Игорь Николаевич НЕЧАЕВ, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты
– Игорь Николаевич еліміздегі жылқы шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосқан ғалымның бірісіз. Қазіргі жылқы шаруашылығына көңіліңіз тола ма?
– Өткен ғасырлардың бірінде бір қытайлық зерттеуші: «Егер сіз қазақтан қанша уақыт жерде отырдың және қанша уақыт атпен жүрдің? » десе, ол өзінің барлық дерлік уақытын ат үстінде өткізген болып шығады», – деп естелік жазып қалдырған екен. Демек, қазақ пен дала, жылқы өте ертеден бірге. Себебі ұланғайыр алып даланы, орасан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпы, салт-санасы, өнер-білімі, бар салтанаты, яғни, бір сөзбен айтқанда, бүкіл ғұмырлық мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатыр деп айтуға болады. Осыдан барып қазақты «жылқы мінезді» деп те бекерден-бекер айта салмаған. Кез келген қазақта бұл мінез бар. Алайда бір өкінішті нәрсеге тоқталсақ, сан ғасырлар бойы төрт түліктің жетекші саласы болып саналатын жылқы шаруашылығына бүгінгі күні жете көңіл бөлініп отырған жоқ. Күні кеше қолда бар байлық «ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында» кеткен қайта құру кезеңі қыруар құйма тұяқтыны құртып кетті. Мысалы, кеңес заманында табынды жылқы жақсы дамып, бір жолға қойылған еді. Ғасыр бойы табиғи селекция үрдісі жүруінің арқасында дене бітімі шымыр, ауа райының қатаң жағдайларына төзімді, әрі жем-шөп талғамайтын жылқылардың түрлері де дүниеге келді. Жылқы малы сұрыпталып, ғылыми-зерттеулер оң нәтиже бергенін ешкім жоққа шығармайды. 1916 жылға дейін Қазақстанда 4 млн 640 мың жылқы болыпты. Ал кейінгі соңғы жылдың деректеріне көз жүгіртсек, елімізде ұзын саны 1 миллион 600 мың жылқы бар. Әр жыл сайын бұған 4-5 пайыз жылқы қосылады. Бірақ жылқы малы көбейіп жатқан жоқ. Биыл қыстың қаттылығынан жылқы саны азайды. Себебі асыл тұқымды ақалтеке, дончан, т.б. тұқымдар өліп жатыр. Ал өзіміз шығарған тұқымдар дін аман. Дүние жүзінде бұл түліктің 300-ден астам түрі болса, соның 7-еуі Қазақстанда өсіріледі. Олар Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында жақсы дамып, жақсы көрсеткішке қол жеткізгенімен кеңестік уақытпен салыстыруға келмейді. Ол кезде Қазақстанда жылқы шаруашылығына арналып, 19 асыл тұқым жылқы зауыты тұрақты жұмыс істеп, асылдандырылған асыл тұқымды жылқы фермалары құрылды. Мал басын көбейтуге аса мән берілді. Жылқының стратегиялық маңызы ескеріліп, әскерге, ауыл шаруашылығының жұмысына жүйелі селекция жүрді. Сонымен бірге жылқы еті өзге ет өнімдері ішінде үлесі 80 пайызды құраса, бие сүті сиыр сүтінен кейін екінші орында тұратын. Қазір ондай негіз бізде аз. Көп шаруашылық жекешелендіріліп кетті. Ал қазіргі қымызға келер болсақ, оны тек өндіріп ғана қоймай, халықаралық стандарттың талабына сай өңдеп, экспортқа шығаруды міндеттеу қажет. Қымызбен айналысатын қожалықтар мен жеке адамдарға Үкімет тарапынан қолдау жеткіліксіз. Былай ойлап қарасаңыз біздегі жылқы шаруашылығын жандандыру мәселесі екінің бірін толғандырады. Әрқайсымыз сіңімді ет пен қасиетті қымыз қазақтың брэндіне айналуы тиіс деп ойлаймыз, бірақ іске аспай жатыр.
– Елімізде жылқы өнімдерін сыртқа шығаруға мүмкіндік бар ма?
– Біз ең бірінші сыртқа шығатын ет өнімдерінің сапасын жақсартып, шетелдік стандарт шарттарын орындау жүйесін жақсы білуіміз керек. Сонда ғана жылқының етін шығара аламыз. Кезінде қазақстандық жылқы еті Мәскеу мен Петерборда ең қымбат тауар түрі болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол кезде бізде жылқылар еркін жайылып, табиғи немесе «қоспасыз» шөппен азықтанатын. Осының арқасында жылқы еті дәмді, әрі сапалы болды.
Меніңше, бүгінгі күнде елімізде бәсекеге қабілетті екі өнім бар болса, оның бірі – майлы бағыттағы құйрықты қой мен жылқы еті. Бұл өнімдерді сапалы өндіру елімізге үлкен пайда әкелері анық. Бірақ оны әлемдік талапқа сай өндіре алмай келеміз.
– Ол үшін шаруашылықты қандай жолға қойған дұрыс деп ойлайсыз?
– Жылқы – аяқты мал. Аяқты малға жақсы жайылым, тұнық су керек. Елімізде бос жатқан жерді пайдалану жылқы малының көбеюіне жағдай жасайды. Онымен айналысып отырғандар өнімдерін, яғни, еті мен қазы-қартасын, жал-жаясын, қымызын, сондай-ақ асыл тұқымды малын сыртқа сата алмай отыр. Тіптен жылқы өнімдерін шетелге шығарумен айналысатын мамандандырылған әрі орталықтандырылған мекеме жоқ. Ал бар болса, ол шашыраңқы, жұмыстары жүйесіз және нәтижесіз. Елдегі үлкен мәселенің бірі – шетелдерге тірі жылқыларды және оның өнімдерін өткізуге өріс ашатын мемлекетаралық келісімшарттардың болмауы бір болса, болған күннің өзінде мемлекеттер арасындағы ветеринариялық құжаттардың сапасыз дайындалуында дер едім. Бұл біздің ілгері жылжуымызға қолбайлау болса, құлшыныс жоқтың қасы. Мәселелер дұрыс шешілген жағдайда Қазақстанда жылқы шаруашылығы жақсы дамып, өркендейтін дәрежеге жетері анық. Біз кез келген іске Елбасының тікелей тапсырмасын күтуді әдетке айналдырдық. Содан кейін іске асыруға бойымызды үйретіп, жоғары жаққа қарап отырамыз. Жақсы істі Елбасы қолдайды, көмегін де береді.
– Қазақ жылқыларының сапасын жақсартуда ғалымдарымыз аз жұмыс жасаған жоқ. Оның ішінде сіздің еңбегіңіз зор.
Қазақстандағы жылқылардың басты ерекшеліктері неде?
– Бар ғұмырымды жылқыға арнаған адаммын. 1956 жылдан бері қазақтың дархан даласында жылқы мен жылқышылардың өмірімен жете танысып келемін. Үйір-үйір жылқы, мыңдаған табын қайырған табыншылармен етжақын болдым. Оның ішінде қазақтың жабы жылқысын зерттеп, еңбек еткен ғалыммын. Көп іздендім. Өзімнің ғылыми тәжірибелік терең ізденістен қазақтың жабы түрінен: мұғалжар, сарыарқа, құланды және қаба жылқы тұқымдарын өсіруде өзіндік үлес қостым деп айта аламын. Еңбегімнің нәтижесінде кандидаттық, докторлықты қорғап, ғылым шыңына көтерілдім. Зерттеу барысында қазақ жылқыларының өзіндік ерекшеліктері барын да байқадым. Қазақтың жабы жылқысы қазақпен бірге жасасып келеді. Жүйрік ат ұстау атадан балаға жалғасқан. Осыдан барып, «Ат – ердің қанаты», «Ат – жеткізер мұратқа» деген мақал-мәтелдің шығуы бекер емес. Қазақтың жабы жылқысы шаппайды, бірақ шыдамды келеді. Ертеде ақсақалдар: «Жабыдан айғыр салмаңыз, қалың мал арзан деп, жаман қатын алмаңыз, жабыдан айғыр салсаңыз, жауға мінер ат қайда, жаман қатын алсаңыз, ердің атағын шығар ұл тумас» деген сөздерді жиі айтатын. Мұнда шындық жатыр. Жабы деген табиғаттың қатал сынына да төтеп береді, әрі төзімді, тебінге мықты жануар. Мұны біз Кембридж университетінің ғалымдарымен байланыс жасағанда білдік. Ағылшын ғалымдары жылқының шежіресін жасапты. Шежіреге қазақтың жылқылары енбепті. Біз оны кіргіздік. Бұдан кейін ағылшындық пен Бүкілодақтық ресейлік жылқы шаруашылығымен айналысатын институт ғалымдары біздің жабы, адай, мұғалжар және басқа жылқымыздан қан алып тексерді. Біз де тексеріп көрдік. Тексеру кезінде ағылшындардың қатты таңғалғаны бар. Жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында, мұғалжарда алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені барын анықтаған. Басқа тұқымдарда бұл ген жоқ. Қазақ жылқысының шыдамдылығы сол – алғашқы жабайы жылқының генінің барлығы сақталған. Ол тарпаңнан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Сол жабайы жылқылардан қалған қазіргі қазақ жылқылары. Оның жұрнақтары біздің жылқыларда кездеседі.
– Қазақтың жабы жылқысынан басқа жылқының қанша түрі мен тұқымы кездеседі?
– Еліміздің географиялық жағдайына байланысты жылқының түрі көп. Батыстық, қостанайлық, адай, мұғалжар, жабы, найман, тіптен тарақтының да жылқысы болған. Елдегі жылқы тұқымы аз емес. 1930 жылдары КСРО-ның Ғылым академиясының ғалымдары қазақ жылқыларын тексеріп, біздерге біраз өзгеріс әкелді. Тексеруде жылқының әскерге және ауыл шаруашылығына, қара жұмысқа қажеттілігі ескеріліп, қазақ жылқыларының бойы аласа болғандықтан оның тұқымын жақсарту шаралары қолға алынады. Тұқымды жақсарту үшін асыл тұқымды айғырларды қандай аймаққа қосу керектігі де қарастырылған. Мысалы, Жамбыл облысына дончак пен ақалтеке тұқымын әкелсе, Батыс Қазақстанға дончак пен буденный тұқымы және таза қанды жүрісті жылқылардың айғырларын қосып, қазақ жылқысын өсіру технологиясын өзгерту керек деп шешті. Жылқы тебін мен жайылымда жүрсе өспейді дегеннен кейін «мәдени табын» түрінде биелерді бір бөлек, айғырларды бір бөлек бағу қолға алынды. Қыстың күні жылқыларды қораға қамап, жемшөп берді. Біз де өзіміздің іс-тәжірибемізде жүргізіп, жабымен жұмыс жүргіздік. Оның нәтижесінде биелер 320 келі тартса, ал айғырлар 400 келіге жақындады. Мұғалжар айғырларының салмағы 580-600 келіге дейін барады. Бұл жерде біз өзіміздің технологияны өзгерткен жоқпыз, жылқы тебінді де жүрді. Жұмысымызды жүйелеп, жақсыларды іріктеп, сұрыптап, талдау мен ізденудің барысында ет-сүтті мұғалжар жылқысын шығардық. Бұған аз уақыт кетпеді. Біраз айналыстық. Еңбегіміз қазақ жылқысының жаңа тарихына енді. Іс-тәжірибеміздің арқасында халыққа керекті жылқы дүниеге осылай келді. Мәскеулік ғалымдар өздерінің теориясы бойынша жүйрік жылқы шығарамыз деп, технологияны өзгертумен ізденістерін жүргізді. Табыннан жүйрік жылқы өспейді, ол үшін технологияны өзгерту керек. Ал енді жабыдан дұрыстап зауыттық ғылыми әдіспен таңдау, зерттеу және іріктеу, сұрыптаудың нәтижесінде тамаша жетістікке жетуге болатындығын біздер көрсетіп келеміз. Бұған ағылшын ғалымдары таңғалды. «Мүмкін емес» дегенді де айтты. Біз бірақ оны дәлелдедік.
– Бұл сіздің ғылыми жетістігіңіз ғой?
– Бұл 1956 жылдан бері айналысқан еңбегімнің жемісі. Қазірде жұмыс істеп жатырмын. Мұғалжар жылқысының ішінде сарыарқа тұқымының түрін, бұдан ембі мен қаба деген түрді дүниеге әкелуге атсалыстым. Мұғалжар жылқысының ішінде Қожамберді түрі де бар. Жылқының Қожамберді деп аталуы тегін емес. Көп жылдары Қарағанды облысының Шолақеспе деген жылқы зауытында Қожамберді деген белгілі жылқышы менімен бірге еңбек етті. Марқұм Қожекең жылқының қыры мен сырын жақсы білетін жайсаң жан еді, балалары да әке кәсібін жалғастырды. Сол кісінің еңбегін ескеріп, біз жылқының жаңа түрін Қожамберді деп атадық. Қазір ақсақалдың үшінші ұрпағы жылқы шаруашылығымен айналысса, оның төртінші ұрпағы да ата кәсіптің құрығын ұстаған. Олар болмаса, жалғыз ғалым не бітірер еді? Әсіресе, табыншылардың еңбегі біздің ғылыми жұмысымызға көп пайдасын тигізді. Қазақ бекер айтпаған: «Жылқы баққан кісі жылқының тұяғынан қатты болу керек. Әйтпесе қолынан түк келмейді» деп. Сол сөз біздің іздеген еңбегімізге нәтиже берді.
– Сіздің балалық шағыңыз Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіпті. Біраз қиыншылықты көрген де боларсыз?
– Ол рас. Семейде дүниеге келгенмін. Жетім өстім. Басымнан талай қиыншылықты өткердім. Соғыс жылдарында шешем жалғыз болғандықтан 5- сыныптан бастап, жұмысқа араластым. Оныншы сыныпты бітіргенше шешеме көмектестім. Мектеп бітіріп, Алматыдағы университетке құжаттарымды тапсырдым. Ойым – журналист болу. Бірақ күз түсіп, киім мен ақшаның жоқтығынан шешемнің қасына келдім. Геологтармен бірге жұмыс істеп, біраз қаражат жинап, университетке түспек ойым болды. Осылай жүргенде әскерге шақырды. Әкем сияқты ұшқыш болуды армандап, училищеде 3 жарым жыл оқыдым. Аспанға көтеріліп екі-үш ұшаққа міндім. Ең бірінші реактивтік «Миг-15» ұшағында ұшқан кезім болды. 4-жылы қан қысымым көтерілгендіктен бұйрық шығып, мені босатты. Әскерден босағаннан кейін, мал шаруашылығы институтында лаборант болып жұмыс істедім. Бірден жылқы шаруашылығына түстім. Сол уақыттан бері жылқымен айналысып келемін. Құдайға шүкір, жылқы баққандардың бәрі қазақтар болды.Оларға мыңда бір рақмет айтамын. Менде ешқандай тірек, сүйеніш болған жоқ. Бірақ қазақтар мені кәдімгідей өзінің туған баласындай көрді. Олармен бірге жүріп, бірге тұрғандықтан тілді де меңгердім. Көбі мені «сары бала» деп атап, мейірімді жылы жүзбен қарады. Ол кезде Хрущевтың заманы болатын. «Жылқы керегі жоқ» деп, бие мен тайды сойғызып, ет комбинаттарына өткізіп, масқара етті. Осы кезде біздің институттың директорының орынбасары, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Ю.Барминцевтің бастамасымен етті-сүтті жылқыны өсіріп, жылқыны сақтау шаралары қолға алынды. 1956 жылы Алматы облысындағы Кеген жылқы зауытынан 1500 жылқыны алып, тамыздың 15-і күні атпен айдап, қарашаның 15-інде Бетпақдаланың жылқы тәжірибе стансасына жеткіздік. Маған Бетпақдала ұнады. Мен институттан Беттпақдала тәжірибе стансасына ауысып, 1970 жылға дейін жылқы шаруашылығында жұмыс істеп, көп тәжірибе жинақтадым. Бұдан кейін мал шаруашылығы институтына қайта келіп, ғылыми жұмыстармен айналыстым. Аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болып, директордың міндетін атқарушы да болдым. ВАСХНИЛ-ге келіп, директордың орынбасары, ауыл шаруашылық академиясында президенттің орынбасары қызметін де атқардым.
– Өздеріңіз шығарған мұғалжар жылқысы туралы не айтар едіңіз?
– Мұғалжар жылқысы – қазақтың жабы жылқысынан шыққан. Жабы жылқысының шыдамдылығы мұғалжар жылқысында қалған, етті тұқым. Салмағы 100-150 келіге жетеді. Сүттілігі де бар. Оның қасиеті сол. Біздің Қазақстан бүкілодақтық сауда ұйымына кіргелі жатыр. Осыған кіргенде жылқы еті бағаланады. Мысалы, Франция халқының 30 пайызы жылқы етін жейді, Италияға да жылқы еті таңсық емес, олар есекке дейін жейді. Бірақ бұл елдерде біздің жылқыдай тұқым жоқ. Екі арнайы мамандандырылған ет пен қымыз өндіретін тұқым бар жалғыз мемлекетпіз. Ол – көшім мен мұғалжар тұқымдары. Қазір тағы бір тұқым шығаруды іске асырудамыз. Жұмысымызды Үкіметке айтып та, жазып та жатырмыз. Жылқы өнімдерін сыртқа шығаруды қолға алсақ, шетел қандай ет жейді, әсіресе, мұғалжардың етін бір жесе, ауызынан дәмі бір жыл кетпейтінін білер еді. Табиғи жайылымда жайылған жылқының еті экологиялық жағынан таза. Француздар мен итальяндықтар ипподромдарда шауып, аяғы сынған жылқыны сойып жей береді. Сондай-ақ ол елдерге поляктар кәрі биелерді бордақылап сатады. Оның еті қатты, ешқандай дәмі жоқ. Олар еттің дәмін білмейді. Міне, осындай жағдайды біз ескеріп, Үкіметке айтып отырмыз: «Біз нағыз табиғи жарнама жасайық. Ол жаққа біздің фермерлер жылқы етін тегін апарып, қазақтардың ұлттық тағамдарын дайындап, көрсетсін. Сонда олар талап алары анық» деп жоғары жаққа ұсынысымызды жеткіздік. Бұған ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ. Ғалымдарды қазір ешкім тыңдамайды, әркім өзінше ғалым. Біздің жаман жеріміз осы.
– КСРО кезінде Қазақстанда 19 жылқы зауыты болыпты. Қазір соның қаншасы қалды?
– Елімізде бір-ақ мемлекеттік зауыт бар. Ол – Қостанайдағы «Қазақ тұлпары». Оның директоры елімізге белгілі ғалым Набидулла Кикебаев. Шаруашылық үшін көп жұмыс жасап, қазақ жылқыларын көпке танытып жүрген азаматтың бірі. Қалғаны жекеменшік болып кетті. Осылардың ішінде ең күштісі Қарағандының Шет ауданындағы Қызылтау деген ауылдағы «Шолақеспе» зауыты. Мұнда мұғалжар жылқысы өсірілуде. Зауыт жыл сайын жүзге тарта айғырлар мен байталдар сатады. Бұдан кейін Ақтөбедегі тәжірибе стансасы. Мұнда білікті Серік Рзабаев деген ғалымымыз бар. Көшім мен Мұғалжар тұқымының авторы. Қазір жасы жетпістен асса да жылқының басы-қасында. Балалары да әкесінің ісін жалғастырып, заман талабынан қалған емес. Жылқы шаруашылығымен айналысатындардың өзгелерге жұмысы түсініксіз. Көбі өз ісін жандандыра алмай келеді. Себебі көп. Шаруашылықты жақсы білмейтіндер асыл тұқымдыларды алуға құмар. Мәселе оның бағасы, не болмаса еттілігінде емес, жерсінуінде ғой. Биыл қыстың қаталдығынан ресейлік ауыр салмақты жылқысы және дончак, ақалтеке және таза қанды асыл тұқымдар төтеп бере алмады. Көбі қырылды. Біздің шығарған қазақ жылқыларымыз бұған төтеп берді, жабағыларымыз да дін аман. Қалың қарда буаз биелерде бауырлап, тебінгіде жайылып жүр. Қарды тепкенде аяқтары қанамайды, шыдамды келеді. Біз селекция кезінде мұны ескергенбіз.
– Елдегі жылқы зауыттарында асылдандыру жұмыстары жүргізіле ме?
– Әлбетте. Жұмыс зауыттық әдіспен жүреді. Таңдау кезінде зерттеулер жүргізіліп, сұрыпталады. Осыдан кейін жақсы нәтижеден кейін селекциялық әдістің технологиясы жүргізіліп іске асады. Технологиялық әдіспен белгілі мерзімде жылқы құлындауы керек. Мысалы, наурыз, көкек айында құлындаған биелер маусым айында туғандармен салыстырсаңыз, айырмашылық жер мен көктей. Өйткені ерте құлындаған биенің төлі көк шыға бастасымен ауызы көкке тиеді. Көк жеген құлын тез жетіледі, бір жағынан бие де мол сүт береді. Және де бұл кезде ауа райы салқын болады. Ал маусымда туған құлындар көк шөпке ауыздары тимеген соң сәл әлсіздеу болып жетіледі. Сол үшін биелердің құлындау мерзіміне де көңіл аударған жақсы. Биелерден жақсы тұқым алу үшін айғырларды таңдау да маңызды. Біздегі бір жат әдет бәйгеден озып келген айғырлардан тұқым алмай, ат қылып мініп алады. Жақсы айғырдан жақсы тұқым шығатынын көбіміз мойындай бермейміз.
– Елімізде спорттық бағыттағы жылқылардың дамыту мәселесін қалай бағалайсыз?
– Қазақ жылқы қадірін ертеден білген. Әркім келісті де сүйкімді мініс атын ұстаған. Ол қазір де бар. Қазақ көшпелі болғандықтан алыс жайлауға 300-400 шақырымға мал айдаса, жаудан қорғану үшін ат ұстаған. Мысалы, қазақ адай жылқысын мініске арнаған. Адай жылқылары кейінгі жылдары ұмыт бола бастаған соң, біз оны қолға алып, мініс жылқысын шығардық. Ендігі мақсат – оның тағы да жаңа түрін шығару жолында жұмыс істеу. Бүгінгі адай жылқысы бірнеше халықаралық бәйгеге қатысып үлгерді. Бұрынғы жылдары ауыл арасында аламан бәйгеге өтіп, жүйріктеріміз көрініп жүрсе, соңғы жылдары адай жылқылары 90 және 160 шақырымдық халықаралық жарыстарға қатысты. Жарыста Ресей, Белорусь, Украина және басқа елдердің бірнеше асыл тұқымды, таза қанды араб, ағылшын, ақалтеке жылқылары шапса, біз тек адай жылқысын қосқан едік. Басқа тұқымдармен салыстырғанда кедей мінген ат сияқты болғанымен шабысы ерекше және шыдамды екенін көрсетті. Ресейдің Рязань қаласында және өзімізде өткен халықаралық бәйгеде бірінші, екінші орынды иеленді. Жарыста араб, таза қанды ағылшын, ақалтекені де артта қалдырды.
Міне, өзіміз бағаламаған адай жылқысы бірден мамандар назарына ілікті. Дәурен деген жігітіміз алдағы үлкен жарысқа қатысу үшін Дубайға кетіп барады. Ол сол жақта өтетін халықаралық жарыстың ережелері мен заңдылықтарын үйреніп қайтады. Дубайдағы жарыстарға қатысу үшін ең әуелі біздің бәйге аттарымыз 90 шақырымға шабуы керек. Осыдан өткеннен кейін комиссияның шешімімен 160 шақырымға жіберуге рұқсат етіледі.
–Мұндай қашықтыққа біздің сәйгүліктер шыдай ала ма?
– Шыдағанда қандай! Біздің аттар 90 шақырымдағы қашықтықта таза қанды асыл тұқымдардың бәрін артқа қалдырып келеді. Сонда шетелдіктер: «Түрі жоқ жылқы қалай шабады екен? Жүйрік жылқылары жоқ па? Бұл сұмдық ғой» деп таңғалғаны бар. Адай жылқысы нағыз тұлпар екенін халықаралық жарыстарда дәлелдеді. Кейбір министрліктерде істейтін қазақ жігіттері «адай жылқысы бізге не керек?» деп қолын бір сілтейді. Қазақтың осылай дегеніне мен түсінбеймін. Жарайды орыстар түсінбесе бір сәрі, түсінбей-ақ қойсын. Ал қазақтың бұлай деуі қалай? Сірә, өздері қазақ емес деп ойлаймын. Осындай кемшіл тұстарды көргенде жүрек ауырады. Олардың ата-баба тарихын оқымай өскендігін, ешнәрседен хабары жоқтығын осыдан білесің. Бірақ өздерін мәдениетті санайды. Осындай білгіштер бізді бүлдіреді. Әлемдік аренада араб, таза қанды ағылшын жылқыларының тарихы алыста жатыр емес пе. Талай додалы жарыстарда ешкімге бәсеке бермеген жүйріктер қазақ жылқыларынан қалып қалуы таңғаларлық. Айталық, араб жылқысын зерттеу жұмысына 2000 жылдай болса, ал таза қанды ағылшынды 400 жылдай жүргізген. Ал қазақ жылқылары тек ел ішіндегі аламан бәйгелерде шауып, халықаралық жарыстарға қатысқаны жаңа ғана. Онда да сәйгүліктеріміз өздерін алғашқы сында жақсы көрсетті. Біздің жылқыларымыз олардан артық болмаса, кем емес. Бұл селекциялық жұмысымыздың жемісі.
– Өзіңізді мазалап жүрген қандай проблемалар бар?
– Проблема көп. Қазір басқа малдарға қарағанда жылқының 80-95 пайызы жекенің қолында. Ауылдағылардың қолында біреуде бес жылқы, қайсы бірінде он жылқы, ең көбінде 300 жылқы бар. Жылқылар ауылдан ұзап жайыла алмайды. Әркім өз бетінше бағады. Жалғыз кісі Арқаға жылқы айдай алмайды. Қазір жайылым мәселесі қиын. Ал бізде жайылым жетерлік. 200 млн гектардай жайылым бар болғанымен, оны пайдалануға мүмкіндік болмай тұр. Ол үшін ауылдағылар малын топтастырып, ұжымдасып баққан тиімді. Бұрын қазақта бұл жұмыс әдіс болған.Әр ру өз малын біріктіріп, жайлауға айдаған. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолында» тобықтылар малын біріктіріп баққаны жазылған ғой. Сол сияқты бірнеше аудандар ұжым болып бірігіп, бос жатқан жерге жаюға болады. Тіптен бір ауылдың адамдары осылай ұжымдасып жұмыс істегені нәтижелі. Мұны ауыл мен аудан әкімдері үйымдастырып, жүзеге асырса болады. Осыдан кейін жақсы айғыр сатып алып, мал басын көбейтуді де қолға алған дұрыс. Қазір қолдағы айғырлардың қоңы өте төмен, тіптен жаман. Төрт-бес, не жиырма-отыз жылқысы бар адам қымбат 4-5 мың доллар болатын айғыр сатып алу неге керек? Оған кез келгеннің шамасы да жетпейді. Ал ұжымдасқан шаруашылықта төрт-бес адам бірігіп, жақсы айғыр сатып алғаны тиімді. Бұл жұмысты да бірлі-жарым адам шеше алмайды. Үкімет тарапынан қолдау тауып, айғыр сатып алуға мүмкіндік іздеген жөн. Мысалы, айғыр сатып алғандарға лизинг беру арқылы қаржысын еттей, не малдың басымен қайтаруға келісімшартқа отыруына болады. Жылқыға ең керектісі – су мәселесі. Қазақ бекер айтпаған: «Жазда су семіз» деп. Жазда шөп жетеді, ал су жетпейді. Тұнық су ішкен мал мен жылқы семіз келеді. Әсіресе, Орталық Қазақстанда су мәселесі қиын. Көктемде аққан бұлақ сулары жазда тартылып фермерлер су тапшылығын көріп келеді. Олар бұл мәселені өздігінен шеше алмайды, сондықтан Үкімет көмектесуі керек. Сондай-ақ мал ұрлығы жанға қатты батады. Тәртіп сақшылары бұл жұмысқа салғырт қарайды. Осыдан кейін әркім малын қораға қамап, аз малға қанағат етіп, көбейтуден қорқады. Жылқы ыстық күнде жайылмайды, түнде жайылады. Түнде қамалған жылқы қалай семіріп, қалай көбейеді. Сондықтан тәртіп сақшылары ұрлық жасағандарды қатаң жазалап, дұрыс жұмыс жасағаны оң болар еді. Жылқыны көбейту үшін кейбіреулер Испаниядан жылқы әкелу керек дегенді айтады. Бұл – күлкілі жағдай. Білмейтіннің сөзі. Біздің жылқыдан артық жылқы жер жүзінде жоқ.
– Қымыз жайында не айтар едіңіз?
– Қымыз қазақпен бірге жасасып келеді. Қазақ шөлдесе бір бие байлаған. Бұрын ел жеміс жемесе де витаминді қымыздан алған. Биенің сүті ананың сүтіне жақын. Далада тұрған қазақ анасы шетінеп кеткен нәрестені тұмаққа салып, қымыз беріп асыраған. Ол адам болып шығады. Қымыздың құдыретін біз жекешелендіруден кейін жоғалтып алдық. Қазір бие саумаймыз. Кеңес заманын жамандап, өзіміздің жалқаулығымызды қазір мойындамайтын жағдайдамыз. Қымыздың емдік қасиеті арқылы құрт ауруымен ауырғандарға және жас балаларды емдеу шаралары кеңес уақытында жүргізіп еді. Қымыз емдеу-сауықтыру орындарында аз болмайтын. Біздің институттың ғалымдары Ю. Барминцев пен В. Черапанованың жетекшілігімен механикалық бие сауу аппаратын ойлап тауып, Мыңбаев ауылындағы тәжірибе жасау шаруашылығында іске асырып, қол күшін жеңілдеткен едік. Жаңалығымызды халықаралық көрмеде көрсеткенбіз. Кейін бұл аппарат керексіз боп қалды. Қазір оның пайдасын Ресей мен Белоруссия көріп жатыр.
–Биелер тәулігіне қанша литр қымыз береді?
– Қымызды ең көп беретін ауыр салмақты тұқымдар. Солардың ішінде «Астр» деген бие тәулігіне 11 литр берген. Кейбір ауыр салмақты орыс және кеңестік тұқымдар арнайы күтім жасағанда тәулігіне 20 литрге дейін таза қымыз беретін. «Мәдени табынмен» биелерді сауу да тиімді. Бұл жерде құлындар бір бөлек, биелер де бөлек ұсталып, әр екі сағат сайын сауылады. Міне, осындай жұмыстармен айналысқандарға Үкімет тарапынан немесе жергілікті жерден жеңілдік болса, қымызға деген сұраныс болар еді. Қазір Алматы мен Астана қаласында жекеменшіктер жыл он екі ай бес-алты биені қолмен сауып, қымыз сататындар бар. Бұл үлкен қала үшін аздық етеді. Ол үшін үлкен шаруашылық жасауды ойластырған жөн. Қымыз балалар үшін таптырмайтын ас екенін көбіміз білмейміз, бірақ ертеде қазақтар білген. Әйелдердің 20-25 пайызы бала тапқаннан кейін емшек сүтін жоғалтады. Осы кезде бие сүтін баланың тағамы ретінде қолданғаны пайдалы. Сондықтан бие сүтінен арнайы балалар тағамын жасауды қолға алса, тамаша болар еді.
– Қазақ халқында жылқыға қатысты ән- күй аз емес. Осыған қалай қарайсыз?
– Халық арасындағы жылқыға қатысты ән мен күйді тыңдап өскендердің бірімін. Ән жүрекпен айтылса, күйді сезіммен тартқан. Мен бұған өте жақсы қараймын. Мысалы, бұрын қариялар былай айтатын: «Жігітке не жарасады? Төрт төбелі ат жарасады. Жас келінге не жарасады? Емшектегі бала жарасады» деп. Ал үлкен әжелер, апалар, жас келін болсын бесікке салған кішкентай нәрестені, әсіресе, ер баланы «құлыным-ай, құлыным-ай» деп мейірленуі тегін емес. Өйткені жылқы қазақ үшін қасиетті, сұлу мал болып есептеледі. Байлықты да қазақ жылқымен бағалаған. «Біреу бай десе, қанша жылқысы бар екен» деп сұрайтыны сондықтан. Оларда 5- 6 мың жылқы бітсе, бай қатарына кірген. «Мінсең көлік, жесең тамақ, ішсең сусын» деуі, осыдан қалған. Қазақ батырларының мінген аттары қандай, эпостық жырда тұлпарлар қалай суреттеледі. Осының бірі қазақтың жылқыға деген сүйіспеншілігінен туған нәрсе.
– Қазақ жылқы шаруашылығы саласында үлкен жетістікке жетіп, шәкірт тәрбиелеуде ұлағатты ұстаз болдыңыз. Қанша шәкірт сіздің жолыңызды қуды ?
– Мен өз саламда 5 ғылым докторы, 36 ғылым кандидатын дайындадым. Осы 36 ғылым кандидаты ішінде бір орыс жоқ. Өйткені жылқыға кім барады, қазақ барады. Шындығына келсек, олар жылқы үшін жанын береді. Орыстар шошқаға және басқаға кетеді. 5 доктордың ішіндегі біреуі ғана украин болды. Олардың тамаша маман болып, жемісті еңбек етуі мен үшін бақыт!
– Әңгімеңізге рақмет
Сұхбаттасқан Жексен Алпартегі
http://www.aikyn.kz