Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша әлемде туберкулез қоздырғышын жылына шамамен 1 миллиардқа жуық адам жұқтырады екен. Оның 8-10 миллионы туберкулезбен сырқаттанса, 1,5 миллионға жуығы осы індеттің салдарынан қайтыс болатын көрінеді. Бұл ретте шүкір деп айтайық, мемлекеттік қамқорлықтың әрі қолға алынған бағдарламалардың дұрыс бағытта жүргізілгендігінің арқасында, елімізде туберкулезбен алғашқы науқастану да, одан болатын өлім-жітім көрсеткіші де айтарлықтай төмендеп келеді.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Енді нақты деректерді келтіретін болсақ, мәселен, соңғы бес жылда Қазақстанда – 100 мың адамға шаққанда туберкулезбен сырқаттану – 35 пайызға, ал одан болатын өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 57,4 пайызға төмендеген. Ал бір жыл ішінде (2011 мен 2012 жылдар аралығы) туберкулезбен алғашқы науқастану – 5,7 пайызға, өлім көрсеткіші 14,3 пайызға азайған. Бұл ретте Қазақстанда туберкулезге қарсы күрес жүргізу «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі екендігін айта кеткеніміз жөн.
Жалпы жоғарыдағы деректер, сонымен бірге туберкулезді анықтау, алдын алу, емдеу мәселелері Алматыдағы Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығында өткен дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған конференцияда айтылды. Шыны керек, соңғы 10 жылда еліміздегі туберкулездің эпидемиологиялық жағдайы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жеке саяси қолдауының арқасында, сонымен қатар мемлекетіміздегі Туберкулезге қарсы күрес ұлттық бағдарламасының тиімді жүзеге асқандығынан жақсарып отыр. Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығына, облыстық-аудандық тубдиспансерлерге неше түрлі жаңа инновациялық технологиялар алып келінді. Туберкулездің көп дәріге төзімді менеджментінің стратегиясын дайындау негізінде науқастарды туберкулезге қарсы дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған. Мысалы, осы күрделі түрімен ауыратын науқастарды еммен қамту – 2008 жылы 27,5 пайыз болса, 2012 жылы 86,9 пайызға жеткен. Сонымен бірге соңғы екі жылда Туберкулез проблемалары ұлттық орталығында дәріге төзімді түрдегі туберкулез науқастарын емдеу үшін жаңа хирургиялық технология енгізілген.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, Туберкулез проблемалары Ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Қазақстанда көптеген дәріге төзімді туберкулезді инновациялық әдіспен жедел анықтау қолға алынуда. Бұрын науқасқа флюрорентген түсіргенде ондағы түрлі көлеңкелер туберкулезді нақты анықтауға кедергі келтіретін. Демек, ол «туберкулездің бар болуы мүмкін» деген күдік қана беретін. Ал абсолюттық 100 пайыз диагностикасын анықтаудың жолы тек қана бактерологиялық жолдармен шешіледі. Ескі қондырғы бойынша біз адамда туберкулездің бар-жоқтығын 3,5 ай ішінде нақты анықтайтынбыз. Бірақ науқас осы аралықта алғашқы топтағы дәрілермен емделгенімен, олардың кейбіріне бұл дәрілер әсер етпейтін болып шығады. Оның үстіне осы уақытқа дейін олар қанша маска кисе де, басқа аурулармен байланыста болады. Міне, айналдырған 3,5 айдың ішінде басқа ауруларға да туберкулездің күрделі түрін жұқтырып алу қаупі туындайды. Бұл ретте Bactek-Mgit – 960 аппаратының тиімділігі ерекше болды. Онымен науқаста туберкулездің бар-жоқтығын, қандай дәріге төзімді екендігін 7 мен 28 күн аралығында анықтай алатын болдық. Одан кейін Hain-test аппаратын алдық, ол туберкулездің қандай дәріге төзімді екендігін екі күнде анықтай алады. Енді GeneXpert қондырғысын алдық, ол туберкулездің бар-жоқтығын екі сағатта-ақ анықтап бере алады. Демек, бұл аппараттар еліміздегі туберкулездің эпидемиологиялық ахуалын жақсарта түсуге көмектеседі. Біз мұны өзімізге ғана алып қоя салмай, облыстағы барлық тубдиспансерлерге, қылмыстық жазаны өтейтін колонияларға дейін алып беруге тырысып отырмыз. Егер туберкулезбен күрес бағытында осындай игі шаралар жиі атқарыла беретін болса, онда 2015 жылға дейін біз туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштерін жалпы қоғамға қауіпсіз деңгейге дейін түсіруге мүмкіндігіміз бар.
Әлеуметтік-гигиеналық дәрігер Т.Әбілдаевтың айтуынша, Үкіметтік органдардың қатысуымен туберкулезбен ауыратындарға амбулаторлық емдеу кезеңінде ақшалай көмек, азық-түлік, қосымша тұрғын үй түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі екен. Әлеуметтік көмек ретінде берілетін қаржының көлемі де жыл сайын ұлғаюда. 2010 жылы облыс әкімдіктері 19 мыңнан астам ауруға әлеуметтік қолдау мақсатында 215 млн теңге бөлсе, 2011 жылы 257 млн, ал 2012 жылы 335 млн теңгеге дейін ұлғайтқан. Туберкулез ауруы – жұқпалы және әлеуметтік маңызды екендігін ескерсек, осындай емделуді жалғастыру кезеңіндегі әлеуметтік қолдаулар емнің нәтижесіне тікелей ықпал ететіндігі әлемдік және отандық іс-тәжірибеде дәлелденген. Өйткені құрт ауруына көбіне жұпыны отбасылардың мүшелері шалдығады. Оларды тубдиспансерлерде қанша емдегенімен, олар үйіне барғанда дұрыс тамақтанбаса, өз-өзін күтінбесе, қайтадан ауруын асқындырып алады. Сондықтан туберкулезге шалдыққандардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсету арқылы да емдеу нәтижесін жақсартуға болады.
Гамбогарам ЦОГТ, USAID-тың «Сапалы денсаулық сақтау» жобасының өкілі:
– Мен қазақстандық фтизиатрларға үлкен алғыс айтқым келеді. Себебі олар басқа мемлекеттер жете алмаған жетістіктерге жетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы бойынша туберкулездің күрделі түрлерін емдеу нәтижесі Қазақстанда жыл өткен сайын жоғарылап келеді. Мысалы, туберкулезбен сырқаттану, одан болатын өлім көрсеткіштері ТМД мемлекеттері арасында Қазақстанда ең төмен деңгейде. Бұл туберкулезге қарсы күресте Қазақстанда атқарылып жатқан бағдарламалық шаралардың тиімділігін көрсетеді. Сонымен бірге мемлекеттің көмегі мен фтизиатрлардың ерен еңбегінің арқасында жеткен жетістік деп есептеймін. Егер осылай кешенді іс-шаралар атқарыла беретін болса, онда алдағы уақытта дұрыс жолға қойылып келе жатқан жұмыс одан әрі жақсара түсетініне сенімдімін.
Жалпы, бүкіләлемдік туберкулезге қарсы күрес күнінде еліміз фтизиатрлары үкіметтік емес ұйымдармен, халықпен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған. Дәрігер мамандардың айтуынша, бүгінде туберкулез ауруынан соншалықты қорқудың керегі жоқ. Туберкулез ерте анықталып, дұрыс ем қабылдаған жағдайда науқастың құлан таза сауығуына әбден болады. Сондықтан дәрігерлер халықтың өз ықтиярлығымен жыл сайын арнайы медициналық тексерілулерден өтуіне, өз еркімен флюрорентгенге түсуіне, денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауын үгіттеп отыр. «Егер ересек азаматтардың барлығы дерлік жылына бір рет флюрографиялық тексерілуден өтіп тұрса, онда біз туберкулезді алғашқы сатысында анықтап, ауруды толық емдеуге мүмкіндік алар едік, әрі бұл халықтың арасында туберкулездің таралып кетуіне кедергі қоюымызға көп көмегін тигізеді. Біздің бар ұсынысымыз да, халыққа айта өтінішіміз де – осы!», – дейді дәрігер мамандар. Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, бұл ретте халықтың науқастануы, ең бірінші өзіне тиімсіз екендігін түсіндірмей, дәрігерлерге уақтылы қаралуын үгіттемей ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. «Сондықтан адамдарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын үгіттеуіміз керек», – дейді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, ауруға шалдығу мен оның салдарынан қайтыс болудың 95 пайыздан астамы дамып келе жатқан елдерде тіркеледі екен. Мәселен, Латын Америка, Африка, Азия елдерінде туберкулезбен ауыратындар көп. Ал құрт ауруына аз шалдығатын елдер: Еуропа, Солтүстік Еуропа, АҚШ, Канада, Жапония, Израиль т.б. мемлекеттер. Қазір Қазақстанда да бұл ауруды анықтау, емдеу шаралары тегін жүргізіледі. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша көптеген игі жұмыстар атқарылуда. Енді еліміз 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуді көздеп отыр. Болашақта елімізде туберкулезден болатын сырқаттану да, өлім де тіптен азаяды деп сенейік.
Автор: Серік ЖҰМАБАЕВ
http://alashainasy.kz/society/41442/