АЛТЫНОРДА
Новости

Журналистикада қыздар көп болса, несі айып?!

90-жылдары «журналистика әйелге қол емес» деген пікір бар еді. «Бүгінде төртінші билік атанған журналистика саласы нәзіктеніп барады» деп сын айтушылар көбейді. БАҚ-тың барлық саласында нәзік жандылардың саны басым. Телевизия, радио, баспасөзде әйелдің өзіндік қолтаңбасы бар. Гүл-көктемнің алғашқы мерекесінде журналистикадағы әйелдің, қыз-келіншектердің рөлі мен орны жайында бірер сауалды баршамызға танымал, жаны нәзік, жүрегі мөлдір тележүргізуші Гүлмира Дайрабайға жолдап көрдік.


– Кезінде «журналистика әйелге қол емес» деуші еді. Қазір журналис­тика тым нәзіктеніп барады деген пі­кірлерді жиі естиміз. Жалпы, мұндай тенденцияға қалай қарайсыз?

– «Әйел заты көп жүрген орта нә­зіктеніп кетеді» деген сыңаржақ пі­кір­ден аулақпын. Қыздар жүрген жерде ер адамдар да ұқыптылыққа ден қойып, жұмысқа деген жауапкершілігін арттыра түседі. «Жігіт қыздың көзіне түсемін деп ойын түзейді, қыз жігіттің көзіне түсемін деп бойын түзейді» деген нақыл осы ойымызбен үндесетін сияқты. Жалпы, бүкіл ер-азаматтар аты­нан ақиық ақынымыз Мұқағали­дың өзі-ақ айтып кетті емес пе:
Әйелдерді еркектерден көп дейді,
Ойбай, ойбай, бола берсін көп мейлі.
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді».
Сондықтан журналистикада қыз­дар көп болса, несі айып?!

– Журналистиканың нәзіктенуі оның дамуына қалай әсер етеді?

– Журналистика нәзіктенгеннен дамымай қалмайды. Ақпарат – заман ағымынан бір елі қалмайтын өзгеше сарын. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары «сен әйел, сен еркексің» деп адамды жікке бөліп тастамайды. Журналистика әрбір жаңа буынның білім-білігіне қарай дамиды. Жаңалық халыққа неғұрлым тез әрі дұрыс жет­кен сайын, оның дамуы да ілгерілей тү­седі. Демек, ол – «нәзіктенетін» құрылым емес, керісінше, әрбір тол­қынмен өткірленіп, қырлана түсетін, дамып, түрлене түсетін сала.

– Жаны нәзік әйелдің қызығы да, шыжығы да, қиыншылығы да мол жур­­налистика мамандығын таңдауы­на не түрткі болады деп ойлайсыз?

– Мамандық таңдауға келгенде, әр адам, ең алдымен, өзінің қарым-қа­білетін ескереді. Содан кейін алдыңғы буынға еліктейді. Көкейіне «шіркін, мен осы кісідей болсам ғой, мен де осын­дай салада қызмет атқарсам ғой» деген арман ұялайды. Қыздар журна­лист болғысы келсе, демек, олардың да қоғамда айтар ойы бар, халқына қызмет еткісі келетін ниеті бар деген сөз. Бұл мамандықты таңдауға итермелейтін емес, қызықтыратын сиқыр күш бар.

– Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз? Әкеңіз белгілі этнограф, журналист Тынышбек Дайрабай, әпкеңіз де жур­налист. Бәлкім, бұл қанмен келген кәсіп шығар?

– Солай деуге де болатын шығар. Әкем Тынышбек биыл 70 жасқа толды. Өзінің еңбекқорлығы, білімділігінің арқасында бізге үлкен тәрбие берді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілер­сің» дегендей, журналист болуға қызығушылығым оянса, демек, ата-анамның қосқан үлесі зор болғандығы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде оқыдым. Әйтсе де, бір бүйрегім жур­на­листикаға бұрып тұратын. Сол уни­вер­ситет қабырғасында жүріп-ақ теле­жүргізуші болуға ұмтылып, бағымды сынап көрдім. Осылайша «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының кастингінен сүрін­бей өттім. Тележурналистикаға деген даңғыл жолым осылай ашылды.

– «Қазақстан» Ұлттық арнасының таңғы бағдарламалар шығармашы­лық ұжымының жетекшісісіз. Қолас­тыңызда ер-азаматтар да бар. Ер-аза­маттарды басқару қиын емес пе?

– Оның қиындығы да, қызығы да та­разы басында тең тұрады. «Таңшол­панның» жігіттері білімділігімен қатар, ізетті. Айтқаныңды екі еткізбей, жұ­мысына жауапкершілікпен қарап, тұшымды дүниелер жасауды мақсат тұтады. Қызметке адалдықтары өз ал­дына. Үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеп жүрген ер-азаматтарымыз барда, жұ­мыстың алға баспауы мүмкін емес.

– Шерағаңның «журналистің же­гені жантақ, арқалағаны алтын» деген сөзі бар. Журналистиканың қиын сала екенін осыдан-ақ аңғаруға болар. Ал сіз үшін мамандығыңыздың зияны немесе пайдасы қандай?

– Зияны бар деп айта алмаймын. Шыңға шығарған да, мені халыққа танымал еткен де осы сала. Журна­лис­тика арқылы ел таныдым, жер көрдім. Әлі де білгенімнен білмегенім көп. Ең бастысы, журналистика маған ізденуді, халықпен бірге болуды үйретті.

– Жасыратыны жоқ, әріптес әпке-сіңлілеріңіздің арасында «кәсібім ашықтықты, еркіндікті талап етеді» деп, анайы қылық көрсетіп, әдепсіз сюжет жасап, экран алдында шектен шығатындары да бар. Қазақ журна­листикасында жүрген қыз бала­лар­дың мұндай қылығы сізге қандай ой салады?

– Қандай бағдарлама дайындасақ та, біз ұлттық менталитетімізді еске­руіміз қажет. Анайы қылық, әдепсіз сю­жет жасап, халықтың сүйіспенші­лігіне бөлену мүмкін емес. Кім мінезсіз емес?! Пенде болған соң бәрімізде мінез бар. Егер сол мінездің жаман жақтарын қызметімізде пайдаланып, асыра сілтейтін болсақ, рухани аз­ғын­дауымыз деп білемін. Сондықтан өзім­нің жанымдағы әріптестеріме ондай өрескел қателіктерден бойын аулақ ұстауға бағыт беріп отырамын.

– «Қазақстан» Ұлттық арна­сын­дағы «Сіз танитын» бағдарламасы ар­қылы елге танымал азаматтардың беймәлім қырын көрерменге паш ете­сіз. Ал журналист Гүлмира Дайрабай­дың біз танымайтын қандай қыры бар? Өмірде қандай адамсыз?

– Жақында бір әріптесім келіп: «іші­ңізден үш жануардың атын ойла­ңызшы» деді. Ойыма сап ете қалғаны арыстан, қасқыр, жылқы болды. Бұл психологиялық тестің жауабы бойын­ша, мен «арыстан» болғым келеді екен, ал жұрт мені «қасқыр» деп ойлайды, ал шын мәнінде, мен «жылқы» екенмін. Жылқы қазақ халқында төзімді, текті жануар ғой. Сонымен қатар өте сергек те. Жалпы, қоғамдағы түрлі жайттарға, жаңалыққа сергек қарайтыным рас. Сондықтан бұл психологиялық тесті іштей өзім де мақұлдадым.

– Әйелдің негізгі міндеті – дүние­-ге ұрпақ әкеліп, баласына жақсы тәрбие беру. Әр журналистің де өзі­нің алдына қойған міндеті мен мақ­саты болатыны айқын. Жалпы, жур­налист ретінде, әйел ретінде алға қой­ған мақсаттарыңызға қол жет­кіздіңіз бе?

– Қызметте жылдық жоспар, жыл­дық мақсат болады ғой. Сол сияқты менде бір мақсатым орындалған соң, екіншісі пайда болады. Бір арманыма қол жеткізсем, екіншісі төбе көрсетеді. Арман да көкжиек іспеттес. Оның шегі жоқ. Отбасында да солай. Аяулы жар, бақытты анамын. Дүниеге бала әкелу мақсатым еді, оған жеттім, енді сол үш ұлымды өсіріп, өз тұғырына қондырсақ деген тәтті арман оянды. Одан соң немере, шөбере сүйсем деген арман тағы жалғаспай ма?!

– Әйел бақыты деген тіркесті әр­қайсымыз әрқилы түсінеміз. Біреу үшін әйел бақыты байлық пен ман­сапта болса, біреу үшін отбасы, ошақ қасындағы жылулықта. Ал сіз үшін әйел бақыты деген не?

– Әйел бақыты дегеніміз – отбасы­ның ауызбіршілігі, береке-бірлігі, өзара түсіністігі. Әйелдің қабағына кір­бің түспегені – нағыз бақыттың белгісі.

– Қоғамның бір мүшесі ретінде, әйел, ана ретінде Гүлмира Дайрабай­ды қыз-келіншектерге қатысты қан­дай ой мазалайды?

– Қазір үйленбей жатып ажыра­сатын жастарымыз көбейді. Мұның бір ұшы әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Баспананың жоқтығы да әсер етеді. Мені алаңдататын мәселе – осы. Шынының қалпына келмейтіні сияқты, отбасына сызат түскен соң, оны қайта жамау мүмкін емес. Ер-азаматтарымыз қыз-келіншектерімізді бағаласа, аяласа екен деймін.

– Көктем – жаңару мен жаңғы­рудың мезгілі. Дәл осы кезде те­леар­налар тың жобаларын ұсынады. Сіз­ден қандай жаңалық күтеміз?

– «Қазақстан» Ұлттық арнасын­дағы бағдарламалар тақырыбы сан алуан. Жаңа маусымда Ұлттық арна
да тың жобалар ұсынып, көрерменін қуантатынына сенімім мол. Оның ішінде әйелдер қауымына арналған жобалар да болады. Сондықтан кө­рерменмен қауышар күн алыс емес.

– 8 наурыз – Халықаралық әйел­дер күнінде ақ жаулықты аналарға, әдемі әпкелерге, ізетті сіңлілеріңізге айтар жылы лебізіңіз бен әдемі ті­легіңіз?

– Еліміздің бүкіл қыз-келіншек­терін айтулы мерекесімен шын жү­ректен құттықтаймын. Аяулы әжелер, қымбатты аналар, сымбатты арулар, мерекелеріңізбен. Жанарларыңыз нұрға, құшақтарыңыз гүлге толсын. Өмірге деген махаббаттарыңыз ас­қақтай берсін! Сіздер бақытты болуға лайықсыздар!

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ

 

http://www.aikyn.kz