АЛТЫНОРДА
Новости

МЕН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚАЙРАН ҚАЛАМ

Қазақтың қызы – қастерлі, аяулы жаратылыс. Шырайлы жүзіне шуақ тұнған қазақ қызының ғасырдан ғасырға жеткен қадірлі, кәусар образы болатын. Әйгілі Мұхтар Әуезовтер «Адамдық негізі – әйел» деп мақала жазғанда осындай ардақты жандар үшін шырылдады. Жүсіпбек жазатын қорғансыз Ақбілек, Бейімбат жазатын шарасыз Күлпан, Ғабит Мүсіреповтің ел анасы Ұлпаны, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қайшылықты Ақбаласы, Ақанды ынтық еткен Ақтоты мен Біржанға арман болған Ләйлім шырақ, кешегі Жұматай жырлап өткен қол жетпес Ләйлә – бәрі де қазақ қызының, қазақ анасының сан қилы қасиеттерінің бір-бір жарқын көрінісі еді. Заман құбылды, қоғам ауысты, қазақ қызының болмысы мен бітімі де өзгеріске ұшырай бастады. Бұрынғы биязы да кербез, көрікті де мінезді сұлулардың орнына бетпақтықты батырлық деп түсінетін, сөз тиді екен деп ауызға келгенді ақтара салатын келте ақылды бикештер келді.

Бірақ ыңғай бір ақылсыз бетпақтар қаптап кеткен жоқ. Қазір де ұнамды қасиетімен үлгі болатын сәулелі жандар жетерлік. Мысалы, шынашақтай болып әлем чемпионы атанатын Жансая Әбдімәлікті алыңызшы. Қызымыздың бәрі осындай болса. Басынан орамалын тастамай, бұрынғының алдында иіліп, кейінгіге ізетпен жол көрсеткен Зейнеп Ахметоваға қараңыз. Келіннің бәрі Баукеңнің келініндей болса, өзі айтпақшы, «қазақтың келіні» деген орденге лайық болар еді-ау. Берекелі әулеттің мерейлі анасы Мәрзия Тұрлыхановаға, уызына жарып туған Иманғалиды өсірген Ділда апамызды, Әбішті өсірген Айсәуле апамызды алыңыз. Қазақтың қызының бәрі әдемі, қазақтың әйелінің бәрі әсем, анасының бәрі аяулы. Біз ел алдында жүрген арулармыздың арасынан эталон ретінде көрсетуге лайық жандарды бөліп алдық.

МЕЙІРІМ
Әмина Әжібаева
«Жетім көрсең, жебей жүр». Алматы облысы, Абай ауылында 40 жетімді бір үйдің баласындай тәрбиелеп отырған Әмина Әжібаева – қазақ әйелінің мейірім эталоны. Он бес жылдан бері жалғыз жүріп 100 шақты баланы бағып-қағып, құтты мекеніне қондырған Әмина қажының жүрегі шын мәнінде – «Алтын жүрек».

ЕЛГЕЗЕК
Салтанат Байқошқарова
Жаратқан бір пендесін бала беріп, бір пендесін бермей сынайды. Ұрпаққа зар болып, мойнына бұршақ ілген жандардың жүрегіне үміт отын жағып, бақыт сыйлайтын әзиз жан – Салтанат Байқошқарова. Осы күнге дейін «құтыдан шыққан» 20 мың баланың анасы дәрігер-Салтанатқа Алланың разылығын тілейді. Адам репродукциясы ассоциациясының президенті, «ЭКО» клиникасының директоры, С.Байқошқарова, Құранда айтылатындай, өзінен гөрі өзгелерге пайдасы көп тиген «кісінің жақсысы».

БИЯЗЫЛЫҚ 
Бибігүл Төлегенова
Бибігүл Төлегенованы қазақтың бұлбұлы дейді. КСРО және Қазақстанның халық артисі,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек ері, Б.Төлегенова атындағы халықаралық байқаудың бас төрешісі. 60 жылдан бері сахна төрінде жүрген Бибігүлді осы күнге дейін біреуді ренжітіп, біреудің көңілін қалдырды дегенді естімеген екенбіз. Қазақтың бұлбұлы 80-ге дейін сыңғырлаған сопраносымен ғана емес, зиялы қарапайымдылық, биязылығымен қадірлі. Ел алдында жылт еткенді көтере алмай, «науқастанып» қалатын талай да талай жандарға бұл кісіден кө-ө-өп үйренуге болады.

КЕРБЕЗДІК 
Рая Мұхамедиярова
Раиса Мұхамедиярованы қазақтың Софи Лорені дейді. Немесе, керісінше, Софи Лоренді Италияның Мұхамедияровасы деуге болады. Ғабит Мүсіреповтей сөз зергеріне жар болған, баяғы «Менің атым Қожадағы» Майқанова апай мен «Айсұлу туралы аңыздағы» Ханшайым 30 шақты киноға түсіп, талай жылдар «Қазақфильмнің» даусы болса да, соңғы жылдары жиі көріне бермейді. Бәлкім, өзі сұранбайтын актрисаны мәдениет шенеуніктері де іздемей ме, кім білсін. Қайбір жылы Майқанованың мерейтойы да «жетім қыздың тойындай» өтті. Осыдан алты жыл бұрын «Еуразия» фестивалінің сахнасына көтерілгенде Раяны сағынған көрермен, «бар екенсің ғой, кербездік!» деп еді.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АДВОКАТЫ
Оразкүл Асанғазы
Орыс газеттері бұл кісіні «Шаханов в юбке» деп атайды. Бәзбіреулердің лоббиі болуды кәсіп қылған Парламентте қазақ мәселесін қорғап жүрген санаулы жанның бірі. Соңғы шақырылымда қазақтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдайтын екі депутат болса, соның бірі, біреу болса, өзі осы кісі. Сөзі қылыштай кесіп түсетін қайратты Оразкүл талай министрді тәубесіне келтіріп, қазақша тілін шығарған намыс қамшысындай көрінеді бізге.

ПАРАСАТ
Нұржамал Үсенбаева
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева сонау 1984 жылы Қазақ консерваториясын аяқтайды. Қаршадай қыз Опера театрының сахнасында «Қыз Жібекті» әуелеткенде, әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов сахнаға шығып: «Қыз Жібек дүниеге келген екен» деп маңдайынан сүйіпті. Талантына талабы, көз тоймайтын көркі мен сөз жетпейтін сұлулығы, тектілігі меп парасаты – бір жанның бойында осыншама қасиет тоғысқаны таңғажайып сәйкестік сияқты. Өмірдің талай өткелдерінен өтсе де, аты мен затына кір келтіретін сөзге де, іске де бармаған Нұржамал – шын мәнінде Жаратқанның нұры жауған жан шығар.

ҚАЗАҚТЫҢ ЕРКЕ ҚЫЗЫ
Мақпал Жүнісова
Мақпал Жүнісоваға еркелігі мен еркіндігі бірдей жарасады. «Мақпалдың әнін естіп жазылып кеттім», «Мақпалдың даусында медитациясы бар» дейтін пікірді де сан мәрте естігеніміз бар. Ән салып жүріп залда отырған аға-апаларына иіліп сәлем беретіні де, ел алдында эмоциясын жасырмай, табиғи қалпында рахаттанып күліп алатыны да өзіне жарасады. «Қазақтың ерке қызымын» деп ән салатын Мақпалдың мақпал үнінсіз қазақ сахнасын елестету мүмкін емес.

БАҚЫТТЫ ӘЙЕЛДІҢ ДАУСЫ
Қарақат Әбілдина
Қазақта қазір әнші көп. Бүйректен қыл суыратын сыршыл қыздар да аз емес. Бірақ бәрі – жылауық. Мерейлі ана, бақытты жар болып, «Ризамын саған» дейтін Қарақат шықпағанда, қайдам… Қыдырәлінің жарын тыңдасаң, өмір сүргің келеді. Бір бойына кәсіби білік пен биік талғам, әйелдік, аналық, отбасылық берекені тоғыстырған ол – қазіргі қазақ әйелінің сәтті құйылған мүсіні сияқты. Әбілдина жетігенді шертіп наздана шырқай жөнелгенде  жүрегің бөлек бір нұрлы қуанышқа бөленеді. Неге десеңіз, Қарақаттың даусы – бақытты әйелдің даусы.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ
Тамара Асар
Тамара Асар – сәл ертерек дүниеге келгенде Әлия Молдағұлованың әскери құрбысы болатын жан. Тамараның бүгінгі күні әйел түгілі ер-азаматтарда сирек кездесетін қайсарлығы, рух мықтылығы аңызға лайық, біздіңше. Биыл әншінің өмірін екіге бөліп кеткен жол апатына да 15 жыл толады екен. «Ол кезде менің өмірім жақсыдан да жақсы болатын. Өнерім де, отбасым да, жеке өмірім де… «Осы бақыт үшін қандай ақы төлейді екем?» деп ойланатынмын. Жолда көлігіміз аударылып, алдыңғы терезеден ұшып бара жатқанымда, сол аяғым өзімнен бөлініп бара жатқанын көргенде таңғалған жоқпын. Тек енді күресу керектігін сездім. Аяғыма тұрған соң, отбасын құрдық, ұлым дүниеге келді. Бірақ ең қиын сәттерде демеу болған Ол дүниеден өткенде шыдай алмаспын деп едім». Міне, Тамара тағдырмен осылай күресіп келеді. Таңғажайып қайсарлықпен әнін айтып, қазақтың жанын емдеп келеді. Батырлық болса, осындай болсын.

НӘЗІКТІК
Әлия Әнуарбек
Қазір қазақ киносына сұлу қыздардың буыны келді. Бірінен бірі өткен сүйкімді, қылықты, назды… Бірақ Әлия Әнуарбекті көргенде бір түрлі жаның жылып сала береді. Қыз атаулыны гүлге теңеп жатады. Әлияны көрсең шынымен де жан-дүниесі пәк, үлпілдеген гүлді көргендей боласың. Ақан Сатаевтың «Ағайындыларынан» кейін бірнеше сериалға түскен ол «Жаужүрек мың бала» фильмінде Зеренің бейнесін сомдады. Аты дардай «Қазақстан Аруы» байқауын «Мың бала» үшін тәрк етті. Онысы дұрыс та болған секілді.

http://www.halyksozi.kz