ХХ ғасырдың басында автомобиль өнеркәсібінің өрістеуімен АҚШ-тағы Детройттың атағы аспанға өрледі. Мұнда Форд, Дюран, ағайынды Додж, Паккард пен Крайслердің зауыттары жұмыс істеді. Аспанмен таласқан ғимараттар, театрлар, тақтайдай тегіс жолдар, бақуатты тіршілік – осының бәрін қуатты автомобиль өндірісі көтеріп тұрды.
Ал бүгін «Ақырзаманның қандай боларын көргің келсе, Детройтқа бар» дейді көргендер. Қаржы дағдарысынан кейінгі күйі, шынымен де, аянышты. Қаланың 40 пайызы қаңырап бос тұр. Жартылай қираған коммерциялық нысандар, шаңырағы опырылып ортасына түскен үйлер. Бұрын халқы екі миллионға жеткен қалада тұрғын саны 700 мыңнан (2010 жылғы халық санағы бойынша) аспайды. Бүгін мұнда келмеске кеткен дәуірдің соңғы тұяғы – Дженерал Моторс және Даймлер-Крайслер корпорациясының зауыттары ғана әупіріммен жұмыс істеп тұр. Тіршілік осылардың айналасында ғана қайнайды. Басқа жерде – жұмыссыздық.
Осылайша 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы жылжып келіп әлемдік жұмыссыздық дағдарысына ұласты. Әр елде бұл әрқалай көрініс табуда. Алайда бәріне ортақ бір белгі – жұмыссыздық қаржы қиындығын ығыстырып, қаржы жүйесі үшін басты түйткілге айналды.
Жұмыссыздық географиясы еріксіз ойландырады. Еуропаның төрт елінде ғана көрсеткіш алты пайыздан аз. Бұл – көршілес жатқан Германия, Австрия, Нидерланды және Люксембург. Әрмен қарай жұмыссыздық ақырындап өсе бастайды: Данияда – 7,4 пайыз, Британияда – 7,7, Францияда – 10,6, Польшада да – 10,6 пайыз. Италияда – 11,7, Литвада – 13,3, Ирландияда – 14,7, Португалияда – 17,6, Испанияда – 26,2, Грекияда 27 пайызды құрады.
Әлбетте, өмір бойы кәсібіне сеніп келгендер келешегіне алаңдамай тұра алмайды. Өткен аптада, әйелдер қауымы төл мерекесін тойлап жатқанда, Еуропада жаппай бас көтерулер болып өтті. ArcelorMittal болат құю зауытының жұмысшылары Бельгияны Нидерландымен және Германиямен жалғап тұрған автожолды жапты. Олар Льеждегі зауытта 1300 жұмыс орнын қысқарту туралы шешімді жоюды талап етті.
PSA Peugeot Citroen машина құрау концернінің қызметкерлері зауыттардың бірін жабуға қарсы шығып, Париждегі болат құю өнеркәсібі кәсіподақ бірлестігінің штаб-пәтерін басып алды. Ереуілге шыққан 300 адамның кесірінен кәсіпорын жұмысы сегіз аптаға тоқырады.
Бонн әуежайында қауіпсіздік қызметі бас көтерді. Бұл жүздеген рейстің жолын кесті. Бас көтергендер жалақыны 30 пайызға дейін көтеруді сұрады. Мадридтің Барахас әуежайының қызметі де тұралады. Жұмыс орнын 25 пайызға қысқартуға және жалақыны азайтуға қарсы шыққан «Иберия» әуе компаниясының қызметкерлері өре түрегелді. Әуе тасымалдаушының былтырғы жылғы шығыны 923 млн евроны құрапты.
Тіпті Акрополь де ереуіл жариялады. Грекияның мәдениет министрлігі қарауында жұмыс істейтіндердің бәрі тарихи ескерткіштерге тікелей әсер ететін бюджет қысқартуларына назар аударуды талап етті.
Дағдарыс жайлаған Еуропа елдерінде ең әуелі жастарға қиын тиюде.
Айталық, итальян жастарының жағдайы мәз емес. Жаңа үкіметке сеніп отырған олар жоқ. Монти ма, Берлускони ме – бәрібір. Грекияда 24 жасқа дейінгі гректердің басым бөлігі жұмыссыз. Күн сайын бұл елде 900 адам жұмыссыз қалады.
Сөйтіп, дағдарыс шарпыған Еуропа елдерінде өскелең емес, «өшіп бара жатқан» ұрпақ тіршілік кешуде. Еуростат мекемесінің мәліметінше, Грекия мен Испанияда әрбір екінші жас жұмыссыз (57,6 және 55,6 пайыз). Италияда бұл көрсеткіш 36,6 пайыз болса, Германияда небәрі – 8 пайыз.
Халықаралық еңбекті ұйымдастыру ұйымының экономисі Эккехард Эрнст еуропалық жастардың жұмыссыздығын суреттегенде солғын бояуды аямайды. Болжамы да ауыр: алдағы бес жылдың ішінде де жастар жұмыс таба алмайтын шығар дейді. Ұйымның болжамы бойынша, 2017 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық көлемі Испанияда – 50 пайыздан, Италия мен Грекияда 30 пайыздан асуы мүмкін.
Алайда Неміс экономикасы институтының сарапшысы Хольгер Шеффер қара аспанды төндіргісі келмейді. «Маған «өшкен ұрпақ» деген ұғымның өзі ұнамайды. Шын мәнінде дүрлігетін ештеңе де жоқ. Әрине, бұл ұрпақты бірнеше жыл экономикалық жағынан ауыр кезең күтіп тұрғаны рас. Алайда дағдарысты бұл елдер еңсере алады. Оған мысал көп» дейді ол. Мәселен, Дания мен Ұлыбритания еңбек нарығындағы дағдарысты жеңе алды, ал Германия бес жылдың ішінде еңбек нарығындағы ахуалды түбегейлі өзгертті. Алайда жастар өзге елдерге емес, өз еліне иек артқысы келеді емес пе?
Еуроодақ елдері ішінде әлемде экономикалық даму жағынан төртінші орында тұрған Германияның ғана жағдайы әзірге тәуір. Бұл елде ЖІӨ-нің 51 пайызы – тауарлар мен қызмет көрсету саласының үлесінде. Неміс экспортының жартысынан астамы Еуропаның өзге елдеріне жөнелтіледі. Германия Еуроодақтағы еркін сауда аймағын өзінің аман қалуындағы ең маңызды шарты деп біледі. Өйткені бұл нарыққа қол жеткізе алмаса, елде жұмыссыздық ұлғаяды. Ал евроның көмегімен Германия өзінің ықпалын пайдалана отырып, өзіне қажетті сауда қарым-қатынасын орната алды. Еурокеңістіктегі өзге елдер – оған қарағанда тиімсіз жағдайда. Жалақы деңгейі төмен мемлекеттер неміс экспортына төтеп бере алатындай болуы керек. Ал оған көбінің шамасы келе бермейді. Бұл онсыз да қатаң үнем шараларын одан сайын қатайтты, себебі еуроаймаққа мүше болу бұл елдерге жеке несие-ақша саясатын жүргізуге мүмкіндік бермейді.
Қазір сарапшылар жұмыссыздық дағдарысының саяси дағдарысқа ұласуынан сескенеді. Оған жетсе, кезінде қаншама қиындықпен құрылған жүйенің тамырына балта шабылатын түрі бар. Еуроаймақ 17 жылдан бері гүлденіп, әбден дәуірледі. Ол осы уақытқа дейін бүкіл әлемнің ірілі-уақты елдері бетпе-бет келген жұмыссыздықты бастан кешіріп көрмеген. Сондықтан Еуропа үшін қатал сынақ мемлекеттің қарызы емес, жұмыссыздықты еңсеру болып отыр.
Жуырда Жаһандану және әлеуметтік қозғалыс институты экономикалық зерттеулер орталығының мамандары «Еуроодақ экономикалық құлдырау алдында тізе бүкті, енді тек қаржы тепе-теңдігін ұстап тұруға мәжбүр» деген пікірді ортаға тастады. Еуроодақ экономикалық саясатын өзгерткісі келмейді. Ол банктердің мүддесіне байланған, сондықтан 2013-2014 жылдары да сол бағытынан ауытқымайды. Сондықтан экономикалық ахуал жуық арада түзеле қоймайды. Одақтағы басшылық құлағын ұстап ұрғандар тығырықтан шығатын жолды қатаң үнемдеу бағытын жалғастырудан ғана көріп отыр. Оның реформаларды құртатын рөлін олар түсінбейді және көңіл аудармайды да. Бірақ бұл – басқа әңгіме.
Автор: Гүлнар АХМЕТОВА
http://alashainasy.kz/economica/41186/