Қазір Атырауға келуге қызығатын шетелдік көбейді. Себебі, мұнайлы өңірде қолға алынған халықаралық жоба көп. Сондай жобаларға қатысатын шетелдіктерге төленетін жалақы да жоғары. Содан болса керек, Атыраудағы «Синопек Қазақстан халықаралық мұнай сервис компаниясы» филиалында және «Синопек Қазақстан» серіктестігінде Қытай азаматтары да жұмысқа тартылған.
Алайда, біздің тиісті орындардағы жауапты тұлғалардың немқұрайлығын пайдаланғысы келді ме, әлде алдап-арбаймыз деп ойлады ма, Қытайдан келген кей азаматтар жалған дипломмен жұмысқа орналасыпты. Мәселен, өндірісті дайындау инженері лауазымында жұмыс жасайтын Ши Цзюньминнің құжаттарында бірдей суреттер жапсырылғанмен, дипломы 1997 жылы берілген, ал төлқұжаты 2008 жылы алынған. Сонда диплом мен төлқұжаттың берілу мерзімінде 11 жылдық алшақтық болса да, суретіндегі бейнесі қалайша өзгермеген? Екеуіне неге бірдей сурет жапсырылған?
Мұндай жалған дипломмен өз елінде емес, Қазақстанда жұмыс жасап жүрген Қытай азаматы біреу емес екен. Облыстық прокуратура ұсынған мәліметке қарағанда, жоғарыда аталған кәсіпорындарда тағы 9 қытайлыққа берілген дипломның жалғандығы анықталған. Бұл аталған кәсіпорында көші-қон заңнамасының қолданылуына тексеру жүргізу барысында белгілі болып отыр. Ал өткен жылы облыста көші-қон заңнамасы бойынша 25 тексеру жүргізіліп, 583 заң бұзушылық анықталған. 566 шетелдіктің жұмыс күшін тарту рұқсаты кері алыныпты.
Демек, осы деректер елімізге келетін шетелдіктерге бақылауды күшейтудің қажеттігін тудырмай ма?
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.