртымыздың жігерсіз болуы қазақтан басқаның барлығына қажет-ақ! Сонымен ойланыңыз, сіз жалқаусыз ба?

Тоқ етерін айтқанда, жігерсіз, намссыз, әлжуаз болуға  біздің хақымыз да жоқ! Себебі біз ұлы мақсатқа жету үшін «Түнде көз ілмеген» (Күлтегіннің сөзі), күндіз тізе бүкпей шайқастарда жүрген қайсар қазақтардың заңды мұрагерлеріміз!

 

Төлеу Айнұр

masa.kz