Биыл алтыншы рет өтетін Астана экономикалық форумы тағы да саясаткерлер мен ғалымдардың, бизнес қауымдастықтың сұхбат құрар алаңына айналады. Сегіз мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған жаһандық жиынға қазірдің өзінде 60 мемлекеттің мәртебелі тұлғалары, Нобель сыйлығының 10 лауреаты, 40-тан аса ірі іскерлік корпорация басшылары, 11 мемлекет пен Үкімет басшысы, 15 министр мен орталық банктердің, халықаралық ұйымдардың басшылары қатысатынын растапты. Олардың арасында АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон да бар. «G-Global және Астана экономикалық форумы (АЭФ) көкжиектерінің кеңеюі. VI Астана экономикалық форумының және тұңғыш Дүниежүзілік Дағдарысқа қарсы Конференциясының (ДДҚК) жоспарлары мен болашағы туралы баяндаған баспасөз мәслихатында осындай ақпаратқа қанықтық. Осы тұста айта кетерлігі, осыдан алты жыл бұрын өткен ең алғашқы Астана экономикалық форумына 40 мемлекеттен 500 қатысушы келген еді. Ал биылғы форум 100-ден астам елден келетін 8 мыңның үстіндегі адамды қарсы алмақ. Форумға CNN, BBC, Euronews, Financial Times сынды беделді басылымдар да қатысатынын растап отыр. Тағы бір ескерер жайт, үстіміздегі жылдың 22-24 мамырында өтетін VI АЭФ және ДДҚК-ге БҰҰ-ның өзі қолдау жасап отыр екен. «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының президенті Мұрат Кәрімсақовтың айтуынша, форумға дайындық шаралары аяқталды деуге болады. АЭФ аясында түрлі форматтағы 60-тай шара өтеді. Сол шаралар барысында үстіміздегі жылғы жаһандық экономикалық өсімнің болашағы мен шикізат бағасы, инфрақұрылым мен инновациялық технологиялар, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілік, экономикалық өсімнің әлеуметтік аспектілері, қаржылық жүйелер, жаһандық тәуекелдер мен олардың алдын алу шаралары сынды мәселелер талқыға түседі. Сонымен қатар дәстүрлі инновациялық конгресс, еуразиялық іскерлік конгресс те ұйымдастырылады. Биылғы форумның бір жаңалығы, «Бұл қаржыны форумның бас демеушісі саналатын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бөледі. Осы қаржыға Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияны ұйымдастыру және өткізу шығындары да кіреді. Сіздер мұндай ауқымды шараны өткізудің оңай емес екенін білесіздер. Дайындық шараларының өзі бірнеше айға созылады. Салыстырмалы түрде алсақ, 2 млн доллар мұндай шара үшін көп қаржы емес. Мәселен, Санкт-Петербургте өтетін экономикалық форумға 30 млн доллардан астам қаржы бөлінді», – деді М.Кәрімсақов. Бұл салыстыруға қарап, форумға соншалықты көп қаржы жұмсалмайды екен деп ойлайтынымыз анық. Алайда біз де бір салыстыру жасап кетуді жөн көрдік. Өткен жылы Астана экономикалық форумының 5 жылдық мерейтойлық жиынына 400 млн теңге жұмсалған. Былтырғы форум қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында «033 бюджеттік бағдарламасы бойынша форумды өткізуге 400 млн теңгеден аса қаржы бөлінді», – деп дәл осы М.Қарымсақов мырза мәлімдеген болатын. Енді 400 млн теңге мен 2 млн доллардың арасын өзіңіз салыстыра беріңіз. Айтқандай, өткен жылғы баспасөз мәслихаты кезінде форумды ұйымдастыруға жұмсалған қаржы кейін есесімен қайтарылады және ол экономикамызға оң әсерін тигізетіні де айтылған. «Бұл форумды өткізуге жұмсалатын қаржы түсетін пайдамен салыстырғанда түкке тұрмайды. Біз кем дегенде жылына әлемдік деңгейде алғанда триллион доллар пайда түсіреміз деп күтеміз» – деген еді бір сарапшы. Ал кешегі баспасөз мәслихатында М.Кәрімсақов бұған дейін өткен 5 форумның нәтижесінде 100-ден астам келісімшарт жасалғанын жария етті. Ал олардың жалпы құны 1 триллион долларға жетпейді – 8 млрд доллар ғана… Халима БҰҚАРҚЫЗЫ |
http://www.aikyn.kz/