Амалбек Қозыбақұлының туып-өскен жері – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданының Сайрамсу, Қасқасу және Қарасораның суы үшеуі бір нүктеде қосылған Қарасора ауылы. Бұл мекеннің қасиеті осында және мұндай табиғи байлық кемде-кем.
Анам өмірін тек маған арнады
Ол – шаруа баласы. Ауылда, көп балалы отбасында, төрт ұл, төрт қыздың ортасында өскен. Балалардың бесіншісі. Ұлы Отан соғысының нағыз қайнап жатқан 1943 жылдың 4 сәуірінде дүниеге келген. Бұл әулеттен төрт кісі соғысқа қатысқан. Олар – әкесі Қозыбақ, 15-16-сында жасын үлкейтіп көрсетіп, соғысқа аттанған ағасы Жамалбек, қазір өзі тегін алып жүрген тәтесі Тшан және анасының жалғыз інісі, жастайынан әке-шешесінен айырылып, осы үйде тәрбиеленген нағашысы – Құдайқұл. Әкей мен Жамалбек ағасы қан майданнан аман-есен елге оралды да, тәтесі мен нағашысы соғыста шейіт болды. – Тшан тәтемнің әйелі Күлдәр, яғни менің екінші анам 31 жасында жесір қалып, соғыстың қасіретін көп тартты. Ерінен айырылды, басқа баратын ешқандай туыс жоқ және ешкімнің жағдайы жетісіп тұрған кез емес. Апам өмір сүргісі келмей, бәрінен күдер үзіп, түңіліп жүргенде анамның құрсағында мен пайда болыппын деп бастады әңгімесін Амалбек аға. – Абысынының ахуалын жан-дүниесімен түсінген анам Ортай «Егер құрсағымдағы бала ұл болса, саған беремін» дейді. Алғашқы атым – Жақсыбек, сосын мені Күлдәр апама бергеннен кейін Құраннан алып Амаль, яғни Үміт деген мағынаны беретін ат қойып, оған «бек» деген жалғау жалғайды. Күлдәр анам қайта тұрмысқа шыққан жоқ, бар өмірін маған арнады. Өте бір қасиетті, дана, көпті көрген кісі болатын. Оның есте сақтау қабілетіне таңғалатынмын. Жамалбек пен Өмірбек ағаларымның және үлкен әпкем Шолпанның әрқайсысында 11 баладан болды. Сол аға-апаларым кейде өз балаларының қай күні туылғанын ұмытып қалып жататын, ал менің апам солардың бәрін біліп, айтып отыратын. Жас кезімде «Апа, маған сіздің есте сақтау қабілетіңіздің оннан бірін берсе, мен де әжептәуір адам болатын шығармын» дейтінмін.
Өз анам Ортай толықша келген аққұба кісі еді. «Айналайын» дегеннен басқа артық сөзі жоқ, сабырлы болатын. Бірдеңе дұрыс болмай қалыпты десе, «Ойпырым-ай, солай ма?» дейтін де қоятын. Үй шаруасының бәрі – сегіз баланың, әкейдің күтімі, тамағы сол кісінің мойнында болды. Біздің үйдің жалпы шаруашылығының бәрін жаратылысынан еті тірі Күл-дәр апам басқарды. Балалық шағымнан есте қалғаны – жеті жасқа дейін емшек емгендігім. Бес жасымда мектепке бардым. Күлдәр апам мені барынша еркелетіп өсірді, маған қарата ешкімді сөйлетпейтін. Апамды ерекше құрметтейтіндіктен оның көңіліне қарап, ешкім бетімнен қақпады. Бір қызығы, мен алдында өз анамды еміп жүріппін де, сосын Күлдәр апамды еміп кетіппін. Сабақтан келе салысыммен қараңғы бөлмеге кіріп алып, маңдайымнан шып-шып тер шығып емеді екенмін. Өзі тумаса да маған мейірленіп, еміренгендіктен бе, ол кісінің омырауынан сүт шыққан. Негізі, ол екі құрсақ көтерген, бірақ қос құлыны да шетінеп кеткен. Кіші бала мен туардың алдында дүниеден озған болуы керек. Өз анама қарағанда Күлдәр апам мен үшін өте жақын болды.
Ойтамызық – Қазір әжептеуір жасқа келдім. Оң-солымызға баға беретіндей көргеніміз, түйгеніміз бар. Алды-артымызға қараймыз. Өз басым да кіршіксіз таза өмір кештім деп айта алмаймын. Себебі біз періште емеспіз, қатесіз адам болмайды. Кейде сөзден, кейде ісіңнен жаңыласың. Бірақ адамның негізі дұрыс болса, ол адамнан барлық уақытта жақсылық күтуге болады. Кейде балаларыма, немерелеріме қарап отырып, «Осыларды не күтіп тұр? Қаншалықты ұлттың туын көтеріп, ұлтқа негіз болып, ұлттың қорғаны болады? Осы үдеден шыға ма, әлде жоқ па?» деп ойланамын. Қазіргі жастар тіпті қазіргі еркіндік, тәуелсіздіктің өзін шын мәнінде, түсінбейтін сияқты. КСРО-ның кезінде қандай болғанын елдің бәрі біледі. Бүгінде өз елімізде өзіміз қожамыз. «Ұлттық негізімізді көтерейік» деп мұрындық болатын зиялы қауым қайда? Сол зиялы қауым деп әспеттегендеріміз тіпті қазаққа тән көпірте айтқан сөз сияқты көрінеді. Біздің зиялы қауым тек қарақан басының жайын күйттеп кеткендей. Өзі, бала-шағасы аман болып, өз жағдайларын күйттесе болғаны. Маған олар ренжімес деп ойлаймын. Дәл қазіргі кезде ұлттық сезімі жоғары, нағыз халыққа жанашыр зиялы қауымды шырақпен іздеп таба алмайсың. Көбі Құдайдың берген бойындағы талантын, абыройын отбасының күйбең тірлігінің айналасында қалдырып жатқандай. Бұл – өте өкінішті. Әйтпесе қазақ талантты азаматтардан кенде емес. Ең бір қиын замандарда да, баяғы революциядан кейін де біздің аталарымыз қазақтың-қазақ болып қалыптасуына жанын пида етіп, өздерін дәлелдей білді. Мықтылығын мойындатты. Кезінде олардан бүкіл империя қорықты. Қазір бізге ешкімді қорқытудың қажеті жоқ. Біз өз еліміздің ғана сойылын соғуымыз керек. «Ертеңгі ұрпаққа не қалдырып жатырмыз?» деп артымызға қарауға, ойлануға тиіспіз. Қажет болса құрылтай жасап, ұлтты сақтап қалу мәселесін жан-жақты талқылауымыз қажет. Бұл билікке қарсы әрекет емес, тек ұлттың негізін қалай сақтап қаламыз деген ой. Егер осындай бір әрекет болса, мен де сырт қалмас едім. Меніңше, бұл мәселе әрбір қазақтың міндеті, тіпті борышы деп түсіну қажет сияқты.
Жүрегі жұмсақ әкешім Оның халық алдында Амалбек боп азамат ретінде қалыптасуы өз еңбегінің арқасы. Қалай еңбек етуді бала кезден ата-анасы үйреткен. Әкесі Қозыбақ то-ғыз жасында жетім қалып, украиндар-дың қолында малай есебінде жүреді. Титтейінен еңбек еткен, украинша үйренген. Сөйтіп жүріп, үш айлық мал дәрігерлік курсқа жіберіліп, маман болады. Ауылда мал дәрігерінің әжептәуір беделі бар. Себебі – колхоздың бүкіл малы бастық пен мал дәрігерінің қолында. Әкей кішкентай Амалбекті тоғыз-он жастар шамасында таңертең сағат 5-терде тұрғызып, тауға ертіп әкетіп, қамыс орғызатын. Бір өзі баруға еріне ме, әлде серік болсын дей ме, әйтеуір оны жанынан қалдырмайтын. Қамыспен үйдің төбесін жабады, ши тоқиды, әйтеуір тіршіліктің қамы. Сол кездері апасы «Осы титтей баланы ұйқысынан оятпай-ақ өзің барып келмейсің бе?» деп, кейіп отырушы еді. Кейін есін жиып, еңбекке араласа бастаған кезде ол әкесінің ақсаусақ қылмай, титтейінен еңбекке баулып, өсіргеніне риза болды. Сегіз баланы асырау оңай емес. Қозыбақ әке малдың қиын тазалап, тезек жасайды. Әбден еңбектенетіні сонша қолдары ақжем болып, буындары тілініп, сүйегі көрініп тұратын. Соған қойдың құйрық майын қыздыртып бастыратын. Ол өз ұрпағын осылайша асырап, бағып-қағып, үлкен өмірге жол сілтеді. Жас шағында әкесін тым қатал деп ойлайтын бала бертін келе оның жүрегінің соншалықты жұмсақ, нәзік екендігіне талай рет көз жеткізді. Алла алдынан жарылқасын.
Ойтамызық – Біз өзіміздің ұлттық негіздерімізді жоғалтып жатырмыз. Егер осы қалпымыздан танбасақ, біздің түріміз ғана қазақ болып қалуы мүмкін, ал жан дүниеміз қазақ болудан қалады. Атам қазақ аспаннан аяғы салбырап түскен жоқ, жерден өніп-өсті. Өзіндік салт-дәстүрі, мұрасы болды. Міне, соның бәрін кеңестік идеология ескінің қалдығы деген сылтаумен ұмыттырды. Ал қазір тәуелсіздік алғаннан кейін бізге кім кедергі келтіреді? Ауылда жеңгелерім алдымнан кесіп өтпейтін. Олар үшін «Жігіттің алдын кесіп өту – оның жолын кесу» дегенді білдіреді. Бұл дәстүрде қандай кемшілік бар? Бұл – біздің ұлттық негізіміз. Бұл – құрметтің белгісі. Адамның қалыптасуының өзі осыдан басталады. Атымызды атамай, «Мырза бала» дейтін. Сол сөзі арқылы өзін де сыйлатады, сенің де жүрегіңде көп нәрсені ұялатады. Осындай асыл қасиетімізді неге біз ұмытып кеттік? Жапон халқы қайда барса да иіліп сәлем беріп тұрады. Одан жапондардың мәдениеті төмен түскен жоқ. Біздің қазақ та сондай еді ғой. Қазір бір-бірімізбен қарым-қатынаста дөрекілік белең алып барады. Себебі бізде ұлттық негіздегі тәрбие жоқ. Менің кішкентай балам қазақша балабақшаға барады, бірақ үйге орысша сөйлеп келеді. Сонда балабақшада не үйреніп жатыр? Бұл біздің ұлттық негізіміздің жойыла бастауынан. Өте өкінішті! Біз тілді жоғалтсақ ұлт болып қайта қалыптасуымыз қиын. Түсіне білген адамға қазақтың тілі – өте бай тіл. Тіл – негіз…
Музыкант бала – 9 сыныптан бастап Советский ауылында оқыдым. Жамалбек ағам мектеп директоры болып қызмет істеді де, онжылдықты сол жерде тамамдадым. Бұл ауылда кілең орыстар тұрып, қазақтарға күн көрсетпейтін кездер де болған. Жергілікті тұрғындардың тұрмысы, сауаты көтеріліп, өзін-өзі тани бастаған кезде орыстар көше бастады, – дейді ол әңгімесін одан әрі сабақтап. – Мен бала күнімнен музыкаға құмар болдым. Домбыра, баян тарттым. Жоғары сыныпта оқып жүргенде мектептің көркемөнерпаздар үйірмесін басқардым. Консерваторияға оқуға түсіп, музыкант болғым келді. Ол кездері қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әнін айтпайтындар некен-саяқ. Ауылға бір неміс отбасы көшіп келді. Күйеуі дене шынықтыру сабағынан, ал әйелі музыкадан сабақ берді. Апайымыз «Қабылетің жақсы екен, нота үйретейін» деп мені музыкаға тарта бастады. Пианино жоқ. Қатты қағазға клавиатура салып, «до-ре-ми-фа-со-ля-си-до, до-си-ля-со-фа-ми-ре-до» деп отыратынмын. Осылай біраз әурелендім. Ешқандай дыбыс шықпаған соң жалыға бастадым да, тастап кеттім. Мектеп бітірген соң консерваторияға баратынымды айтқанымда Жамалбек ағам «Шарманкаңды арқалып қаңғып жүресің бе, одан да қазіргі заманға сай мамандық игер, технологиялық институтқа барып бақ сына, инженер боласың» деп кеңес берді. Осылайша инженер мамандығын таңдадым. Боксқа бала күнімнен қатыстым. Досым Ақжол Асқаров екеуіміздің боксқа қызығушылығымыз ерекше болып, былғары қолғап киіп, жаттығуға қатысып жүрдік. Бокстың нағыз әдіс-тәсілін білмесек те, кейбір ережелерін үйрендік. Жарыстарға қатысқан жоқпыз. Кейіннен институт қабырғасында жүргенде бокспен шындап айналысып, Қазақстан құрамасында сайысқа түсіп, КСРО спорт шебері деген атаққа дейін жеттім.
Бұрымды қыз баурап алды Ол жоғары білімді Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтынан алды. Сабақ күрделі. Ауылда өскен балалар үшін орыс тілі қиындық тудыратын. Техникалық терминдерді сіңіру өте қиын болды. Дегенмен ол сабаққа да үлгеріп, спортты да қатар алып жүрді. Амалбек Қозыбақұлы: – Спорт маған топтың алдында көшбасшы болуға, өмірге деген құлшынысымды арттыруға өз септігін көп тигізді. Әсіресе, қазақ балалары арасында боксшылардың беделі жоғары еді. Айналаңа жиналып, үйіріліп қасыңнан шықпайтын. Оның үстіне гитара тартатын болған соң өскен ортада абыройымыз жаман болған жоқ. Институтты бітіріп, жұмыс істей бастадық. Қалай қызметке көбірек араласып, жұмысбасты бола бастадым, солай музыка ысырылып қалып қойды. Өз өмірімдегі өкініштерімнің бірі – музыкант ретіндегі қырымның тасада қалып қойғандығы. Қазір де баянды, гитараны қолыма алсам, жайлап тарта аламын, бірақ баяғыдай қарқын жоқ. Кейбір азаматтар өз бойындағы осындай қасиеттерін қандай қызметте жүрсе де қатар алып жүреді ғой, мен оларға ризашылықпен қызығамын. Жолдамамен облыстық тұрмыстық қажетті қамту басқармасына бардым. Ол кезде шетелден келетін ешнәрсе жоқ. Шаштараз да, химиялық тазалау жұмыстары да сол жерде болатын. Шымкентте тұңғыш рет Кеңес Одағының киім жуатын, тазалайтын жаңа құрал-жабдығымен жарақталған киім тазалайтын фабрика ашылды. Мені басқарма сол жерге бас инженер етіп жіберді. Одан кейін Шардара ауданына барып, құрылыста жұмыс істеп, ұзақ уақыт бойы осы салада еңбек еттім. Шындығында музыканың адамға әсері бөлек, нәзіктік сезім береді. Музыкадан хабары бар жігітке қыздардың да ықыласы ерекше болады. Алғашқы жүрегімізді дір еткізген махаббат сезімі оқушы кезімізде бастан өтті. Ол басқа мектепте оқыды, менен екі жас кіші болатын. Ауданда көркемөнерпаздар үйірмесінің жарысында үнді биін билейтін. Велосипедпен үйіне жеткізіп салып жүретінбіз. Біздің қызға қырындаған түріміз – осы. Бірақ уақыт өте келе бәрі өзгерді. Студент кезімде Түлкібас ауданының Алғабас ауылына тұрмысқа шыққан Шолпан әпкемнің үйіне барып тұратынмын. Көршілес ағайындарының 10 сыныпта оқитын Әтира деген қызы бар екен. Мен үшінші курстың студентімін. Екеуіміз таныстық. Әтира бірден көзіме ыстық көрінді. Тобықтан түсетін бұрымы, мөлдір қара көзі мені тартып тұрды. Біз бір-бірімізді шынайы жақсы көріп, ұнатып, достас-тық. Ол мектеп бітірген соң мен оқитын институтқа түсті. Бір себептермен бұл оқуды тастап, Теміртауға барып ПТУЗ-ға түсіп, мен оны соңынан іздеп барып, ақыры екеуіміз бас қостық. Тағдыр деген сол. Екі қыз, бір ұл сүйдік. Өкінішке қарай, ұлымыздан 2003 жылы қапыда айырылып қалдық…
Ойтамызық – Қазір бізде қай салада да даму процесі бар. Дегенмен өкінішке қарай, бүгінгі жастардың, әсіресе, ауыл жастарының кейбірінің ой-өрісі бұдан бір жарым ғасыр бұрынғы қазақтарға ұқсайды. Еш нәрсенің мәніне, мәнісіне терең үңілмейді. Абай атамыз сол үшін жылап өтпеді ме өмірден? Содан бері өзгергені шамалы. Рас, үлкен нәтижелерге жетіп жатқан жастар да бар. Ал көп жағдайда халықтың ішкі жан дүниесіне үңіліп қарасаңыз, сөйлессеңіз сіздің не айтып отырғаныңызды түсінбейді немесе әдейі түсінгісі келмейді. Қарны тоқ, қара шай мен наны болса болғаны. Тек қарынның қамы үшін болса өмірге келудің не мәні бар? Онда біздің малдан айырмашылығымыз не? Абай атамыздың өмірден жылап өтуінің сыры – сол. Қызғану да бізде. Құлдық психология да өте жоғары. Қызметтегі кісіні мақтағанда аспанға ұшырып жібере жаздайды. Біздің ең үлкен кемшілігіміз – осы. Әйтпесе 16-ақ миллион халқы бар біздің еліміз әлемдегі ең бай мемлекеттің бірі. Біздің байлығымызға жететін бірде-бір ел жоқ. Мұны нақты айта аламын. Ел жақта жиі боламын. Тіпті жас жағынан менен кіші көп жігіт өмірден озған, кейбіреуі қартайып, жүнжіген. Жастар жағы сымға тізілген қарлығашқа ұқсап көшеде отырады. Ағайындарым ғой, өтіп бара жатып тоқтап, амандасамын. «Не істеп отырсыңдар?» десем, «Жай әңгімелесіп…» деп жауап береді. Олар сол өмірге үйреніп кеткен. Құдай-ау, біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Неге біз Оңтүстік Кореядан үлгі алмаймыз? Олар кезінде елдің тұрмыс-ахуалын көтеру үшін күндіз-түні шахтада, өндірісте, құрылыста, тағы басқа да жерлерде жұмыс жасады. Бүкіл халықты көтерді. Өте еңбекқор, бәрі шетінен білімді, инабатты. Біздің солардан неміз кем? Біздің халқымыз, әсіресе, жастарымыз өте талантты емес пе? Неге біз керек болса ақындарымыздың сөзімен соларды оятпаймыз? Қазақ халқы ақынның сөзін естісе, денесі түршігіп, арқасы қозып шыға келеді. Әлде біздің халқымыз Кеңес Одағы құрамындағы сол 70 жылда шөгіп, басылып кеткен немесе біз оларға айтып жеткізе алмаймыз, не түсінгісі келмейді. Осы үшеуінің бірі.
Димаш ағамның батасы Амалбек Қозыбақұлы 1969 жылы Шардараға жұмысқа барғанда алғашында гидроэлектр стансасында жұмыс жасады. Құрылыс материалдары комбинатында диспетчер болды. Директор Сейіткамал Жүнісұлы оған бір жерге ағаш егуді ұйымдастыруды тапсырды. Ол бала күнінен ағаш отырғызғанды жақсы көретін. Әкесі екеуі ағаштарды будандастырып, өсіріп, бір түп ағаштың басында үш-төрт алманың түрі тұратын. Жастайынан әкесінен үйренген әдіспен әр ағаштың отырғызылуына үлкен мән беріп, бәрін өлшеп, рет-ретімен жұмыс жасайды. Директор үшінші қабаттағы жұмыс бөлмесінен бұларға қарап, сырттан бақылап тұрған екен. Осы жан-тәнімен беріліп жасаған еңбегінің арқасында директордың оң көзқарасы қалыптасыпты. Шардара көлінің арғы жағында комбинаттың резиденциясы болатын. Кешке бәрі сол жерде жиналды. Дастарқан жайылды, суға түсті. Директор «Амалбекке рақмет» деп ерекше алғысын білдірді. Осыдан кейін директормен арада жылы қарым-қатынас орнады. Әйтпесе бастықпен ешқандай туыстық қатысы жоқ. Сейіткамал Жүнісұлы оған үнемі рухани жағынан дем беріп, еңбегін бағалады. Содан кейін бас технолог, зауыттың директоры болды. Ол кісі Шымкентке трестің бастығы қызметіне ауысқан кезде де бас технолог қызметіне жұмысқа шақырды. Сондықтан оны «Өмірімнің дұрыс қалыптасуына игі ықпалы болған жанның бірі» деп ерекше құрмет тұтатыны бар. – Шымкентте 1980 жылы «Югстройконструкция» деген үш зауыт, екі комбинаты бар үлкен жаңа құрылыс материалдары тресі ашылды, – дейді Амалбек аға. – Трестің бастығы менің институтта бір-ге оқыған досым Вячеслав Хлебов болатын. Партияның кезіндегі талап бойынша екінші бастық қазақ болуы керек. Сол кезде өзімізге жақын туыс ағамыз Әбдіманап Сыпатаев қалада партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқаратын. «Сен осы саланың дайын маманы емессің бе? Неге сол жерге жұмысқа бармайсың?» деді, мен қарсылығым жоқ екенін айттым. Құжаттарымды дайындап жүрген кезімде досым Вячеслав «Сен әуре болмай-ақ қой, ол жерге басқа кісіні қоятын болды» деді. «Жарайды онда» деп мен өз жұмысымды жасап жүргенмін. Бір күні таңға жақын түс көрдім. Түсімде Димаш Ахметұлы Қонаевпен бірге тауда жүр екенбіз. Бокстан Қазақстан құрамасында ойнаған кезде тауға шығатынбыз. Сол кездегідей таудың баурайы көкпеңбек. Көктем. Екеуіміз де спорт киімін киіп алғанбыз. Димаш аға менен биіктеу, басында көк спорт шәпкесі бар. Екеуіміз тауды бетке алып кетіп барамыз. Таңертең Күлдәр апама көрген түсімді айтып бердім. Ол кісі «Бәрі де жақсы болады екен» деп қуанып қалды. Біз қаланың сыртында тұратынбыз. Үйде телефон жоқ. Дәл сол күні таңертең «Сізді Хлебов шақырып жатыр» деп бір жігіт келіп тұр. Облыстың бірінші хатшысы Асанбай Асқаров болатын. Менің орныма баратын жігіттің әкесі Өзбекстанда ауыл шаруашылығы министрі, Сырдария облысының бірінші хатшысы болған, елге өте сыйлы ақсақал екен. Ол облыс хатшысына осы қызметке ұлын тағайындауын сұраған болуы керек. Мені «сүйрейтін» ешқандай танысым жоқ. Жігіт сол саланың маманы емес қой, жұмыс жайымен танысқаннан кейін ол қызметтен бас тартқан. Кейін 1992 жылы Шымкент қаласында әкім болған кезімде Димаш ағамыз облысқа келгенінде үйге қонаққа шақырып, ертеректе көрген түсімді және түсімде бата бергенін айттым.
Қиянатты көп көрдім… – Менің өмірімнің күрделі кезеңдері көп болды. Әрбір қызметке ауысуым мені сүрінтпей, аяқтан шалмай алға қарай қозғалған емес. Сондықтан да әрбір салада еткен еңбегімнің бәрі мен үшін қымбат. Шымкент қаласының әкімі қызметін 1 жыл 10 ай ғана атқардым. Ол кездері менің тегім облыс әкімінің тегінен бірінші айтылатын. Оны оңтүстіктегі халықтың бәрі біледі. Жаңа әкімге бұл ұнамады, қызметтен босатты. Төрт ай жұмыссыз отырдым. Сосын Жоғары Кеңеске депутаттыққа сайлауға түстім. Халықтың алдына шығып «Мені депутаттыққа сайлаңдар» деуге ұялатынмын. Өйткені кеше ғана қаланы басқарған адаммын. Менде «Егер мені сыйламаса, қалай депутат етіп сайлаңдар деп айтамын» деген ой болды. Тек ресми кездесулерге ғана бардым. Бірақ Құдайға шүкір, бес адамның ішінде бірінші турда-ақ мені Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне депутат етіп сайлады. Сол сәттен менің екінші өмірім басталып кетті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс министрі етіп тағайындады. Қалаға әкім болардың алдында Президенттің сенімді өкілі болдым. Енді бел шешіп, білек сыбана кірісіп, жұмыс жасап жатқан кезде сенің еңбегіңе қарамай қызметтен алып тастап жатады. Соның бәрі қиянат, көре алмаушылық, аяқтан тарту. Кейбіреулер сияқты қызмет жасап отырғаннан кейін айналаңдағылардың, жоғарыдағылардың бәріне жағынып, шапан кигізіп, қабағына қарап отыруың керек екен. Ондай әдет менде жоқ, тек өз еңбегіме, қабылетіме сендім. Себебі Елбасы маған сенім білдіріп, үлкен қызметтер тапсырды. Мен нағыз өндірісшімін, партия, комсомол қызметтерін атқарған жоқпын. Мүмкін сондықтан кейбір қалтарыс-бұлтарыстарды түсінбейтін де шығармын. «Дұрыс жұмыс жасасам болды, бәрі дұрыс болады» деген ойымның дұрыс еместігіне кеш көзім жетті. Жоғарыдағылармен де, айналаңдағылармен де, ақсақалдармен де дұрыс тіл табысып, «дәліз ойындарының» бәрін меңгеруім керек екен. Ал менің ондайларға шын мәнісінде, уақытым болған жоқ. Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалған кезімде елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы қиын еді. Газ, электр энергиясы тапшы. Облыс әкімі болып 2 жыл 3 ай жұмыс жасадым. Түнде 12-1-де менің жұмыс кабинетімнің шамы жанып тұратын. Мұны халық біледі. Таңертең 6-7-де қайта жұмыста болатынмын. Сондай қарбалас тірлікпен жүріп қай уақытта кімнің шашбауын көтересің? Әйтсе де бәрібір олар дегеніне жетті,.. – деп бір түйді ол әңгімесін.
Өмірімнің негізі – ұл-қыздарым – Ұлым Нұрғалидың қазасынан кейін бас көтере алмай жүрген шақта көңіліме демеу болсын деп Меккеге бардым. Құранның хадистеріне жүгіндім, – деп жалғады әңгімесін Әбекең. – Отбасы болып ойланып, толғандық. Адам өмірге келгеннен кейін артына ұрпақ қалдыру керек, әйтпесе атыңның өшкені. Ұрпақ өсіру – бұл адамзат баласының басты қағидасы. Елдің ортасында жүрген азамат болғаннан кейін мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ. Сондықтан мен еш нәрсені жасырып жасағаным жоқ. Әтираның, қыздарымның рұқсатын алып, екінші рет шаңырақ көтеріп, қазір, Құдайға шүкір, екі ұлым бар. Тәубе, екеуі де өзімнің аузымнан түскендей. Менің өмірім қазір аздап болса да өзгерді. Кіші ұлым мамыр айында 6-ға келеді. «Әке» деп еркелейді. Маған соның бірауыз сөзінің өзі жетіп жатыр. Қыздарым Жанар мен Салтанаттан бес немерем бар. Үлкен немере қызым қазір Сингапурде 12 сыныпта оқып жатыр. Қазір бәрі аралас-құралас болып өсіп келеді. Әйелдердің арасындағы бір-біріне көзқарасы ол басқа әңгіме. Біз қандай мәселе болса да ортаға салып шешеміз. Мен бұл мәселеде тек Құдайдың алдында ғана жауаптымын. Себебі менің өмірімді басқа бірде-бір адам сүрмейді, сондықтан менің жанымды ешкім өзім сияқты түсінуі мүмкін емес. Адамның сыртынан түрлі сөз айтылады, егер менің ұрпағым болмаса «Сауап бопты, Тшанов деген кезінде әкім боп еді, міне, ұрпақ-сыз кетті» деп айтатын қазақ міндетті түрде табылады. Ол – дұрыс адам емес. Менің басымдағы қиыншылықты түсіну үшін сол жағдайды ол да көруі керек пе? Тап сондай жағдай оның бала-шағасы-ның басына да келмейтініне кім кепіл?! Сондықтан ешуақытта ешкімді табаламау керек! Ағайындарым мен жанашыр достарым «Амалбек, жұрт не десе о десін, бұл сенің өмірің. Егер отбасыңның саған деген көңілі дұрыс болса, одан артық не керек?» деді. Әлбетте бәрі бірден болған жоқ, көп қиындықтарды бастан өткіздік. Оның бәрі менің ішімде, жүрегімде. Оның үстіне үлкен ұлымның қайғысы бар… Бәрін мен түсінем. Ал уақыт жайлап-жайлап бәрін орнына келтіреді екен. Мен Аллаға тәубә деймін. Ұлдарым Нұрдәулет пен Нұрәлидің анасының аты – Айгүл. Нұрәлидің атын Нұрдәулет қойды. Себебі үлкен баламның аты Нұрғали болатын, сол ағасының атына ұқсас болсын деп осылай таңдау жасады. Отбасым, ұл-қыздарым – менің өмірімнің негізі. Құдайға шүкір, екі қазақты өмірге алып келдім. Бұдан артық қандай қуаныш болуы мүмкін?! Маған Алла тағала қанша өмір берсе, соны еліме қызмет етуге, балаларымды аяғынан тұрғызуға арнаймын… Адамдардың тағдыры бейне бір өрмекшінің торындай бір-бірімен байланысып жатқан күрделі дүние. Елестетіп қарасақ, сол тордың шым-шытырық үзік жіптері бір-бір адамның тағдыры іспетті. Тордың бір шеті қимылдаса, бүкіл тор қимылдайды. Осының бәрін игеріп өрмекші жүреді. Сірә, Құран Кәрімде «Өрмекші» деген сүренің болуы да көп жайды аңғартса керек.
Кейде дәл қасымызда болып жатқан оқиғаға пендешілікпен мән бермей, қапыда қалып жататын кездеріміз болады. «Осы соңғы рет болсыншы, енді байқап жүрейік» десек те, белгілі бір уақыт өткен соң тура сол қапы қалған жай басқа кейіпте тағы қайталанады. Мұндайда пендешілікпен «Осы тағдыр бізбен мысық-тышқан ойнауын, сірә, қоймайтын болар!» деп ойлайсың. Әйтсе де «Тағдырға не шара, бұл өмір ғой» деп өзімізді жұбатқан боламыз. Біз бүгін қызығы да, шыжығы да мол Амалбек Тшанов мырзаның өмір жолынан бір үзік сыр шерттік. Әбекеңнің өмірі қашанда елдің назарында, десек те, кейде жат түгіл жақыныңа да ішкі сырыңды жайып сала бермейсің. Ашық та әсерлі әңгімесі үшін ағамызға айтар алғысымыз мол.
Амалбек Қозыбақұлы таяу күндері 70 деген асуды бағындыруға бет түзеп келеді. Мерейлі жастың мерекесі көп болсын!
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz |
Предыдущий