Елімізде мемлекеттік тілге қатысты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы және сол құқықтық нормалардың сақталуын қадағалайтын құрылымдар арасында үйлесімділік пен жүйеліктің жоқтығынан және сол жауапты орындардың өз істеріне жауапсыздығынан мемлекеттік тіл өз рөлін толық атқарып, мемлекеттік институттар тиісті қарқынмен дами алмай келеді.
Қазақстан Республикасының Парламенті де Конституциясының талаптарын бұзып жиындарының барлығын дерлік орыс тілінде өткізеді және заңдарды да сол тілде дайындайды, не көшіріп алады. Өйткені, онда отырған депуттардың көбі мемлекеттік тілді білмейді немесе өте нашар біледі. Мемлекеттік тілде сауаты төмен бола тұра мемлекеттік қызметте жұмыс істеу, депутат болып сайлану, сондай-ақ басқа да жоғары лауазымдарды атқару сияқты сорақылықтар бізден басқа дүниежүзіндегі елдердің бірде бірінде, көне гректерден бері парламентаризм тарихында кездеспеген сорақылық.
Тіл дегеніміз бұл халықтың ділінің, рухының сақталатын орны, ол ұлттық шығармашылықтан туған ұжымдық өнім, ұлттық рухтың өмір сүретін бірден-бір орны. Бір халықтың мәдениетімен жан-жақты танысу үшін алдымен сол халықтың тілін білу қажет. Жас ұрпақ та ұлтының мәдениетін тіл арқылы алады, тіл арқылы бойына сіңіреді. Ол мәдениетті танудың да, танытудың да құралы. Тіл –қор. Ол мәдениеттің сақталатын орны, өмір сүріп, дамитын ортасы. Сондықтан мәдениетке, ұлтқа қатысты бүгінгі шаралар ең алдымен оның сақталатын орнын, жеткізілетін құралын «дұрыстатуға» бағытталуы тиіс. Ш. Айтматов «Тіл – ұлттың автопортреті» дейді. Отарлау кезінде шеттетілген тілді мемлекеттік деңгейге көтеру – ол тәуелсіздіктің мұраты. Қазіргі таңда, тіл сол ұлттың өзі деуге әбден болады. Қазақ тілі Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етіп, оны мемлекет ретінде дамытатын бірден-бір күш, оның сара жолын айқындайтын бағыты және мәңгі ел қылатын құралы.
Өркениетке ұмтылған әрбір ел ең алдымен өз ұлтының менталитетіне сүйеніп және ана тілін дамытқанын тарихтан айқын көреміз. Оған Жапония феномені, ҚХР және Қазақстан стратегиясында негіз қылып алған «Азия жолбарыстары» сияқты жақсы қарқынмен дамушы елдердің жолдары дәлел. Ашық мұхитқа шығу мүмкіндіктері бірдей, жан саны, діні, тағдыр-тарихы ұқсас, бір географиялық аймақта көрші орналасқан ҚХР мен Үндістанның өзгешелігі тілі мен соған сүйенген ділінде (менталитетінде) ғана. Біздегі орыс тілі сияқты ағылшын тілін мемлекеттік деңгейде 97%-ға дейін қолданатын Үндістаннан, әлемдегі бұл озық тілді тұрғындарының небәрі 5-ақ пайызы меңгерген Қытай барлық (экономикалық, стратегиялық т.б.) жағынан озып тұр. Сол сияқты Еуропаға еліктеп үш ғасыр уақытын сарп еткен Ресей тәжірибесі, ғасырлап ұлттық кечуа тілін мемлекеттік тіл жасаймыз деп уәде бергенімен, португалдық менталитеттен арыла алмай дамымай қалған Перу елі және т.б. елдердің тарихындағы стратегиялық қателіктерінің сабақтары тәуелсіздік жолына түскен Қазақстан үшін өте құнды тәжірибе.
Отандық және шетелдік ғалымдар дайындаған «Қазақстанда Адам капиталын дамыту тұжырымдамасы» авторларының бізге ешкімге еліктемей, жалтақтамай ұлттық салт-дәстүрге сүйеніп орасан жетістіктерге жеткен Жапония сияқты өркениетті ұлттық мемлекеттерді үлгі тұтуының терең ғылыми негізі бар. Кезінде алаштың арыстандары да Жапонияға қарап бой түзегісі келгендігі тарихтан белгілі. Алаштың көрсеткен ақ жолы алдымыздан қайта шығып отыр.
Жиырма жылда мемлекеттік тілді меңгермеген, яғни өзінің ділін (менталитетін), төл бет-бейнесін анықтай алмаған біздегі барлық мемлекеттік органдар бүгінгі таңда қоғам дамуына қажетті реформалар мен модернизацияларды жүргізуге тосқауыл, кедергі болуда – екендігі аталған бағдарламада ашық айтылған.
Жергілікті ұлттың мәдениетін (тілін, дәстүрін, өнерін, менталитетін) негізге алмай өркениетті елдердің мәдениетін трансформациялау арқылы қоғамды дамыту мүмкін емес екендігі белгілі. Бізге қазір өзге жұрттың жылт еткен нәрсесін түгелімен қабылдап, соны өмірінің салтына айналдырып алатын табансыз депутаттар қажет емес, керісінше әлемдік өркениеттің озығымен толығып, тозығына тосырқай қарайтын ұлт қызметшілері керек.
Ана тілі тек қатынас құралы ғана емес, ол – ең алдымен халықтың басынан кешкен дәуірлерін танытатын, соларды ұрпақтан-ұрпаққа мирас қылып жеткізіп отыратын халықтың болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, типологиялық мінезін көрсететін асыл қазына. Ұлтының жоғын жоқтап, кетігін бүтіндейтін де, мәдениетін, әдебиеті мен тілін, сан-салалы ғылымдарын әлемдік өркениетке көтеретіндер тек сол тілді білетіндер ғана болмақ.
Мәселен, біз осы уақытқа дейін білім жүйесіне қанша реформалар жасауға тырысқанымызбен, бәрібір кеңестік жүйе құрып берген мектептерден ұзай алмадық, әлі күнге ұлттық мектептің моделін жасай алмай отырмыз. Бесіктен белі шықпаған балаға үш тілді қатар тықпалау педагогика ғылымына негіздеріне кереғар, жөнсіз реформаның көрінісі деп білеміз. Ауыл шаруашылығы да солай, өзіміздің сан ғасырлық тәжірибеміз бола тұра, бағдарламада айтылғандай батысты үлгі тұтудан жалықпаймыз. Бірақ әлі күнге дейін ауыл шаруашылығы секторы ең артта қалуда.
Мұның бәрі мемлекеттік орындарда отырған сауатсыз қызметшілердің кесірінен деуге болады. Сондықтан ұлтқа арналған рухани және материалдық құндылықтарды (өнімдерді, байлықты) тек мемлекеттік тілді жетік білетін мамандар жасауы тиіс.
Тәуелсіздік кезінде сайланған біздің депуттардың көбі мемлекеттік тілді білмегендіктен, мемлекет құраушы халықтың тіршілігінен, мәдениетінен, болмысынан, тарихынан хабарсыз, яғни мемлекеттік маңызды істерге немқұрайлы болып, қоғамнан тыс уақыт ағымынан қалыс қалуда. Сондықтан басынан шіріген парламенттің кейбір облыстардағы мәслихат дапутаттарының арасындағы сепаратистік көңілге таң қалуға болмайды. Мемлекеттің қаржысына өмір сүріп, көлігін тегін пайдаланағанымен сол мемлекетке қарсы шығып, оған қоғамды үгіттейтіндерді заң алдында жауапқа тартатын уақыт жетті. Ол сауатсыздық, немесе надандық емес. Ол мемлекетке істелген қастандық.
Сонымен қатар, тілі жоқ сауатсыз, қоғамдық өмірімізге қатысты қабылданатын құқықтық нормалар мен заң жобаларын жасап шығаратын парламентке пайдасы жоқ «өлі жандардан» да құтылатын кез келді.
Жалпы, осы мәселелерді бір бағытқа қою үшін бізге қоғамдық бақылау орнатып, әр депутаттың және парламенттің жұмысына мониторгинг жасап, оны қорытындысын әр тоқсан сайын БАҚ-да жариялап, қажет болған жағдайда әр округпен жұмыс істейміз. Сауаттары Конституцияның 7-ші бабынан әрі аспайтын кейбір депутаттарға болашақта 73 баппен де танысып, оны да орындайтынына сенеміз.
http://www.namys.kz/?p=14738