БIЗ ӘЛI ДЕ “ӘЗ-НАУРЫЗДЫ” ӨЗ ДӘРЕЖЕСIНДЕ ТОЙЛАЙ АЛМАЙ КЕЛЕМIЗ
Кеңес өкiметi неге “Наурыз” мерекесiне тыйым салды? Тыйым салғыш болса, неге оразаға тыйым салмады? Кеңес өкiметiнiң тұсында аталарымыз бен әжелерiмiздiң емiн-еркiн ораза тұтып, намаз оқығанын өз көзiмiзбен көрдiк те. Оны айтасыз, “күллi Кеңес одағына молдалар даярлайтын” Бұхарадағы дiни медресе де жабылған жоқ. Жабылуыңыз не, 1970-жылдардан кейiн бұл оқу орнына қабылданатын шәкiрттердiң саны да артты.
“Наурыз” мерекесiн қазақтың “Ұлыстың ұлы күнi”, не болмаса “Әз-Наурыз” дейтiнi де белгiлi. “Әз-Наурыз” деген не? Бұл “Мерекенiң мерекесi”, “Мереке атаулының ең құндысы, ең маңыздысы” дегендi бiлдiредi. “Наурыз” ертеректе үш күн, кейде бiр жетi тойланған. Ойын-сауық пен ет жеуге, “Наурыз көже” iшуге “Наурыздың” бiр күнi де жетедi. Ал қалған күндер ше? Араздасып қалған ағайынды татуластыруға, қыстан күйзелiп шыққан жоқ-жiтiктерге көмектесуге, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, елдiк дәстүрдi сақтауға және т.т. арналады. “Елдiк дәстүр” дегеннен шығады, 1880-90 жылдары Қазақстанның Оңтүстiк өңiрiнде мынандай оқиға болған. Оңтүстiкте “жаныс” деген ру бар (Дулаттың бiр тармағы). “Жаныс көп пе, қамыс көп пе?” деп бекер айтылмаған, жаныс – өскен, өнген ел. Осы жалпақ жаныс өздерiне өзге рудан, қоралас деген рудан Тойбек деген бидi төбеби етiп сайлап алады. “Жаныс жанысқа бұрмай тұрмайды, төбебидiң өзге рудан болғаны жақсы. Ара ағайынның аты – ара ағайын” деп. Тойбек би он жылдай өз мiндетiн адал атқарады. Содан… Тойбек би бойжеткен қызын жас кезiнде атастырған жерге бермей (кейбiр әңгiмелерге қарағанда, Тойбек би құдасын кедейсiнген көрiнедi), басқа жерге ұзатады. Әйгiлi “Әз-Наурыздың” үшiншi күнi жалпақ жаныстың ақсақалдары Тойбек биге келiп: “Тойбек қарағым, сен бата бұздың. Аруақты аттадың. Бата бұзып, аруақ аттаған адам бiзге төбеби бола алмайды…” дейдi.
Ғайыптан тайып сол заман қайта туса, мына бүгiнгi ел басқарып жүрген лауазымды шенеунiктерiмiздiң, министрлерiмiз бен әкiмдерiмiздiң, соттарымыз бен прокурорларымыздың басым көпшiлiгi (бәлкiм, 100 пайыз!) орнынан кетер едi. Ана тiлiн бiлмейтiн министрге “Әз-Наурызда” ақсақалдарымыз жиылып кеп: “Қарағым, балықта ғана тiл болмайды. Ал халықта тiл болады. Сол сияқты, “қазақ” дейтiн халықтың да өз ана тiлi бар. Ана тiлiн бiлмейтiн сен мұндар қазақ халқын да, қазақша сөйлейтiн бiздi де әбден қорлап бiттiң. Бұдан былай, тiлiмiздi де, өзiмiздi де қор етер жайымыз жоқ, сен бұл қызметтен кет!” дер едi, не болмаса парақор әкiмге: “Қолың таза емес екен, демек жаның да таза емес. Бiз сен сияқты ұры-қарыға ел басқартып отыра алмаймыз!” дер едi.
“Әз-Наурыз” – тек Ұлыстың ұлы күнi, көктем мейрамы, Жаңа жыл мерекесi ғана емес, сонымен бiрге өзiнiң өсиеттерi, қағидалары, шарттары, үлгi-өнегелерi арқылы ұлттың ұлттығын сақтаушы. Ұлттың ұлттық болмысы мен ұлттық құндылықтарын көздiң қарашығындай қорғаушы. Кеңес өкiметi идеологтарының “Наурызға” шүйлiккенi де және “Наурызды” мүлдем тойлатқызбай қоюының да сыры осында.
Бiз әлi де “Әз-Наурызды” өз дәрежесiнде тойлай алмай келемiз. Мереке күндерi тек ойын-сауық пен iшiп-жемге ғана ден қоямыз да, ал “Наурыздың” өсиеттерiне, қағидаларына, үлгi-үрдiстерiне, мыңжылдық тәлiм-тәжiрибесiне, өнегесiне мойын бұра алмай келемiз.
http://zhasalash.kz/kogam/9211.html