АЛТЫНОРДА
Новости

Блогшылар сөйледі, сөйлегенде бүй деді…

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Шымкент қаласында өткен қазақ блогшыларының Үшінші құрылтайына 200-ден астам азамат қатысты. Сондай-ақ Түркия, Қытай, Моңғолия, т.б. алыс шетелдерден қандастарымыз келіп, жергілікті блогшылармен тәжірибе алмасты. Қатысушыларды құттықтауға арнайы келген аймақ басшысы Асқар Мырзахметов электронды БАҚ-тар ауқымының өсіп отырғанына ерекше тоқталды.

 

– Қолда бар мәліметтерге сен­сек, республикамыздағы электронды ақпарат құралдарының, әсіресе, қа­зақ тілінде даму қажеттігі ерекше байқалады, – деп бастады өз сө­зін облыс әкімі Асқар Мырзахме­тов: «Бүгінде елімізде 90 мыңнан астам сайт-порталдар болса, оның неба­ры 15 пайызға жуығы – қазақ тілінде екен. Бұл ойландыратын жайт» – деп, өзекті мәселенің басын ашып айтты. Әкім «Электронды үкімет» бағдарламасының жүзеге асуын­­­да­ғы басты түйткілді тұтынушылар­­­дың дайындығымен байланыс­тырды. Әсіресе, ауылдық жерлер­де интернетті қолданудың үлкен мәселеге айналғаны бұрыннан бел­гілі. Бұл орайда Асқар Мыр­захметов: «Әр ауылда интернет-клуб ашу мүмкін емес. Біз мектеп­тердегі интернет кластарында ха­лыққа қызмет көрсету мәселесін қолға алып жатырмыз. Ең басты­сы, бұны жүзеге асыру үшін білім беру саласында заңнамалық қай­шылықтар болмауы керек. Бұл мәсе­ле анықталып жатыр» – деп, мәлім­деді. Блогшылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасқан әкім әртүрлі сайттардан ақпарат алу үшін соңғы нұсқадағы ұялы теле­фон сатып алғанын жеткізіп, тіпті сол телефонын көрсетіп, жастар­дың көңілін көтерді. Осыған байла­нысты Асқар Мырзахметов: «Өз ба­сым интернетті күнде қолдана­мын. Ресми сайттарды қараймыз, басқа да сайттардан ақпарат аламыз, қызметке керекті қандай мәлімет­тер болса, соның бәрін оқуға тыры­самыз» – деді.

Әкімнің айтуынша, бүгін әкім­дік тек дәстүрлі БАҚ-тармен ғана жұмыс істеумен шектеліп қоймай, интернет-порталдармен де жақсы байланыс орнатқан екен. Алдағы уақытта танымал қазақ блогтары­на да назар аударылмақ.

Блог-құрылтайда жастар дәс­түрлі БАҚ-тар мен жалпы интернет журналистикасына тән бірнеше кемшіліктің барын сөз етті. Таны­мал блогшы, «Керек.инфо» сайты­ның әкімгері Аршат Оразов отан­дық БАҚ-тардың тақырыптық деңгейде үш мәселе – тіл, дін, діл проблемаларынан асып, қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерге аяқ ба­са бермейтінін жеткізсе, блогшы Жалғас Ертай Қазақстандағы ин­тернет нарығындағы бар пайданы Ресей сайттарының көріп отырға­нын өкінішпен жеткізді. Ол өз сөзінде: «Қазақстандағы интернет жарна­масы 12 млн долларды құрайды.

Оның 60 пайыз пайдасын «Mail.ru» көріп отыр. Яғни 7 млн доллар Ресейге кетіп жатыр, ал Қазақ­станда оған теңдес қазақтілді жо­ба­лар жоқтың қасы» – дейді. Ал «Bilim Media Group» жобасының үйлес­ті­рушісі Бақытгүл Салықова әлемде маманға қойылатын талап­тың күннен-күнге артып келе жат­қанын, сондықтан әр азаматтың өз саласымен қатар, ақпараттық тех­нологияларды жетік меңгеруі­нің маңызды екенін жеткізді. Қытай­дағы «Сен қазақсың» сайтының әкім­гері Ақытбек Шеризатұлы да қазақша сайттар арқылы пайда табатын кездің келгенін баса айт­ты. Өз блогтарымен пайда тауып жүрген азаматтар бұдан былай қа­зақ интернет-ресурстарында серпі­ліс боларына сенімді.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкі­мі аппараты басшысының орын­ба­сары –баспасөз қызметінің бас­шысы, танымал журналист Берік Уәли бізге берген сұхбатында ақ­параттық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Бұл арада ол: «Менің жеке пікірім бойынша, мемлекеттік саясаттың нәтижесін­де блогшылар сырттан ағылған ақ­параттық экспансияға тосқауыл қоюға бірден-бір құрал деп айтсақ болады. Біздің мемлекетімізде, әсі­ресе, қазақтілді блогерлердің қоғам­дық пікір мен жалпы мемлекеттің қалыптасуына ықпал етіп жатқа­ны­на куә болып отырмыз. Сол себепті блогерлермен тығыз жұмыс жасау тек биліктің өзіне ғана емес, мем­лекетке, халыққа және блогерлердің өздеріне де қажет» – деп, пікірін білдірді.

Екі күнге созылған, жоғары деңгейде өткізілген блог-құрыл­тайдан кейін жастар келесі басқосуды елдің батыс өңірінде – Атырауда өткізу қажеттігін ұсыныс ретінде жеткізді.

 

БАҚ қоғамды жайлаған масылдықты айтуы керек

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

Блог-құрылтайға арнайы келген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен облыстық БАҚ-тар сапасы мен мемлекеттік тапсырыстың әсері, рейтинг мәселесі жайында әңгімелескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

– Көптеген әкімдіктердің ресми сайттарының аты бар да, заты жоқ. Халықпен кері байланыс та ауқымды емес. Жалпы, өзіңіз басқарып отырған облыстық әкімдік сайтына қандай баға берер едіңіз?

– Егер де салыстыратын болсаңыз, осыдан бір жыл бұрынғы сайтымызбен қазіргі сайтымыздың айырмашылығы бөлек. Біз ресми сайтымызды түбегейлі өзгерттік. Өйткені өкінішке қарай, көбіне бұл сайттар міндеттелгеннен кейін, қызмет атқарып жатқандай көрінеді. Түптеп келгенде, бұл сайттар бізге міндеттелген соң оны жұмыс істету үшін емес, шын мәнінде халыққа мәлімет жеткізу, елдің пікірін білу әрі мәселені шешу құралы ретінде қарап, жұмыс жасау керек.

– Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин БАҚ-тардың тек үгіт-насихаттық сипатта жұмыс істейтінін жеткізді. Ал бұл мәлімдемелерден кейін облыстық телевизия мен басылымдар өзгере ме?

– Өзгеруі керек деп есептеймін. Өйткені заманның талабына сәйкес өзгеріп отырмаса, онда оның оқырманы да, көрермені де азаяды.

– Үгіт-насихаттық жұмыстар көбіне билік тарапынан келмей ме? БАҚ-тардың мемлекеттік тапсырыстан да басқа салаларды көбірек қамтуы үшін бұл жүйені қалай өзгертуге болады?

– Біздің облысымызда 9 телеарна бар. Оларға байланысты өз ойымызды жеткізіп отырмыз. Оның ішінде, әрине, әрбір облыста мемлекеттік тапсырыспен жүріп жатқан бюджеттік бағдарламалардың бары рас…

– Сол мемлекеттік тапсырыс рейтингті түсірмей ме?

– Жоқ, рейтингті түсірмейді. Егер азаннан кешке дейін біреуді мақтай беретін болса, онда, әрине, оны ешкім оқымайды, көрмейді. Бұл жерде қоғамдағы мәселені көбірек қамту керек. Мен бір нәрсені айтқым келеді, мәселен, бізде көбіне ақпарат құралдарының арасын екіге бөліп қарауға болады. Олардың бір жағында – билік, екінші жағында – халық тұрады. Қоғамда да үлкен мәселелер бар. Бірақ көбіне көтерілмейді. Бәрін биліктің мойнына артып қою мүмкін емес, тіпті дұрыс емес. Қоғамды да айту керек. Мәселен, біз жастар арасында қылмыстың өсіп отырғанын айтамыз. «Отбасы және неке туралы» заңда ата-ананың жауапкершілігі анық көрсетілген. Бүгінгі таңда сол баптың бір жерде қолданылғанын айта аласыз ба? Соған байланысты қай ата-ана жауапкершілікке тартылды? Мұндай жоқ. Ақпарат құралдары осындай өзекті мәселелерді кеңінен айтуы керек. Әрине, билікке байланысты аз айтылып жатқан жоқ қой, алда да айтылады. Неге қоғамға байланысты нәрселер айтылмайды?

Өкінішке қарай, біздің қоғамды масылдық жайлап бара жатыр. Бұл да үлкен мәселе. Қоғамды «маған ғана бер», «маған бәрін жасап бер» деген пиғылдан арылту керекпіз. Мұны жалғыз билік емес, сіздер айтуыңыз керек. Сіз болып, біз болып бәріміз айтпасақ, бұл психологиядан арылмасақ, мұның арты дұрыс болмайды. Кеше төтенше жағдай орын алған кезде, өз арығын тазаламаған тепсе темір үзетін азаматтардың көбі қарап отыр, біз барып, солардың шатырларының бәрін жөндеп бердік. Мұның бәрі дұрыс емес қой. Бұқаралық ақпарат құралдары осыны ашық айтса деймін.

– Бүгін ресми түрде блогшы атандыңыз. Белсенді блогшы болуға уәде бересіз бе?

– Енді біз сайтпен жұмыс істеп келе жатырмыз, сол бағытты жалғастырамыз. Шынымды айтсам, блог жүргізуге уақытым жоқ. Жұмыс көп.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

http://www.aikyn.kz