Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Арқыраған ақпан айының соңын ала бере елімізде әлеуметтік сақтандыру заңына қатысты өзгерістер күшіне енді. Арнайы мамандардың дені қазірде сол «жаңашылдыққа» қатысты дүркін-дүркін ой-пікірлерін ортаға салуда. Айталық, «бұл өзгерістер демография мәселесіне тікелей кері әсерін тигізуі мүмкін. Онсыз да демігіп жатқан демографиямыздың мұндай шешімдерден кейін тағы да тынысы тарылуы ғажап емес» деседі мамандар. Ендеше, сол өзгерістер хақында біраз талдап көрелік…
Алдымен есепке жүгінелік…
Біз атап отырған өзгеріс айлығы 186 мың теңгеден асатын әйелдердің қалтасына тікелей әсер еткелі тұр. Яғни бұрын айлығы 10 айлық есептік көрсеткіштен (1 АЕК – 1618 теңге) асатын әйелдер жүктілік пен бала тууға байланысты бір реттік төлемді миллион теңгеден артық (6600 доллардан астам) етіп алып келсе, енді оларға тек 783 мың теңге (шамамен 5200 доллар) ғана төленеді. Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударатын 2 миллион 800 мың әйелдің 1,2 пайызы ғана 186 мың теңгеден көп айлық алады. Мамандар бұл ретте бір қарағанда 1,2 пайыздық есеп төмен көрсеткіш болып көрінуі де мүмкін екенін; бірақ күні ертең мұндай өзгерістер бала тууды шектеуге тікелей ықпал ететінін жасырмайды.
Жалпы, деректерге жүгінсек, «кеңестік» шығыста бала санын алғашқы болып «саналы» түрде шектеп отырған – біздің ұлт. Мысалы, кезіндегі Бүкілодақтық санақтың соңғы деректері бойынша 1990 жылы тәжіктер – 45 пайызға; қарақалпақтар – 39 пайызға; өзбектер – 34 пайызға; түрікмендер – 30 пайызға; қырғыздар – 32 пайызға өскенде, біздің қазақтар 24 пайызға ғана өскен екен.
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым:
– Демографиялық тасқын біздің ұлтымызда 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында жүріп өтті. Сол жылдары әр 1000 қазақ әйеліне шаққанда 225 баладан келсе, 1990 жылы бұл көрсеткіш 130-ға; 1998 жылы –82; ал қазір тіпті екі-үш есеге төмен. Бұлайша кемудің 70 пайызы бала санын шектеумен тікелей қатысты. Ал қалған пайызы отбасын кеш құрудан, әлеуметтік жағдайдың көңіл көншітпейтінінен… Сондықтан біз бала туу жасындағы әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсетуден танбауымыз керек. Мейлі, бала туу жасындағы әйелдің айлық жалақысы жоғары болсын, төмен болсын, мемлекеттік деңгейде төленер төлем жоғары болуы қажет.
Міне, осылай деген мамандар «бэби-бумға» бастайтын бағытты нақтылап та берді. Сонымен, демографиялық дүмпу орнатпасақ та, таяу онжылдықта бесіктегі бала санын өсіргіміз келсе, мемлекеттік тұрғыда мынадай қадамдарға баруымыз керек.
Бірінші қадам…
Біздің елімізде 2008 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры құрылғанын білеміз. Бұл қордың негізгі міндеті – халықты әлеуметтік қамсыздандыру. Экономикалық тұрғыдан белсенді халықты жұмыстан, еңбек ету қабілетінен және табыстан айырылуға байланысты түрлі тәуекелдерден әлеуметтік қорғау нысаны осы қор болып табылады.
Сондай-ақ аталмыш қор – азаматтарды қартайғанда, сырқат, жазатайым оқиға салдарынан, бала туу себепті жайларға байланысты еңбекке уақытша немесе тұрақты жарамсыз болған жағдайда олардың денсаулығын сақтау, қорғау мақсатымен материалдық жағынан қамсыздандыру жүйесі. Мамандар болашақта осы қорға мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін алға тартуда.
Аймара ТІЛЕУКИНА, әлеуметтанушы:
– Міндетті сақтандыру қорына айлық жалақының 5 пайызы аударылып тұрады да, әйелдерге декреттік демалыс пен бала тууға байланысты бір реттік төлем осы қорға жинаған ақшасынан бөлінеді. Жұмыс істемейтін әйелдерге бұл төлем заңда көрсетілген ретте беріледі. Қазақстанда бала күтімі үшін де әлеуметтік жәрдемақы қарастырылған. Десек те, егер біз болашақта қазақтың санын өсіргіміз келсе, әйелдерге төлем төлеуді тек міндетті сақтандыру қоры арқылы ғана жүргізбей, бұл ретте ерікті және кәсіптік сақтандыру қорларын тетікке қоссақ деп ойлаймын. Бірқатар дамушы және дамыған елдерде мұндай жүйе бар. Мәселен, Норвегия, Нидерланды елдерінде әйелдер ерікті сақтандыру қорларынан бір төлем алса, кәсіптік сақтандыру қорлары, яғни жұмыс орнынан ашылған қорлардан бір төлем және мемлекеттік сақтандыру қорларынан бір төлем алады. Сонда бірқатар елдердің әйелдері үш бірдей мекемеден декреттік төлем алып, үш жыл бойы алаңсыз бала күтімімен айналысады. Ал біз бір ғана әйелдердің өз айлығынан жинаған міндетті сақтандыру қоры арқылы жиған қаржыларын өздеріне қимай отырмыз. Бұл, сөзсіз, бала санын шектейді. Сондықтан міндетті сақтандыру қорларын бақылауда, оның жұмысын жүргізуде мемлекеттік ықпал керек. Бірінші кезекте бақылауды күшейткен жөн.
Екінші қадам…
«Бала туу мәселесінде екінші бір назар аударатын жайт – бұл ішкі миграция мәселесі» деседі мамандар. Сарапшы мамандардың байыптауынша, біздің мемлекетімізде шөл және шөлейт аймақтарда, яғни адам өміріне қолайсыз аймақтарда тұрып өмірге бала әкелген аналарға қосымша төлем төленуі тиіс.
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы-ғалым:
– Мәселен, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұрып өмірге бала әкелген әйелдерге үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде әйелдерге мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріліп тұрады. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Байқаған шығарсыз, үшеуі де мемлекеттік мекеме. Бұл өзге елдерде мемлекеттік деңгейде үш мәрте, яғни 250-300 пайыз мөлшерінде төлемақы берілетіндігін көрсетеді. Тіпті сол шөлейт аймақтарда туған үндістер басқа жаққа қоныс аударып кетіп, туған жеріне қайта айналып келсе, елде тұрмаған жылдардағы өтемақысын даулап алуға құқы бар. Ал біз зиянды қалдықтар қоймасына айналған елді мекендерде тұрып бала туып жатқан, полигонның зардабын көрген, болашағы жоқ ауылдарда тұрып бірнеше баланы дүниеге әкелген жандарды шөміштен қағып, 9-10 мың теңге жәрдемақы төлеп отырмыз. Бұл – бала туу көрсеткішін өсірмейтін дүние. Сондықтан бала санын көбейткіміз келсе, алдымен ішкі миграциямызды ретке келтіріп, жайсыз жерде қоныстанған ел-жұртқа жайлы жағдай жасауға тырысқанымыз жөн. Қолайсыз жерде тұратындарға қолайлы жәрдем төлеу мәселесіне мән беретін кез жетті.
Үшінші қадам…
Үшінші бір өткір мәселе – сыртта жүрген қазақтарды бауырға тарту жайы қалыс қалмауы керек. Мысалы, ресми деректер қазірде алыс-жақын шетелдегі тегі метис пен маргиналдары бар қазақтың жалпы саны 6 млн 100 мыңды құрайтынын көрсетеді. Бұл ретте мамандар «тек қана ТМД көлемінде сөз етер болсақ, іргеміздегі Өзбекстандағы исі қазақтардың саны бүгінде 3 млн-ға жуықтаса, Украина мен Беларусь еліндегі қазақтардың саны 250 мыңдай болады. Ал Қырғыз еліне сіңіп кеткен қазақтардың саны 200 мыңға жуықтап қалды. Бұған Қытай елінде жүрген 2,5 млн қазақты қоссақ, ортамыз толығып қалар ма еді» деседі.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Осыдан бес жыл бұрын біз сырттан келген оралмандардың есебінен көрсеткішімізді 25-30 пайыздан асырып алған едік. Болашақта да сол үрдісті тереңдете түсу үшін сырттан келетін көш толастамауы керек. Бұл – ұлтымыз үшін қажет дүние. Тіпті сол сырттан елімізге келіп бала санын көбейтіп отырған аналарға қажет болса мемлекеттік арнайы жәрдемақы тағайындалғаны абзал. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрын сол оралмандардың есебінен бала туу өсімі Тарбағатайда 40 пайыз, Алтайда 70 пайыз, Іле Алатауында 65 пайыз көрсеткішті қамтыған. Ал қазір бұл көрсеткіш Тарбағатайда 10 пайыз, Алтайда 10 пайыз, Іле Алатауында 15 пайызды көрсетеді. Көрдіңіз бе, сондықтан нақ қазір біз үшін сырттан келетін көшті тоқтатпау да асқан қажеттілік.
Төртінші қадам…
Бала тууға қатысты өзекті жайттардың төртіншісі – медициналық модернизация. Болашақта медицинамыз ана мен бала өлімін болдырмауға қатысты қызмет етуі тиіс. Әрине, бұл ретте медицинамызды модернизациялауға; технологиялық қарым-қабілетімізді ұштауға, білікті мамандар легін жасақтауға тырысып жатқанымыз белгілі. Бұған қатысты жаңашылдықтар, реформашылдық бағыттар баршылық. Десек те, ана мен бала денсаулығына үстірт қарау фактілері әлі де бой көрсетіп жүргені ақиқат. Ең өкініштісі, ана мен бала өліміне сол медицинамыздың басы-қасында жүрген ақ халаттыларымыздың өздерінің кінәлі болып жататындығы.
Осылайша біз «бэби-бумға» бағыттайтын негізгі төрт бағытты тізбеледік. Абзалында, болашақта ана мен бала өсімін еселеу үшін Ресейдің мемлекеттік «Ана капиталы» мен жапондардың мемлекеттік «Бала капиталын» жинау үрдісін үйренсек жөн болар еді. Аталмыш елдерде бала туа салысымен арнайы депозит ашылып, оған мемлекет белгілі бір мөлшерде қаржы құйып, ол жинақталған сома бала 16 жасқа толғаннан кейін оның қажетіне жарап жатады. Дамыған және дамушы елдің балалары тұрғын үймен тумай жатып қамтылып жатқанда, біздің елдің шақалағына неге мұндай ықылас аударылмайды?! Тіпті осыған орай «бюрократтық шешімдер шақалақтарымызды өсіруге кедергі келтірмесін десек, әрбір жаңа бағдарламаны, әрбір шешімді зерттеп барып қолданысқа енгізген жөн» дейді мамандар. Расында да, ойланарлық жайт. Ендеше, атқарушы биліктің құлағына алтын сырға делік…
Автор: Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
http://alashainasy.kz