АЛТЫНОРДА
Новости

Дос КӨШІМ. Ұлтшылдық – ұлттың идеологиясы

Мемлекет құру кезеңі
…Бізге қандай ұлтшылдықтың қажет екендігі туралы әңгіме қозғамас бұрын ұлтшылдық туралы өзімнің көқарасымды білдіре кеткім келеді. Ұлтшылдықтың сан түрлі анықтамасы бар. Өз басым, алты түрлі анықтаманы білемін. Соның ішіндегі маған ұнайтыны – орыс ұлтшылы, жазушы Валентин Распутиннің берген анықтамасы. «Менің анам бар, – дейді Валентин Распутин, – Мен оны жанымдай жақсы көремін. Мен үшін одан асқан сұлу, одан асқан мейірбан, одан асқан ақылды адам жоқ. Менің анамды жақсы көруім, басқа аналарды жек көреді деуді білдірмейді. Мен барлық аналарды құрметтеймін, сыйлаймын, бірақ өзімнің анам үшін қолымнан келген жақсылықтың бәрін жасаймын. Міне, осыны ұлтшылдық дейді». Ұлтты біріктіретін мәселелер туралы да түрлі көзқарас бар. Бір зерттеушілер ұлттың бірлігі – территорияда десе, енді, бірі – дін бірлігін бірінші орынға қояды. Ен­ді, тағы, бірі – ұлтты ұйыстыратын – мәдениет пен экономика бірлігі деп көр­сетеді. Зерттеушілердің бәрі дерлік ұлт негізінің бірінші шарты есебінде – тіл бірлі­гінен қояды. Бұлардың барлығын да жоққа шығармаймын, бірақ, менің ойымша, ұлт бірлігінің негізі – қан бірлігінде деп ойлаймын. Ұлт – туысқандық жүйесі. Сон­дықтан да, біздер кей уақытта өз ұлтымызға қанша ренжісек те, алшақ кете алмаймыз, басқа ұлтқа ауыстыра алмаймыз, жамандыққа қимаймыз, қыйыншылық жағдайда бір тудың астында жиналып, мамыражай заманда туыстығымызды ұмытып та кетеміз.
Кейде ұлтшылдық пен патриотизмді қатар қойғысы келетіндер де бар. Меніңше, бұл екі ұғымның мағыналары екі түрлі. Патриотизм – жеке адамның өзі азамат болып тұрған еліне деген қатынасы, байланысы жағынан бағаланатын мемлекеттік идеология болса, ұлтшылдық – сол ұлттың мемлекеті болмаса да өмір сүре береді. Барлық зерттеушілер ұлтшылдықтың екі түрін көрсетеді. Біріншісі – басқаларға үстемдік жүргізуші ұлттың ұлтшылдығы, екіншісі – басқа елдің қоластындағы ұлттың еркіндік үшін күресудегі ұлтшылдығы. Қазақ ұлтшылдығы өмір бойы өзін қорғау, ұлттық құндылықтарын сақтап қалу бағытындағы ұлтшылдық болып келді. Қазіргі қазақ ұлтшылдығы да қарсыластарының жапқан жаласы мен ойдан шығарған өсектеріне қарамастан осы бағытта қалдық. Бұл – қазақ ұлтшылдығының өзіндік ерекшелігі. Басқа ұлттарға үлгі боларлық ерекшелігі.
Меніңше, ұлтшылдық – туа бітті қасиет. Ол әр адамның жүрегінде, қанында, ми қыртысында жатады. Алайда, ұлтшылдық ұраны ұлттың басына ауыр жағдай түскенде ғана көтеріледі, сол арқылы халықтың басы бірігіп, өздерін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болады. Қазақ халқы өзінің аз ғана ғасырлық тарихында ұлтшылдықтың үш кезеңінен өтті деп ойлаймын. Оның біріншісі – қазақтардың халық болып қалыптасу кезеңі. Мен тарихшы емеспін, бірақ, бұл кезеңнің жылнамасы – «Батырлар жыры» деп білемін. Ұлтшылдықтың екінші кезеңі – Жоңғар шапқыншылығынан басталып, кешегі тәуелсіздікке дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл – басқа елдің бодандығына қарсы күрес жылдары мен бодандықтан азат болу жолындағы ұлт-азаттық күресі. Ұлт ретінде сақталып қалу күресі екі ғасырға созылды. Ал 20-ғасырдың ба­сы­нан басталып, «Алаштың» саяси күресіне ұласқан үшінші кезең – қазақ ұлтының жеке мемлекетін құру жолындағы күрес кезеңі болды. Бұл кезең 1991 жылға дейін созылды. Бұлардың барлығы басқа ұлттардың да тарихында болған кезеңдер. Алайда, Қазақстанда осылардан басқа тағы бір кезең – көп елдерде жоқ, ерекше ұлтшылдық – бар сияқты. Ол – тәуелсіздік алған халықтың өзінің ұлттық құндылықтарды қайтару, ұлттық мемлекетін құру кезеңі.
Енді қазақтың қазіргі ұлтшылдығына келейік
Қазіргі қазақ ұлтшылығы да халықтың жүздеген жылдар бойы қалыптасқан елшілдігінің, халықшылдығының заңды жалғасы. Егер, қазақ ұлтшылдығын кезең­дерге бөлер болсақ, қазіргі ұлт­шылдықты 1986 жылғы көтеріліс өмірге әкелді деп есептеймін. Олардың ашық қарсылығы, сол уақыттағы мемлекет тарапынан жүргізілген, адам айтқысыз әділетсіз жазаға ұшыраса да, 1989 жылғы Жаңаөзендегі «жүнтөстерді қуып шығу» деп аталатын іс әрекетке жал­ғасты. Ал, бұл күрестердің қазақ қоға­мындағы орны мен ықпалы суымай жат­қанда, Кеңес өкіметінің іргесі шайқалып, әрбір ұлт өзінің мемлекетін құру кезеңі келді. Барша қазаққа түсінікті Тәуелсіздік ұраны астында ұлтшылдықтың жаңа түрі бой көтерді. Бұл ұлтшылдық іс-әрекеттің басты ерекшелігі мынада сияқты. Кеңес өкіметіндегі барлық ұлттар (республикалар) уақыты жөнінде де, мақсаты жәнінде де, қолданылған тәсілдері жөнінде де бірдей … сондықтан да, бұл ұлтшылдықты, өз басым, «тәуелсіздік үшін күрес бағы­тындағы ұлтшылдық» дер едім. Айта кету керек, осы кезеңде мемлекеттің бо­ла­шағы, демократия мәселесі де басты ұран­дардың бірі болды, бірақ, бұрынғы отар елдердегі демократиялық күрес ұлт-азаттық күреспен астасып жатты. Біздер егеменді ел болғымыз келді және сол елдің ұлттық-демокартиялық ел болуын қаладық. «Ұлтшыл-демократтармен», қатар осы кезеңдегі ұлтшылдардың «ұлтшыл-эколог», «ұлтшыл панисламист», «айқайшыл ұлтшыл» деген топ­тары да пайда болды. Олардың кей­біреулері әлі күнге дейін бар.
Қазақстандағы ұлтшылдық саяси қоғамдық күш есебінде қалыптаспаған да сияқты, ең бастысы, қалыптаспайтын да сияқты. Бұл пародокстың негізінде – қазақ халқының ұлтшылдығы жатыр деп білемін. Барлық қазақтың ойында жүргенді айтып, мүддесін қолдағаннан ешқандай ерекшелік таппайсың…Оны барлығы да біліп те, көріп жүр емес пе? Қысқасы, бар­лық қазақ ұлтшыл болғандықтан, оның ішінде жеке саяси күш, жеке топ болып қалыптасу мүмкін емес еді. Әрине, жеке адамдар мен ұлттық бағытта жұмыс істей­тін түрлі қоғамдық топтар ұлттық құндылықтарды жүйелеп, талдап, кейбір саяси оқиғалардың, өзгерістердің ұлтқа тигізетін жағымды не жағымсыз әсерін көрсетіп, оның алдын-алу жолдарын ойлас­тырып, кейбір кезеңдерде ұлттық бағытта іс-әркеттер ұйымдастырып жү­ріп, «ұлтшыл», «ұлт-патриоты» деген атақ да алды. Ұлтшылдықтың нақты саяси бағыт есебінде қалыптаспауының екінші бір себебі – мемлекеттің ұлт мәселесі жөнін­дегі ұстанымының тұрақсыздығы дер едім. 90-жылдардың басындағы мемлекеттік ұс­таным жыл өткен сайын бұлдырлана бас­тады. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1990 жылы жарияланған «Қазақстан республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны» (1990 жыл, 25 қазан) алайық. Бұл маңызды құжатта «…ұлттардың өзін өзі билеу правосын тани отырып», «…қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, осы Декларацияны қабылдайды». «Қазақстан республикасы ұлттық мемлекеттігін сақтау, қор­ғау және нығайту жөнінде шаралар қол­данады» деген сөздер бар болатын. Ал, бір жылдан соң қабылданған «Қазақстан республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның (1991 жыл, 16 желтоқсан) кіріспе бөлімінде «қазақ ұлтының өзін өзі билеу хұқын растай отырып Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялайды» деген жолдар бар. Осы маңызды құжаттардағы ұлттық бағыттағы жолдардан соң, зобалаң заманда сырт елдерге кеткен қазақтардың көші-қон процесі басталғаннан кейін, қазақ тіліне мемлекеттік статус бір емес, екі рет (1989, 1997 жылдар) берілгеннен кейін, латын әліппесіне көшу туралы әңгіме басталғаннан соң, т.б. 80-жылдардың соңы мен 90-жыл­дардың басында қалыптасқан ұлттық бағыттағы ұйымдар мен азаматтық топтар ұлттық мәселені шешуді биліктің қолына беріп, өздерінің ұлттық бағыттағы жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан қоғамдық саяси жұмыстарын күрт әлсіретіп алды.
Ұлттық мәселе көтеретін күштердің «үй­ді-үйіне қайтып бара жатқанын» байқа­ған, Тәуелсіздік үшін күрес кезеңінде саусақтарының ұшын қимылдатпаған (бұл сөздерім үшін бүгінгі билік иелері ма­ған ренжімейтін болар деп ойлаймын, шындық), көпшілігі орыс тілінде тәрбие­леніп, орыс мәдениетімен сусындаған би­лік иелері дабырасыз-ақ ұлттық мәселені тұмшалап, кейінге – белгісіз бір болашаққа ысырып тастауға күш салды.. Оның аяғы мемлекет тарапынан «қазақстандық ұлт» жасақ­тау идеясына алып келді де, «Доктрина дауының» арқасында ғана бұл жасанды идеяға тоқтау қойылды (Айта кету керек, Кеңес өкіметі кезінде де «советттік ұлт» жасау туралы мәселе көтерілген болатын. Оның жүзеге аспайтыны, нақтырақ айтқанда, ұлттық республикалар тарапынан қолдау болмағаннан кейін, кеңестік идеология бұл бағыттағы насихат жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған). Меніңше, қазіргі – ұлтшылдықтың екінші кезеңі – осы уақытта өмірге келді.
Қазіргі қазақ ұлтшылдығының, шартты түрде, үш бағыты бар сияқты. Біріншісі – ұлтсыздандыруға қарсы жұмыстар (Шартты түрдегі ұраны – «қазақ екендігімізді ұмыт­пайық!»). Бұл бағытты – ағартушылық ұлтшылдық деп те атауға болады. Ағар­тушылық ұлтшылдық біздің ұлттық мә­де­ние­тімізді аздыруға бағытталған батыс мәдениетіне (батыс музыкасы, биі, киносы, арт-исскуствасы, т.б.), ана тілі­­міз бен салт-дәстүрімізді жоғалтуға бағыт­талған орыс мәдениетіне (ата-тегі­мізге «-ов», «-евтердің» жалғануы, жаңа жылды тойлау, арақ ішу дәстүрі, т.б.), соңғы уақытта ұлттық мемлекетімізді ха­лық­аралық транскорпорациялардың қолбаласына айналдыруға бағытталған жаһандануға қарсы бағытталған іс-әре­кет­тер. Ұлтшылдықтың бұл бағытын жүзе­ге асыру үшін ешқандай ұйымдар мен қозғалыстардың қажеті жоқ, себебі, басты жұмыстарды қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауымның өкілдері атқаруда. Қарапайым халыққа ұлтшылдық бұл түрі таныс та, түсінікті, сондықтан, «ағартушы ұлтшылдықтың» көтерген мәсе­лелерін қазақтың дені қолдайды және қосылады. Бұл бағытқа қарсыларға – космополиттік көзқарас ұстанған жандар мен орыстану ауруы өтіп кеткен адамдар жатады. Кейде ұлтсыздандыруға қарсы ұрандар Парламент қабырғасынан да көрініс табады (Бұқаралық ақпарат құралдарында жалаңаш дене мен жыныс­тық қатынасты көрсетуге тыйым салу, қазақстандық жетім балаларды шетел­дік азаматтарға бермеу, көп әйел алуға рұқсат беру, т.б.). Екінші бағыт – ұлттық мемлекетті құру бағытындағы ұлтшылдық. Бұл «мемлекетшіл ұлтшылдар» – ұлтшыл­дықтың саяси сипаттағы бағытын жүргізуде. Ұлттық мемлекетті жасақтау, орнату үшін бұл бағытты жүзеге асыруды мақсат етіп қойған саяси күштер не билікті алулары керек немесе қазіргі билікті өздерінің мүд­делеріне көндірудің жолдарын іздеулері керек. Әрине, ұлттық мемлекетті орнату үшін жаңа заңдар қабылдау немесе негізгі заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу де қажет. Қысқасы, бұл бағыттағы жұмыстың түрлері оппозициялық партиялардың жұмыс түрлеріне ұқсайды. Сондықтан болуы керек, ұлтшылдықтың осы жолын ұстанған азаматтар оппозициялық партияларда да кездеседі. Кейде биліктің саясатына қарсы оппозициялық партиялармен бірге де шығады. Соңғы уа­қытта оппозициялық күштердің жетек­шілері мемлекетшіл ұлтшылдарды өздерінің жағына тарту саясатын да жүргізді. Мемлекетшіл ұлтшылдар саяси күш ретінде қалыптаспағанмен жыл сайын қолдаушылары көбейіп келе жатқаны анық. Олардың билік басында отырғандарға қоятын талаптары да саяси сипатта болып келеді. Биліктің ұсталатын жері де осы «қазақ мемлекеті» жөніндегі мәселе деп ойлаймын. Біздер әлі күнге дейін дүбәрә күйде күн кешудеміз: ата-бабамыз аңсаған қазақ мемлекетін құрдық па (онда республиканың аты неліктен «Қазақ мемлекеті» емес?), әлде бұрынғы Кеңес жүйесінен бөлініп шығып, қазақстандықтардың республикасын жасақтадық па? Айта кету керек, қазақ халқының тәуелсіздігі мен жеке мемлекеттің құрылуы жолындағы күреске тек қана қазақтар қатысты…Бұл мәселе жөнінде Президент соңғы Жолдауында алғаш рет бір ауыз сөз айтқаны көпшілікті үміттендіріп тастады деп білемін. Үшінші бағыт – мазасыз (эмоциональды) ұлтшылдық (Менің шартты түрде берген «терминіме» қарап, бұл бағыттың жағымсыз сипаты бар деп ойлап қалмауларыңызды сұраймын – Д.К.). Ұлтшылдықтың бұл бағыты ең көп таралған және билік тарапынан да, орыс тілді ұйымдардың тарпынан да көп сыналған. Бұл бағыттағы ұлтшылдар ұлттық мәселенің шамасы келгенше барлық саласына араласқысы келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз «Ашық хаттар» жариялап, «қазақты біреулер сабап кетіпті» деген хабар шықса, сол жерден табылып, жиындар ұйымдастырып, биліктің қазақ ұлтына қатысты жаңсақ басқан қадамына дер кезінде сын айтып, қажет болса «аттан» салып отыратын да осылар. Бұлардың іс-әрекеттері халыққа түсінікті және ашық қолдауға ие деп ойлаймын. Тек қана, кейбір асығыс жасаған іс-қимылдары сынға ұшырағаны болмаса, ұлттық мәселе жөнінде қазақ менталитетіне сай қоғамдық көзқарас қалыптастыратын үлкен күш деп айтуға толық болады.
Байқап қарасаңыз, алғашқы, ағарту­шылық ұлтшылдық, зиялы қауымның енші­сіне тиіпті де, «мемлекетшіл ұлтшылдық» – саяси сауаты бар, халықтың арасында да, биліктің арасында да белгілі бір беделге ие болған, тәжірибелі саясткерлердің жұмысы болса, «айқайшыл ұлтшылдық» – қарапайым халықтың арасынан шыққан, ұлт мәселесі жөнінде бастарынан сөз асырғысы келмейтін, шыдамсыз да, ақ­жүрек азаматтарға бұйырыпты. Әрине, мен саясаттанушы емеспін, сондықтан, тағы да қайталаймын, бұлардың бәрі – шартты бөлініс.
Қазіргі кезеңде біз үшін ең басты бағыт – мемлекетшіл ұлтшылдық. Әри­не, үш бағытта та салиқалы, байсалды, саясаткерлер қажет. Дегенмен, ағартушы ұлтшылдар да, мазасыз азаматтардың да басты міндеті – ұлт­тық негіздегі мемлекетті жасақтау, «Қазақ мемлекеті» деген тарихи атауды қайта алып келу деп ойлаймын. Бізге салиқалы ұлтшылдық керек. Салиқалы ұлтшылдықты салиқалы адамдар ғана жасай алады. Марқұм Болатхан Тайжан ағамыздың 2005 жылы ұлтшылдардың қатарына қосылуының өзі қазақ қоғамына жаңа бір леп, жаңа үміт алып келді. Ұлтшыл азаматтардың бейнелерінің, беделдерінің жоғары деңгейге көтерілуі – ұлтшылдықты да сондай деңгейге көтеретіні сөзсіз. Біздер ұлтшылдық туралы қалыптасқан қате көзқарасты (басқа ұлттардың жауы есебіндегі) салиқалы, мәдениетті іс-әрекеттер арқылы өзгертуіміз қажет. Айта кетуіміз керек, ұлтшылдардың жағымсыз бейнесін қалыптастыру жұмысы тоқтаусыз жүріп жатыр. Біреулер оларды ретроград, кертартпашыл, баяғы феодалдық заманды аңсаушылар ретінде көрсетуге күш салса, енді біреулер – «радикалшыл», «діншіл», керек десеңіз «расист» бейнелерін беруде (Қазақ ұлтшылдығы ешқашан басқа ұлттарға қарсы бағытталған емес. Керек десеңіз 90-жылдарда орыстарды Кеңес Одағының барлық дерлік жерлерінде «колонизаторлар», «агрессорлар» деп атап жатқанда, біздің ұлттық ұйымдар бұндай сөздерді қолданған жоқ). Менің ойымша, ұлт жойылмайынша, ұлтшылдық та қоғамдық өмірден, саясат сахнасынан кетпейді. Әр кезеңге сай, олардың негізгі мақсаттары, соған орай, сол мақсатқа жету тәсілдері өзгеріп отырады. Ұлтшылдықтың қазіргі мақсаты анық, ол – бодандық кезіндегі жоғалған ұлттық құндылықтарды жаңғырту және ұлттық мемлекет құру.

 

 


Дос КӨШІМ,
Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы,
саясаткер

http://qasym.kz