«Баяғыда бір патша жасы алпыстан асқан шалдардың барлығын жар басынан құлатып, көздерін жойыңдар деп жарлық шығарыпты» деп басталатын хикая бұрындары қазақ арасында жиі айтылушы еді. Басы қатты болғанымен, соңында патша өз қателігін түсініп, қариялардың пайдасы көп екенін мойындаумен аяқталатын ғибратты мысал сөз. Бүгінгі біздің қоғамның сол хикаядағы көрініске ұқсап кететін тұстары бар. Дәл қазір жасың 45-тен асты деген сөз – «өлдің Мамай, қор болдың» деген сөз – не Құдай алмайды, жалданып жұмыс жасарға бай алмайды. Ол аз болғандай әйелдердің зейнет жасы да «өмір жасынан» артығымен алыстап барады.
Адамның бәріне бастық болу міндет емес. Қарапайым қызметте жүріп зейнетке шығу қалыпты құбылысқа айналу керек еді. Алайда қазір орта жастан асқанда мекеме басында отырмасаң немесе жеке кәсіпкерлігің болмаса, жұмыс орын табу қиын. Мұғалімдіктен басқа мамандықтардың барлығы бетінің әрі кете бастаған еріктілерді шеттетуге дайын тұрады. Адамның физикалық мүмкіндігі әртүрлі ғой. Кейбір қарт кісілер жасы алпысты алқымдаса да күш-қайратын өзінде сезінеді. Тіпті қара жұмыстан да қашқақтамайтындары бар. Әрине, жасы зейнеттен асқанда еңбек етуі әркімнің өз қалауында. Алайда жасы зейнетке жетпеген, екі қолға бір күрек сұрап жүрген азаматтарды, әсіресе әйел адамдарды қайда қоямыз?
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов та Парламенттің жалпы отырысында бұл мәселенің түйткілдерін тарқатуға тырысып: «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір қазақстандықтың еңбек ету бостандығына құқығы бар. ҚР Еңбек кодексі бойынша ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына және кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды. Алайда көптеген қазақстандықтар жұмысқа қабылдау барысында ашық кемсітуге тап болады. Көп жағдайда жұмыс берушілер жасына шектеу қояды. Бұл, көбінесе, 40-45 жас деңгейінде белгіленетін жастың жоғары шегіне қатысты» дегенді айтты. Расында, мұны тіпті дискриминацияға теңеуге болады. Алайда бұдан шығудың жолы бар ма? Өйткені біздегі жұмыс беруші мекемелердің көпшілігі жеке секторға жатады. Жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік еңбек нарығының проблемаларын реттеуді міндеттеу қаншалықты заңды деген ойға келесіз.
Дегенмен мұндай келеңсіздік біздің қоғамда ғана көрініс беріп отырған жоқ. Кез келген дамыған ел бір кездері зейнет жасына жақындап қалған қарттарды жұмыспен қамтудағы қиындықтарды бастан өткерген. Түрлі жолдарын қарастыра келе, көбіне заңнамалық жолмен шешуге көп жүгінетіні белгілі болды. АҚШ-та 40-65 жас аралығындағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған «Жұмысқа жалдап алу барысындағы жасына байланысты кемсіту туралы» арнайы заң бар. Францияда жұмысқа қабылдау барысында кемсіткені үшін жұмыс беруші екі айдан бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаңа Зеландияда кемсітушілік хабарламаларды, оның ішінде интернет арқылы жариялауға тікелей тыйым салынған. Енді көрші Ресей үкіметі де «Жұмыс берушілердің жас мөлшеріне шектеу қоюына тыйым салу жөніндегі» заң жобасын мақұлдады. Көп ұзамай бұл заң Думада қаралады. Бекітілген жағдайда жас ерекшелігіне қарай алалаушыларға айыппұл салынатын болады.
Жасы 45-50-ден асқандардың екі қолға бір күрек табуы қаншалық қиын процесс екеніне көз жеткізу үшін жұмыс іздеушілер жүгінетін арнайы газеттерді бір шолып шығу жеткілікті. Мәселен, қара күшті қажет етпейтін бухгалтер, экономист, заңгер сияқты іс-қағаздар мен есеп-қисап мамандықтарының шекарасы 25-45 жасты құрайды. Елу жас деп көрсеткен мекемелер ілуде біреу. Дүкендегі сатушылыққа 25-35 жас аралығында шектеу қойылады. Кейде тіпті білікті әрі тәжірибесі мол маманның өзі жасының үлкендігіне байланысты далада қалады. Жұмыс тауып берумен айналысатын мекеме қызметкерлерінің айтуынша, кейде жұмыс берушілер жасқа байланысты шектеулерді не үшін қоятындарын өздері де білмейді. Қалыптасып кеткен үрдіс ретінде жалғасып келеді.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Бұл мәселемен прокуратура айналысу керек. Бұл – ұлтына, жынысына, дініне қарай алалаушылықпен бірдей қылмыс. Сондықтан мұндай дискриминацияға жол бергендерді қылмыстық жауапкершілікке тартып, әкімшілік жаза беріп, айыппұл салсаңыз, артық кеткендік емес. Бұл мәселеде жеке сектор, мемлекеттік мекеме деген ұғым жоқ. Заң бәріне ортақ. Дегенмен қатаң шараларға барғаннан бәрі реттеле қояды деп айтпаймын. Кез келген заңды айналып өтудің жолын табуға болады. Сондықтан ең алдымен БАҚ арқылы түсіндірмелі жұмыстар жасалуы керек. Жұмыс іздеп жүргендер де біздің адам екенін түсіндіру қажет.
Жұмыс берушілер өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін әлі түсінбейді. «Атамекен одағының» да осы бағытта көп күш салғаны дұрыс.
Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ
http://alashainasy.kz/politics/41271/