Қазақтың қос тұлғасы. Өнерге қадам басқан кез келген жас таланттың үлгі алар алыбы, ұстаз тұтар арысы. Жалпы, қазақтың ыстық ықыласы мен шексіз құрметіне бөленген аяулы жандар.
Бірі айтарын қабағымен-ақ ұқтыратын абыз ақсақалымыз – Асанәлі Әшімов болса, екіншісі – ел анасы биігіне көтерілген Бибігүл Төлегенова. Ұлтты ұйыстыратын, елді бірлікке шақыратын, жөн сілтеп, ақыл айтар қадірменділеріміз. Екеуі де – қазақтың жүрегінен орын алған қос перзент.
Атағы шыққан, ел таныған азаматтар баршылық. Бірақ олардың бәрі де ұлттың ұяты санала бермейді. Ал бірі – театр мен кино өнерінің шыңын бағындырған, екіншісі – қазақ эстрадасының көшбасшысы атанған Асанәлі мен Бибігүл бұл күнде ұлттың екінші атауындай болып тұр.
Кейде өткінші атақ пен бір күндік даңққа басы айналып, кеуделеріне нан піскен кейбіреулер қос мұзартқа көзін ашып қараса дейсің, армандап. Сонда сабаларына түсер ме еді деген ой ғой біздікі.
Әлі күнге дейін киелі сахнаның бас иесі болып отырған Асанәлі ағамыз бен Бибігүл апамызға деген халық махаббаты бір сәтке де дамылдап көрген емес. Өйткені олар бір күнде бір әнімен оңай таныла салған бүгінгінің жұлдыздары емес. Мұның барлығы – жарты ғасырлық еткен еңбек пен төккен тердің жемісі. Қарапайым ел үшін ол кісілерді жақыннан бір көру – жылға азық. Жарым сағат дастарқандас бола қалғандары жарты өміріне балайды. Өздерін былай қойғанда, суреті мен әлдеқайда жазылған атының өзі тартып тұрады.
«Асанәлі» деген коньяк пен «Бибігүл» атты шараптың шығарылуының бір ұшы жоғарыда сөз еткен елдің махаббатына барып тіреледі. Екінші себеп шығарушылардың құрметінде жатса керек. Міне, сол махаббат пен құрметтің жемісінде «Асанәлі» мен «Бибігүл» қазақ жұртының мерекелік дастарқанынан орын алды.
Бәрі де дұрыс делік. Бірақ аяулысын ардақтай білетін халықтың босаған бөтелкенің тағдырын қалай шешетіні ғана қиын… Дулат Исабековтің «Ай-Петри ақиқаты» повесінде шампанның бөтелкесі жайында бір ой айтылады. Ішінде шампан барында жұрттар қызыға қарайды, ал шампан ішілгесін ешкім де қарамайды деген сыңайда. Қапелімде санама осы ой келді. Бір ақтап алатын тұсы бар. Тұлғалардың атымен аталатын қос шараптың босаған бөтелкесін көрмеген екенмін. Тіпті «Асанәлі» деген коньяктың босаған бөтелкесі түгіл, өзін де көп кездестіре қоймаппын. Кейде супермаркеттердің сөрелері мен ресторанның барларынан көзім шалғаны болмаса, дәмін де татып көрмеппін. «Бибігүл» де құрметті дастарқандардан кездесе қоймаса, ортаңқол бокалдарға құйыла бермейді. Мұның барлығы да бағаларының арзан еместігінде жатса керек. Өндірушілер бұл шараптардың бағасын қымбат қылу арқылы қос тұлғаны арзандатып алмаудың жолын ойласа керек.
Осы орайда өздерінің пікірлерін білмекке, сұрақтарым Қожанасырдікіндей болса да хабарластым. Қожанасырдікіндей демегенде не, шығарушылардың бұл кісілерден рұқсат сұрағаны, бұл кісілер өздері дұрыс көргеннен кейін, жөн деп санағаннан кейін рұқсат бергені анық емес пе?
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Әрине, менен рұқсат сұрады. Рұқсатсыз шығармайды ғой. Менің рұқсат берген себебім, сол – мұнда тұрған ешқандай өрескелдік жоқ деп ойлаймын. Әнімді сүйсіне тыңдап жүрген жұрт, қаласа, шарабымды да ішіп көрсін. «Бибігүлдің» дәмін татсын.
Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
– Олар менен рұқсат сұрағанда, мен олардың алдына талап қойдым. Бұл коньяк бес жұлдызды болсын, егер бес жұлдызды қылып шығарсаңдар ғана атымды беремін дедім. Олар айтқандарында тұрды. Содан бері шығып келеді. Бұл жағдай менен басталып отырған жоқ. Бұған дейін де болған. Анау «Наполеон» бар, басқа бар дегендей. Мен неге рұқсат бермеуім керек. Мен «Түркістан» сияқты қасиетті жерлердің атымен аталуына қарсымын. Ал адам атымен атала берсін. Жақында біреулер «Асанәлі» деген журнал шығарсақ деп хабарласты. Оларға да рұқсатымды беріп, талап қойдым. Көр-жерді сөз қылмайтын, айтары бар ақсүйек журнал болсын дедім.
P.S.
Асанәлі ағаға: «Енді өзіңіздің есіміңізбен аталатын журнал болғасын атыңызға кір келмес үшін журналды қадағалайтын шығарсыз», – дедім. Асанәлі аға: «Әрине, әр санын қадағалаймын ғой», – деді.
«Асанәлі» коньягын да жиі қадағалап отырасыз ба?» деп сұрауға батылым жетпеді. Ұлт мақтаныштарына айналған тұлғаларымызды бренд ретінде пайдаланғанымыз жөн. Бірақ арзандатып алмау жағын да естен шығармағанымыз абзал.
Автор: Бейбіт САРЫБАЙ
http://alashainasy.kz