Министрлер кабинетінің кешегі отырысында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов қазақстандық жоғары оқу орындарының саны алда тағы күрт қысқартылатындығын мәлімдеді. Сөз басында министр отандық ЖОО-лардың «академиялық еркіндігі» және «автономиялылығы» арттырылып жатқандығын хабарлады.
– Елбасының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарын оңтайландыру жүргізілуде, – деді Үкімет мүшелеріне БҒМ басшысы. – Бүгінде олардың саны 149-дан ендігі 136-ға дейін қысқартылды. Тәжірибе көрсеткеніндей, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігінің білім беру сапасы сын көтермейді. Сондықтан таяудағы 3 жыл ішінде олардың санын 66-дан 30-ға дейін қысқарту жоспарлануда.
Министр Бақытжан Жұмағұлов Үкімет мүшелеріне бұл іске «ЖОО-ларға қойылатын жаңа талаптарға сүйене отырып, өте жауапты қарауға» уәде берді. Бұл ретте «ғылым ордаларының» үш басты өлшем-критерий бойынша бағаланатындығы айтылды, министрлік «материалдық база», «оқытушылық құрам» және «бітіруші түлектердің жұмыс берушілер арасында қаншалықты сұранысқа иелігіне» қатысты «өте егжей-тегжейлі талдау жүргізуде» екен.
Білім және ғылым министрі «біріккен жоғары оқу орындарының барлық студенттері оқуын жалғастыра беретіндігін» нықтады: «Бұл – міндетті талап!»
– Елбасы оқу орындарын өңірлердің қажеттілігіне қарай мамандандыру туралы тапсырма берген болатын. Сондықтан мемлекеттік жоғары оқу орындары да оңтайланатын болады! – деп мәлім етті министр. – Нәтижесінде, таяудағы 2 жылда елімізде жалпы саны шамамен 100 ғана ЖОО қалады. Бұл бізге дамыған елдерде қабылданған халық санына шағатын көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бақытжан Тұрсынұлының айтуынша, жоғарғы білім саласындағы барлық қысқартулар мен біріктірулер қорытындысында, «Қазақстанның көптеген облыстарында тек 1 мемлекеттік және 1 ірі жекеменшік жоғары оқу орны ғана қалатын болады!».
Үкімет мүшелері мен әкімдерге осылардың бәрін айтып, жиыннан шыққан Білім және ғылым министрін журналистер қоршап алды. «ЖОО-лар саны ешбір ойластырусыз-ақ қысқартылуда» деген өте үлкен сын айтылуда, – деді БАҚ өкілдеріне БҒМ басшысы. – Бұл – дұрыс емес. Барлығы ойластырылған, есептелген. Мәселе басқада! Әрбір жоғары оқу орнының артында Астанадағы әлдекім тұр. Соның мүдделерін «лоббилайды». Ондайлар депутаттық корпустың арасында да бар, ондайлар Үкіметте де бар. Олар тіпті барлық орталық органдарда жүр! Ол кісілер өздерінің ЖОО-ларын біздің қысқартпауымызды діттеуде. Бұл енді ешкімге де құпия емес!»