Абай ОМАРОВ (коллаж)
Қасиетті Жер-ана ақ көрпесін ысырып тастап, жасыл желекті көйлегін киді. Күннің көзі күлімдеп, ғалам мейірімді бір ананың кейпіне еніп, тіршілік атаулы жаңарып, жаңғырып жатыр. Әз-Наурызда төл жаңа жылымыз да босағамызды аттап, адамзат атаулы шат-шадыман күйге енген. Ақ жаулықты аналарымыз қыстан қалған бар жылы-жұмсағын қазанға салып, наурыз көже пісіріп, мәре-сәре. Әрине, әр қазақ баласы жылыстап жеткен Жылан жылынан тек жақсылық күтетіні хақ. Сол үміт еткен жақсылықтың баянды болмағы, Әз-Наурыз өз биігінен, өз орынтағынан көрінуі үшін не істемек керек? Біздің бүгінгі сұрағымыз осы… Мәселен, төте жолды «Әз-Наурызды шекараны жауып тастап тоғыз күн тойлау керек пе?» деген сауалдың астарынан іздеп көрелікші.
Наурыз – қазақтың төл мерекесі
Әз-Наурыз – ұлттық мереке. Бұл қазақы мейрамның шыққан жерін, тарихтағы мөлдір бұлақтай бастауларын шығыс халықтарынан немесе парсылардан іздеуді, өзіміздің төл мерекемізді осы арқылы жат елдерге тели салуды доғару қажет. Қазақтың абыз-ақсақалы, белгілі этнограф-ғалым, марқұм Жағда Бабалық атамызбен бірге өткізген сәттерімізде осы ойды жиі айтушы еді. Ол кісі 1970 жылдары Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапхананың архивiнен ескi бiр жырды кездейсоқ қолға түсiргенін, араб әрiптерiмен жазылған сол жырда Нұх пайғамбардың кемесi күн мен түннiң теңескен күні Қазығұрттың басына тоқтағаны, Нұх пайғамбардың кемеден түскен барша тiршiлiк иелерiне ең ұлық мереке – күн мен түннiң теңелуiн, яғни жаңа бiр өмiрдiң басталуын тойлауға әмiр бергенi жазылыпты дейтін-ді. Осы аңызды ақиқатқа балауға да болатынын айтып, қызықты деректерін тізбелейтін. Қазығұрт тауы – қазақтың жері. Демек, біздің ғалымдар осы негізді әңгімені індете зерттесе, әлемдік өркениет үшін Наурыздың егесі қазақ болып шығар еді. Яғни ғаламның бірқатар елдерінде аталып өтетін Әз-Наурыздың заңды мұрагері де – бізбіз. Олай болса, төл Жаңа жылымызды басқа мерекелерден бөлекше тойлау керек қой. Мәселен…
Түрікмен, өзбек, қытай төл мерекелерінде шекараны жауып тастайды
Мысалы, Түрікменстанда 12 желтоқсанда өзге ешбір елде кездесе бермейтін өздеріне ғана тән «бейтараптық күні» аталып өтіледі. Осы мерекеде түрікмендер шекараны жауып тастайды. Бұл шектеу 7-сінен 13-інші желтоқсанға дейін, яғни алты күнге жалғасады. Ал іргедегі саясаты құбылмалы өзбектер «Мустакилик байрамы» (Тәуелсіздік мерекесі) кезінде де шекарасын бекітіп алып тойлайды. Қытайлар болса, жылда өздерінің ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлауға байланысты қаңтардың аяғынан бастап шекарасын екі аптаға жауып тастайды. Неге?
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Біздің пікірімізше, біріншіден, бұл елдер осы бір ғана қадамы арқылы аталмыш мерекеге деген ұлттың құрметін көрсетіп отыр. Екіншіден, олар осы шара аясында ұлттық құндылықтарды насихаттауға, мемлекет ішінде салт-дәстүрді дамытуға мүмкіндік ала алады. Үшіншіден, аталған мемлекеттер осындай мейрамдарда ұлттық патриотизмді сыртқы саяси қатынастардан да жоғары қойып, елдің рухани серпілуіне септеседі. Біз тоғыз күн бойы шекараны жауып, төл жаңа жылымызды тойласақ, осы үш айтылған жайттың сыртында да біраз жетістікке жеткен болар едік. Мысалы, «Наурыз мерекесі осы уақытқа дейін қаңтардағы Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қойды» деген пікірді жиі айтамыз. Біз шекараны жауып, тік тұрып құрмет көрсету арқылы, біріншіден, бұл пікірдің күлін көкке ұшырып, ұлттық сипаттағы мемлекет құруға бет алғанымызды көрсетер едік. Екіншіден, әр мейрамда шетелдің өнерпазын шақыртып, қаржыны аямайтын әкім-қаралар, қалталы азаматтар ойланар еді. Өз мәдениетіміздің тынысын ашуға жол ашылар-ды. Үшіншіден, екі күн артық демалар болса, шетелге шығуға құмартып тұратын «шіріген байлар» өзіміздің елдегі туристік орындарға барып, бізде де шетелдікімен пара-пар ғаламат жерлеріміз бар екеніне тұшынған болар-ды. Төртіншіден, шетелден ағылып жатқан сансыз мемлекеттердің азаматтары қазақтардың ұлттық мерекеге деген құрметіне сүйіспеншілікпен қарар-ды. Бесіншіден, көптеген мемлекеттер тойлайтын «көктем мерекесін» әлемге біздікі ретінде дәлелдеп, Әз-Наурызды шекарасын жауып тойлайтын тұңғыш мемлекет ретінде тарих бетінде қатталып қалар едік.
Сіз не дейсіз?
Нәбижан Мұхаметханұлы, тарихшы:
– Әр халықтың өзіне тән ұлттық мерекелері болады. Қытайдың жаңа жылы дәстүрлі күнтізбе бойынша есептеледі. Олар жаңа жылын 15 күн тойлайды. Қазіргі Қытай Халық Республикасы сол 15 күннің жеті күнін ресми демалыс күндері ретінде белгілеп, халықтың жақсылап тойлауына мүмкіндік жасаған. Осы жайтқа қарай отырып, біздің Наурыз мерекесін де ұлттық деңгейге көтеру керек деп ойлаймын. Қытайдағыдай шекараны жауып, қауіпсіздікті күшейтіп, халықтың алаңсыз тойлауына жағдай жасауымыз қажет. Екіншіден, БҰҰ-ы мойындаған мерекенің мерейі өсуі үшін, Наурызда өз-өзімізге жылдық есеп беріп, мемлекеттік шаралар, мемлекеттік марапаттаулар өткізілсе деп ойлаймын. Шекараны жауып тастау деген кезде бұқара дереу қауіпсіздікті ойлайды. Қытай өзгелерден қауіп күтетін ел емес. Бұл – шекарашылардың жұмысын азайту, халықпен бірге тойлауын қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан шаруа. Осы арқылы қытайлар бұл мерекеде ішкі туризмді дамытуға баса назар аударады. Біз де осындай кешенді шаруаларды қолға алуымыз қажет.
Тұрсын Жұртбай, жазушы:
– Қазір қазақтың ұлттық мерекесінің қадірі жоқ. Мәселен, қаңтардағы жаңа жылға дайындық желтоқсаннан басталады ғой. Ал биылғы наурызда қай қалада, қай облыста ауыз толтырып айтарлықтай дайындық бар екенін өзіңіз айтыңызшы. Тек Оңтүстік Қазақстан облысы ғана төл мерекемізді 14 наурыздан бастап тойлап, ұлттық шаралар өткізіп жатыр. Меніңше, Шымкент қаласы секілді барлық облыстарымыз наурызға баса назар аударғанда ғана «Бұл мейрамды шекараны жауып тастап тойлайық» деген мәселені көтере аламыз. Олай болмай, бұл идеяға дәметуге болмайды.
Неге тоғыз күн?
Сөз соңында «Неге тоғыз күн тойлау керек?» деген мәселеге келсек, қазір кез келген бәйшешектей құлпырған аруларымыз бен «тұлпар көңіл» жігіттеріміз келер жылдан жақсылық күтіп, шапқылап жүр. Олардың көңіл күйіне қарап, бағзы замандағы «отыз күн ойын, қырық күн тойын» тойлайтын тойшыл қазақтың бет-бейнесі, кескін-келбеті көз алдыңызда көлбеңдегендей болады. Бірақ нарықтық қоғам диірменінің шыр айналған тасының үстінде жүріп, күнкөрістің ұршығын иірген бүгінгі исі Алаш баласына «отыз күн ойын» ойнау артықтық етері сөзсіз. Сондықтан да осы бір қалыптасқан сөз тіркесті «он күн ойын, тоғыз күн тойын» жасапты деп сәл өзгеріс енгізетін кез келген сияқты. Яғни бізге он күн ойын мен тоғыз күндік той да жетіп жатыр.
Түйін
1926 жылы Кеңес үкіметінің шаласауатты «сыңарезу саясаты» Наурыз мейрамын ислам дінінің сарқыншағына балап, тойлауға басы бүтін шектеу қойғызған. Десек те, 1988 жылы бірқатар ұлт зиялылары Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбинге Наурызды тойлау жөнінде мәселе көтеріп, хат жазып жүріп, ақыры төл Жаңа жылымыз өз халқымен қауышқан болатын. Бір қызық дерек ретінде, ұлт зиялыларының бастамасын бюро мүшелерінен екі-ақ адам қолдағанын, оның бірі – сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екенін айта кеткен жөн. Неге дейсіз бе? Кешегі темірдей құрсаулы Кеңес идеологиясына қарсы біткен бұтақтай осы мерекеге бола басын бәйгеге тіккен Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгідей Тәуелсіздіктің қыраны кеңге қанат жайған тұста, «Наурызды тоғыз күн шекараны жауып тастап тойлау керек» деген идеямызды қолдайды деп ойлаймыз. Лайым, солай болғай!
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ
http://alashainasy.kz